Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып жатқан шаралардың бірі – «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасы. Осы жобаға сәйкес «Қазақстанның қазіргі поэзиясының антологиясы» мен «Қазақстанның қазіргі прозасының антологиясы» екі томдық кітап ағылшын және басқа тілдерге аударылатыны мәлім. Әрбір антология бес жүз беттен тұрады. Әрбір антологияға 30 қазақстандық автордың еңбектері енеді. Ал мәдениет және спорт министрінің айтуынша, әлемнің 22 елінде қазақстандық әдебиет және мәдениет орталықтары ашылған. Бұл да қазақ әдебиеті мен мәдениетінің көкжиегін кеңейте түсетіні анық. Сонымен бірге, респбуликадағы түрлі өнер ұжымдары да аталған жоба аясында шетелге гастрольдік сапарларға шығып, тәжірбие алмасуға мол мүмкіндік тауып отыр.
Бұған дейін БҰҰ-ның алты тіліне аударылатын шығармалардың халық талқысына түсіп, оны ел таңдайтыны айтылған. Кейін Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаеваның жетекшілігімен «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасына қатысты бірнеше отырыс өтіп, оған қаламгерлер, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысып, жоба жайында өз ойларын ортаға салған.