Әлемде оқылымы көп жанрлар фантастика, фэнтези, детектив екені шындық. Қазір осы жанрда жазылған көркем әдебиеттің экран бетіне шыққандары да көрерменнің көзайымына айналуда. Детектив жанрында бір ғана Артур Конан Дойлдың «Шерлок Холмс»-ын айтсақ та жеткілікті.
Әлемді қоя тұрып өз елімізге келейік. Әрине, бұл салада кенжеміз. Ештеңе жоқ деп те айта алмаймыз. Әңгіме түйіні детектив бағытында түсірілген телехикая туралы болған соң, осы жанрдан мысал келтірейік. Әуелі кітаптарды еске түсіріңіз. Саусақпен санарлық қана. Кеңес кезіндегі Кемел Тоқаевтың романдары, қазіргі Жарасбай Сүлейменовтың шығармалары бар.
Кино, телехикая жағынан тіпті ауыз аша алмай қаламыз. 1970 жылы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Атаманның ақыры» атты екі бөлімді туындыдан кейін бұл жанр тоқырап қалды десе де болады. Тәуелсіздік алғаннан бері қазақ киносы алға ілгерлеп келеді. Сан түрлі фильм, телехикаялар түсірілді. Бірақ, детектив жанрына сай келетін туындыны атап көрсету қиын.
Міндетіміз жоқты теріп отыру емес, қазіргі барды тілге тиек ету болған соң, енді негізгі айтпағымызға көшейік. Жақыннан бері «Qazaqstan» ұлттық арнасында «Қашқын» атты телехикая эфирге шығып жүр. (Көрсетілім уақыты бірнеше рет өзгергенін қоспағанда) Алғаш аңдатпасы беріле бастағанда-ақ, өзінше бөлек болмысты туынды екенін шамалаған едік. Басталғанда, расында солай екенін беталысы байқатты. Картина бірден таумен ашылды. Алғашқыда сюжте ақырын ғана таған қалап келді де, тауда «тарс» етіп атылған мылтықпен бірге оқиға бұрқ-сарқ қайнап жүре берді.
Қазірге дейін телехикаяның жеті бөлімін ғана көрдік. Нағыз шиеленіскен тұсына келді. Әрине, туындыны толық сипаттау үшін аяғына дейін күту керек шығар, бірақ біз әсерімізді жеткізе беруді жөн санадық.
Ең алдымен, телехикаяның мазмұны туралы. Детектив жанры, осы заман өмірі десек те, туындының бойында бір қазақы айшық бар. Ол әуел баста тортөбел атын іздеп, тау кезетін Бигелді қарттың өн бойымен бірге бастау алып, телехикая барысында өрбіп отырады. Әлеуметтік желіде бір бауырымыз «детективті де осылай ұлттық мінезбен қиыстыра білуге болады екен ғой» деп жазыпты. Қиюын тапқан дүние көре білген адамның көзінен қағыс қалмайды ғой.
Телехикаяның сюжеттік желісі тастай екені таңдай қақтырады. «Балталасаң бұзылмайды» деп жатушы еді ғой, дәл өзі. Арасында бостық, артық желі жоқ. Бәрі бір-бірімен тамырласа байланысып жатыр, адамды бірден тартып әкете барады. Бейне ақырын басталып, арты дауылға айналатын теңіз желі секілді. Оқиға бірінен кейін бірі өрбіп, динамиканы үзбей сақтап отырады.
Сосын, оқиғалардың жұбақ сырлылығы, деталдармен бейнеленуі, күршек секілді бірін-бірі тартып, бірнеше қатар параллел өрістеуі де ұтымды. Қазірше байқағанымыз, істің түйіні компанияға директор болу, қасқыр атуда да емес секілді. Бейсеннің атарманы Керім айтпақшы «бұлар үлкен бір қазына іздеп жүр». Ал оның түп иесі кім екені, ол қайда жасырынғаны белгісіз. Сол қазынамен бірге біраз сырдың беті ашылып, біраз дөкейдің ісі әшкере болатын секілді. Ал, басты кейіпкер – қашқын сол жұмбақтың кілті секілді. Байқаймыз, қазынаның үлкен қорғаны, қара қақпалы қамалы Бигелдіде секілді. Бірақ, олай деп те тап басып айта алмайсыз. Себебі, түрмеде тағы бір жұмбақ жан – Семсер жатыр. Ал, тауға жаңадан бір бала қашып келді, жалпы телехикаяның аты «Қашқын» екенін ескерсек, ол да өзімен бірге біраз сырды арқалап жүргені сөзсіз.
Детектив десек те, телетуындының жалаң оқиғаға құрылып, атыс-шабыс, қашу-қуудан тұрмайтын туынды екені, өзіндік салмағы, тұңғиық тереңдігі барлығы бірден байқалады. Шұрайлы тіл, сауатты диалог, астарлы сөздерді тыңдай отырып, жұтаң тілді, тайыз ойлы көп сериалдардан көш ілгері дүние екеніне іштей риза боласың. Жалықтыратын көп сөзділіктен аулақ. Әсіресе, Бигелді мен Сәрсеннің сөз саптастары мен қағысулары жақсы қиыстырылған. Сөйте тұрып олар көрерменге біраз мағыналы дүние айтып тастайды.
Телехикаядағы көріністердің әдемілігі де өз алдына. Алатаудың табиғатын үйлесімді пайдаланған. Артық бояу жоқ. Соған сай, актерлік құрам да сапалы. Бір таңқаларлығы, Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамовты да, талантты актер Қуандық Қыстықбаевты да сериалдан көрмеппіз. Бәлкім, «Қашқынның» әдеттегі туындыларға ұқсамайтындығын білген соң түсуге келіскен шығар деп ойлаймыз. Әйтпесе, толық метражды кинолардан ғана көретін қос әктердің бірдей осы телехикаяда жүруі тегін емес. Басқа әктерлер де өз рөлін жақсы сомдап жатыр, жаңа есімдер де аз емес екен. Барлығы өз образдарына сай таңдалған. Қажетті кейіпкерлерді саралау, әктерді таңдау сауатты жүргізілгені көрініп тұр.
Қазір телехикаялар көп түсіріліп жатыр дейміз ғой. Бірақ, саны көп болғанмен, олардың арасында әттеген-ай айтқызатындары да жоқ емес. Әйтеуір, үнді, кәріс, түріктің сериалына телміргенше өзіміздікін көрсін деп жұбанамыз. Бірақ, дәл осы «Қашқын» секілді тартымды, қазақы нәрі мен мәйегі бар, мазмұнды әрі шиеленісті дүниелер саусақпен санарлық. Бір байқағанымыз, бұндай ұлттық сипаты басым дүниелер корпорация басшылығына тәжірибелі маман, кезінде қазақы түр-тұлғасы, сөз-әуенімен ел есінде қалған Ләззат Тынысбай келгелі жақсы орын таба бастағандай. Ұлттық арна бұрын да ұлт мүддесін ұлықтауда кем соғып жатқан жоқ қой, бірақ оның еселеніп жатуы жаңа басшыға да байланысты екенін көрермен қауым байқамай отырған жоқ.
Телехикаяны түсірген ұжымды да ерекше айта кету керек. Бұрын бірнеше жобалары осы ұлттық арна арқылы көпке ұсынылған болатын. «Отыңды өшірме» атты жиырма бөлімді туындысы жақсы аңыс қозғады. Мына телехикаяның жанры басқа болған соң, «қалай шығар» деп қызыға қарағанымыз рас. Үмітті ақтады, күннен-күнге өзіне байлап, келесі бөлімін асыға күтетін жағдайға жеткізді. Шығарманың мақсаты да сол ғой, көрерменін тарта білсе, өз міндетін орындағаны. Алайда, әзірше асығып төрелік айтпаймыз, телехикая толық аяқтаған соң барлық сипаты жарқырап шығатынына сенеміз.
Нұрбол Алманов, кинотанушы