arasha.kz

Ақын Ғалым Жайлыбайдың «Сұлубайдың әні» атты кітабы жарық көрді

Көрнекті ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш», Абай, Махамбет сыйлықтарының лауреаты Ғалым Жайлыбайдың «Сұлубайдың  әні» атты кітабының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Arasha.kz тілшісі.

Салтанатты кешке ақынның қаламдас достары мен елге танымал жазушылар келді.

Кеш барысында ақын, жазушылар Ғалым Жайлыбайдың шығармашылығы мен бүгін жарық көрген кітаптың мазмұнына тоқталып өтті.

«Ғалым поэма жазуға талантын жұмсап жүрген ақын. «Қара орамал» деген дастаны 14 тілге аударылды. Кейін «Ақсиса» деген поэма жазды. Ол жай сөйлегенде де маған өлең айтып тұрғандай көрінеді. Ғалым Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанын білесіздер, біздің «батыраштығымыз» ұстап, ақынды құлаттық. Әйтпесе Ғалым алмайды деп ешкім ойлаған жоқ. Біздің Жазушылар одағының жалпақшешейлігі құртып бара жатыр. Жазушыларды топтап ұсынады. Негізінен 1-2 қаламгерді ғана ұсыну керек қой. Анау үлкен коммиссияда Ғалымның есімін естімегендер отырғаннан кейін олар қайтіп дауыс береді. Оның қадір-қасиетін қайдан біледі. Шын таланттар құр қалып жатыр»,-дейді белгілі ақын Жүрсін Ерман.

Сондай-ақ, жиын барысында жазушы Қабдеш Жұмаділов Сұлубайдың батырлығы, ақындығы жайлы қысқаша мағлұмат беріп өтті.

«Сұлубайдың  әні», «Бүркітбайдың әні» бала кезімізден жаттап өскен өлеңдеріміз. Бала кезімізде Бүркітбай болып партизан ойынын ойнайтынбыз»,-деп еске алады жазушы.

Аталған кітап «Ер-Жәнібек» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Оспан батырдың 120-жылдық мерейтойы аясында жарық көрген. Сонымен қатар, бұл поэма қазақ, ағылшын, орыс, түрік тілдеріне де тәржімаланған.

Exit mobile version