arasha.kz

Вениамин Шульгиннің көше суреттері (фото)

Стрит-арт. Аты айтып тұрғандай, көше көркемөнері. Шымкент қаласының тұрғындарына көше суреті аса бір таңсық дүние емес. Мұндай суреттер Нұрсәт шағынауданы Арғынбеков көшесі бойындағы көшпелі керуеннің картинасынан бастап көпшілік көп жүретін саябақтарда да кездеседі. Бірақ гараждар мен сарайларға сурет салынып, түрлі-түсті бояумен боялғанын шымкенттіктер наурыз айында, елімізде төтенше жағдай енгізілген кезде білді. Вениамин Шульгин атты әуесқой суретші пандемия кезінде халықтың көңілін аулау үшін өз ауласындағы сарай мен гаражды стрит-артқа айналдырды. Одан кейін көршілерінің гаражын сұрап алып, бәріне қылқаламмен ғажап туындылар салып шықты.

Сурет өнері – В.Шульгиннің негізгі мамандығы емес. 12 жасынан бері осы салаға қызығыпты. Ол жоғары оқу орнын бітірмеген, сурет салуды арнайы үйренбеген. Тумысынан берілген. Осыдан тура бір жыл алдын Вениамин түс көріпті. Айтуынша, түсінде «10 метрге дейін картина саласың» деген аян берілген. Әйтпесе, оған дейін ұзындығы бір метрге жетер-жетпес картиналар салып жүрген екен. 10 метр түгілі 2 метрлік сурет салу бағынбайтын шыңдай көрініпті. Сөйтіп, карантин басталған кезде сол түсінде берілген аянды іс жүзінде асыруға кіріскен.

Өзі тұратын аудандағы тұрғынүй аулаларын көркем бұрыштарға айналдыру кез келген адамның қолынан келмесі анық. Тума таланттың гараж, сарайларға салған картиналарын бейне бір фотоаймақ деп ойлап қалуыңыз мүмкін.

– Бұл Батыста баяғыда тәжірибеден өткізіліп қойған. Әрбір шығармашылық адамы өз қаласына, өз ауласына үлес қосуы керек. Әркімнің Абай саябағындағы көрме залына жолы түсе бермеуі мүмкін, ал бұл жерге адамдар күн сайын ешқандай мақсатсыз-ақ, еріксіз топ-тобымен келеді, тамашалайды, – дейді шебер.

Вениамин өз шағынауданында өте танымал суретші. Сұхбат барысында ауладан ары-бері өткен тұрғындардың бәрі оған басын иіп амандасып жатты. Көршілері мен өзге ауладағы азаматтардың оның салған суретіне риза болысып, қолдап-қуаттайтыны көрініп-ақ тұр.

– Біздікілер мұндай тың өнерді қалай қабылдады? Жалпы, біз ауламызға стрит-арт салдыруға дайынбыз ба? – деп сұрадық алдымен.

– Жақсылықтың ерте-кеші жоқ. Егер адам баласына титтей де қуаныш, шаттық сыйласаң, әрине, өзің де тура сондай жауап аласың. Халықтың 99 % позитивті қабылдады. Әрине, бес саусақ бірдей емес. Ара-арасында өміріне өкпелі жандар негатив білдіріп қалады. Бірақ, олар да түбі жақсылықты, бұл ісімді түсінеді, – дейді жымиып.

Вениамин Михайлович бізді өзі картинаға айналдырған гараждарға қарай бастап барады. Ең алғашқы картинасын «Абстракция» деп атапты.

Қызылды-сарылы ашық түстермен көмкерілген туынды бізді басқа әлемге сүйреп кеткендей. Көркемөнер тұңғиығына батып барамыз. Ал оның қасындағы гаражда табиғат пейзажы бейнеленіпті. Тұп-тұнық, мөп-мөлдір табиғат алыстан менмұндалайды.

– Бұл суреттерді қанша күнде салып бітірдіңіз? – дейміз таң-тамаша қалып.

–Шабыт келсе, кез келген туындыны қалай аяқтағанымды білмей қаламын. Мысалы, осы екі картинаны 4-5 күнде аяқтап тастадым. Гаражды бейнелеу өнері туындысына айналдыру оңай емес. Себебі, беті біртегіс емес. Одан соң оның айналасын жақсылап тазарту керек.

Суретті салып жатқанда ауладағы балалар келіп, қызықтап, әр алуан сұрақтар қойып, тіпті, көмектесіп те жатты. Карантин кезінде ойымыз бөлініп, бәріміз де бір шаттанып, жасап қалдық, – дейді шабытты шағының секундына дейін бөліскен суретші.

Вениамин бізді көрші аулалардағы суреттеріне қарай жетелеп барады. Әр шақырым сайын кереметтей көркем гараждардың үлгісі жарқ ете қалады. Бірінде сүп-сүйкімді, топ-томпақ пандалар тымпиып отырса, келесісінде әлемдегі ең қайратты құс колибри қанатын қағып тұр. Үшіншісінде теңіздің жал-жал толқындары көзге елестесе, одан кейін  нағыз қазақи ауыл қарсы алғандай күй кештік. Бәрі де жарқын кестеленген көркемөнер туындысы. Ешқайсысы бей-жай қалдырмады. Әрқайсысының тұсынан жәй өтіп кете алмадық.

– Бұл суреттердің бояуы қар мен жаңбырда ағып кетпей ме? – дейміз көкейдегі сауалымызды жасыра алмай.

– Акрилл бояуы ондаған жылдарға шыдайды. Ең алғаш салған бір суретімді қар, жаңбыр кезінде әдейі тексеріп көрдім. Өзгерместен сол бойы тұр. Егер қабырға құлап қалмаса, картина сол қалпында тұра береді, – деді ол сенімділікпен.

Қазір кейіпкерімізге тапсырыс берушілер саны көбейген. Инстаграм (@kartiny_na_zakaz_shimkent парақшасы) арқылы тапсырыс қабылдайды. Алғашында өзі өтініп салса, бүгінде тұрғындар «Менің де аулама, гаражыма, сарайыма салып берші» деген өтінішпен мазалайтынға ұқсайды. Мысалы, бір көршісі тоңазытқыш жөндеумен айналысады екен, гаражына салқын бір нәрсенің бейнесін салып беруін өтініпті. Сөйтіп, өтініш иесіне теңіз жағасындағы өмірді бейнелеп берген. Оны көріп қызыққан тағы бір кісі каноэ мен байдаркадан жаттықтырушы болып істегендіктен теңіздің суретін салуды қолқалапты.

Кең көлемді картиналар болғандықтан, бұларға бояу мен керек-жарақ аз кетпейтіні түсінікті. Ол бәрін өз қаржысына сатып алады. Кейде өнерді терең ұғынатын жандар Шульгинге қаржылай көмек көрсетіп тұрады. Мәселен, бір гаражға сурет салу үшін 35 мың теңге қаржы жұмсалады екен.

Осылайша ол қалалықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, екінші жағынан нәпақасын да айырып жүр. 50 жылдан бері бейнелеу өнерін жанына серік еткен ол арасында басқа да кәсіппен айналысыпты. Қорғасын зауытында пішіндеуші болып істеген. Зауыт жабылған соң басқа жұмыс іздеуіне тура келеді. Сөйтіп, сурет өнеріне түбегейлі бет бұрады. Қазір қол қусырып қарап отыратын уақыты жоқ. Себебі, көркем өнерге жаны құштар суретшінің ойында тың идеялар туындап жатыр. Қала тұрғындарын жаңа бейнелермен қуантуға асық. Бір бастаса, тоқтауы қиын. Нәтижесінде гараждар кереметтей стрит-артқа айналуда.

Вениамин өзін қазақпын деп есептейді. «Осы жердің ас-суын ішіп өстім, өндім, бұл – менің туған жерім. Өз қаламды жақсы көремін. Қылқаламды қолыма тек көңіл-күйім керемет кезде ғана ұстаймын. Сонда пандемияның қиын кезеңінде, ұнжырғасы түскен адамдардың ойын, назарын жақсы жаққа бұра аламын» деп ағынан жарылды.

Пандемия кезінде ешкімге қол жаймай, қолынан келетін пайдалы іспен айналысып, қоғамға қозғау салып жүрген Вениаминмен “әлем сіз секілді адамдармен әдемі” деген жылы пікірімізді білдіріп, риза кейіппен қоштастық.

Әйгерім Бегімбет, arasha.kz

фото: Әйгерім Бегімбет

Exit mobile version