Белгілі режиссер Талғат Теменов ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өткізетін кино жобаларды іріктейтін комиссия мүшелерінің өнер саласындағы білігі мен тәжірбиесіне қатысты сын айтты.
Оқырманға түсінікті болу үшін режиссердің әлеуметтік желіге жариялаған жазбасын өзгеріссіз беріп отырмыз.

Ұлттық киноны қолдау орталығы – кезінде, Мәдениет министрлігінің арқасында өмірге келген. Авторы Арыстанбек Мұхамедиұлы… Жалпы идеясы жақсы… Алайда, іс жүзінде құмырсқаның илеуіндей түсініп болмайтын кванттық ғылымнан да қиын. Комиссия мүшелерін Мәдениет министрлігі бекітеді. Алайда, бұл тізімді кім ұсынғаны белгісіз… Оған мүше болуда қандай принциптерге сүйенген?.. Себебі, ол кеңесте мультипликатор да, кинотанушы да, бір сценарий жазбаған жазушы, журналист, депутат, каскадер, актер, музыкант та бар. Тек логика жоқ… Себебі, анимациялық, документтік, дебюттық, көркем фильм сценарийлерін комиссия мүшелері бөлек-бөлек оқиды да, дауыс бергенде бәрі бірігіп кетеді. Есептегенде дауысыңыз жетпейді. Нағыз ҰРЛЫҚ осы жерде… Комиссия мүшелерін естісеңіз атынан ат үркеді. Бірақ, көбінің кино өнеріне түк қатысы жоқ. Мысалы, Нұржан Жалауқызының кинодраматургияға не қатысы бар?.. Орыстілді музыкант Бауыржан Шүкенов қашан, қандай сценарий жазыпты?.. Қандай фильм түсірген екен?! Қалайша ол Төраға болды?..
Басқа басқа, тіпті депутаттарды комиссияға қосу нонсенс. Заң жобасын оқуға уақыты жоқ азаматтар 400 сценарийді қашан, қалай оқысын?!.. Комиссия құрамындағылардың қайсынан сұрасаңыз да дауыс бергенін айтады. Бірақ, жетпей қалған көрінеді. Бұл қитұрқы әдіс. «Мосадтан» да асып түсетін өрмекшінің торы. Кезінде осы пичингті өзгертуге атсаласқан Құрманбек Жұмағалидың еңбегі.
«Тәп-тәуір-ақ ән еді пұшық айтып қор қылды» демекші, жақсы идея бақсының бал ашқанынан да қиын… Қияметтің қыл көпірінен бетер азап… Комиссия мүшелері Мүңкір-Нәңкүрден де қорқынышты. Оларға сенің еңбегің де, тәжірибең де, тақырыбың да, атың да, затың да керек емес… Жасанды интеллект жазатын сценарий да, сен де бірдейсің… Абай айтқан: «Соқыр-мылқау танымас тірі жанды» пенделер… Сценарий немесе автор ұнамасА, болды. Басқалары бас шұлғып отыра береді. Мемлекеттік Сыйлықтың иегері әйгілі режиссер Ардақ Әмірқұлов Шыңғыстың «Ғасырдан да ұзақ бір күн» шығармасын ұсынған… Өкінішке қарай, Айтматовты әлгі комиссия атып түсірді. «Диалогтары нашар» деп айтты. «Байқоңырдан қорыққан болар» дейді Ардақ Әмірқұлов. Сонда, мұндай комиссия кімге керек?! Не үшін керек?!.. Миллиондаған жүрекке нұр сепкен Айтматов пен Әуезовтерді неге біреулер қоқысқа тастауы тиіс?.. Және бұған кім жауап береді?.. Кім?!
«Жартасқа бардым,
Күнде айқай салдым.
Одан да шықты жаңғырық…»
Құрметті комисия, не уәж айтасыздар!?
Мен осы жолы Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» пьесасының желісімен жазылған сценарийді ұсынғам… (Қазақ классигінің түсірілмегеніне жарты ғасыр өтіпті.) Сценарийді мемлекеттік тілде жаздым. Комиссия мүшелерінің көпшілігі қазақша оқымайды, білмейді.
Сонымен қатар, питчинг кезінде сценарийді талқылау, пікір алмасу емес, ә дегеннен аяқтан шалу, өш алу, суреткерді сүріндіру, қалайда құлату, құлдырату, кері тарту көзге ұрып тұр… Мысалы, Роза Мұханова ханымға бұл мүшелік өте «тиімді» көрінген сияқты. «Өз повесіне өзі сценарий жазбаған жанның» саған драматургиядан дәріс оқып, Әуезовтің әкесін танытқанын көргенде жер басып жүргеніңізге кінәлі боласыз…
Кезінде, Қ.Қуанышбаев театрында көркемдік кеңесші боп тұрғанымда осы Мұқанованың «Сарра» мен «Бопай» пьесаларын жөндеп сахнаға шығуына себепкер болғанымды қайда қояйын..? Ия… ол кісімен кикілжіңіміз бары рас…
Алайда, болашақ фильмнің тағдыры шешіліп, ертеңгі көрерменге «не көрсетеміз?» деп тұрған сәтте… «Ұлттық киноны қолдау орталығын» – жеке басына пайдалану, өш алу, тізе батыру, менің дарын-қабілетіме шүә келтіру – өнерге деген қиянат деп білем… Мұндайды «злоупотребление служебным положением» демей ме?.. Жалғыз Мұқанова емес, кинодан түк хабары жоқтардың сол жерге барғанына қайран қаласыз… «Қарынымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» дегендей, конкурстан құлатқаны жанға батады.
Кезінде, Сәбит Мұқанов Жазушылар Одағын басқарып тұрғанда талай ақын-жазушыға тізесін батырғанын көзі ашық қауым білетін болар… Роза Мұқанованың да сол аттасынан алыс кетпегенін көрдік… Яғни, «Дело Ленина живет и побеждает» деген осы екен-ау деген ойға қалдым. Алайда, 21 ғасырда – Жаңа Қазақстанға «Мұқановтардың тісі» емес, – Әуезовтердің ісі қажет емес пе?! Иә… солай!..
Қазіргі біздің елге өш алу, тізе батыру, құрту, жою емес, – Адамды құрметтеу, сыйлау, қадірлеу принциптері ауадай керек!
Біз «өркениетті қоғам құрамыз» десек, ол өнерден басталуы тиіс… Абай айтпақшы, «Саф өнер бықсық ойдан тумайды…» дегенді кім-кім болса да естерінде сақтағаны дұрыс. Және бұл менің жанайқайым екенін көзі ашық қазақ көрермені түсінеді деп ойлаймын. Сондықтан, бұл былықты тек Мәдениет министрлігі емес, Үкімет болып тазартпаса болмайды. Бұл «Авдийдің қорасынан да лас» болып тұр. Өйткені, біз көрермен үшін яғни ұрпақ үшін алаңдаймыз. Солардың саналы Азамат болуы үшін жанымды шүберекке түйіп жүргенімді комиссия мүшелері ұмытпаса деймін.
Сөз соңында қосарым: Ұлттық киноны қолдау орталығының басшысы Құрманбек Жұмағали комиссия мүшелерін түгел жариялау керек. Олардың кино өнеріне қатысын жаза кеткені дұрыс. Екіншіден, неге дауыс беру жасырын өтеді?.. Оны кімдер санайды? Олардың да аты-жөнін білгеніміз дұрыс. Себебі, қаржы халықтыкі екені есте болсын!
Құрметпен, Талғат ТЕМЕНОВ,
кинодраматург, кинорежиссер,Қазақстанның халық артисі, профессор