26-11-18 | 21:18
Маңғыстау: Дезинфекциядан соң 3 адам ауруханада жатыр.
Маңғыстау облыстық ауруханасының дәрігерлері өткен аптада дезинфекциядан соң уланып, облыстық аурухананың жансақтау бөліміне түскен екі адамның жағдайы тұрақты екенін айтады. Тағы бір 57 жастағы адам жағдайы бірқалыпты  деп бағаланғаннан кейін палатаға шығарылған.  

Өткен жұмада Маңғыстау облысы Мұнайлы ауданындағы көп қабатты үйлердегі пәтердің бірінде қандала мен тарақандарға қарсы дәрі шашылған болатын. Осы оқиғадан соң көрші пәтердегі жас әйел мен сәби қайтыс болған. Ауруханаға әуелде сегіз адам жеткізілгенімен, бес адам денсаулықтары жақсарған соң үйлеріне қайтқан. 

Мұнайлы ауданы жұқпалы аурулар орталығының басшысы Шайхамеден Беркалиевтің айтуынша, оқиға 22 қарашада Мұнайлы ауданындағы көпқабатты №42 үйдің бірінші подъезінде болған. Осы подъездің тұрғыны дәл сол күні қандалаға қарсы дезинфекция жасап, пәтерін жауып кетіп қалған.

Түн ортасында дезинфекция жасалған үймен қабырғалас келесі подъездегі пәтер мен сол үйдің жоғары қабатындағы пәтердің тұрғындарының жүректері айнып, бастары ауыра бастаған.

Ертесінде екі жарым жастағы Феруза Дастанқызы мен оның ата-анасы 26 жастағы Дастан Есжанов пен 25 жастағы Әсел Қайраубаева облыстық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілген. Дәрігерлердің айтуынша, сәбидің асқазанын жуып, тиісті ем-дом жасалған соң жағдайы сәл жақсарған. Бұдан кейін баланың әжесі қолхатпен немересін алып кеткен. Баланың ата-анасы да жағдайлары жақсарғанын айтып, ауруханадан шығып кеткен.

– Ертесінде, яғни 24 қараша күні олардың жағдайы қайта нашарлай бастаған. Тағы жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға түсті. Өкінішке орай, сәбиді құтқара алмадық. Кешкі бестер шамасында қайтыс болды, – дейді Шайхамеден Берқалиев.

Сәбидің әкесі жағдайы жақсарып ауруханадан шыққанымен, баланың анасы әзірге жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның өміріне қауіп жоқтығын айтады.

Осы үйдің тағы бір тұрғыны 29 жастағы Шынарай Сүйіндікова да 24 қараша күні кешке қарай жедел жәрдем көлігінің ішінде ауруханаға жетпей қайтыс болған. Оның алты жастағы баласы қазір балалар жұқпалы ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. 

 – Зерттеу кезінде мамандар белгісіз иісті сезіп, барлық пәтерлерді тексерген. Сол жердегі тұрғындардың бірі пәтеріне дезинфекция жасағаны анықталып, сынама алынды, – деп болжайды Мұнайлы аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкіл Ботагөз Исаева.

Мұнайлы ауданының полиция бөлімі бастығы Рашид Қуандықов көп қабатты тұрғын үйдегі пәтерді залалсыздандырумен айналысқан мекеменің де анықталғанын айтты.

– Бұл алматылық “Tarakan-net” жеке меншік мекемесі. Оның дизенфекция жасаған өкілі ұсталып, үш күнге қамауға алынды. Қылмыстық кодекстің 104-бабы бойынша абайсызда өлімге  әкелу айыбымен іс қозғалды, тексеру жүріп жатыр, – деді ол.

Мұнайлы ауданындағы бұл көп қабатты үйде 60 пәтер бар. Пәтер дезинфекциясынан кейін екі подъездің 120 тұрғыны өткен жұмадан бері басқа жаққа көшірілген. Олар қазір үйлеріне оралған жоқ. Аудандық әкімдік пәтерлерінен көшірілген тұрғындарға жатақхана ұсынғанымен олар бас тартып, туысқандарының үйіне кеткен. 

Azattyq.org

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.