Журналист Айдос Жұқанұлы Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи фильміне бойкот жариялауға үндеді. Оған себеп кинотеатрларда фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасы болмауы.
«»Томирис» Москвада көрсетіліп жатыр ма, әлде қазақтың астанасы Нұр-Сұлтанда көрсетіліп жатыр ма? Барлық сеанс орысша! Сұмдық!
Қазақстанның кинотеатрлары Қасым-Жомарт Тоқаевты тыңдамайды екен. Президентіміз «Қазақ тілі ұлтаралық тілге айналуы керек» деген-ді. Еліміздегі кинотеатрлар қазақ тілін ұлтаралыққа айналдырғаны былай тұрсын, оны таптап, ұлтараздықты өршітіп отыр. Баршаңызды киноға бармауға, бойкот жариялауға шақырамын! «Екатерина» фильмі болса, түсінер едім. Бұл Томирис қой!
Барлық қазақтілді сайт жетекшілеріне осы айтқанымды жариялауды сұраймын», – деп жазады Айдос Жұқанұлы.
Үш миллиард теңгеге жуық қаражатқа түсірілген «Томирис» тарихи фильмінің тұсаукесері Астана мен Алматыда орыс тілінде өтті. 27 қыркүйектен бастап фильм кинотеатрларға шықты. Әзірге кинотеатрларда фильмнің қазақ тіліндегі нұсқасы жоқ.