«Томирис» фильмі үлкен экранға шыққалы бері фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасын көру қазақ көрермендері үшін арман болды. Әлеуметтік желідегі жұртшылық наразылығынан соң режиссер Ақан Сатаев фильмнің қазақша нұсқасы кешікпей шығады деп сендірген. Режиссер айтқандай фильм қазақ тілінде көрсетіле бастапты. Бірақ Алматыда 1 қазанда екі- ақ кинотеатрда («Сарыарқа», «16 forum») қазақша жүріп жатқан фильм өте қолайсыз уақытқа күндіз 13:30, 14:30 және 18:00 ге қойылған. Бұл кинотеатрлардың қазақ көрермендеріне қасақана жасап отырған қысастығы ма әлде тұтынушының құқығын таптауы ма болмаса мемлекеттік тілге «құрметтері ме» түсіну қиын.
Өткенде тарихи киноның қазақ тілінде көрсетілмеуіне наразы болып, фильмге бойкот жариялауға шақырған журналист Айдос Жұқанұлы кинотеатрлардың фильмді күндізгі уақытқа қоюында «қазақ тіліндегі сеанстарға адам келмейді» деген уәжді қолдан жасап, қазақ тілінің беделін түсіру пиғылы жатуы мүмкін деп жазады фейсбук парақшасында.