arasha.kz

Таласбек Әсемқұлов. Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр

Сыншы, драматург, жазушы біртуар тұлға Асқар Сүлейменовтің туғанына 80 жыл толып, торқалы республика көлемінде түрлі шаралармен аталып өтіп жатыр. Бірегей тұлғаның сексен жылдығына орай, мәдениеттанушы, жазушы, сценарист асқан талант иесі Таласбек Әсемқұловтың Асқар Сүлейменов жайлы «Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр» атты естелігін жариялап отырмыз. Бұл естелік Таласбек Әсемқұловтың көзі тірісінде «Алматы ақшамы» газетінде кейін abai.kz порталында жарық көрген еді.

arasha.kz

 

Мен, Асқар Сүлейменовтың әр кезде әдебиет пен өнер жайында айтқан пікірлерін қолдан келгенше жинадым. Кейбір ойларын тура өз аузынан естіп жазып алсам, кейде әңгіменің көлемі тым үлкен болып дәл сол сәтте жазып үлгермеген жағдайда шама-шарқымша еске сақтап артынан мұқият қағазға хаттап түсіріп қоюшы едім. Ал «Асқар Сүлейменов пәлен жерде пәлен деген екен» дегенді естісем, оны Асекеңнің өзінен тәптіштеп анықтап жазып алатынмын. Әрине, Асекең сол айтқандай қылып жеткізе алмаушы еді. Санасына сыймай ақтарылып тұрған ойдың қайсыбірін еске түсірсін. Ондайда ол әуелі әңгімені кімдерге айтқанын, содан соң сол жерде тағы кімдердің болғанын есіне түсіріп барып, қозғалған тақырыпты жаңғыртатын. Және жолшыбай тағы да қаншама құнды ойлар қосылады. Ақылдының жаңылғанының, адасқанының өзі керемет қой. 
Осы, әр кезде түрлі тақырыпта айтылған пікірлерді бүгінгі салқын көзбен қарап отырғанда мені бір нәрсе қайран қалдырды, Бұл, әрине, нақты ғұламаның айтқан ойлары. Оған дау жоқ. Бірақ, бақсам, бұл соғыстың аржақ-бержағында дүниеге келген, ауыр тағдырдан ерте есейіп ержеткен, ерте кемел тартқан бір ұрпақтың танымы ғана емес. Бұл мүлдем басқа құбылыс. Шамасы, Асқар Сүлейменов өз тағдырында, қазақтың Қайта Өрлеуін жалғыз өзі кешіп өткен сияқты. Ойдың өресі осыған меңзейді. 
Қазан төңкерісінен кейін бұрынғы Ресей империясының территориясында жаңа инквизиция басталды. Мағжан ақын айтқандай, «Қызыл тіл кісенделген» заман келді. Ол кезде Ленин патшалығының ұшықиыры жоқ сияқты болып көрінетін. Сол себепті, тұтас системамен болсын, сол системаның адал құлы – тобырмен болсын, жекелеген адаммен болсын – Асқар Сүлейменовтың ақымақпен сөз таластыратын әдеті жоқ еді. Себебі, Асқар Сүлейменов өзінің қандай заманда, қандай ортада өмір сүріп отырғанын, кімнің кім екенін, ненің не екенін өте жақсы білетін адам еді. Сыртқы түрі момын болғанымен қатерлі күрескер еді.  «Шайтанмен, оның атын атамай-ақ күресуге болады» деген мәтелі бар еді Асекеңнің. 
Асқар Сүлейменовтың жазба мұрасынан, ауызша айтқандарынан сіз ешқашанда радикалдық, диссиденттік ой-пікір ұшырастыра алмайсыз. Оның жалғыз ғана елеусіз қаруы – өнер туралы, жалпы мәдениет туралы бейтарап, бейбіт пікірі еді. Бірақ, бұл мәселенің сырт көрінісі ғана еді. Ойлы, ақылды пікір адамның ішкі дүниесін жаңғыртады, атадан балаға мұра болып ауысқан жалған идеалдардан, жасанды құндылықтардан арылтады. Ал, ұрпақ рухани құлдықтан құтылғанда саяси күрестің керегі де болмай қалады. Сіз мақсатыңызға жеттіңіз. Баяғы аталарымыздай алмас қылышпен емес, сертке берік қара қалам және ала қағазбен.

* * *
Құрметті оқырман, менің бұл жазып отырғаным көркем шығарма емес – естелік. Сондықтан кейіпкерімнің әр кезде әр себеппен айтқан эстетикалық ойларын бір тақырып аясына топтастырып, өмірде болмаған сюжет ойлап шығарудың ешқандай реті жоқ. Сол себепті, мен, Асқар Сүлейменовтың пікірлерінің жүйесін тұрған тұрысында, қажетті түсініктемелермен ғана бермекпін. Екі пікірдің арасы алшақ болып жатса сөге көрмеңіз, бұл – менің жазбаларымның құрылымынан солай болған.

«Фотографиялық эстетика» («фотографическая, мгновенная эстетика») «фотографиялық, ілездік пайымдау» («фотографическое, мгновенное осмысление») дегеннің не екенін мен алғаш рет Асқар Сүлейменовтен көрдім. Бірде Рамазанның бөлмесінде сол кездегі әйгілі жапон жазушыларының әңгімелерін оқып, талдап, бас қатырып отырғанбыз. Рамазанмен бір топта оқитын еврей бала бар еді. Аты есімде жоқ, фамилиясы – Бренер болатын. Сол ваннаға барып қолын шайып келе жатып Төлеген ағаның бөлмесіне бас сұғып өтті.
– Көрші бөлмеде Асқар Сүлейменовтің өзі отыр. Сол кісіні шақырайық, – деді қайтадан орнына отырып жатып. 
Барлығымыз қосылып, «Асқар аға!» деп айқайладық. Біраздан соң Асекең келді. Біз проблеманы айтып, қанша оқысақ та түсіне алмаған бірнеше әңгімені алдына қойдық. Асекең қолына ілінген әңгімені ала салды. Бұл Акутагаваның әйгілі «Батат езбесі» («Бататовая каша») атты шығармасы еді. Асекең әңгімені оқыған жоқ. Тек бірінші бетті қарады, қалғанын немқұрайды парақтап өтті де, соңғы бетке бірнеше секунд қана көз тоқтатты. Болды. 
–    Бұл жапон миниатюризмінің өлімі жайлы әңгіме, – деді содан соң сәл күрсініп, орындықтың арқалығына шалқайып. 
–    – Түсінбедім, – деді Бренер таңқалып, – Сіз, әңгімені тіпті оқыған да жоқсыз ғой. Таратып айтыңызшы. 
– Әңгіменің басында бір самурайдың батат ботқаны жақсы көретіндігі, сүйіп жейтіндігі айтылады ғой, солай ма? – деді Асекең. 
– Иә, солай, – дедік барлығымыз қосылып. 
– Ал әңгіменің аяғында басқа самурай, оны қонаққа шақырып, алдына бірнеше жүз адам жейтіндей қылып, батат ботқасын тау қылып үйіп қояды. Осыдан кейін бас кейіпкер сол тамақты жеккөріп кетеді. Яғни, бұл жапон мінезіндегі не нәрсенің шағын, аз болғанын қалайтын миниатюризмге айтылған мадақ жыр. 
Бәрі орын орнына келді. Ештеңе дей алмадық. Асекең екінші әңгімені қолына алды. Бұл жолы алғашқы екі бетке сәл шұқшиды да, содан кейін соңғы бетке бір қарады. Болды. 
Әңгіменің ұзын-ырғасы. Бір жапондық өнертапқыш сиқырлы деуге болатын электрондық лампа ойлап шығарады. Лампаның өтіне тұрған адамның экрандағы бейнесі мүлдем басқа болып шығады. Мысалы, бір адам кактус, бір адам – қоян болып, ал енді біреуі – акула болып көрінеді. Өнертапқыш, өзінің таңғажайып туындысын алып, циркке барады. Цирктің бастығы көріп, ертең хабарласам дейді. Ертеңіне өнертапқышқа «Надандықты қорғау жөніндегі бүкіләлемдік комитеттің» (осындай да комитет болады екен-ау) президентінің өзі хабарласады.  Кеңсесіне шақырады. Сол президент өнертапқыштың лампасын бүкіл патентімен 200 млн. долларға сатып алады. Бұл ақшаны әйеліңіз бен балаларыңыз ала алатындай етіп банкке салыңыз дейді президент. Ойында ештеңе жоқ өнертапқыш ақшаны екіге бөліп әйелі мен балаларының атына салады. Ал енді мына контрактың құрметіне шампан ішейік дейді президент. Әңгіменің аяғында өнертапқыш у қосылған шампаннан өледі. 
Бәріміз аңтарылып Асекеңе қарап отырмыз. Асекең жымиып күлді. 
– Андрей Тарковскийдің «Сталкер» деген фильмін көрдіңдер ме? – деді содан кейін, – Ағайынды Стругацкийлердің «Жол шетіндегі пикник» («Пикник на обочине») деген шығармасы бойынша түсірілген. 
Елдің барлығы көрген болып шықты. 
– Міне, бұл әңгіменің идеясы сол «Сталкерден» алынған, – деді Асекең. – Хотя ,керісінше де болуы мүмкін. Жапон жазушысы өз әңгімесін қашан жазды, Тарковский өз фильмін қашан түсірді, кімнен кім алды, кімнен кім үйренді – білмеймін. Тіпті, екеуі бірін-бірі білмеуі мүмкін. Идея екеуіне шамамен бір уақытта келуі мүмкін. 
–    Аға, тезірек әңгімені талдаңызшы, – деді Рамазан. 
–    Жақсы, – деді Асекең, – «Сталкерде» бір адам, өзінің жазылмайтын дертке ұшыраған қызына шипа іздеп Зонаға барады ғой. Сонда Зона оған, баласына арнап шипа емес, оның өзіне зор байлық береді. Себебі, Зона, адамның ауызбен айтқанына қарап емес, оның ішкі сұранысына қарап береді. Яғни, қызына ем сұрап барғанымен, кейіпкердің шын ниеті ақшада ғана еді. Немесе Зона ешқандай сөз бен сезімге сенбейтін структура. Ол адамның ішкі матрицасына ғана жауап береді. Жапон әңгімесіндегі лампа да сондай нәрсе. Адамның сыртқы түрі мен ішкі түрі бар. Нағыз шындық сол ішкі түрінде, матрицада. Лампа экранға сол матрицаның суретін түсіреді. Бұл жердегі Зона біздің ұғымымыздағы абақты емес, түсініксіз түрлі оқиғалар болатын тылсым аймақ.
Бұл жолы да ешкім үндей алмады. Тек жалт-жалт етіп бір-біріне қарасқан. 
– Ал, енді мына әңгімені қарап беріңіз, – деді Рамазан тағы бір кітаптың бетін ашып ұсынып. 
Бұл Акутагаваның «Жылқы аяқ» («Лошадиные ноги») деген әңгімесі еді. Асекең әдетінше әңгімені парақтап шықты да, шылымын тұтатып орнынан тұрды. 
–    Мен сендерге бүкіл жапон әдебиетін талдап беруім керек пе? – деді жымиып, – Өздерің де миларыңды қажап, біраз жұмыс істетпейсіңдер ме? 
Бұрылып жүре берген. 
– Тым құрмаса кілтін айтыңызшы, – деді Бренер қалжыңдай жалынып. 
Асекең есікке бір сәт қана бөгелді. 
– Гогольдің «Нева проспектісі» жинағын қайыра оқып шығыңдар, – деді, содан соң кетіп бара жатып. 
Кейін тағы бір кездескенімізде жылдам оқу техникасы жайында әңгіме болды. 
– Осылайша оқуға қалай жеттіңіз? – деп сұраған едім. 
– Көп адам сөйлем қуалап оқиды, – деді Асекең. – Ең өнімсіз тәсіл. Ол бұрынғы әдебиетке жарасатын. Ал қазіргі әдем әдебиетінің структурасы мүлдем басқа, тиісінше ондай әдебиет басқаша оқуды талап етеді. Қысқаша айтқанда, қазіргі текстер сөйлемнен емес – блоктардан тұрады. Орыстар оны «смысловые блоки», «смысловые куски» дейді. Бізше «мағыналық блоктар». 
Бетіме күмәндана қарап аз-маз отырды. 
– Теңеуім сәтсіз шығар, бірақ сәтсіз болса да айтайын, – деді, содан соң, – Мысалы, көп қабатты үйлерді дайын блоктардан құрап шығады емес пе, қазір. Қазіргі әдебиет те солай. Қазіргі романдар жазылмайды – дайындалады. Яғни, қазіргі әдебиетті оқығанда, сол мағыналық блоктарда ненің әңгіме етілетінін қарап қана шығасың. Болды. Мысалы, Акутагаваның әңгімесін алайық. Ондағы бар кілтипан әңгіменің басын бастап, аяғын тұйықтайтын екі блокта. Ал қалғаны осы екеуінің арасын толтырған ассоциациялар ғана. 
– Ал екіеші әңгіме… мүлдем басқа. Тамаша, – деді сәл үнсіздіктен кейін, – Тамаша әңгіме. Гениальный әңгіме. Біздің цензура  оны біліп өткізді ме, әлде байқамай жіберіп алды ма? Кім біледі?
Бетіме қарап күлді. 
– Біз туралы, біздің система туралы әңгіме ғой. Джордж Оруэллдің «1984», «Скотный двор» романдары сияқты «Надандықты қорғау жөніндегі бүкіләлемдік комитет», ол бүгінгі әлемнің сиқы. Өнертапқыш ойлап шығарған лампа, адамның шын бағасын беретін және оның әлеуметтегі орнын көрсететін тетік. Яғни, ол ешкімге керегі жоқ, пайдасыз нәрсе. Надандық өте қымбат тұрады. Адамзатты надандықта ұстау үшін қанша ақша керек болса, сонша жұмсалады. Қарашы өзің, бірді екілі адам болмаса, өз орнында отырған адам бар ма, осы біздің қоғамда?.. 
… 70-шы жылдардың соңында, біз, әдебиетпен әуестенетін жастар Төлеген ағаның үйіне көп жиналатынбыз. Әсіресе филфактың орыс бөлімінде оқитын студенттер, орысы бар, еврейі бар, Рамазанның бөлмесінде отырып өлең оқып, пікір алмасып, әдеби салон ұйымдастыруды әдет қылып алған. Және Төлеген ағаны іздеп келе қалса, Асекеңді арамызға шақырғанды тәуір көретінбіз. 
… Қыстың бір ұзақ кеші еді. Мандельштамның, Волошиннің, Ахматованың бұрын естілмеген өлеңдері оқылды. Үлкендермен отырған жерінен қиылып шақырғаннан кейін, сөзімізді жерге тастамай Асекеңнің жанымызға келіп отырғанына біраз болған. Жұрт бір саябырсығанда Асекең тамағын кенеп алып, өзінің жұғымды даусымен бір өлеңді оқи бастаған. Мәнері осынша әдемі болар ма. Ең соңында даусы болар-болмас қырылдаңқырап, 
– С любимыми не расcтавайтесь,
Всей кровью прорастайте в них.
И каждый раз на век прощайтесь,
Когда уходите на миг, 
– деп барып, аяқтағанда отырған жұрт ду қол шапалақтаған. Әңгімеден әңгіме өрістеп отырғанда, бір орыс қыз Анна Ахматованың «Шіркін, өлеңнің қандай қоқыстан өсіп шығатынын осы жұрт білсе ғой» («Ах, если бы знали из какого сора растут стихи») деген, афоризмге айналып кеткен сөзін келтірді. 
– Сіз қалай ойлайсыз? – деген содан соң Асекеңе қарап. 
Асекең әдетінше сәл ойланып барып, жауап берді.
– Суреткер өзінің ішкі дүниесіне қалай бойласа да, бәрібір табатыны – сол қоқыс. Бұл жерде Ахматова дұрыс айтады. Тіпті, ең тұңғиыққа барып қазына іздесеңіз де бәрібір қолыңызға тек қоқыс ілінеді. Бірақ, біздің бақытымызға орай шығармашылықтың табиғаты тексті құрайтын элементтерге тәуелді емес. Яғни, қоқысты қатар-қатар қоя салу – әлі шығарма емес. Қандай да болмасын шығарма, өзін құрап тұрған бөлшектердің жиынтығына тең емес, одан биік тұр. Аздан соң қоқыстың алтынға айналып кетуі – бұл сиқырға, алхимияға ұқсас нәрсе. Әлемде қаншама өнердің теоретиктері болған, бірақ, бірде-біреуі бұл процесті жарытып түсіндіріп бере алмаған. 
– Сонымен, Анна Ахматова дұрыс айтқан ғой? – деді студенттердің бірі. 
– Иә, – деді Асекең, – Сальвадор Далидің «Мінсіздіктен қорықпаңыз. Сіз оған жете алмайсыз. Оның үстіне мінсіздікте сіз қызығатындай ештеңе жоқ» («Не бойтесь совершенства. Вам его не достичь. Тем более, что в совершенстве нет ничего хорошего») деген сөзі бар ғой. Ахматованың айтып отырғаны – осы.

Сол жылдары Төлеген аға, аса қымбат ақшаға Сальвадор Далидің альбомын сатып алған. Сұрақ қойған қыз альбомның бір бетін ашып, Асқар ағамызға ұсынған. 
– Сіздің сурет сыншысы екеніңізді де білеміз. Мына суреттің мағынасын түсінбедік.
Суретте әр жерде ілінген сағаттар бейнеленген. Сағаттардан… су сорғалап, кептіруге қойған шүберектер сияқты салақтап тұр. Асекең суретке бір қарады да, қайырып берді. 
– Бұл өлген адамдардың бейнесі.
Отырғандар ду күлді. 
– Қалай?
– Егер Сальвадор Далидің өзі осындай эксцентрик болмаса, мен де дұрыс пікір айтар едім. Бірақ, Далидың шығармаларына түзу пікір айту мүмкін емес. Үнемі қисық сөйлеп отыру керек.
– Мен мына суреттен ешқандай адамды көріп тұрған жоқпын, – деді отырған балалардың бірі. – Тек суы сорғалаған сағаттар.
– Ол сорғалаған су емес – уақыт, – деді Асекең кезекті шылымын тұтатып жатып. – Тірі жәндіктердің ішінде адам ғана уақытты сезіне алады деседі. Адам ғана өмірдің өтіп бара жатқанына қайғыра алады деседі. Дали, өмірі таусылған адамды осылай бейнелеген. Онда не тұр? Пикассо да адамның небір схемаларын жасаған ғой. 
Асекең орнынан тұрып, сәл ойланып барып тіл қатқан. 
– Абай аталарыңда «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма», «Сағаттың шықылдағы емес ермек» деген жолдар бар… 
***
– Абайды оқу бар да, Абаймен кездесу бар, – деген еді Асекең тағы бірде, – Көп адам Абайды оқыдық, білеміз деп ойлайды, Алайда, Абаймен кездескен адам кемде кем. Өте аз. 
– Ал мен ол шалмен күнде кездесемін, – деді көзімдегі үнсіз сұраққа жауап беріп. – Күнде кездесеміз, күнде дауласамыз. Дауласпаған күніміз болған емес. 
Асекең күлді. 
– Кейде жанжалдасып, төбелесіп те аламыз. Рабиндранат Тагордың айтқаны бар ғой: «Жаратқан Ие, мені асау кезімде құрметтеуші еді, ал аяғына жығылғанымда үстімнен аттап кете барды» («Всевышний, уважал меня, покуда бунтовать я мог, когда ж я пал к его ногам, он мною пренебрег») деп. Абай да осындай, құлша бас игенді, табынғанды жек көреді. «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті надан адамның» демей ме, бір сөзінде. 
– Тізерлеп тұрмайынша бұлақтан су іше алмайтының сияқты, Абайдың алдында да бас ию керек, – деді содан соң сөзін үстеп, – Бірақ, бас июдің, яки тізерлеп тұрудың да жөні бар. Мынау Ресейдегі дворян заманында ақсүйектердің ақтас сарайларында дворецкий дегендер болған. Сол әулеттің бүкіл үй жайын, шаруашылығын басқарып отырады. Батыс Еуропада олар әлі бар. Ағылшын, француздар оларды «мажордом» деп атайды. Олардың жүріс-тұрысы мен әдебі – биік мәдениеттің көрінісі. Сол мажордомның бас игенін көріп қайран қалдым. Осынша тәккапар иілуге болады екен. Құлдар сияқты белінен екі бүктетіліп емес – желке түсынан. Тәккапар иілген басқа қарап тұрып, мажордомның абыройы мен беделі қожайыннан артық болмаса, кем емес екенін байқайсың. Міне, қазақтар да осылай иіліп үйрену керек. Хас өнердің алдында бас ию – қорлық емес, қайта өзіңе бедел, өзіңе абырой… 
… Бірде өнердің тіліне қатысты бір әңгіме басталды. 
– Қазіргі бейнелеудің тілі ескірген, – деді Асекең. – Талант пенен уақыт бір-бірімен матаса байланысқан. Үш түрлі талант болады. Біріншісі – өз заманынан озып туған талант. Бұлар әдетте – генийлер. Мәдениеттің, өз заманы үшін түсініксіз құбылыстарын осылар тудырады. Көп жағдайда, парадоксальдық идеялар осы генийлердің үлесі. Уақыт өтеді, қоғам есейеді, парадокстар әдепкі нәрсеге айналып, мәдениеттің еншісі болып кетеді. Ал екінші талант – өз заманын тауып, өз орнына қона салған талант. Мұндай талант иелері – ең бақыттылар. Себебі, уақыт, қоғам, әлеуметтің мәдени өресі – бәрі осылар үшін жаратылғандай. Бірді-екілі шетін мысал болмаса, бұлар мұратына жеткен таланттар.  Таланттың үшінші түрі – өз заманын тауып келе алмаған талант. Өзінің дәуірі өтіп кеткеннен кейін, өзіне арналған той-думан аяқталғаннан кейін келген талант. Бөтен ғасырда жүрген бөгде талант. Бұндай талант иелері – ең бақытсыздар. Яғни, өз уақытынан озып туған және өз уақытынан кешігіп туған талант – екеуі де бақытсыз. Ал өз заманын жаңылмай тауып келген талант – бақытты. 
Асекеңнің сөзінің аржағынан аяусыз ауыр үкімнің нобайы шалынды. Солай болды да.  
– Кеңес әдебиеті өзінің таланты мен кісілігі тұрғысынан алғанда осы үшінші топқа жатады, – деді Асекең жайбарақат, – Біз ең артта қалған қоғамбыз, бірақ, айтысымызға қарағанда әлемдегі ең озық, ең өскелең қоғам екенбіз. Және бұл комедияға барлығымызды қатыстырып қойып отыр. 
Асекең аз үнсіз отырып сөзін сабақтады. 
– Біздің әдебиет жаңа заманға бір жарым ғасырлық кешеуілмен кірді. Содан соң Кеңес заманында тағы жетпіс жылдық тежеуіл. Жинақтап келгенде біз батыстан екі ғасырдан астам уақыт қалып келеміз. 
– Стиль мен шеберлікті айтып отырсыз ба? – деп сұрадым. 
– Жоқ, – деді Асекең, – Стиль мен шеберлікті үйреніп, меңгеруге болады. Менің айтып отырғаным – сана. Бір ғұламаның айтқаны бар: «Сананы үйрену мүмкін емес» («Сознанию нельзя научиться») деп. Адам жүре ақылды болмайды, ол туғанда адамға тән ақылмен туады. Сол ақылы жүре кемелденеді. Ал, ақылың болмаса – неменең кемелденеді? 
– Сен дұрыс түсін, мен бәрін жоққа шығарып мансұқтап отырғам жоқ, – деді содан соң мені жұбатып, – Бірақ, қазіргі қазақ романының формасы, ол батыстан олжаға келген форма. Өз табиғатымыздан өсіп шықпаған. Ұлттық роман ондай болмауы керек еді. 
– Ал, сол ұлттық роман бола қалса, қандай болуы керек еді? – деп сұрадым. 
– Қазақтың ұлттық романы табиғи жолмен біздің ұлы эпосымыздан өсіп шығуы керек еді, –  деді Асекең, – Мен соңғы ғасырда соғыс тақырыбына жазылған шығармалардың барлығын дерлік оқып шықтым. Осы шығармалардың барлығында соғыстың санасы өте төмен. Әйтеуір бір бітпейтін қырғынның хикаясы. 
Асекең бөлмені ары бір-бері бір кезіп өтті. 
– Өкінішке орай біз дамудың мүлдем басқа бір жолына түстік, – деді содан соң төмен қараған күйі – Қазақ кейін, сол тумай қалған қоғам мен дүниеге жаратылмаған күйінде кеткен әдебиетті талай ғасыр жоқтайды. 
– Осы айтқандарыңызды неге қағазға түсірмейсіз? – дедім мен. 
– Оның не керегі бар? – деді Асекең, – Мен саған былай дейін, осы дүниенің әр түкпірінде әр сәтте мыңдаған, тіпті, миллиондаған адам болуы мүмкін – адал, пайдалы іс тындырып жатыр. Соның арқасында ғана мына дүние төңкеріліп кетпей аман тұр. Басыма келген ойды дереу қағазға түсіру міндетім емес деп ойлаймын. Рас па, өтірік пе, мынадай бір хикая естігенім бар. Гоголь бірде орыс пірадарлығының орталығы Оптина Пустынь деген жерге барады. Сол жерде қолына бір қолжазба ілінеді. Монахтардың біреуі оның «Өлі жандар» романын талдаған екен. Гогольге бұл талдау өз романы туралы жазылған сын-мақалалардың ішіндегі ең озығы болып көрінеді. Монахтан мақаланы не себепті жарияламағанын сұрайды. Сонда монах, «Оның не керегі бар, бұл мақаланың жазылғандығының өзі жеткілікті емес пе» деп жауап беріпті. Ой ешкімдікі емес. Ойға таласу, әдебиеттегі орынға таласу, мен үшін түсініксіз нәрселер. Ешқашанда түсінбейтін шығармын. 
Асекең жадырай күлді. 
– Өткенде Мәскеуге барғанда ЦДЛ-де отырып, естіген анекдотым. Ақындарды әскерге алыпты. Барлығын сапқа тұрғызып «На первый, второй рассчитайсь!» («Бірінші мен екіншіге жіктеліңдер!»)  дейді. Сөйтсе, барлығы да, кезегі келгенде «Первый!» деп айтатын көрінеді. Офицер түк түсінбей аңтарылып қалады. Сонда саптың басында тұрған ақын «Сіз білмейді екенсіз ғой, бізде барлығы да – бірінші ақындар» деп түсіндіріпті. Әдебиеттегі біріншілікке таласу – примитив. Егерде ақын я прозашы, шын ақын немесе шын прозашы болса, оның біріншілігін ешкім де тартып ала алмайды. Әркім өз орнында тұрып – бірінші. Әдебиет пен өнер, абырой жарыстыратын жер емес. 
Асқар Сүлейменов қалыптастырған ортаның бізге ерекше ұнайтын мінезі бар еді. Олар жастарға ерекше ықылас-пейілді болатын.   Қашан болсын, әсіресе өнер қуған жастармен риясыз әңгіме дайын тұратын. 
– Сендер өскелеңсіңдер, – деүші еді Асекең. – Сендердің замандарың озық. 
Бірде Төлеген ағаның үйінде таңға созылған отырыс болды. Төлеген ағаның анасы, күйші Сүгірдің жақын қарындасы болып келетінін білетінбіз. Ал, ол кейуананың Асекеңмен сыйластығы жеке әңгіме. Табалдырықтан аттағанда алдында кім тұрса да айналып өтіп, ең әуелі сол кісіге барып сәлем беруші еді Асекең. Артынан барып басқа адамдармен амандасып, хал-жай сұрасушы еді. Ежелден қалыптасқан салт, Асекеңнің бұл мінезін ешкім сөкет көрмейтін. Сол күні әжейді қоярда қоймай жастармен бір дастарханға отырғызған Асекең. 
– Ханым ием, моя царица, – деп әжейдің қолынан сүйгенде,  Бәтима апай мен Төлеген аға, екеуінің көзінде де қаймыжық жас, бір-біріне жалт-жалт етіп қараған. 
Сол кеште Асекең сұрап отырып әжейге көп әңгіме айтқызды. 
– Ханым ием, – деді соңында, – Сүкеңнің елге ішекпен салық салғанын айтыңызшы. 
– Ағамыздың мінезі қиындау еді, – деді әжей. – Қой, ешкі сойған үй ащы ішегін иіріп әкеп береді. Өзінің бір құралы болды. Сол құралдың көзінен өтпеген ішекті қайтадан ызып алып кел деп қайтарып жіберетін. Ішекті шақ келтірмеуші еді, жарықтық. Бір таққаны бір аптаға жетпей түтіліп қалатын. 
– Сүгір атамыздың домбыра тартқанын талай тыңдаған шығарсыз, – деді балалардың бірі, – Қалай еді? 
– Е, тыңдадық қой, – деді әжей, – Несін айтайын, одан кейін домбыраны ондай шалған адам баласын көрген жоқпын. 
Аздан соң әжей шаршап, Бәтима апай өз бөлмесіне апарып жатқызып келді. Өзіміз ғана қалдық. Әңгіме өрістей келе әдеби тақырыпқа қайтып келген. 
– Осы мен сізден мына бір нәрсені көптен бері сұрайын деп жүр едім, – деді балалардың бірі Асекеңе қарап. – Менің ойымша деспотизм, тирания мен биік әдебиеттің, биік өнердің арасында түсініксіз бір байланыс бар сияқты. Сіздің ойыңызша қалай? 
Асекең бұл жолы ұзақ үнсіз қалды. Содан соң әдетінше шылымын тұтатып, асықпай сөйлеп кеткен. 
– Егерде тиранияның биік өнерді тудыруы – заңдылық болса, онда ешқандай проблема жоқ. Қоғамды үнемі тепкіде ұстап отырсаңыз болды, өнер өз өзінен дамып отырады. Бірақ, шындығында олай емес. 
– Екеуінің арасында байланыс бар, – деді сұрақ иесі жеңілмей, – Бұл заңдылық, бұл факт. 
– Сондай-ақ, ешқандай  өнер тудырмай бедеу өткен тиранияның замандары болған, – деді Асекең жымиып. – Ешқандай тирания жоқ кезде де басынан алтын ғасырды кешкен өнер түрлері болған. Өнер тарихын зерттесеңіз болды.

Соңғы сөз барлығымызға арналған сауал еді. Жұрт үнсіз қалды. Осы сәт мен Асекеңе қарап қайран қалдым. Бұған дейін де, бұдан кейін де мен оның осындай ойлы, түсінің осындай суық болғанын көрген емеспін. 
–    Егер сендер, мына айтып отырғандарың жай әңгіме емес, шын ақиқат жолына түскен адам болсаңдар, онда мына нәрсені ойларыңа мықтап түйіп қойыңдар, – деді Асекең әдетінше баяу дауыстап, – Қандай өнер болса да, хас өнердің қайсысы болса да бостандықтан, еркіндіктен жаратылады. Мен бұл жерде патшаның құлға «сыйлайтын» еркіндігін айтып отырғам жоқ. Мен, ешкімнің рахымы мен рұқсатын қажет етпейтін шын бостандықты айтып отырмын. Құлды азат ете алмайсың, себебі оның нәсілі құл. Ал шын еркін, шын азат адам абақтыда отырып та еркін, азат. Сондықтан, ешқандай тирания өнердің құнары бола алмайды, өнердің алғышарты бола алмайды.     
–    Әлбетте, өнер, күрес барысында жетілуі мүмкін, – деді содан соң Асекең сәл жұмсарып, – Бірақ қайталап айтайын, шын өнердің нәсілі – бостандық. Одан ары барып айтсам, шын өнер – ол іске асқан бостандық, мына дүниеге аян болған бостандық.
– Бейнелеудің тілі ескірді дегенде сіз не айтқыңыз келді? – деп сұрады жастардың бірі. 
– Сол бейнелеудің тілінің ескіргенін айтқым келіп еді, – деді Асекең. 
Жұрт күлді. 
– Тіл инфляцияға ұшыраған, – деді Асекең де жымиып, – Батыста «предательство на вербальном уровне», «предательство слова» деген ұғым бар. Көп адам мұны байқамайды. Біздің әдеби тіл деп жүргеніміз, «көркемдіктің» тонын жамылған кеңсенің тілі. 
Асекең кейде бетің бар, жүзің бар демей қатты айтатын әдеті бар еді. Бұл жолы да еркінен тыс сол әдетіне басты. 
– Өзіне ынтызар болып, жалындап, өртеніп тұрған бозбаланы кеудесінен итеріп тастап, әлдебір былапыт шалмен көңілдес болған қыз қандай жиіркенішті болса, біздің бүгінгі бейнелеудің тілі де сондай жиіркенішті. Өнер идеологияға қызмет қылды. Білем, түсінем. Бірақ түсіну – кешіру деген сөз емес. Патшалар сызып берген шеңбердің ішінде отырып та ар мен ұятты, жауапкершілікті сақтауға болар еді. 
– Сіз айтып отырған тіл қандай болар еді сонда? – деп сұрады отырғандардың бірі. 
– Тымқұрмаса интеллектуалдық провокация болу керек, – деді Асекең. – Адамға ойлануды үйрететіндей болу керек. Осылайша біртіндеп адамның жүйкесі тіріледі, сыртқы дүние құбылыстарына тіл қатып үйренеді. Ал оқырман кітапты оқып болғанда, сол оқығанға дейінгі деңгейде қалса, онда ол ешқандай да тіл, ешқандайда да шығарма емес. Ештеңе болған жоқ. Адам отырды, оқыды, орнынан тұрды. Болды… 
… Кейіннен оңаша әңгімеде Асекең аталған тақырыпты қайта қозғаған. 
– Ұмытпасам Мандельштамда ғой деймін, «истерическое жизнелюбие», «истерическая любовь к социалистическому отечеству» деген анықтамалар бар. Қазақшаға аударсаңыз «өмірге деген қояншық құштарлық», «социалистік отанға деген, қояншықтың ұстамасы сияқты құштарлық» болып шығады. Әдебиетке, жалпы өнерге «өмірді сүйіңдер, отанды сүйіңдер» деген нұсқау жоғарыдан түсірілген. Террордан, репресиядан әбден есеңгіреген өнер нені болса да сүюге дайын. Биттей қайғы мен қамрық, жылт еткен күмән дереу жазаланады. Көп оқырман ненің не екенін білмейді. Ал, осы, системаға деген асық сезім, ұшы-қиыры жоқ махаббатты зерделеп қарасаңыз бәрінің де өтірік екенін көресіз. Бұның бәрі үрейден туған қиғылық, истерика. Махаббат, бола қалғанның өзінде мұндай тілде сөйлемейді. Мысалға, Бодлер француз поэзиясына, өштіктің тілінде сөйлеп отырып махаббат жайлы айтуды үйретті. 
Асекең қорқорын тұтатып ұзақ ойға батты. 
– Өмірді шын сүйген адам онымен қоштаса да біледі, – деді, содан соң ұйқыдан шошып оянғандай селт етіп, – Батыс әдебиеттануында «некрореализм» деген ұғым бар. Осы Бодлер сияқты ақындардың  поэзиясының негізінде қалыптасқан болуы керек. Кейіннен орыстың бардтары бұны сайқымазаққа айналдырып жіберген. Ал, мен бұл терминді кеңірек түсінемін. Өлімнің алды, яғни өмір, содан соң өлімнің өзі, содан соң өлімнің арты. Міне, осының бәрін некрореализм деп қараңыз. Қазақ «Бұрынғылардан қалған бұл жалған дүние бізден де қалады» дейді. Не деген данышпандық! «Өлетұғын тай үшін, қалатұғын сай үшін кетіспейік, азғантай өмірді мәнді қылып сыйласып өткізейік» дейді. Недеген ұлылық! Некрореализм дегеніңіз осы. Бұл үрей емес, өлімнен қорқу емес – жазмыштың заңына бас ию. Содан соң өздерінен кейін бұл дүниеге келетін сансыз ұрпақтар мен нәсілдерге бата беріп кету. 
– Аға, үрейден туған «қиғылық махаббаттың» тоқтайтын уақыты болды емес пе? – деп сұрадым. 
– Жоқ, – деді Асекең, – Ұзаққа созылған истерика, қиғылық – дәстүрге айналып кетеді. Осылай жазу – дағдыға айналып кетеді, стиль болып қалыптасады. Ең қорқыныштысы келер ұрпақ өнер мен әдебиетті осы екен деп түсінеді…
… – Аға, «Абайдан ештеңе үйрену мүмкін емес» деген сөзіңізді түсінбедім, – дедім бірде. 
Асекең сәл үнсіз отырып былай деді:
– Техника – түптеп келгенде суреткердің тұлғасы. Міне, сондықтан Абай өзінің тұлғасын ешкімге үйрете алмайды, ал шәкірт ол тұлғаны ала алмайды. 
– Осындайда Абайдың өзіне тең суреткер-сыншы көмекке келе алар еді, – деді, содан соң сөзін үстеп, – Бірақ, ол – нонсенс. Мынау Ходасевичтің әйелі Нина Берберова деген болған. Тамаша жазушы. Соның айтқаны бар: «Бәрін оқи беру шарт емес. Барлық нәрсе жайында пікірің болуы шарт емес. Кейбір нәрселерді білмеудің ешқандай ұяты жоқ» деп. Таңғажайып пікір. Өтірік «білемнен», адал «білмеймін» артық. Ешкім де сыншыны он сегіз мың ғаламның тілін білсін деп міндеттеген жоқ. Ал бізде қазір өтірік «білем» қаптап кеткен. Осы өтірік «білем» әдебиеттің, жалпы өнердің трагедиясына айналып отыр. Қазір шеберлік туралы жазу мода болып кетті. Бір шығарманы талдағанда «өте шебер жазылған», немесе одан да сорақы «өте шебер орындалған» деген сөздерді пайдаланады. Шеберлік өз бетінше бөлек тұрған абстракция емес. Шеберлік, ол нақты бір нәрсеге қатысы бар нәрсе. Шығарманың өзін оқып түсіне алмаған сыншы оның «шебер жазылғанын» қайдан біледі? Бір ғұламаның айтқаны бар: «Әрбір жаңа ұлы шығарма, қашан болсын, бейтаныс, бөтен тілде жазылады. Сыншының мақсаты сол шығарманы аудару» деп. «Аудару», бұл бір тілден екінші бір тілге аудару емес, «түсіндіру» деген мағынада айтылған. Демек, сыншының міндеті екі есе ауыр, себебі, жазушы тылсымнан нобайын шалған елесті біздің дүниенің тіліне аударса, сыншы сол «аударманы» екінші қайтара «аударып», интерпретация жасап, оқырманның ұғымына жақындатады. Жазушыдан гөрі сыншының сауатсыз болғаны қатерлі. Бір ғұламаның айтқаны бар, «Кез-келген ақымақ сын айта алады, солардың көбі сыншылықпен айналысып та жүр» («Критиковать может любой дурак, и многие из них именно этим и занимаются») деп. 
–    Сыншының жазушыда немесе ақында, олардың жеке басында шаруасы болмауы керек, – деді Асекең тағыда, – Сыншылық – ең әуелі жауапкершілік. Қандай шығарманы болсын талдауға кіріскенде сыншы жауапкершілікті болуы керек. Қазақтың сыны, ол, шығарманы оқымай жатып қалыптастырған алдынала пікір, сыншының авторға деген пиғылы тағы қаншама қиястық. Осының бәрін, шашылып қалмайтындай етіп талғаммен, дәлірек айтқанда талғамсымақпен желімдеп ілдебайлап қойған. Өтіріктің формалары көп. Егерде сіз бір жақсы шығарма жайында пікір айтпай тыныш отырсаңыз, ол сіздің әдеби процестен тыс екендігіңіз емес. Сіз өтірік айтсаңыз да, айтпасаңыз да – бәрібір процесте, ағымда отырсыз. Нашар шығарманы сынамауыңыз бен жақсы шығарма жайында үнсіз қалуыңыз – екеуі бір-ақ нәрсе. Сіз өтірік айтып отырсыз. Үнсіз отырсаңыз да қоғамдық қиянатқа үлес қосып, оны көбейтіп отырсыз. Егерде сіз шын әдебиетші, шын сыншы болсаңыз бұл өтірікке қатыспауыңыз керек. Ақиқатқа ғана қатысыңыз.

Осы жерде Асекең, мен үшін, күні кешеге дейін парадокс болып келген бір ойды бөлісті. 
– Модильяни айтыпты: «Өмір деген ат төбеліндей аздың көпке, білетіндер мен барлардың, білмейтіндер мен жоқтарға тарту үлестіруінде» («Жизнь состоит в дарении от немногих многим, от тех кто знает и имеет, тем, кто не знает и не имеет») деп. Бір ақынның мынадай бір өлеңі бар: 
Дай мне все! Я не стану богаче,
Все возьми! Я не стану бедней. 
«Маған бүкіл дүниені берсең де бұдан артық байымаймын. 
Менің барымды алсаң да кедейленбеймін» деген сөз. Алайда, ұзаққа созылған өтіріктің шындыққа айналып кететіні сияқты, шындық та ұзақ жасап, ақырында ахуалға, ахуалдан өтірікке айналады. Модеиьянидің де, аталған ақынның да ең үлкен қатесі осы, мәңгі шындық, мәңгі өтірік дегенге сенгендіктерінде. 
Асекең сәл кідіріс жасап, әдетінше қорқорын тұтатып барып, сөзін сабақтады. 
-Уақыт шексіз, өтіріктің қанша рет шындыққа, шындықтың қанша рет өтірікке айналғанын ешкім білмейді. Тіпті, десең, о баста қайсысының шындық, қайсысының өтірік болып жаратылғанын ешкім білмейді. 
– Сонда ешкімнің ештеңе білмегені ме? – дедім мен. 
– Біз көзіміз көріп тұрған ахуалды ғана білеміз, – деді Асекең, – Сол ахуалды өзіміздің өремізге сай шындық деп немесе өтірік деп бағалаймыз. 
– Сонда дүниенің ешқандай қазығы болмағаны ма? – деп сұрадым. 
– Ешқандай да дүние жоқ, – деді Асекең, – Шопенгауэрдің «Дүние деген ол – менің ұғымым мен түсінігім (елестетуім)» («Мир, это мое представление») деген сөзі бар ғой. Білесің бе? 
– Білем, – дедім, – Сонда ештеңе жоқ па? 
– Неге? – деді Асекең сұраққа сұрақпен жауап беріп, – Бар.
– Не бар? – дедім мен.
– Адамның  сауалы бар және мұғжиза бар, – Асекең қорқорының күлін қақты. 
– Аға, сіз сонда мұғжизаға сенесіз бе? – дедім қайран қалып. 
– Сенем деген аз, мен мұғжизадамын, – деді Асекең жымиып. – Сен де … мұғжизадасың. Адамдар мұғжизада өмір сүріп жатқанын ұмытып кеткен. Міне, бүкіл әлемнің қайғысы мен қасіреті осында. 
– Жас кезімде жүрегім мен ақылым, екеуі  екі жаққа қарап тұрғанда, мен мұғжизаға сенбейтінмін, – деді содан соң, – Жүрек сабырлы екен, кемеңгер екен. Ол мені ақылға ертіп, ақылға қосып қоя берді. Міне, өмір өтті. Ақырында, қарап отырсам, жүректікі ақиқат екен. Мен бұл жерде инстинктті, сауатсыз сезімді айтып отырғаным жоқ. Мен ақылды жүрек жайында айтып тұрмын. Жаны шығардың алдында адам бірнеше секунд, кейде бірнеше минут ақылға симайтын азаптан өтеді деседі. Тамұқ деген, тозақ деген осы шығар деп ойлайтынмын. Жұмаққа да, тозаққа да сенбейтінмін. Кейін түсіндім. Тозақ идеясы, мейлі қатыгездіктен, бұл дүниеге деген өштіктен туған болсын, әйтеуір, оның түптамырында кәдімгі адамдық тағдыр жатыр. Дүниеден есесі кеткен, әділет таба алмай қысқа ғұмырын азаппен өткізген кәдімгі адамның тағдыры. Атам қазақта мақал бар «Шын жыласаң, соқыр көзден жас шығады» деген. Адам шын тілесе, бұл дүниеде не болмайды дейсің. 
– Сонда бұрынғылардың айтқанының барлығы рас болғаны ма? – деп сұрадым. 
– Оған ешқандай күмәнің болмасын, – деді Асекең, – Зигмунд Фрейд айтады ғой, «Эпилепсия, делқұлылық, ол ауру емес – тек қана басқа ахуал» («Другая реальность») деп. Әрине, басқа ахуалға бару үшін делқұлы болу шарт емес. Фрейд өзінің тәжірибелерінен айтады. 
Аз-маз үнсіздік орнады. 
– Ақылым мен жүрегім толысып, бір түйсікке айналған сайын тозақ туралы көп ойландым, – деді Асекең. – Ақырында, мына қара жерді басып өткен сансыз ұрпақтың арманы мен мұңы, қасіреті мұхиттай ұлғайып көрінді көзіме. Адам қияметтің табалдырығында тұрғанда бірақ рет кешетін, енді ешқашан қайталанбайтын, қайғы мен қиналыста өткізген жалғыз ғана өмірін салмақтап тұрып айтқан керез сөзі осы – тозақ. 
– Сонда тозақтың бар болғаны ғой, – дедім өз құлағыма өзім сенбей. 
– Мұғжиза, – деді Асеке, – Мен айттым ғой, шын тілектің қандайы болса да орындалады. 
Сену қиын еді. 
– Осындай ойды айтқан басқа адам бар ма? – дедім, анығына жете түскім келіп. 
Асекең күлді. 
– Маған сенбедің. Күмәншіл болғаның дұрыс та шығар. Енді басқа жағынан келейік. Станислав Лемнің «Солярисін» оқыдың ба? 
– Иә, оқыдым, – дедім мен. – Тарковскийдің фильмін де көрдім. 
– Осы романдағы Солярис планетасы, біз әңгіме қылып отырған мұғжизаның схемасы, кішірейтілген шағын бейнесі, – деді Асекең. – Әрине, мен қарабайырлап айтып отырмын. Байқасаң космос станциясында тұрып жатқан ғарышкерлер нені ойласа – сол болады. Станцияда баяғыда өліп қалған адамдар жүр. Ол аруақтар емес, адамның көңіліндегі бейнеге сәйкес Соляристің жасап берген адамдары. Дұрыс түсін, тірілтіп емес, жаңадан сомдап бергені. Әлем әдебиетінде Станислав Лемдей айлакер жазушы жоқ шығар. Ол техника, ғарыш терминдерінде сөйлеп отырып, өзінің барлық діни, мистикалық ойларын оқырманына жеткізген. 
– Ал, сонда … сол адамдардың бірі жын-пері туралы ойласа, Солярис соны да жасап бере ме? – деп сұрадым мен. 
– Міне, екеуміз енді түсіністік, – деді Асекең. – Жасап береді. Себебі, жын да, пері де – адамның санасында. Ал, Солярис, немесе мұғжиза – ол тілсіз, сезімсіз орындаушы ғана. 
Екеуміз бір бірімізге қарадық. 
– Сенің не ойлап отырғаныңды білемін, – деді Асекең. – Сен тозақты ойлап түршігіп отырсың. Жаман ойды неге ойламау керек, енді түсінген шығарсың деймін. Жын-періні ішкі сарайыңа кіргізбе…
… Құрметті оқырман, мен де қаражаяу қазақ емеспін. Бірақ, технократтық, фантастикалық роман немесе философиялық я басқа күрделі шығарманы былай қойып қойыңыз, кез-келген, тіпті, ең қарапайым текстен діни, мистикалық кеңістікке шыға салатын бұндай ойлау техникасы мен үшін әлі күнге дейін жұмбақ нәрсе. Аяғына дейін түсіне алмадым. Зейнолла аға бірде мынадай әңгіме айтып еді.  
– Мәскеуде, ЦДЛ-де бір отырыс болды. Мәскеудің интеллектуалдары жабылып  неше рет шабуылдап Асқарды ала алмады. Ақырында біреуі шаршап: «Асқар, саған дауа жоқ екен. Сен керек болса телефон анықтамасынан да Құдай менен дінді шығарып бере алатын боларсың» («Аскар, ты невозможен. Думаю, если надо ты даже из телефонного справочника можешь вывести Бога и Религию») деді. Менің ойымша ата-бабасы дін ұстағандықтан, діни сана тұқым қуалап қонған шығар. Асқардың бойындағы бұл таңғажайып кабілетті мен басқаша түсіндіре алмаймын…
Бірде тағы да Төлеген ағаның үйінде жиналдық. Бұл жолы орыс эмиграциясының әдебиеті, Куприн, Бунин, Шмелев, Осоргин мен Набоковтың шығармашылығы әңгіме болған. Барлығы «Самиздат» пен «Тамиздаттан» шыққан «Лолитаны» оқып алған. Және барлығы бірауыздан Набоковты шетелдегі орыс әдебиетінің ең ұлы классигі деп пәтуаласқан. Асекең шылымын тұтатып жатып суық жымиды. «Бітті» дедім іштей.
– Набоковтың классик екеніне үлкен күмәнім бар, – деді Асекең, – Мен «Лолитаны» да, басқа да шығармаларын оқып шықтым. Қалыпша семиотика. Оқырман түсіну үшін Набоковтың жанында оның әрбір сөйлемін түсіндіріп Лотман отыруы керек. 
– Қалай? – деді балалардың бірі. – Шетелдің сыны оны жоғары бағалаған ғой. 
– Ол сын мақалалар емес, тіпті рецензияға да жатпайды, – деді Асекең. Ол мақалаларды семиотик ғалымдар жазған.
Асекең әдетінше, өзінің қалай қатты айтып жібергенін байқамай қалды. Бөлмеде ыңғайсыз үнсіздік орнады.   
– Ғафу өтінемін, режімеңіздер, – деді Асекең. – Набоковтың шығармалары әдебиеттану ғылымы үшін таптырмайтын текстер. Бірақ, ол әдебиет емес. 
Асекең томсырайыңқырап отырған балаларға қарап езу тартты.
– Сендер эмиграциядағы орыстың тағдырын тамаша бейнелеген тағы бір үлкен қаламгерді айтпай отырсыңдар. Ол Гайто Газданов. 
– Гайто Газданов дейсіз бе? – деді балалардың бірі. – Странно. Бірінші рет естіп отырмыз. Айтып беріңізші. 
– Мархамат, – деді Асекең, – Газдановтың ұлты осетин. Петербургте туып-өскен. Орысша жетік білім алған. Азамат соғысы кезінде Врангельдің әскерімен Қырымға, одан Қара теңіз арқылы Стамбұлға, Стамбұлдан Парижге барған. Жасы жетіп сол жақта өлген. 
– Бейбіт күнде, жайшылық кезде жазушылар өмірлік дерекке аса көп мән бермейді, – деді Асекең сөзін сабақтап, – Ал, бірақ, революция, түрлі соғыс кезінде, адамның не екені, өркениеттің не екені сынға түседі. Міне, сол кезде, әр оқиға, әр деталь қасиетті дерекке айналады. (Асекең тура осылай айтты, «Священное свидетельство» деді). Ойымша, Гайто Газдановтың әлем әдебиетіне қосқан үлесі осы. Кейде Гарсиа Маркестен осы Газдановтың іздерін шалып қалуға болады. Газданов үлкен жазушылық атаққа жеткенде Маркес Парижде жоқшылықта жүрген. Екеуі кездесті ме, жоқ па, оны білмеймін. Бірақ, Маркестің шығармаларын қарап отырып оның Гайто Газдановты оқығанын шырамыту қиын емес. Сондай-ақ, Газдановтың шығармаларында «символдық өлім» бейнесі көп кездеседі. Яғни, эмиграцияда отырып, Ресейдегі большевик үкіметі қашан құлайды деп күте-күте санасымен сарғайған орыс ақырында амалсыз сол жергілікті өмірге көндігеді. Символдық өлім осыны бейнелейді. Өз мәдениетіңде өліп қана бөтен топыраққа тамыр жая аласың…
… Бұның сыртында Асекеңнің әр кезде айтқан таза теориялық ойларында қисап жоқ. Бірде әдеби ортаның бір отырысында, «Роман ба, әңгіме ме, қайсысының техникасы жоғары» деген сауалға әркім әртүріл пікір айтқан еді. Ақырында жұрттың дені «Қазіргі заман – романның заманы. Енді осылай болады. Романның шеберлігі, ол шеберлік атаулының шыңы» деп бір пікірге келген. Әңгіме басталғаннан ештеңе демей үнсіз отырған Зейнолла аға жымиып Асекеңе қараған. 
– Не дейсің? 
Асекең кейде ренжимін. Қанша уақыттан бері айтылған әңгіменің босқа кеткенін, тыңдаушылардың баяғы сауатсыз деңгейде отырғанын көргенде шаршап қалатын. Бұл жолы да шаршай, немқұрайды түсіндірді. 
– Ағымдағы әдебиет пен классиканы шатастырмаңдар. Абстрактылы шығарма болмайды. Қандай да болмасын роман, ол нақты бір автордың туындысы, бойында жақсы-жаман қасиеттері бар. Қандай да болмасын шығарманы роман, я басқа деп бағаламас бұрын, ол жалпы өнерге жата ма, жоқ па, соны анықтап алу керек. Әдемілеп түптелген қағаз кірпіш – әлі роман емес. Содан соң, роман жанрының кемелденіп, әңгіме жанрының артта қалуының көлденең жұрт біле бермейтін себептері болады. Мынау орыс жазушыларында мақал бар, «Краткость – сестра таланта, но мачеха гонорара» деген. Осы күні гонорар көлемге қарай төленеді. Көк сумен толтырылған романдардың қаптап кетуінің сыры осында. 
– Бірақ, роман жанрының күрделі екенін теріске шығара алмайсыз ғой? – деді балалардың бірі, – Әңгіме оңай, роман қиын.
– Қателесесіз, – деді Асекең еріксіз жымиып. – Егерде қайтпас қажырлы болсаңыз романды жазып шығасыз. Романды көлеммен, массамен, сюжетпен алып шығуға болады.

Жазу барысында кеткен халтура, осал соққан жерің, тағы басқа кемшіліктерді романның көлемі көтеріп алады. Романның кемшіліктері кейде оның жетістігіне айналып кетуі мүмкін. Ондай үлкен көлемде не болмайды дейсің. Ал әңгіменің шеберлігі мүлдем басқа материя. Әңгіме өлең сияқты. Әңгімеде жазушы, лирикалық өлең жазған ақын сияқты, алақандағыдай барлық жағынан көрініп тұрады. Әңгіме жазушыны әдеби тәртіпке үйретеді, аз сөйлеп, көп мағына беруді, сөзді үнемдеп жұмсауды үйретеді. Ешкім де романист болып тумайды. Әлемдегі ұлы жазушылардың барлығы дерлік әңгіменің тағлымынан өткен. 
– Ал, осы жанрдың өзіне ғана тән, туабітті, немесе қазіргі тілмен айтқанда антологиялық кемшілігі бар, – деді Асекең әдетінше кеңейе сөйлеп, – Бұл романға ғана емес, жалпы прозаға ғана емес, тұтастай алғанда әдебиеттің кемшілігі. Ол кемшілік, әдебиеттің уақыт барысында өрістейтіндігінде. Бұл кемшіліктен әдебиет ешқашанда арыла алмайды. Әрине, әдебиет, даму барысында нешетүрлі, уақыттан аттап кетудің амалдарын, нешетүрлі трюктер ойлап шығарған. Бірақ, бәрібір, оның барлығы трюк болып қалды.
– Лирикалық өлең лап ете қалған, жалт ете қалған сезім ғой, – деді балалардың бірі, – Оған не уақыт керек? 
– Өлеңге уақыт керегі жоқ деп кім айтты? – деді Асекең. – Қандай жылт еткен сезім болса да, оны айтып, жазып беру керек. Ал оны оқып түсіну үшін уақыт керек. «Лирикада уақыт жоғалады, тығыздалады» дегеннің барлығы миф. 
– Психоанализ бүгінгі әдебиетті тым ауырлатып жіберген, – деді Асекең, сөзін сабақтап – Психоанализ әдебиетке емес, әдебиет психоанализге қызмет ете бастаған сияқты. Кейде әдебиет философия болғысы, кейде таза ғылым болғысы келетін сияқты. Сондай әсер қалдырады. Әдебиет скепсистен бұзылған. Ойымша әдебиет әлсін-әлсін байырғы, мөлдір көне бастауларға қайтып барып отыруы керек. Адасқанда, шаршағанда. Осы жеткен тәжірибемен, біліммен сол мәжүси заманға барып, түлеп қайтып отыруы керек. Иоганн Себастьян Бахтың «Хорошо темперированный клавир» деген ұлы оқулығы бар. Кез-келген композитор, әсіресе батыс композиторлары, өздерінің методына күмән туғанда сол мөлдір бұлақ іспетті оқулыққа жүгінеді. Әдебиет те солай болуы керек деп ойлаймын. 
Балалардың әңгіме ауанынан айрыла бастағанын сезген Асекең аз үнсіз қалды. Содан соң жөткірініп алып, бәрін басынан бастады. 
– Библияда Құдай айтқан ғой: «Бір-біріңді мен арқылы сүйіңдер, бірін-бірі сүйген екі жүректің арасында үнемі мен тұрайын» деп.  Құдайдың куәлігінен артық не бар? Арабта Имрул Қайыс деген ұлы ақын болған. Қазақта көп жырланған «Ләйлі-Мәжнүн» сол Қайыстың поэмасы. Қазіргі скепсис тұрғысынан алғанда адамның махаббаттан мәжнүн болып қалуы ақылға симайтын нәрсе. Бірақ, «Ләйлі» есімі, зерттеушілердің айтысына қарағанда «Алла» сөзінің фонетикалық варианты екен. Қалай болғанда да бұл махаббат Жаратқан Иенің көлеңкесінде, соның куәлігінде. Батыс Еуропаның ақындарын таңқалдырған осы жәйт. Кейіннен пайда болған Беатриченің бейнесінде осы «Ләйлі-Мәжнүннің» әсері бар. «Махаббат – өштік», бұл да кейінгі адамзаттың ойлап шығарғаны. Шын махаббат амбивалентті нәрсе емес. Мынау Үндінің философиясында «адвайта» деген ұғым бар. Орысша «недвойственность», бізше «екіге бөлінбеген бір негізділік». Қайыстың поэмасы осы «бірнегізділік», қандай тағдыр кешсе де алғашқы асқақ, киелі күйінде қалатын махаббат жайында. 
Әлденеше кітапқа жүк болатын теориялық толғамдарды осындай қысқа да нұсқа қылып айтып беретін де әдеті болушы еді Асекеңнің… 
… Неше жыл жанында жүргенде байқағаным, Асекең «алпысыншы  жылғылар» тақырыбын қозғағанды ұнатпайтын. Бұл, Асекең үшін ең қытықшыл мәселе еді. Қашан болсын, амалын тауып сол тақырыптардағы әңгімелерді тоқтатып тастайтын. Көпке дейін Асекеңнің бұл мінезін түсіне алмай жүрдім. Күндердің күнінде түсінудің де реті келді. Бірде, «Қазақфильм» төңірегінде жүрген, өздерінің айтысында «киноматографиялық бомонд» – бірнеше әйел мен еркек, дастархан басында тағы да аталған тақырыпты қозғаған. 
– Осы әңгімені қойыңдаршы, – деді Асекең.
– Айтсын, – деді Зейнолла аға. – Аузына қақпақ болма. 
– Қойшы, Зейнолла, – деді Асекең, – Кімнен қай жеріміз артық еді, қойыңдаршы. 
– Перестань, Аскар, – деді әйелдердің бірі, – Болған нәрсе болды. 
– Иә, болды, – деді Асекең. – Бірақ сол алпысыншы жылдары сонша не болыпты? 
– Сені айтса да жеткілікті, Олжасты айтса да жеткілікті, – деді әйел, – Бір ұрпақ үшін екі Сүлейменов жетіп артылады. 
– Біз алпысыншы жылғы емеспіз, – деді Асекең, – біз жетпісінші жылы да сондай болдық. Сексенінші жылы да сондай болып отырмыз. 
Әңгіме осымен аяқталды. Кейінірек сұрағанымда Асекең амалсыз айтуға мәжбүр болды. 
– Қытайдағы «Мәдени революция» дегенді естіген шығарсың. Қанша адам жазықсыз, жаламен кеткен. Ізім-қайым жоғалған. Содан соң бұл Батыста өзінің жалғасын тапқан.

Психоделикалық тәжірибелер, «Битлз» дегендердің барлығы сол кезде пайда болған. «Қоғамды жаңғырту», «Қоғамды жаңарту, тазарту» деп аталатын бүкіләлемдік комедияның дүмпуі бізге де жетті. Сонымен бізде де «алпысыншы жылғылар» пайда болды. Әрине, тиісті органдардың қадағалауымен, басқаруымен. Диссиденттік қозғалыс дегенді естуің бар шығар? Әлбетте, барлық кеңес халықтары қайтадан жаппай тексерілді. Біздің қазақ қоғамы енді ғана ес жиып келе жатқанда қайтадан цензура күшейтілді, езгінің жаңа түрлері ойлап шығарылды. Мәскеуден оқып келген қыз-жігіттердің осындай бір жаман әдеті бар. Бірдеңені тындырып тастағандай «Біз, алпысыншы жылғылар» деп бастағанда орнымнан тұрып кетіп қалғым келеді… 
… Асекең біраз уақыт М.Әуезов атындағы Қазақтың бас театрында әдебиет бөлімінің басқарушысы болып қызмет етті. Ол кезде бәрі орысша, сол себепті бұл қызмет қысқаша «завлит» деп аталатын. Бұл бір қызық қызмет еді. Қолмен қойғандай қылып міндеттері айқындалып бекітілмеген, бірақ, репертуар таңдаудан бастап премьераға дейінгі аралықтағы барлық шығармашылық жұмыс осы завлиттердің мойнында болушы еді. Пьесаны құтқару үшін цензурамен кескілесетін де, бірінші қойылымның алдында, соңғы репетиция кезінде спектальді қабылдап алатын мемлекет комиссиясы да осы завлит. Бірақ, театралдық програмкада аты да аталмайды, сәтті премьерадан соңғы овация мен абырой бас режиссерге бұйырады. Завлит деген көрінбейтін майданның жауынгері еді. (Менің ойымша өнер институттары осы жайында қатты ойлануы керек. Театр бөлімдерінде жалпы театртануды ғана оқытпай, студенттерді мамандану үшін театрларға бекітіп, күнделікті театралдық процеске қатыстырып отыру керек). 
Асекең бірде былай деп еді: 
– «Ресейде ақын әдепкі ақыннан биік» («Поэт в России больше, чем поэт») деп бір ақынның айтқаны сияқты, біздің қоғам үшін «Театр – әдепкі театрдан биік» дер едім. 
Кейбір сөздерді, ұғымдарды орысша аудармасын айтып, күшейтіп қоятын әдетімен, – В нашем обществе театр больше чем театр, – деп қосып қойды. – Ол аз десеңіз айтайын, театр университеттен де биік болуы керек. Театр ұлттың ұйысатын, жиналып пікір алмасатын, өмір туралы толғанатын жері. Театр, кино өнеріне қарағанда алымды, жіті, сергек, оперативті. Кино бірнеше жыл барысында түсіріледі. Жақсы театр қоғамдық үлкен проблеманы бір-ақ айда  сахнаға шығара алады.  
Осы завлит болып жүргенде басынан өткен бір оқиғаны айтып берген еді. 
– Күздің кезі. Театрларда жаңа маусым басталған. Барлығымызды Мәскеуге жинады. Идеологияның қызметкерлері ұзақ-ұзақ нұсқаулар беріп, жиын екінші күні түстен кейін әзер аяқталды. Артынан үлкен дастархан болды. Олег Ефремов масаңдау екен, мені былайырақ шығарып алып, әңгімелесті. Сонда «Білесің бе, Асқар, театрда жақсы буфет болуы керек. Бағанағы анау кәрі данышпандардың айтқанының барлығы былшыл. Театрдың деңгейін көтеру үшін өйту керек, бүйту керек деп жатыр. Бәрі бос сөз. Саған профессионал ретінде айтайын, спектакль нашар болса, үзілісте жұрт буфетке кетіп қалады. Келесі актке көрермен мүлдем басқа болып келеді. Келмей де қалуы мүмкін. Сахнадан айтылған ойдан мықты ойлар, сахнадағы диалогтардан мықты диалогтар буфетте айтылады. Ал режиссер бұны біледі. Театралдық мақал бар ғой «Режиссер мен буфет бір-бірімен антагонист» («Режиссер и буфет – антагонисты») деген. Ақыл білсеңдер осылай істеңдер» деді. Әрине, қалжың ғой, бірақ түп негізінде шын театралдық проблема жатыр. Қайтып келгеннен кейін Ғабеңе сөз арасында осыны айтып едім, ол кісі күліп, «Бұл тамаша идея екен» деді. Осы кездері мен Д.Пристлидің шығармашылығы қатты қызықтырды. Оның орыс театры қойған «Қатерлі бұрылыстар» («Опасные повороты») телеспектаклі жаңа ғана дүркіреп өткен. Оқысаң білетін шығарсың, бүкіл оқиға – кеңейтілген бір акт қана.  Әрине бір актылы пьеса көрерменді шығармай қамап қою деген сөз емес. Бұл жерде көрерменді жібермей ұстап тұратын нәрсе – драмадағы саспенс. Мен бұл жерде шеберлік мәселесін айтып отырмын. Көп көріністі спектальдер театр үшін ауыр салмақ. Мысалы, Францияда Планшон деген режиссер айналмалы, көп бөлмелі сахнаны уағыздаған. Бұл киномонтажбен бәсекеден туған нәрсе. Әрине, қандай амал қылсаң да киномонтажға жете алмайсың. Ал, Пристлидің драмасы алымдылығымен, «оқиғаның және уақыттың бірлігімен» қызықтырды. Біздің драматургтерге осыны айтып көрдім. Әрине, бұл кезде қазақ драматургтері «оқиғаның» мәселесін шешіп қойған. Ұғындыра алмадым. Үлкен қаламгерлердің өздері «Пристлидің драмасы қазіргі Англияны көрсетеді. Ал бізде қала өмірі әлі кемелденбеген. Жоқ проблеманы біз қайдан аламыз» деп дау айтты. Проблема ешқашан дайын күйінде тұрмайды. Проблеманы ойлап шығаратын – драматург. Ұғыныса алмадық… 
– «Қыз Жібек» фильміне бастан-аяқ қатысыпсыз ғой, – деп сұрадым бірде. 
Асекең өткен күндерді есіне түсіріп, аз-маз үнсіз отырып қалды. 
– Иә, – деді содан соң, – Қатыстық қой. Сценарий Ғабит Мүсіреповтің пьесасы бойынша жасалған. Көркемдік кеңесте «Эпос бойынша түсірсек қайтеді?» дедім. Елдің барлығы ат-тонын ала қашты. Неден қорқасыздар дедім. Орыстар «Гамлетті» түсірді ғой. Ештеңесін өзгертпей. Ол классика ғой деді отырғандар. «Қыз Жібек»те біздің классикамыз дедім. Автор эпостан махаббат линиясын алған да содан драма жасаған. Талай сахнаның апробациясынан өткен спектакль, артық проблема тудырып қайтеміз деді отырғандардың бірі. Жұрт пәленбай рет көрген спектакльді мейлі құбылтып, дамытып болсын, экранға шығарғанда не табамыз дедім. Онда левират, әменгерлік идеясы бар, ол артта қалған заманның белгісі деді отырғандар.  Қыз Жібек Төлегеннің қалындығы ғана емес. Ол ең әүелі жағалбайлыға келін болып келген ару, жаңа ұрықтың басы, ел анасы. Түбімізді қуаласақ әмеңгерден тумаған, әмеңгерден әйел алмаған қазақ жоқ. Бұл артта қалғандық емес, үздіксіз соғыста қалыптасқан,  өлген азаматтың жесірі ініге мұра екенін көрсететін таңғажайып озық салт дедім. Ешкім үндей алмай қалды. Ғабең күлді. Бірақ, кешке қарай маған телефон шалды. Әлі есімнен кетпейді. Пікірлеріме рахметін айтып келіп, соңында «Аскар, мы подневольный народ» («Асқар, біз езгіде отырған халықпыз») деді. Біз дүниеге келмей тұрғанда болған зілзала заманнан тағыда қаншама жүрек елжіретерлік әңгімелер айтқан. Сол күні мен көп нәрсені түсіндім. 37-ші жылғы қырғыннан әлдеқалай аман шыққан, ұлттық әдебиеттің ірге тасын қалап, шаңырағын көтерген, осы ат төбеліндей аз қарияларға мен басқаша қарайтын болдым. Солардың қалтақтап тірі жүргеніне шүкіршілік айтатын болдым. Сендер, жас әдебиетшілер, сендер де сондай болыңдар. Жүректерің ақылдан озып отырсын. Білесің бе, ескі заманда жеңген жаудың алдына барып, белдікті мойынға салып, тізерлеп тұрып сауға сұрайтын салт болыпты. Бұлар да сондай, қылышынан қан тамған системаның алдына тізерлеп тұрып, қазаққа тыныштық алып берген ұрпақ. Сондықтан, құрметке лайық. «Бізде неге анау жоқ, неге мынау жоқ», бұл аталған адамдарға айтылатын сын емес. Бұл, жылымықтан кейін, 60-70-ші жылдары әдебиетке келген мына бізге айтылуға тиіс сын. Қандай сын айтсаңдар да көтеріп аламыз. 
Кеудесі алтын сандық жақсымен өткізген бір күнің – бір жылға татиды. Өзіме тиесілі уақыттан артық тағы бір жыл ғұмыр кешкен, мен, түнгі Алматының ғажайып көркін тамашалап, жүрегім қуанышқа толып келе жаттым…

80-ші жылдардың аяғы еді. Алматының көңілсіз көктемі. Қар бір жауып, бір еріп, жер-дүние шылқып, ылжырап жатыр. Осы күндері консерваторияға Асекең және менің Ерік (Көкеев) досым қатар келе қалған. Екеуі амандық-саулық сұрасып, жақсылап әңгімелесіп шер тарқатысқан. Сонымен кешқұрым болып, менің жұмысым аяқталып далаға шықтық та Үкімет үйінің жанындағы саябақта біраз қыдырдық.

– Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, мына жерде менің бір суретші досым бар еді, – деді Асекең, – Жүріңдер, соған кіріп шығайық.

Үшеуміз Панфилов көшесімен төмен түсіп Суретшілер Одағының шеберханасына келдік. Келген адамымыз әйгілі суретші Салахиддин Айтбаев еді. Екі бөлмелі шеберхананың әр жерінде шашылып жатқан мольберт, рамаларға жарым-жартылай керілген кенеп, шағын үстелдің үстінде шала-пұла желінген тамақ, жартылай ішілген арақ – суретшінің типтік мекен-жайы. Орта бойлы, нығыз денелі, шашын қырау шала бастаған қызылсары өңді адам Асекеңмен құшақтасып амандасты.

– Какими судьбами? – деді жымиып, – Көріспегелі көп болды ғой.

Екеуі көр жерді әңгіме қылып аз отырды.

– Ал, нең бар, көрсет, – деді содан соң Асекең.

Салахиддин шүберекке орап қабырғаға сүйеп қойған суреттердің біреуін алып, орауын жазып, қабырғаға, кеуде тұсқа келетіндей етіп ілді.

– Міне, мынау, – деді Асекеңе қарап.

Суреттің орта тұсында мазар тұр. Сол жақ бұрышта бір адам шарта жүгіне отырған. Қолында домбыра. Аулақта тұсаулы ат жүр.

– Аты не? – деді Асекең.

– Ат қоя алмай отырмын, – деді Салахиддин, – Сенен ақыл сұрайын деп отырмын.

Асекең суреттің тура жанына барып үңіліп аз тұрды. Содан соң ақырындап шегіне бастады. Шегіне-шегіне арқасымен қабырғаға тірелген. Осыны көргенде Салахиддин меңірейіп тұрды да қалды.

– Қалай ойыма келмеген, – деді содан соң, – Үлкейту керек екен ғой.

– Көптен бері далаға шықпағаның көрініп тұр, – деді Асекең. – Ал, бұл суретке «Маңырама» деп ат қойса қайтеді?

– «Маңырама» дейсің бе? – Салахиддин иегін уқалап сәл ойланып қалды, – Кешір, бірінші рет естіп тұрмын. Ол не?

– Мынау жыр толғап отырған жырау сияқты, – деді Асекең суретке меңзеп, – Ал, мазарды ата-бабаның аруағы деп шартты түрде келіссек… онда мынау адамның жыры – дұғасы.

– Иә, солай деуге болады, – деді Салахиддин суреттің жанына келіп, – Біз перспективаны жасай аламыз, колористиканы дұрыс табамыз, бірақ сюжет ойлап шығара алмаймыз. Біздің осал жеріміз осы.

– Мынау Сырдың бойында, Арал мен Қармақшы жақта жырдың «Маңырама» деп аталатын ерекше түрі бар, – деді Асекең сөзін жалғап, – Әдемі ат қой.

– Да, великолепно, – деді Салахиддин, – Шіркін, сурет сыншылары осы сен сияқты болса ғой. Бәрі де жақсы болар еді.

– Міне, отырмыз, – деді содан соң шеберхананы қолымен айналдыра меңзеп, – Суреттер арзанға кетеді. Бағасын білмейді.

– Кейін бізде де сурет рыногы қалыптасады, – деді Асекең жұбатып, – Сол кезде сенің шедеврлерің миллион долларға кететін болады.

– Біз өлгеннен кейін, – деді Салахиддин.

Әбден кеш батқанда қайттық. Сол мәжілістен Салахиддин Айтбаевтың бір сөзі есімде қалыпты. Асекеңнің жүзіне біртүрлі риза кейіпте қарап отырып, – Осы мен сенің кім екеніңді анықтап айтып беруге қиналамын,- деген еді ол, – Сенің кім екеніңді жіпке тізіп шыққаннан гөрі, кім емес екеніңді санап шыққан оңай шығар. Сенің бойыңдағы бар өнерді санап шыққаннан, сенде жоқ өнерді санап шыққан оңай. Сен Ренессанстың адамысың…

… Иә, Асекеңнің өнері сан-қырлы еді. Баяғы бір ғұламаның айтқан «жан таланты» («талант души»). Оның көптеген салада профессионал-эксперт болғандығы осы «жанның талантынан» болса керек. Асқар Сүлейменовтың күй талғамай, қандай қалыпта тұрса да, тіпті қатты сырқаттанып жатқанда да кез-келген тақырыпта кемел пікір айта алатындығы таңқалдыратын. Міне, оның бойындағы осы көркем қасиеттердің ең бірегейі – оның саз өнеріне деген құштарлығы, музыкалық сыншылығы еді. Және оның бұл тараптағы эрудициясы мен танымы сөз арасында елеусіз ғана айта салған, немқұрайды пікірінен жарқырап көрініп тұратын.

Бірде тағы да Төлеген ағаның үйінде дастархан басында отырғанымызда радиодан Есірдің «Тоғыз түйеші» және «Ақжарма» деген екі күйі тартылды.

– Осы екі күйдің тарихын білесіңдер ме? – деді Асекең күй шертіліп болғанда.

Ешкім білмейтін болып шықты.

– Айтшы, – деді Төлеген аға, – Күйдің аңыздарын көп білуші едің ғой.

Асекең, көне күндердің, қазақтың басынан өткен кер заманның тірі куәсіндей болып сәл мұңайыңқырап, өзінің қоңыр даусымен әңгімені тербеп жөнелген.

– Баяғыда, Ресей мен Хиуа соғысқан кезде болған екен. Орыстың әскері Түбек пен Үстіртке жетеді. Даланың керіш жолы аяқталып, енді құм басталады. Содан орыстың сардары адайлардан түйе мен жол көрсететін кісі сұрап елші жіберіпті. Ауылдың ағалары бүкіл адайдың билері мен батырларын жинап кеңес қылады. Жұрт мәмлеге келе алмайды. Біреу орысқа көмектесейік дейді, біреу көмектеспейік дейді. Сол жерде Тіленшінің ұлы Жоламан батыр мен Сүйінқара батыр бар екен. Екеуі айтыпты, елшілерді ештеңе бермей шығарып салу керек деп. Сонымен ақырында Бөкен биге «Сен төрелігін айт» дейді. Бөкен би ұзақ ойланып айтты дейді, дін қарындас болған түрікменнен не көрдік, елімізді талай рет шауып, бала демей, шаға демей қанша адамымызды құлдыққа сатып жіберді. «Жауды аяған – жаралы» деген, кәпірдің қолымен болса да қирату керек, бізге істегенін алдына келтіру керек. Сондықтан, түйені де, адамды да беру керек деп. Сонымен осыған тоқтасады. Бөкен би орыстың офицерлерін шақырып алып айтыпты «Міне, біз сендерге 500 түйе және 9 адам түйеші, құмның жолын жақсы білетін ізкесер береміз. Есіңде болсын, бұл адамдарды көзіңнің қарашығындай сақта, ұрыс-соғысқа салма, қажама. Егерде бұларды түрікмендер өлтіріп кетсе, не даланың жолын білмейсің, не құдық пен суатты білмейсің, айдалада бір оқ ата алмай шөлден қырыласың» депті. Ертеңіне тоғыз адам орыстың әскеріне қосылып шеру тартады. Сол тоғыздың біреуі он жетіге жаңа толған күйші Есір екен. Сонымен, бұлар аз жүреді, көп жүреді ақырында түрікменнің астанасы Көктөбе деген қалаға жетеді. Қаланың дуалы биік, қақпасы берік, орыстың әскері қанша рет шабуылдап ала алмапты. Содан ақылдасып, жердің астын ін қылып қазып, дуалды түбінен қопарып дәрімен жаратын болады.

Шабуыл тоқтайды, түрікменнің ханы өзінің сарайында жайбарақат отыра береді. Ханның анасы ақылды адам екен, бір күні дуалға шығып, жау жаққа қарап тұрып түсі бұзылып кетті дейді. Баласын шақыртады. Хан келіп, қабырғаға шығады. Анасы айтты дейді «Балам, кәпір неғып үнсіз қалды, не істемек ойың бар» деп. Хан айтыпты «Неден абыржыдың ана, кәпір бізге не істейді. Қамал берік. Су да жетеді, азық та жетеді. Кәпір тамағы таусылғаннан кейін азып-тозып еліне қайтады. Сол кезде шағылдың ішінде қуып жетіп кескілеп тастаймыз» деп. Анасы айтты дейді «Алданба өйтіп, балам. Кәпірдің қулығына құрық бойламайды. Анау тігулі тұрған үйді көрдің бе, сонда кірген адам жоқ болып кетеді. Сол үйден бері қарай шөп саржолақ болып сарғайып келе жатыр. Олар жердің астын қазып келе жатыр. Астана жұртымызды алады, бәрімізді қырады» деп. Бірақ баласы бұл сөзге құлақ аспайды. Ақырында қабырғаны дәрілеп жарып, орыстың қалың әскері Көктөбеге бұзып кіріпті. Сол ханның анасының айтқаны болыпты. Кейін Есір айтты дейді, жұрт қан кешіп соғысып жатқанда, түрікменнің бір жас жігіті жаны шықпай қиналып жатыр екен. Соның басын сүйеп, иман айтып отырдым. Сонда маған риза болып қалай көз жұмғанын ұмыта алмаймын» деп.

Кейін елге аман-есен оралғаннан кейін Есір осы екі күйді шығарыпты. Күйдің жайын сұраған адамдарға, түрікменнің аңдыған-баққаны орыстың әскеріне жол көрсеткен біз болдық. Мергендері талай рет атты. Түнде талай рет шапты. Бірақ орыстар келіскендей, бізді жауға бермеді. Осы тоғыз түйешінің басынан өткен қызықты айтып едім домбырамен. Ал, қылыштары күнге шағылысып, кіл жүйрік ақалтеке мінген жәуміттің әскері ақтарылып шыға келгенде, орыстың тым-тырақай қашқанын талай көрдік. «Ақтарылма» сол түрікменнің ерлігі туралы күй. Бізбен жау болды демесең, ерлігінде мін жоқ еді түрікменнің депті. Кейіннен бұл күй «Ақтарма» болып, ақырында осы қазіргі «Ақжарма» атын иеленіпті.

– «Ақтарылма» деген сөз «шабуыл» дегенді білдіреді ғой сонда? – деді Төлеген аға.

– Иә, – деді Асекең, – Адайдың ескі сөзінде солай. Бұл әңгімені маған Түрікменстаннан осы жаққа көшіп келген бір қария айтып беріп еді. Бірақ ол кісінің шерткен күй нұсқаларында, мына біз тыңдағаннан біраз айырмашылықтар бар еді. Кейіннен ақын Дүйсенбек Қанатбаевтан «Сен сол Түрікменстаннан едің ғой, Көктөбе деген қала бар ма?» деп сұрадым. Дүйсенбек «Иә, бар, Ашхабадтан 60-70 шақырымдай жерде құлаған қабырғалары әлі жатыр, қазір шөп басып кеткен, малдың жайылымы» деді.

Осы кезде, о, керемет, радиодан «Тоғыз түйеші» мен «Ақжарма» қайыра тартылған. Қараңғы түскен екен. Шам жағуды ұмытып кетіппіз. Бөлме ішінде, баяғы өткен ардагер заманның рухы оянып, еңірескен ерлер тіріліп келгендей, тебіреніске толы үнсіздік орнады… Әрине, бұндай сәт күнде бола бермеуші еді.

… – Сен музыкантсың ғой, – деген еді бірде Асекең, – Осы сенен, бізбенен батыстың ұқсас жерлері, аналогиялар жайында сұрағым келеді. Мысалға, Тәттімбетті батыстың қай композиторына ұқсастырар едің? Бұл жерде мен форманы айтып тұрғаным жоқ. Тек қана рух және әр композитордың өз елі үшін мәні, осыны ғана айтып отырмын.

Қиын сұрақ, кәдімдігей бас қатыруға тура келді.

– Шопен, – дедім ақырында, – Содан соң Григ. Шопен мен Григті қосса, Тәттімбет сияқты болады.

– Дұрыс, – деді Асекең риза болып, – Ал, Құрманғазы… Кімге ұқсайды, қалай ойлайсың?

Құрманғазы туралы баяғыда ойланып қойғанмын. Бұл оңайлау сұрақ еді.

– Азынаулақ Вагнерге ұқсайды, бірақ негізінен Бетховен, – дедім.

– Браво! – деді Асекең.

Содан соң Төлеген ағаға бұрылған.

– Төлеген, бүгін Таласбекке «5» қоямыз. Айтқанының барлығы ондыққа дөп тиіп жатыр.

– Ал, Дәулеткерей… кімге ұқсайды? – деді маған бұрылып.

Бұл ең қиын сұрақ еді. Қанша рет ойлансам да бір байламға жете алмағанмын.

– Тектілігі, адамгершілігі, ізгілігі, кірпияз бекзаттығы жағынан оған тең келетін адам жоқ, – дедім.

– Браво! – деді Асекең толқып.

Осы жерде, осыдан біраз жыл бұрын болған бір оқиға есіме оралды. 1976 жылы сәуірдің аяғы, мамырдың басы, әскерден қайтып келе жатырмыз. Ресейдің көп қалашықтарының бірінен қазақтың бір шалы мен кемпірі пойызға отырды. Бір купеде болғаннан соң әңгімеден әңгіме шығады.

– Біздің де сен сияқты баламыз бар, әскерде, – деді әжей, – Германияда. Бір жылдан кейін келеді. Құдай жеткізсе.

Аздан соң шай алдырып, піскен ет пен бауырсақты алдыма үйіп қойды. Еділден өтіп қазақтың сары даласы басталғанда отағасы терезеге үңіліп аз отырды да, – Жарықтық, баяғы Бапастың табаны тиген жер ғой, – деді.

– Бапасыңыз – Дәулеткерей ғой? – дедім мен.

– Иә, – деді отағасы, – Ел ішінде әлі күнге дейін Бапас деп айтады.

Сөзден сөз қуалап отырып, қария, үлкен бір әңгімені қозғаған.

– Исатай мен Махамбет өлгеннен кейін Құрманғазы көпке дейін төрелермен қырғиқабақ болып жүріпті. Дәулеткерейдің де шабармандарына айбат шегіп, талай рет айтатынын айтыпты. Күндердің күнінде Құрманғазының ауылына Дәулеткерейден хабаршы келді, төре бүкіл домбырашыны өзінің ақ ордасына қонаққа шақырып жатыр. Бірақ бұл шақырыстың бір шарты бар, «Егерде Құрманғазы бұрынғы күрең қабағын қойып табалдырығымнан аттаса ғана басқалар шақырылады деп сәлем айтты төрем», дейді шабарман. Құрманғазы ары ойлап, бері ойлап, ақырында Дәулеткерейдің ауылына аттаныпты. Төре қонақтарды жатқызып қойып көпке дейін келмепті. Ақыры бір аптадай жатып, қонақтар ақылдасыпты. Осылай қымыз ішіп, ет жеп жата береміз бе, Бапас енді көрінбесе, ауылымызға қайта береміз десіпті. Сонда ғана Дәулеткерей қонақтарына келіп сәлем беріпті. Жұмысбасты болғанын айтып кешірім сұрап, қонақтармен мәжіліс құрып отырыпты. Содан домбырасын алдырып, құлақкүйін келтіріп айтты дейді. «Жамиғат, мен сендерді үлкен бір себеппен шақыртып едім. Жаңадан екі күй шығардым. Менің сыншым сендерсіңдер. Сендер не айтасыңдар – сол болады. Топан және Жігер деген екі бүркітім бар еді. Аңға шыққанда сол екеуінен бірдей айырылдым. Біреуі тасқа түсіп өлді, біреуін көкжал қасқыр шайнап өлтірді. Міне, сол күйді тыңдаңдар». Бүкіл Бөкейдің күйшілері таңғажайып екі күйді тыңдап, ұнатып, сол жерде жаттап үйреніп елді-елге таратып алып кетіпті. Басқалар аттанып жатқанда Құрманғазы төренің ауылында қалып қойыпты. Келесі күні жолға шыққанда, Дәулеткерей төреде жоқ әдетпен қонағын бір көш жерге шығарып салыпты. Сонда ауылдан ұзағаннан кейін Құрманғазы дүрс етіп аттан түсіп, Дәулеткерейдің үзеңгісінен ұстап тұрып кешірім сұрапты. Сөйтсе бұл екі күй, шындығында Исатай мен Махамбет сынды екі қыранға арналған екен ғой. «Мен ақ патша мен қазақтың арасындағы дәнекермін. Ал Исатай мен Махамбеттей ерлерім өлгенде мен де осы алаш құрлы қайғырдым. Мені сөкпеңдер» дегені екен ғой Дәулеткерейдің.

Осы әңгімені айтып бергенімде Асекең төмен қарап үнсіз отырып қалды.

–                Иәә, – деді содан даусы сәл қарлыға, ауыр күрсініп, – Міне, қазақтың романистері қайда, қәне? Осыдан артық қандай тарих, қандай тағдыр керек? Қандай титандар, қандай заңғар тұлғалар…

–                Шын ер, шын рыцарь үш нәрсеге – әйелге, жүйрік атқа, сұлу сазға бас ию керек, табынуы керек, – деген еді бірде Асекең,  – Қазақта осы үшеуі де бар. Әсіресе, Тәттімбет пен Дәулеткерейде. «Көркем ханым» Дәулеткерейдің әйелге арнаған ең асқақ күйі. Дәулеткерейдің ұлы Салауаткерей де дәулескер күйші болған екен. Салауткерейден Мәмен үйреніпті. Ал Мәменнің шәкірті өзіміздің Қали ақсақал. Қали Жантілеуовты айтам. Осы Қалекеңнің орындауында Мәменнің «Қаражан ханым» күйін тындадым. Айтарға сөз таба алмадым. Сол бұрыннан келе жатқан, Дәулеткерей жаңа арнаға түсірген ұлы дәстүр Мәменнің өнерінен тағы бір биік көрініс тауыпты. Осы Мәменнің бірде «Дүрбелең», бірде «Он жетінші жыл» деп тартылатын күйін тыңдағанда ғажап қалдым. Әлі күнге дейін бұл жұмбақты шеше алмай келе жатырмын.

Асекең шылымын асықпай тұтатып, әдетінше бөлменің ішін баяу кезіп, толғанып кетті.

– Өзің ойла. Бұл өте күрделі күй. Әрине, қазақтың күйлерінің көбі күрделі. Бірақ мынау басқа сападағы күрделілік. Құрманғазыға қатысты айтып, елдің барлығы жауыр қылған «симфонизм» деген сөз бар. Жауыр болса да айтайын, Мәменнің «Дүрбелеңі» – қазақтың симфониясы.

–                Жалғыз дауысты емес пе, – дедім әдейілеп, – Монодия ғой.

–                Сенің айтып отырғаның форма, – деді Асекең. – Менің айтып тұрғаным – музыканың рухы, қабылдаудың деңгейі.

Асекең жымиып күлді.

–                Аравиннен осы жайында сұрап едім, дерек тарап кетеді деді ме, әйтеуір ештеңе айтпады. Бар болғаны «Мен Дәулеткерей туралы ұланғайыр материал жинадым, енді кітап жазғалы жатырмын» деді. Кейіннен бұл мәліметті мүлдем басқа жақтан алдым. Дәулеткерей орыстың қалаларына барып, орыс дворяндары сияқты киініп, опера мен симфониялық концерттерді тыңдайды екен. Оның күйлеріндегі ерекше алымдылық осы жаңа, қазақта бұрынсонды болмаған музыкалық тәжірибеден тамыр тартып тұр. Мадьярдің әуендерін еуропалық класикамен астастыра білген Ференц Лист пен Бела Бартоктан қай жері кем, айтшы өзің.

–                Сонда, сіздің ойыңызша, қазақ симфонизмі он тоғызыншы ғасырдың ортасынан бері қарай өз-өзінен пайда бола бастаған ғой? – деп сұрадым мен.

–                Тура үстінен түстің, – деді Асекең, – Симфонизм советтік кезеңнің жемісі емес, баяғыда, бір ғасыр бұрын пайда бола бастаған. Бастауында ұлы Дәулеткерей тұр. Симфонияны совет заманында жаңадан, екінші рет ойлап шығарып керегі жоқ еді.

–                Мұндай күпірді айтудан қорықпайсыз ба? – дедім қалжыңдап.

–                Жоқ, – деді Асекең, – Ол аз болса, айтайын, қазақ музыкасының тарихы қайтадан жазылуы керек. Және ол тарих жазылады да. Мен бұған Құдайға сенгендей сенемін.

Аз үнсіз отырып тағы бір сұрақ қойды.

–                «Көкейкестінің» бұрынғы атын білесің бе?

–                Білем, – дедім мен, – Тәттімбет жарықтық, алғашында «Жантелім» деп тартыпты. Арқаның күйшілері кешеге дейін солай деп тартқан

–                Біледі екенсің ғой, – деді Асекең, – Ал енді неге «Көкейкесті» болып кеткенін айтып берейін. Мен М.Әуезов театрында қызметте жүргенде естігенмін. Театрдың шаңырағын көтерген ветеран актерлердің айтысы. Әбікен Хасенов осы театрда жұмыс істеп жүргенде Ахмет Байтұрсыновпен, Сәкен Сейфулинмен, Мұхтар Әуезовпен көп араласыпты. Қанша рет дастархандарына барып күй шерткен. Бір күні осы күйді тартады. Ахмет ағамыз «Әбікен, бұл күйдің аты не?» деп сұрайды. «Жантелім» дейді Әбікен. Сонда Ахмет ағамыз айтыпты, мынау, Тәттімбеттің көкейін кескен күй екен. «Жантелім» деп қазақ ет жақын адамын еркелетіп айта береді. Бұл күй бұдан былай «Көкейкесті» болсын дейді. Кейін радиоға солай деп жазылып, бүкіл қазаққа сол атпен тарап кеткен ғой. Асқақ махабатты жырлаған күй ғой.

–                 Иә, – дедім мен, – Тәттімбет бозбала кезінде ғашық болған Ақсұңқар деген қызға арнапты.

Асекең сәл үнсіз тұрып қалды.

–                Алғашқы кіршіксіз махаббат, – деді содан соң әдетінше баяу сөйлеп, – Міне, көрдің бе сенің мына әңгімеңнен кейін, мен енді бұл күйдің осы екі атының екеуін де қимай тұрмын.

– «Жантелім» – деді содан соң бір нүктеге қадала қарап, – «Көкейкесті». Осы екі сөздің өзі адамның жүрегін суыратындай… Қасірет пен қамрық та бар…әзіз көріктің алдында бас ию де бар…

Асекеңнің сөзі көңіл түкпіріндегі басқа бір сөзді оятқан. «Мен сізді өртене, есім кете елжірей сүйдім, Құдайым, басқа адам да сізді солай сүйсін» («Я вас любил так пламенно, так нежно, как дай вам бог любимой быть другим») деген өлең жолдары ойыма оралды. Өзіңе бұйырмаған сүйген жарды бата беріп шығарып салу үшін де үлкен жүрек керек.

–                Екеуі қосыла алмаған ба? – деді Асекең.

Қосыла алмаған, себебі қыздың да айттырылған жері бар, Тәттімбеттің де атастырылған қалыңдығы бар. Қазақтың ата заңы кесе-көлденең тұрған. Осыны айтқанымда Асекең бөлменің ішін тағы кезіп кетті.

–                Ал сол Ақсұңқар… тымқұрмаса бақытты болып па? – деді содан соң қарсы алдыма келіп.

Білсем де айтпадым.

–                Жолы болмаған сияқты ғой, – дедім жұмсартып.

Асекең терезенің алдына барып теріс қарап тұрды.

–                Кел екеуміз сол күйді тындайық, – деді ақырын ғана, – Әбікеңнің орындауында…бар ма?

Күй тындалды. Кешке әдетімше үйіне дейін шығарып салдым.

–                Қатарсис деген осы, – деді Асекең жапырақ көмкерген асфальттан көз алмай келе жатып, – Баяғыда бір ғұлама айтыпты, «Мен музыканы не үшін жақсы көрем? Себебі, музыка адамнан, қоғамнан шыншыл» деп. Ницше айтады, «Без музыки этот мир был бы ошибкой» деп.

Никольск шіркеуінің жанындағы паркті біраз араладық. Асекең сәл күрсініп сөзін жалғаған.

Айса Ғалайыссалам крестте өлді, адамзат үшін өлді деп жатады. Жанында тұрып куә болған жоқпыз. Бірақ әбден мүмкін. Алайда Айсадай даңқы шықпаса да ерлігі содан бір мысқал да кем емес, бірнеше қазақты білем. Дәулеткерей, Тәттімбет, Құрманғазы мен Сүгірді айтып тұрмын. Бұлар құныкер болып Алланың алдына барып, қазақ үшін ғана емес, адамзат үшін, инсаният үшін сөз айтқан. Адамзатты ақтап шыққан. Тек асылық айтты деме, менің сөзімді асқақ қылған – күйдің аруағы. Күй қандай киелі болса – менің сөзім де сондай өр. Ойдан шығарып айтып тұрғаным жоқ бұл сөзді.

–                Үйге кір, – деді содан соң, – Шай ішейік.

–                Асығыспын, – дедім мен, – Кешіріңіз. Келесі жолы.

Асекең күрсініп қолымды қысты.

–                Мұхаң айтыпты ғой «Қазақтың ары мен ұяты, кісілігі күйде ғана қалды» деп. Сол рас сөз…

…Кейін суретшінің шеберханасындағы әңгімеге қайтып оралған едік.

–                Аға, «көптен бері далаға шықпағаның көрініп тұр» деп едіңіз ғой, – дедім мен, – Сонда Салахиддин Айтбаевтың пленэрге шықпайтынын айтқыңыз келді ме?

–                Ол да бар, – деді Асекең, – Көп адам пленэрді табиғатқа шығып, бұрыңғы әсерлерді жаңарту деп қана түсінеді. Кейбір суретшілер далада тұрып жұмыс істейді. Әрине, әр сурет мектебінің пленэр жайында өзіне ғана тән түсінігі болады. Алайда, табиғатпен астасуда Қиыр Шығыс сурет өнеріне ешбір мектеп жете алмайды. Олардағы пленэр – медитация, табиғатқа шому. Сыртқы дүние, сыртқы табиғат пен ішкі дүние, ішкі табиғатты жарасымға келтіру арқылы осы болмыстағы барлық заттың шыққан тегі, отаны болып саналатын тылсымға сіңу. Мысалы Қиыр Шығыс поэзиясының өзі біздің сөз өнерімізге ұқсамайды. Олардың өлең өнері де – медитативтік өнер. Мысалы, Басё я басқа ақындардың хайку немесе танкаларын алсаңыз, бізше үш ақ жол, ешқандай мағына бермейді, ал өздері үшін тылсымға шому үшін айтылатын дұға іспетті.

Екеуміз Көк базардың желкесіндегі Панфилов паркінде қыдырып жүргенбіз.

–                Мысалы, анау ағашты қара, – деді Асекең көкті тіреп тұрған алып шынарды көрсетіп, – Осыны мазар деп елестет. Ал енді оны суретке сиғызу үшін шегінуің керек. Көп шегінуің керек. Мазардың бойы сиғаннан кейін де шегіну керек. Ертедегі кемеңгер суреткерлердің бірінші қағидасы осы – «Дистанция – өнердің жаны» («Дистанция – душа искуства») деп айтылады. Бұның әдебиетке де, өнердің барлық түріне қатысы бар. Сонымен дистанция. Салахиддин гений. Егер осы бірінші нұсқа сурет сақталса, әрине. Кейін басқаша салып жүрмесе. Суретте екі қашықтық бір-біріне салғастырылған. Мазар алыста тұрғанымен, оның бедерінде жақыннан ғана көруге болатын элементтер бар. Яғни, мазар шындығында жоқ та болуы мүмкін.

–                Мен сурет сыншысы емеспін, – дедім таңырқап, – Бір сөзіңізді түсініп, бір сөзіңізді түсінбей тұрмын. Суретте тұрған нәрсе қалай жоқ болады?

Асекең маңдайын уқалады.

Қалай десем. Әдебиеттен мысал келтіріп түсіндіруге болады. Лермонтов бір өлеңінде балмаскарадта тұрып, қиялмен деревняға, балалық шаққа кетеді. Аздан соң мынау реалды дүниеге қайтып келеді. Сонда «мынау билеп жүргендерді у татыған өлеңіммен жер қылғым келеді» дейді. Бұл жерде балалық шақ өтіп кеткен, бұл дүниеде жоқ. Тек санада детальдары қалған. Сурет ол музыка емес, поэзия емес. Суретші суреттің астына «Шындығында мына мазар жоқ еді, санамдағы елес еді» деп жазып қоя алмайды ғой. Немесе, қорытып айтсам, суреттегі екі қашықтық, алыста, өткен заманда елес күйінде қалған мазарды бейнелейді. Мысалы, музыкада да сондай тәсіл бар. Шопеннің полонездері поляк музыкасынан түрлі ассоциациялар, өңделген цитаталар келтіріп, көкейінде үнемі Польшаны ұстап отырады. Сонымен  Салахаддиннің суретіне қайтып келейік. Байқасаң жусан мен көкпек қызыл реңді. Шамасы таң атып келе жатқан болуы керек. Бірақ қызыл реңк нендей мағына беретіні белгілі ғой. Тамаша. Тек… ауа жоқ. Өлімнің сарыны жоқ. Мен бұл жерде өлім дегенде оның күйкі жағын айтып тұрған жоқпын. Мен бұл жерде өмірдің апофеозы, өмірдің ең мәнді соңғы сәтін айтып тұрмын. Майданда болғандар, өлімнің иісі болатының айтады. Егерде бұл суреттегі ауадан өлімнің сағымы көрінсе… Содан соң бұл суреттің тағы бір үлкен кемшілігі – оның камералығында. Эпикалық полотноны, идеяны, камералық кеңістікке сиғызбақ болған. Бұл бітпеген сурет. Боялған концепция. Бірақ бәрібір шедевр.

Асекең шылымын тұтатып, мырс етіп күлді.

–                Мен суретшілер мен кинематографистерден өткен кінәмшіл адамдарды көргем жоқ. Бұларда бір корпоративтік меймана бар. Көлденең бір адам сурет, я кино туралы пікір айтса болды, пәлеге қалды. Жабылып жеп қоя жаздайды. Ал ол адам сол суретшіден асқан суретші, киноның не екенін кез келген режиссер немесе сценаристен артық білетін майталман сыншы болуы мүмкін. «Қандай да болмасын салада сын айту үшін сыншы сол саланың адамы болуы керек» деген, адамның ақылына симайтын алабөтен «эстетикалық» қағиданы осы суретшілер мен киношниктер ойлап шығарған. Бұлар сынның, осы кино я сурет немесе көркем әдебиет сияқты өнер екенін, сынның жекедара өнер болып қалыптасып кеткеніне бірнеше ғасыр болғанын білмейді және білгісі де келмейді. Әрине, кейде өнер адамдарының арасында сыншылар кездесуі мүмкін. Бірақ бұл өте сирек нәрсе. Өз басым поэзия туралы жарытып пікір айтқан ақынды немесе проза туралы көңілге қонымды ой айтқан прозаикті көрген емеспін. Сондай-ақ сурет туралы пікір айта алатын суретшіні, кино туралы пікір айта алатын режиссер немесе сценаристі де көрген емеспін. Рас, теорияны соққанда алдына жан салмайтын режиссерлерді кездестірдім. Бірақ сол «теоретиктердің» бірде-біреуі, шедевр демей-ақ қояйын, адам көре алатындай фильм түсірген емес.

Екеуміз парктегі кафеге кіріп тамақ іштік. Асекең ерқара адам, дәмнен ауыз тиіп қана, шай ішуге көшкен.

–                Мынадай мысал, – деді содаң соң жымиып.

Қолындағы десерт пышақпен алдындағы тәрелкеде жатқан котлетті ортасынан қақ бөлген.

–                Мысалы, мына котлет қаны сорғалаған шикі болып шықты дейік. Жо-жоқ, бұл тамаша дайындалған котлет. Мен мысал ретінде айтып отырмын. Содан соң даяшыны шақырып дау шығардың дейік. Сонда даяшы айтса, сіз тамақ пісірудің не екенін білмейсіз. Сондықтан алдыңызға келген нәрсені жеп тыныш отырыңыз, десе. Ол аз болса кухнядан бас аспазды шақырып алып келсе. Ол да тамақтың қалай пісірілетінін айтып, сенің жер жебіріңе жетсе. Қалай ойлайсың, осы жерде кімдікі дұрыс?

–                Менікі дұрыс, – дедім күліп.

–                 Дұрыс айтасың, – деді Асекең де күліп, – Себебі сен астың қалай дайындалатынын білу үшін емес, ресторанға тамақ ішу үшін келдің. Сен ақша төледің, сол себепті сапалы дайындалған дәмді тамақ ішуге хақың бар. Алаяқ аспаз бен алаяқ даяшының айтқан әңгімелерінде шаруаң болмау керек. Ақша төледің, сол себепті жеген тамағың жайлы пікір айтып кетуге толық хақың бар.

Асекең тағы бір шылым тұтатты.

–                Осы әңгіме, өнер менен арткритиканың, яғни, өнер менен сынның арасындағы қатынастың қарабайыр мысалы бола алады, – деді содан соң хош иісті түтінді бір бұрқ еткізіп, – Сурет сыншысы мен суретшінің, кино сыншысы мен режиссердің немесе сценаристің қалай дауласқандарына талай рет куә болдым. Сонда байқағаным, суретші, режиссер немесе сценарист, әңгімені ілездің арасында технология жайындағы бітпейтін ұшықиыры жоқ дауға айналдырып жіберіп, бес минуттен кейін сыншының аузын жауып тынады. Және қолдан келсе, сыншыны ақымақ қылып көрсеткісі келіп тұрады. Сен не білуші едің деп. Мен бір режиссерді білем. Бірде содан «сендер музыка туралы, әдебиет туралы пікір айтқанда, ешкім туламайды, ал біреу кино туралы пікір айтса шат-шәлекей болатындарың не?» деп сұрадым. Сонда әлгі режиссер «біз абыз, қасиетті әулетпіз, біз бұ дүниеден емеспіз, біз тылсымнан келдік, сондықтан басқа өнер туралы айтуға хақымыз бар, ал басқалардың біз туралы пікір айтуға хақысы жоқ»  («мы не от мира сего, нам можно говорить о других, но другим не позволено говорить о нас») деді шімірікпей. Ал сол «режиссердің», кезінде Мәскеуге малдәрігерлік институтқа барып, емтиханнан құлап, сенделіп келе жатып, мүмкін жаңылысып басқа автобусқа отырды ма, кім білсін, әйтеуір кездейсоқ ВГИК-ке жолыққанын білем. Сол жерде аяқастынан «режисерлік түйсігі» оянып осы жолға түскен ғой. Ал менің ұғымымда, соның малдәрігері болғаны әлдеқайда дұрыс  еді. Өзінің «тылсымнан келген» әріптестерінің әрбір кезекті шатпырақ «фильмін» кеңірдектеп отырып шедевр екенін дәлелдеп шығады. Ал құлағы салпиған дүмшелер сол ертегілерді тыңдап отырады, соның айтқанына көнеді, соның айтқанымен жүреді. Қазіргі заманның алаяқ «суреткерлері» осылай, эстетиканы, сұлулық ұғымын, технология жайлы мылжың әңгімелермен алмастырып, жұртты ақымақ қылып дәндеп алған.

–                Міне, – Асекең алдындағы шала желінген котлетті тәрелкесімен маған қарай жылжытқан, – Мынау адам жейтін тамақ па, әлде малға беретін, итке құятын жуынды ма – әңгіме осы жайында ғана болуы керек. Ал ас үйде не болып жатыр – ол сыншының компетенциясы емес. Сыншы дайын нәрсеге, нәтижеге ғана пікір айтады.

Асекеңнің әңгімесінің ауанын бірден таныдым. Ол тағыда… тағы да сіріңкенің шырпысын ұстап отырып Құдайға бара салатын әдетіне жақындап келе жатыр еді.

–                Сонда бұл неден болған нәрсе? – деп сұрадым дегбірсізденіп.

Асекең алдыға жаңартылып қойған шәйнектен бір кесе сүт қатқан қою шайды құйып алды да асықпай бір ұрттады. Жаңадан шылым тұтатып, ойланып отырып, асықпай сөзін сабақтаған.

Мұсылман елдерінде сурет өнеріне тыйым салынған. Сурет, сол себепті, Батыстың төл өнері. Қазақтың алғашқы лек суретшілері, негізінен қазақы тәрбиеленген, дені дұрыс адамдар. Олар Ресейге, қазақ үшін таңсық жаңа өнерді меңгереміз деп аттанды. Кино да сондай өнер. Ағайынды Люмьерлер ашқан бұл өнер Ресейге, басқа Еуропа елдеріне тарады. Және әр нәрсені өз атымен атау керек, белгілі бір уақытқа дейін кинематограф ақ нәсілді халықтардың қолындағы зәру өнер болып келді. Бірақ ақырында басқа құрлықтар, басқа халықтар, нәсілдер де бұл өнерді меңгере бастады. Бауырлас ел болғаннан кейін, орыстар бізге де бұл өнерді үйретуге мәжбүр болды. Бұнда да Абдолла Қарсақбаев, Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов сияқты алдыңғы лек корифейлер ұлттық санасы биік адамдар болған. Содан кейін, біздің әлгі «алпысыншы жылғыларымыз» бар емес пе. Енді Мәскеуге солар аттанды. «Тылсымнан жаратылу» деген ауыру осылардан басталады. Ол кезде әлемдік кинода неше түрлі «измдер» етек ала бастаған. Міне, осының бәрін көріп, құлағы бітіп, басы айналып қалған Қамысбай өзін шынында да «тылсымнан жаратылған» адам санай бастайды. Ал шындығында, ол, бар болғаны, аз-маз бірдеңе оқыған доп-домалақ дүмше. Ақ нәсілдердің біз жайындағы пікірі ешқашан өзгермейді. Ал біздің «алпысыншы жылғылар» – сол батыстың мейманасын, батыстың біз жайындағы пікірін өзіне жұқтырып қайтқандар. Басқа өнер түрлеріне мұрнын шүйіріп қарау, әсіресе ұлттық тақырыпқа, ұлттық идеяға жиіркене қарау сияқты ең ауыр мерез осылардың ғана бойынан табылады. Антониони, Феллини, Бертолуччи немесе Жан Люк Годарға «измдермен» ауырған жарасады. Себебі ол сол жақтан басталған авангардизмнің бір формалары, өздеріне ғана тән. Ал ұлттық намыстан, ұлттық санадан жұрдай, шаласауат Айранбайдың «измдермен», ондай биік ауырумен ауыруға хақысы жоқ.

–                Сыншылық туралы баяғыда басқаша айтқан сияқты едіңіз, – дедім мен.

–                Ол надан, білімсіз сыншы жайында, заңсыз, низамсыз сыншылық жайында айтылған әңгіме, – деді Асекең. – Ал осы қазір мен шын мәнісіндегі талантты, білімді сыншылық жайында айтып отырмын.

–                Бірақ сыншы көркемдік заңдылықтар жайында білуі керек қой, – дедім мен.

–                Ол айтқан адамына қарай, – деді Асекең, – Сулулық жайлы түсінігі жоғары, шын мәніндегі сыншының ауызынан естігенде «көркемдік заңдылық» деген шынында да өте асқақ ұғым болып шығады. Ал алаяқ, мошенник «суреткер» айтқанда бұл ұғым аса былғаныш болып шығады. Себебі, «көркемдік заңдылық» жайындағы әңгіме аздан соң өнердің технологиясы жайындағы дау-дамайға айналып кетеді. Ал бұл жерде сыншы қорғансыз. Кейбір «суреткерлердің»  ықты-жарды тыңдамай өзеуреп, оппоненттің аузын бітеп кеңірдектегенін көргенде көзіңе діни фанатиктер елестеп кетеді.

Есеп айырысып далаға шықтық. Асекең шіркеудің жанындағы шағын алаңда нанның қиқымын теріп жеп жүрген кептерлерге қарап аз тұрды, да мысқылдай езу тартты.

–                Еуропаның патша әулеттерінде гемофилия деп аталатын қан ауруы болған. Қарадан қыз алмай, қыз бермей бір-бірімен ғана араласқан, туыстар бір-біріне үйленгендіктен, қан жаңартылмағандықтан болған ауыру. Алайда Еуропада гемофилия ақсүйектіктің, аристократизмнің белгісі болып саналған. Гемофилиямен және сонымен ағайындас қан ауыруларымен ауыру мода болған, – деді содан соң, – Біздің Мәскеуден оқып келген «суреткерлеріміз» де осы гемофилиямен, рухани гемофилиямен ауырғысы келеді. Соны армандайды. Аристократизмге деген жөнсіз претензиялар. Сап-сау адамның «қансырап», «ауырып» жатқанын көргенде күлкің келеді екен. Шіркін, өздеріне сырт көзбен қарап үйренсе, қандай қораш екендерін білсе ғой солар.

–                Осылардың барлығы «алпысыншы жылғылар» ма? – деп сұрадым мен.

–                Жоқ, – деді Асекең, – Олардың кейбіреуі тіпті сенен жас болуы мүмкің. Алпысыншы жылғы ғана емес, ондай адамдар жетпісінші, сексенінші, тіпті тоқсаныншы, одан да арғы жылдары өнерге келе беруі мүмкін. Бірақ рухы жағынан бұлардың барлығы – «алпысыншы жылғылар». «Алпысыншы жылғылық», «шестидесятничество» – уақыттан тыс, уақытқа бағынбайтын, ешқашан ескірмейтін феномен. Осыны айтқым келіп еді…

…Құрметті оқырман осы жерде мен бір нәрсені анықтай кеткім келеді. Асқар Сүлейменовтың назасы сол кезде мен үшін түсініксіз еді. Шынымды айтайын, ол адамның кейбір айтқан ойлары әлі күнге дейін түсініксіз. Бізде қазір «туғанда қолыма қалам ұстап туып едім», «дүниеге бірден пайғамбар болып жаратылып едім» деп айту әдет болып кеткен.

Бұған мен мың рет «жоқ» деп жауап берем. Әлбетте, о баста адамда бір қабілет болады (оны талант деп қойыңыз). Адамның бойындағы сол қабілет тәрбиеленеді, білімге жетіледі. Адам осылайша өнер жолын табады. Біз қазір де пайғамбар емеспіз және қолымызға қалам ұстап та туған жоқпыз. (Мысалы, мен бала кезімде геолог боламын дейтінмін. Ал қазір неге олай дегенімді өзім де білмеймін). Күндердің күнінде, жаза алатынымызға көзіміз жеткеннен кейін жаза бастадық. Өнер туралы пікір айта алатынымызға көзіміз жетті – айта бастадық.

Бірақ Асқар Сүлейменовтың сол кафеде отырғанда айтқан, сыншы өнер технологиясынан, өнер игілігінің жаратылу барысынан бейхабар болуы керек деген ойы мен үшін мүлдем түсініксіз еді. Кейіннен әңгімеге майталман теоретик Зейнолла Серікқалиев араласқанда, «таза өнер» («чистое искуство») «таза сын» («чистая критика») дегеннің не екенін ұққанда барып Асекең айтқан ойдың өресіне жеткен едім. Бірақ сол екі арада, менің дүниетанымыма аса зор ықпал еткен тағы бір оқиға болды.

… Күздің қарасуық кеші еді. Жазушылар одағының алдында Зейнолла аға кездесіп қалды да, үйге жүр, Асқардың досы ВГИК-тің бір мұғалімі Алматыда жүр екен, қазір екеуі біздікіне келеді деді. Үйге келдік, аздан соң Асекең де келді. Жанында бойы ортадан биік, толықшалау,  ақ сары өңді, қоңыр шашты адам – Мәскеуден келген қонақ осы екен. Мол дастархан, ағыл-тегіл ішімдік, қонақ көп ұзамай-ақ шешіле сөйлеп кеткен.

Қалай десеңіз де Мәскеу Батысқа өлшеусіз жақын, біз үшін әлі күнге дейін жұмбақ мәдениетке апаратын қақпа екені анық. Орыстың өресі ол кезді қойып, қазірдің өзінде бізден биік және әлі талай уақыт осылай болмақ. Мәскеулік қонақтың айтқан әңгімелерінің көбі біз үшін таңсық еді. Қонақ қыза келе енді қазақ тақырыбына ауысқан. Сөмкесін ашып мәшінкеге басылған бірнеше қолжазба алып дастарханның шетіне қойды.

–                Міне, – деді қағазды парақтап отырып, – Алматыда жүргеніме он күннен асып кетті. Қаншама талантты, өскелең жастармен кездестім. Кейбіреуінің ой-өресі тіптен биік. Мысалы мына әңгімелер сәл-пәл өңдеп жіберсе, тамаша киносценарийге айналайын деп тұрған дүниелер. Менің таңқалатыным, осындай балаларды неге оқытпайсыңдар?

Шарап буынына түскен болуы керек, қонағымыз ары-беріден  соң мәселені төтесінен қойды.

–                Мәскеуге осындай талантты балаларды жібергеннің орнына, неге малдарыңды жібересіңдер? – деген әрқайсысымыздың бетімізге ажырая қарап.

Ешкім ештеңе демеді.

–                Кавказдықтардан үйренбейсіздер ме, тымқұрмаса. Олар оқуға дарынды балаларын түсіреді. Параджанов, Данелия, Иоселиани, барлығы біздің түлектер. Осылардың кейбіреуі Еуропаның киноакадемияларына барып шыңдалды. Қазір қандай деңгейге жетіп отыр. Ал сіздер… Мен жюридің мүшесімін. Республикалардан келген киноларды сараптап бекітеміз. Қазақстаннан келген, так сказать «фильмдер» осылардың ең қорашы. Самые позорные. Көріп отырып біз ұяламыз. Алматыдан келген бір «киношникке», мынандай дүниелерді жіберуге қалай ұялмайсыңдар дегенімде, ол, енді неғыл дейсіз, Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Ходжиков сияқты корифейлер дүниеден кетті, сол себепті осындай күйде отырмыз деді. Ал мен сіздерге айтайын, тағдыры мен болашағын ойламаған, керекті кадр дайындамаған бұндай кинематографтың бұты бес тиын.

Ыңғайсыз үнсіздік орнады. Содан соң Асекең шылымын тұтатып баяу тіл қатқан.

–                Біріншіден, ол қойларды Мәскеуге жіберген мен емес, Зейнолла емес. Екіншіден, оқи алмайтын ондай балаларды оқудан шығарып жіберу керек. Отчисление деген бар емес пе. Болашақ өнердің соры – ондай  адамды, документін қолына беріп, құйрыққа бір теуіп  шығарып салу керек.

Қонақ шарқ етіп күлді.

–                Ну ты даешь, Аскар. Қалай шығарып жібересің? Олар республиканың атынан келеді. Лимит деген бар. Оның үстіне Алматыдан зор адамдар телефон шалады. Ал біздің міндетіміз соларға білім беріп, қолына диплом ұстату. Қате – Алматыдан, абитуриенттерді таңдаудан.

Түннің ортасы болып қалғанда көкбурыл мас қонақ мейманханасына қайтатын болды. Таксимен  алып кететін достарын тосып, есіктің алдында теңселіп біраз тұрып қайтадан сөйлеген.

–                Естеріңізде болсын, – деген саусағын шошайтып, – Ертең сол, так сказать режиссерлер мен сценаристер, кинотанушылар аңсаған дипломдарын алып, қайтып келеді де мықты-мықты жерлерге былшиып тұрып отырады. Көздеріңнен қанды жасты солар ағызады.

Қонағымыз орыс болғандықтан орысша айтқан, «Умоетесь кровавыми слезами» деген.

Үшеуміз ғана қалдық. Үнсізбіз. Қонақтың бетің бар, жүзің бар демей айтқан ауыр сөздері әлі құлағымызда тұрғандай.

–                Жарайды енді, – деді ақырында Зейнолла аға, – Өлік шығарғандай болмайық. Бәрі де орнына келеді.

Рюмкелерге жағалата коньяк құйған.

–                Азған-тозған өнерге сыншы болған – жетім қыздың тойында тамада болғанмен бірдей, – деген Асекең Зейнолла ағаның жүзіне ойлана қарап отырып, – Одан өткен қорлық жоқ шығар. Екеумізге Тәңірдің берген сиын-ай, Зейнолла.

Бұрын жоқ әдетпен рюмке толы коньякты басына бір-ақ көтерген…

… Сары күз еді. Осындай мамыражай күндердің бірінде консерваторияға Асекең келе қалды. Амандық сұрасқаннан кейін бір тізімді қолыма ұстатқан.

–                Мына шығармаларға заказ берші. Сенің кабинетіңнен тыңдайын.

Фонотеканың бастығы Александр Никитич Супруненко деген, айтқаныңды екі етпейтін жақсы адам еді. Музыкадан мол мағлұматы бар, эстет, білімді болатын. Тізімді бір қарады да жымиып күлді.

–                Бұл сен емес. Сенің не тыңдайтыныңды, қалай тыңдайтыныңды білем ғой. Бірақ… міне, Вивальдиді Лондондағы Королевский оркестрдің орындауында.., Вагнердің «Тангейзерін» Берлин операсының орындауында сұраған, – Александр Никитич қағазға үңіле түсті, – Шопеннің полонездері Ван Клиберн, ал Листтың «Венгр рапсодиясын» Ферручо Бузонидің орындауында сұраған. Нағыз маман ғана бұндай тапсырыс бере алады… Ну что… Сенің кіші кабинетіңе ғой?

Кешке қарай кабинетке кірдім. Асекең терезені ашып бөлмені желдетіп отыр екен. Күлсалғыш толған сигареттің тұқылы. Төрт сағат тапжылмай отырып жиырма сегіз шығарма тыңдаған екен. Асекеңді шығарып  салғаннан кейін тізімді қайтадан қарап отырып қайран қалдым. Қабылдаудың жылдамдығы дейсіз бе,  жітілігі дейсіз бе, ең әуелі сол көзге түседі. Александр Никитич, мен тапсырғандай, бұл шығармалардың арасын бөлмей жіберген. Бірақ әр шығарманы тыңдауға психологиялық дайындық керек. Содан соң алған әсерді тамашалауға да біраз уақыт керек. Осының бәрін жинақтап келгенде жиырма сегіз шығарма үшін төрт сағат тым аз уақыт. Бұның сыртында аталған шығармалар құрылымы, орындалу стилі, психологиясы, тағы басқа кілтипандары тұрғысынан алғанда аралары жер мен көктей, белгілі бір көңілкүйдің аясында еш үйлеспейді. Немесе, қорытып айтсам, әдепкі меломан мұнша шығарманы төрт күнде де тыңдап бітіре алмайды.

Кейін мынадай қызықты байқадым. Бірде тағыда бірнеше шығарманы бірінен соң бірін тыңдап болғаннан кейін терезенің алдына барып тұрды.

–                Коридорда бір скрипач Сен-Санстың «Интродукциясын» ойнады, – деді күрсініп, – Жаман емес сияқты.

–                Сіз динамиктен музыка тыңдамап па едіңіз? – дедім.

–                Иә, тыңдадым, – деді Асекең жайбарақат.

Сондай-ақ ол оркестрді тыңдап отырып, қалаған аспабын ойша жеке «суырып» алып тамашалай алады екен. Қаншама шығарманы бір сәтте тыңдай алатын ерекше қабілетімен, түрлі жанрдағы шығармаларды арасын бөлмей тыңдай алатын қабілеті, кейін ойлап отырсам бір-ақ қасиет екен. Бұл адам жанының қанша ахуалға жолықса да сонын бәріне ашық бола алатындығының, шексіз рухани сыйымдылықтың белгісі екен. Бірде таңданысымды жасыра алмай осы ойларымды айтып салғанда Асекең әдетінше езу тартты.

–                Оның несіне қайран қаласың. Баяғы «Тоғыз түйеші» мен «Ақжарманың» хикаясы есіңде ме? Түркменмен қан ішісуге барған Есір өліп бара жатқан жауының басын сүйеп иман айтып, жаны ашып отыр. Яғни, бір сәтте қаншама ахуал кешіп отыр. Қазақ, майданда жаңа ғана аямай кескілескен жауын соғыстан кейін кешіреді, қайғысына иіледі. Сол атаң қазақтан қалған мінез, ғасырлар бойы тәрбиеленіп қанға сіңіп кеткен рухани әдет. Бәріміз де қазақ емеспіз бе. Жақсылап ақтарсаң ол сенде де бар қасиет. Әр қазақ дұрыстап іздесе жанының түкпірінен осыны табады. Жанның түкпіріндегі бұл қазына қабат-қабат көміліп қалған. Осы жүргеннің бәрі ақын, бәрі музыкант. Тек соны өздері ұмытып кеткен.

Шылымын тұтатып сәл ойланды.

–                Мен саған мынадай бір нәрсені айтайын, – деді содан соң мұңайыңқырап, – Соғысқа барып келген қариялардан естіген әңгімем. Қазақ солдаттары Германияда көп өліпті. Жаудың қолынан емес. Қирап, жеңіліп, сағы сынған немісті аяғаны үшін, нешетүрлі зорлық-зомбылыққа, әйел мен бала-шағаға жасалған қиянатқа қатысқысы келмегені үшін, саптың алдына алып шығып талай қазақты атып өлтіріпті. Міне, Таласбек, қазағың осындай болған. Сен маған қайран қаласың. Менің бойымдағы – ол, қазақтың жүрегінде өрт болып лаулаған иманның бір ұшқыны ғана.

… Бірде Шығыс пен Батыс музыка мәдениеттерінің диалогы жайында әңгіме қозғалды.

–                Мен кейде Батыстың ойшылдарын түсінбеймін, – деген еді  Асекең, – Кейбір ақылды деген адамдарының ең биік көтерілген жері, кәдімгі, өздерінің байырғы ауыруы – меймана болып жатады. Және таңғажайыбы бұндай ойларға салиқалы зерттеу барысында жетіп жатады.

–                Міне, қараңыздар, – деді содан соң бір кітапты көрсетіп, – 19 ғасырдағы Францияның музыкалық эстетикасы. Камилл Сен-Санстың 1866 жылы шыққан «Гармония және мелодия»  кітабынан үзінділер. Әрине, менің бұл композиторға деген құрметім бұдан еш өзгермейді, себебі мен адамды бойындағы жақсысына қарап бағалаймын. Мен тек оның тамаша музыкант бола тұра, дүниетанымының осындай балаң болғанына қайран қалып отырмын.

Асекең кітапты ашып бірнеше үзінді оқыды.

–                «Ырғақпен сүйемелденген жалғыз дауысты мелодия белгілі бір публикаға әсер ете алады. Бірақ бұл публиканың құрамы қандай? Бұл публика дамудың төменгі сатысында тұрған антика заманының халықтары, Шығыс халықтары және Африканың негрлерінен тұрады… Шығыс халықтары мелодия мен ритмді дамытуда алысқа кетті, бірақ олар гармония дегеннің не екенін білген жоқ. Ал көне гректер мен римдіктерде гармонияның болғанын дәлелдемек әрекеттер сәтсіз болып шықты… гармония батыс өркениетінің және адам санасының дамып жетілуімен бірге пайда болды…»

Асекең кітапты былайырақ ысырып қойып, жымиып күліп қолын жайған.

–                Орыстар айтпақшы,«Коментарии излишни». Бірақ мені таңқалдыратын бір нәрсе. Сол «дамудың төменгі сатысында» тұрған қазақ, ата-бабасының күйін тыңдағанда не сезінетінін Сен-Санс қайдан біледі? Ішімізге кіріп шығып па? Содан соң гармония батыс өркениетінің және адам санасының дамуымен бірге пайда болды деген, ол не сөз? Демек, батыс өркениетінің пайда болғанына дейінгінің барлығы санасыз түрде жасалған ғой? Қызық екен.

Асекең әдетінше шылым тұтатты да баяу  сөйлеп кетті.

–                Осыдан тура мың жыл бұрын бізде отандық ғылым болғанын, дамыған қала мәдениетінің болғанын біле ме екен солар. Әбунәсір әл-Фараби деген болған. Мың жыл бұрын музыка теориясын жасаған. Басқа емес, қыпшақ музыкасының негізінде. «Музыка жайлы трактаттар» деп аталатын бұл еңбек арабтар арқылы Еуропаға өтіп, сол Сен-Санстың аталарының көзін ашқан. Мен бір ғана Фарабиді айтып отырмын.

Асқар аға сәл үнсіз отырып сөзін сабақтады.

–                Еуропа «рационы» яғни, рационалдық ойлауды ғана мойындайды. Олар интуицияны ешқашан есепке алмайды. Егерде интуициясы болса, онда гармониядан бірнеше саты төмен етіп қойған жалғыз дауысты Шығыс немесе мысалы қазақ музыкасы, түптеп келгенде басқа, бейтаныс гармонияның бір түрі екенін, сол гармонияның ықшамдалып, оңтайланып кеткен түрі екенін шырамытар еді. Сен-Санстың айтқаны ол бер жағы ғана. Айта-айта келе, гармония ғана музыка, ал мелодия -мәжүсиліктің белгісі деп салғандар бар. Әрине бұл ғылым емес. Мелодиясыз музыка болмайды. Гармония да – мелодия. Тек соның басқа түрі.

Асекең орнынан тұрып терезенің алдына барды да  сырттағы тіршілікті бақылап біраз тұрды.

–                Мен музыкатанушылармен, теоретиктермен көп араласамын. Таңғажайыбы – барлығы дерлік бұйығы адамдар. Қазақта мақал бар ғой, «Жасында таланған күшік ит болып жарытпайды» деген. Барлығы Мәскеу мен Ленинградта оқыған, сондағы профессорлардың тәрбиесінен өткен. Ешқайсысы келе болып көрген емес. Мәскеудегі сол профессорлары түшкірсе, мына жақта отырып «жәрекім алла, жасаңыз» дегеннен басқа қолдарынан ештеңе келмейді. Шындық күнде айтылып отыру керек, себебі өтірік күнде айтылады. Осының бәрі білімсіздіктен және ұлттық сананың жоқтығынан.

… Бірде Қаратау, Созақ өңірі күйшілерінің үлкен концертінен кейін бір мәжіліс болды. Сонда Асекеңнің айтқаны.

–                Сүгірдің аруағы бір-ақ адамға – Генерал Асқаровқа қонған. Оның шертісінде  даланың түсініксіз керімсал сыры бар. Дина шешемізден кейін Құрманғазының «Қайран шешем» күйін ешкім де олай тарта алмайтыны сияқты Генералдан кейін Сүгірдің «Назқоңырын» енді ешкім де олай шерте алмайды.

Сол күні кешке Төлеген ағаның дәулескер күйші екені анықталды. Тамаша домбырасы бар еді. Негізінен мен ғана тартатынмын. Сол домбыраның бұрауын сәл көтеріп қойып, Сүгірдің күйін бірінен кейін бірін шерткен. Қанша отырғанымыз белгісіз. Әйтеуір таң ата тарағанымыз есімде. Сол отырыста Асекеңнің айтқан бірнеше әнгімесі есімнен кетпейді.

– Жарықтық Сүгір Алматыға келеді. Бойындағы бар өнерін бермек екен. Бірақ Алматыда отырған «дегдарлар», бізде соншама шығарманы жазатын магнит таспасы жоқ деп шығарып салады. Өмірінде ешкімнен именбеген, қалағанынша жүріп тұрған Сүгір жаман қорланыпты. Ауылға қайтып келеді. Кейіннен Талиға апай (Бекхожина) фольклорлық экспедициямен Созаққа барады. Сонда магнитофонын көтеріп үйіне келген, консерваторияның студенті бар, жетекшілері бар, бір топ адамды Сүгір табалдырықтан қайтарыпты. Сізді Сүгір күйші деп келдік қой дегендерге, «мені Сүгір деп кім айтты, Сүгір баяғыда өліп қалған, сүйегі сол Алматыда жерленді» деп жауап беріпті. Әрине, өзім көргем жоқ, елден естіген әңгімем. Сүгір мен Әйкен бірнеше рет кездесіп домбыра тартысқан ғой. Сол Әйкен тағы бір келгенде Сүкең «Әй, Әйкен, баяғыда күйщі келгенде ханның өзі тақтан түсіп қарсы алады екен. Кейіннен, кедейден болған шоңдардың өздерінде бұрынғы төреден қалған жөн-жоба бар еді. Сен екеумізді төбесіне көтермесе де өздерімен тең отырғызатын. Енді Алматыға барып консерт дегенін көрдім. Әншісі бар,  күйшісі бар, белдемшесі белінде, бес кесесі қолында төрелерге қызметші құл мен күң есебінде екен. Басымыздан дәурен өткен екен, Әйкен» депті. 75-ші жылы күзде Төлеген ақсақал (Момбеков) біздің үйде қонақ болды. Сондағы айтқан әңгімесі. Сүгір ауылға концерт келгенде, жұрт құсап орындыққа отырмайды, өзінің бір кішкентай киізі болыпты, соны алып келіп төсеп, осылай тыңдайды екен. Бір күні ауылға Ғарифолла Құрманғалиев келеді. Сүкең әдетінше киізін жайып қойып тыңдап отырады. Ғарекең, Мұхиттың «Үлкен Айдайын» орындайды. Сол кезде Сүгір концерттің жалғасын тыңдамай орнынан тұрып жүре беріпті. Арада екі аптадай уақыт өткенде Төлеген ақсақал Сүгірдің үйіне бір шаруамен бара қалады. Есіктен кіріп келе жатқанда-ақ бір тамаша күйдің сарынын естіп тұрып қалдым дейді Төкең. Содан күй шертіліп болғанда «Ассалаумағаләйкүм» деп кіріп барады. Сүгір оның сыртта тұрып күйді тыңдап алғанын біледі де, мына күй қалай деп сұрайды. Төкең, бір жерден естіген сияқтымын дейді. Сонда Сүгір әнеукүні Ғарифолла «Айдайды» айтқанда даусы шырқырап Құдайдың құлағына жетті ғой, сол сәтте мен де үйге қарай жылыстадым. Міне, мынау сол әннен құлақ шығарған күйім еді депті. Кәне, біздің музыка зерттеушілеріміз қайда. Тәттімбеттің  күйі ән негізді деп жатады. Міне, мынау «Үлкен Айдайдың» кульминациясынан жасай салған күй ғой. Бірақ қалай жаратылған! Қазақтың сом алтындай күйлерінің бірі осы «Қаратау шертпесі» ғой.

… Бірде Асекең Сүгірдің атын жаңғыртып тағы бір әңгіме айтқан.

–                Кейде мен осы ренкарнация дегенге сенемін. Егер осы рас болса, онда Қорқыт бабамыз мына дүниеге Сүгір болып қайтып келген. Христиандар Мессияның екінші рет келуі («Второе пришествие Мессии») деп жатады ғой. Айтар едім, Сүгір – ол Қорқыттың екінші рет келуі. Не айтқың келіп отырғанын білем. Сүгірге қобыздың сарыны Ықыластан жұққан демексің ғой. Оның бәрін білем. Бірақ, ойымша, Сүгір сол Ықылас атамызға жолықпаса да осындайлық болар еді.

Асекең үн-түнсіз бөлмені ұзақ кезді.

–                Музыка өзінен басқа ештеңені де бейнелемейді дейді ғой, – деді содан соң, – Мысалы Игорь Стравинский солай дейді. Рас сөз. Өзінен басқа ештеңені бейнелемегендіктен онда бәрі бар. Адамда қанша көңіл күй болса, сұлулықтың да соншама мән-мағынасы бар. Бірақ Сүгір сияқты күйшілерге келгенде «көңіл күй» деген анықтама жүрмейді. Бұл жерде басқа өлшем керек. Мысалы «Шалқыма» мен «Ыңғай төкпе» сенің ойыңша қандай күйге жатады?

–                Формасы жағынан алғанда күйден гөрі басқа бір нәрсеге ұқсайтын сияқты, – дедім мен, – Медитацияға жақын сияқты. Күйден гөрі дұғаға көбірек ұқсайды.

–                Дұрыс айтасың, – деді Асекең саусағын шошайтып, – Жаратқан Ие адамның дұғасына ешқашан жауап қайтармау керек. Адам мен Жаратқан Ие екеуі жауаптасып кетсе, онда дұға өзінің барлық қасиетінен айрылады. Дұға өзіне жауап ала алмағандығымен, мынау шетсіз-шексіз дүниеде қаңғырып, айқайлап тұрғандығымен керемет. Сүгірдің «Шалқымасы» мен «Ыңғай төкпесі» осындай дұға…

… Асқар аға екеуміз бір күні фольклор кабинетінде шай ішіп әңгімелесіп отырғанымызда есіктен Садуақас Балмағамбетов көрінді.

–                Охо, великий Балмағамбетов, – деді Асекең орнынан тұрып, – Тірі Қазанғап. Амансың ба, Садуақас бауырым.

Садуақас ағамыздың көңілі босап қалды. Қабағы күреңітіп, көзіне кілк етіп жас шыққан.

–                Асекем, пайғамбарым, – деді Асқар ағаны құшақтап жатып, – Амансыз ба. Келіп қалыпсыз.

–                Кел, төрлет, – деді Асекең.

–                Қазір, студенттерімді қайтарып жіберейін, – деді Садуақас аға шығып бара жатып.

–                Домбыраңды ала кел, – деді Асекең.

Аздан соң Садуақас аға қайтып келіп, жайланып отырды. Осы кезде, адам айтса нанбас, өмірі консерваторияға келмейтін Сматай Үмбетбаев қобызын көтеріп кіріп келген. Отырғандар ду күлді.

–                Таласбек, осы сен жұртты әдейі шақырып қойғансын-ау, – деді Асекең күліп, Сматаймен амандасып жатып, – Қарашы, шақырып келтіре алмайтын адамдар.

Аздан соң көрші аудиторияда сабақ беріп жатқан Кенжебек аға (Күмісбеков) келді, бірінен-бірі естіп теоретик мұғалімдер, аспиранттар, студенттер келді. Шағын фольклор кабинеті адамға лық толды. Кеш ұзаққа созылды. Кезек-кезек аруағына мінген екі күйші ұзаққа сілтеген. Әбден қас қарайғанда тарастық.

–                Қазанғаптың «Он алты жасар Балжан қызын» енді ешкім де сен сияқты толқытып шерте алмас, – деді Асекең Сәдуақас ағаның қолын қысып тұрып, – Бірақ өкінгенмен бола ма, себебі Сәдуақас біреу-ақ қой.

Сәл күрсініп Сматайдың қолын қысқан.

–                Сенен кейін Қорқыттың «Қоңыры» енді ешқашан да бұлай тартылмас.

Консерваторияның қараңғы дәліздерімен Кенжебек аға, Асекең үшеуміз келе жатырмыз.

–                Баяғыда бұл Сматай консерваторияға түсіп оқи алмай кетті ғой, – деді Кенжебек аға, – Дәукең, Дәулет Мықтыбаевты айтам, ары-бері оқытып көріпті де, әй, Сматай, консерватория саған ештеңе де бере алмайды екен, депті. Сөйтіп, шығарып салыпты.

–                Оқымай-ақ қойғаны дұрыс болған, – деді Асекең күліп, – Арғымақты арбаға жеге алмайсың.

… Құрметті оқырман, мен естелігімнің ең қамрықты, ең ауыр жеріне келдім. Қандай ертегідей ғажайып ғұмыр болса да, бір күні аяқталады. Дүние осынысымен  өкінішті…

Асекеңнің бұл дертке қашан шалдыққанын білмеймін. Әйтеуір,  күндердің күнінде оң бүйірін ұстап ауырсынып отырып қалатынын жиі байқай бастадым. Содан соң, онсыз да ашаң  адам, еті торалып жүдей бастады. Үйден шықпай жатып қалатын болды. Ауруханаға көп баратын болды. Соңғы кездесулеріміздің бірінде тәкаппар тұлғаның аурудан еңкейіп еңкіш тартқанын көріп жүрегім шымыр ете қалған. Асекең көп жөтелді. Гавана сигарасын үгітіп салатын өзінің әйгілі хош иісті қорқорын да тарта алмады. Тұтатуын тұтатып, содан соң алыстау қойып қойған. Бірақ сөзі түзу.

–                Қияметке тақағанда, адам өзінің қашан және қалай басталғанын көп ойлайды екен, – деген еді Асекең ауырсынып отырып. – Мен адам ретінде, әрине, қазақтан басталдым. Сол себепті елім туралы, оның өткені мен кеткені туралы көп ойлайтын болдым.

Мен сөздің аяғын тосып үнсіз отыра бердім.

–                Төңкеріске дейін, қазақ, империядағы орыстан кейінгі ең үлкен халық екен, – деді Асекең аз-маз демалып алғаннан кейін. – Саны көп, өзі бай, өнерлі. Күшті буржуазия қалыптаса бастаған. Батыстың өнерін үйренем деп ентелеп тұрған, алқынып тұрған арда халық. Байлар, ақсүйек аристократия балаларын Варшава мен Парижден оқыта бастаған. 17-ші жылғы топалаңға дейін осындай болыппыз. Ең ұлы… және ең қатерлі халық болыппыз. Ал ең ұлы халыққа – ең ұлы езгі, ең ұлы қырғын. Біздің көргенімізді көрсе, басқа халық жер бетінен жойылып кетер еді. Біз аман шықтық. Әрине, ақылға симас шығынмен, бірақ жаңа күнге жеттік. Осы ұлы езгі, ұлы тепкі ізсіз кеткен жоқ. Қимасымыздан айырылдық. Қазақтың мың жыл бойы аялап көркейткен шадыман дәулеті – өзінің адамгершілігі еді. Жауының өзі мойындаған биік кісілігі еді. Міне, сол адамгершілік, сол кісілік кенересінен төмен түсті. Фазиль Искандердің айтқаны бар, «Намысы, ары тапталып, абыройы төгілгендер бірін-бірі жек көреді. Себебі, олар бір-бірінің айнасы іспетті. Осыдан келіп халықтың кісілік салттары төмендейді» («Обесчещенные ненавидят друг друга. Каждый зеркало для другого. Отсюда грубость нравов») деп. Қазақтың бір-біріне деген пейілінің азайғаны осы ақылға симас қорлаудың салдары. Қазақ есеңгіреп қалған. Алтын тақта отырып өзінің патша екенін ұмытып кеткен, құлға құрмет қылған. Белшесінен алтынға батып отырып, өзінің бай екенін ұмытып кетіп, қайыршыдан ақша сұраған. Ұшан дарияның жағасында отырып шөлдеп, ішетін су іздеген халықпыз. Бақыт пен байлық қол созым жерде екенін, мінез өзгерсе – тағдырдың да өзгеретінін  білмейміз. Жүсіп Баласағұн, осыдан мың жыл бұрын, өзінің «Құдатғу білігінде» бақыт пен байлыққа жетудің амалдарын айтып кеткен. Сол «Құдатғу білік» ешқайда кеткен жоқ. Сол «Құтадғу білік» қазақтың өз қолында, жүрегінде, қанында. Жүрегінің терең түкпірінде жатқан сол кітаптың тымқұрмаса алғашқы он бетін оқыса да жеткілікті. Әрине, ерте ме-кеш пе, қазақ бұл тығырықтан шығады. Бірақ, жоғарыда мен айтқан сананың сырқатынан арылу үшін бірнеше ұрпақ алмасуы керек. Қасқа жол сонда ашылады. Өкініштісі, біз ол кезде болмаймыз.

Екеуміз де үнсіз қалдық.

–                Сіз менімен қоштасып отырған сияқтысыз, – дедім мен.

–                Иә, қоштасып отырмын, – деді Асекең. – Біздің ұрпақ, біздің ел, бұ дүниеден ақырындап кетіп жатырмыз. Әне, Бәтима апаң кетті. Араға үш жыл салып Төлеген ағаң кетті. Міне, мен де аттанайын деп отырмын. Бірақ сен жалғызсырама. Зейнолла мен Төкен бар. Төкен қырсықтау, бірақ қырсықтығының ар жағында үлкен жүрек бар. Ал Зейнолла… тұрған бойы мейірім ғой. Екеуі сенің ағаң ғана емес – достарың. Оларды түсінуге тырыс. Бұның сыртында өзіңнің замандастарың, өз елің бар емес пе.

–                Мен  сізді ешқашан ұмыта алмайтын шығармын, – дедім мен.

–                Рахмет, – деді Асекең сәл мұңайыңқырап, – Адал көңілің үшін. Бірақ… небір дегдарлар мен кемеңгерлер өлгенде де қазақтын шаңырағы ортасына түскен жоқ. Біз Мұхаңның да өлгенін көрдік. Сәбең мен  Ғабеңнің де дүниеден қалай өткенін көрдік. Қамықтық. Бірақ еңсемізді көтердік. Себебі ағаның өлімі ініге жаңа міндет артады . Егерде сендер біз бұл фәниден кеткеннен кейін қырық жыл қайғырып, дүниеден баз кешіп кететін болсандар,онда нашар шәкірт  болғандарың. Өлген өледі, тірі кісі тіршілігін істейді. Ең бастысы  – іс ары қарай жалғасуы керек.

Кенет… бағанадан бері ауырсына бүгіліңкіреп отырған адам шалқая бере күлген. Баяғы Асекең алдымнан жарқ етіп шыға келді. Ауыру оның тәнін қорлағанымен, жаны мен рухын қорлай алмапты.

– Мен Фазиль Искандерді жақсы көрем, – деді ол күліп болып, көзінің жасын сүртіп, – Пайғамбар. Совет одағында өмір сүрген, дәлірек айтқанда өмір сүруге  мәжбүр болған Карлейль. Абхаз халқының Карлейлі. Мәскеуге қанша рет барып жүргенде онымен таныса алмағаныма өкінемін. Сол Фазиль Искандердің керемет сөзі бар, «Еңбек еткеннен гөрі, қасірет шеккен оңай. Бүкіл Россия – ол ішкіш Гамлет» («Страдать проще чем созидать. Вся Россия – это пьющий Гамлет») деп. Солар сияқты болмаңдар. Қасірет шегу – еңбек етпеудің амалына айналып кетіп жүрмесін.

Бәрі де баяғыдай. Ауырмағандай. Қиналып азап шекпегендей. Жарқылдап күліп шығарып салған.

Бұл 1992 жыл, қыстың ортасы еді.

…Басымнан өткен бір таңғажайып оқиға. 1997 жылдын көктемі. Қазақ-түрік «Заман-Қазақстан» газетінде қызмет істеймін. Бір күні түскі үзілісте «Юбилейный» гастрономына бардым. Көр – жерді ақтарып турғанымда ту сыртымнан бір адам келіп, «Мынаның бағасы жазылмапты ғой»  деді.

Жалт бұрылып қолымдағы затымды түсіріп ала жаздадым. Алдымда… Асқар Сүлейменов тұр еді. Ұқсастықтың эффекті қорқынышты нәрсе. Ол адамның осыдан бес жыл бұрын дүниеден өткенін есіме әрең түсірдім. Бойымды әзер түзедім.

– Сізге не болды? – деді алдымда тұрған адам.

– Ештеңе болған жоқ, – дедім сасып қалып, – Кешіріңіз.

Ол таңқалғандай иығын қиқаң еткізіп, сөреде үйіліп жатқан пакеттерді ақтара бастады. Зер сала қарап алдымда тұрған адамның Асекеңе ұқсайтын-ұқсамайтын белгілерін пайымдадым. Асқар аға талдырмаш, жарау адам еді. Кейнгі жылдары шашы буырыл тартқан еді. Мына адам еңсегей бойлы, денелі, самайын қырау шалғанымен шашы көмірдей қара екен. Бірақ бет-әлпеті, орақ мұрны, үстіңгі ерні бүріліңкіреп тұратыны, Асекеңнен айнымайды. Адам мен адам осынша ұқсас болады екен. Артынан ілесе жүрдім. Кассада бөгеліп қалмас үшін ештеңе алғам жоқ. Мен оны Панфилов пен Гоголь көшелерінің қиылысқан жерінде қуып жеттім, жаңадан амандасып жөнімді айттым. Жол көрген адам екен, бәрін түсінді. Сол жерде таныстық. Ұлты гагауз болып шықты. Молдавиядан көшіп келген.

–    Қазақ тілін жақсы біледі екенсіз, – дедім мен.

Жаңа танысым күлді.

– Мен гагауз тілінде сөйлеп тұрмын.

Мен де күлдім, бірақ дауласқам жоқ.

– Ол ағаңыз қазір қайда? – деді жаңа танысым.

– Бұл дүниеде жоқ, – дедім мен, – Қайтпас сапарға кеткен.

– Түсінікті, – деді ол.

Содан соң қолын жайды.

– Өкінішті, әрине. Бірақ бәріміздің баратын жеріміз сол ғой.

Қолын ұсынды.

– Жарайды, сау болыңыз, аман болыңыз.

-Өзіңіз де аман болыңыз, – дедім қолын қысып тұрып.

Бұрылып жүре берді. Иллюзия болса да, баяғы аға-іні пейілді қайта кештірген бұл бейтанысқа риза едім. Ту сыртынан қолымды бұлғадым…

Асқар Сүлейменовтың өзім естіген және ел есінде қалған қанатты сөздері мен мысқыл әнгімелері:

Асқар Сүлейменов оптимист еді. Маған да осы мінезі жұқты. Сол себепті бұл хиқаяны мұңлы нотада аяқтағым келмейді.

Асқар Сүлейменовтың өз таланты мен білімінен айтқаны бір бөлек те, әңгімешілдігі бір бөлек болатын. Әсіресе ертегіні, мысал әңгімелерді тамаша айтатын еді. Өзінің бұйығылау қоңыр даусымен жай бастап, көзі бір тұнжырап, бір күліп, жүзі құбылып, әрбір кейіпкердің рөлін өзі ойнап ертегіні баян еткенде, соңында ұлы нақылды қорытып, «сондай да сондай кеп болған екен» деп аяқтағанда ішкі дүниеміз сауығып, қуанып қалатынбыз. Ал оның мысқылдап айтқан қанатты сөздері бір төбе. Асекең шын  тілектестікпен, пейілмен, бірдеңе үйренсем деп келген адамның сауалына жақсылап ойланып жауап беретін. Бірақ ақылдыңың ұлағатын тыңдау үшін емес, қиястықпен, дұшпандық ниетпен салғыласуға, қолдан келсе мазақ қылуға келетін адамдар да болатын.

Бұндайлармен Асқар ағаның сөзі қысқа болушы еді. Шатақ, жанжал іздеп келгеннің сауалы айтылып болғанша Асекеңнің жауабы да дайын тұратын. Мейманасы тасып өңмендеп келген наданды бір-ақ ауыз сөзбен өзінің тиесілі орнына отырғызғанын талай көрдік.

1991 жылғы  ГКЧП-ден кейін «Қаламгер» кафесінде отырғанымызда жанымызға  бір адам келді. Қартаңдау болғанымен Асекеңмен тұстас болып шықты. Аз-кем отырғаннан кейін Асекең жымиып күліп алып сол адамға қаратып әңгіме бастаған.

–                Осы сен баяғыда қандидаттықты қорғағанда, диссертацияңда «поэма-жауынгер жанр» деген бір сөз бар еді ғой. Сол есімде қалып қойыпты.

–                Иә, оны неге айттың? – деді қонақ.

–                Ол кезде айтуға болмайтын, – деді Асекең күлмей. – Міне, енді Совет өкіметі құлады. Енді айтуға болады. Поэма ешқашан жауынгер жанр болған емес. Жауынгер мүлдем басқа.

–                Сонда ол жауынгер кім? – деді қонағымыз күліп.

–                Анекдот, – деді Асекең.

–                Қойшы, сен де, Асқар, – деді қонақ жымиып, қолын сермеп, – Айта бересің, әйтеуір.

–                Сенбесең, түсінбесең айтайын, – деді Асекең, – Совет заманында әдебиет идеологияға қызмет қылды. Роман, повесть, әнгіме, поэзияның барлық жанрлары – хаммасы советтік системаны жырлады. Бірақ қашан болсын шындықты айтып, системамен қайыспай күрескен жалғыз жанр, шын халықтық жанр – анекдот еді. Мен қалжындап отырғам жоқ. Совет өкіметтін құлатқан Горбачев та, Ельцин де емес – анекдот.

Отырғандар ду күліп қол шапалақтаған. Қонақ күліп, басын шайқап төмен қарады.

80-ші жылдары аты қауырт шыққан, бірнеше жыл бойы шығармалары культке айналған бір жазушы болды. Барды құрдымға кетіріп, жоқтан тұлға жасайтын біздің әдеби сынның еңбегінің нәтижесі еді бұл культ. Бірде Бәтима шешеміздің мол дастарханында отырғанымызда сол жазушының табынушы-поклонниктерінің бірі қараптан қарап Асекеңе ұрынған.

– Осы сіздер, әдебиетшілер, көре алмайсыздар ма, әйтеуір осындай ұлы құбылыстарды елемейсіздер, – деген еді танаулап, – Қолдан келгенше мұқатқыларыңыз келіп, атын өшіргілеріңіз келіп тұрады.

Содан соң өзі табынатын жазушысының атын атап, соған бастарыңды иіңдер деген алабөтен талап қойған.

– Сен закускілемей ішкенсің-ау, – деді Төлеген аға күліп, – Қой, бауырым. Сенің ол классигің мақтаудан кенде болып жатқан жоқ қой.

– Оның гений екенін мойындамайсыздар ма, а? – деді поклонник орнынан тұрып, Асекеңе қарап, – А ну, шапки долой!

Осы уақытқа дейін үнсіз отырған Асекең бейбастақ қонақтың бетіне тұнжырай бір қарап алып баяу тіл қатқан.

– Гений екенін мойындаймын. Шляпаны шешемін. Бірақ өзімдікін емес – сіздің шляпаңызды.

Қонақ сылқ етіп орнына отыра кетті. Содан соң бір болмашы сылтауды айтып кетіп қалған.

Зейнолла ағадан естіген әңгімем. Ұлттық тарихты жоққа шығару, ұлттық мәдениетті былғау ғылыми атақ-абыройға жетудің, мал табудың кәсібіне айналған кер заманда болған оқиға екен. Сондай қорлық тақырыпта диссертация қорғап, Мәскеуден дипломын алып, күші бойына симай тұрған бір жас ғылым докторы көңіл көтермек болып «Қаламгер» кафесіне келеді. Зейнолла ағамен көзтаныс екен, солардың үстеліне келіп отырыпты. Сөзден сөз шығып, ақырында қызыңқырап қалған доктор, – Қазақ кеше кім еді? Құл-құтан еді. Міне, бүгін теңдікке жетті. Осының бәрі социализмнің арқасы, – дейді.

Асқар Сүлейменов доктордың бетіне, тұнжырай қарап, аз отырып баяу ғана тіл қатыпты.

– Сіз үшін қуанып отырмын. Біздің жанымызда отыруыңыздың өзі сіз сияқты адамның шынында да теңдікке жеткендігі емес пе?

Меңірейіп отырып қалған қонақ бір кезде ышқынып қалып үстелді жұдырықпен бір қойыпты.

– Байқаңыз, – депті Асекең жайбарақат, – Мынау социалистік үстел мен социалистік стақандарды сындырасыз.

Доктор қып-қызыл болып орнынан көтеріліпті.

– Ах, атаңа нәлет! – депті тістеніп.

– Менің атама нәлет жұқпайды, – депті Асекең, – Рикошет дегенді естуіңіз бар ма? Тасқа тиген оқ кері қарай ұшады. Байқаңыз, нәлетіңіз өзіңізге қайтып келіп жүрмесін.

Доктор жігіт қолын бір сілтеп, барға барып, биік орындыққа отырып алып, нәр сызбай арақты жөппелдеме іше беріпті. Тоқтаусыз ішкен арақ ақырында буынына түсіп, жүре алмай қалғанда бір таныстары жолығып арқалап алып кетіпті.

Көрінген жерде өлең оқып, әркімге арақ алдырып ішіп жүретін ақымақтау, арсыздау бір ақынсымақ бар еді. Бірде «Қаламгерде» отырғанымызда біздің үстелімізге екі-үш рет келіп өлең оқыды. Әңгімеміздің бөліне бергенін жақтырмай қалған Асекең «Гениально» деді естілер-естілмес етіп. Жаңағы жігіт қуанып кетті.

– «Гениальный» дейсіз бе? – деді ыржалаңдап, – Рас айтасыз ба?

– Мен «гениальная глупость» деп айтқым келіп еді, – деді Асекең, – Сколько стоит ваше отсутствие?

– Не дейсіз? – деді дым түсінбеген жігіт.

– Ұғыспадық, – деді Асекең тұнжырап, – Сіздің мына жерде жоқ болуыңыз, мына жерде болмауыңыз қанша тұрады? Бір жарты арақ алып берсем кетесіз бе?

Осы кезде достары келіп, бізден кешірім сұрап, «ақынды» сүйреп алып кетті.

– Пушкин айтқан ғой, «Поэзия әпенделеу болуы керек» («Поэзия должна быть глуповатой») деп, – деді Асекең күліп басын шайқап, – Бірақ ақынның өзі дурак болмауы керек қой.

Отырған жұрт, бір сағат күлдік.

Бірде бір отырыста, Мәскеуге барып докторлық диссертациясының тақырыбын бекіте алмай тауы шағылып қайтқан ғалым жігіт, ғылымдағы ахуалды айтып, күйзеліп ұзақ сөйлеген.

– Ұлттық тақырып қалай майласаң да, қалай бүркемелеп астарласаң да өтпейді екен, – деген еді ғалым, – Жас болдық. Әуелі атақ алып, табан тіреп алу үшін социалистік тақырыптан қорғадық. Арада қанша уақыт өтті, енді сөзімізді өткізе алатын шығармыз деп ұлттық әдебиет, ұлттық тарих мәселесін көтермек едік. Сөйтсек баяғы жартас, сол жартас. Мызғымайтын  тас қабырға екен.

Асекеңнің сол адамға пейілді екені байқалды. Кеш бойы соны жұбатып сөйлеп отырды. Сондағы айтқан бір сөзі есімнен кетпейді.

– Тас қабырға деген не тәйірі, білімің жетсе ондай қабырғаны сүзіп құлата салу түкке де тұрмайды, – деген еді қорқордың хош иісін аңқытып отырып, – Ал сол қабырға кірпіштен емес, совет академиктерінің маңдайларынан қаланып жасалса, онда бітті дей бер. Ондай қабырғаны сен түгілі бульдозер құлата алмайды. Ол аз десең айтайын, сол қабырғаның астына атом бомбасын қойып жарсаң, түтін сейілгеннен кейін қарасаң сол қабырға әлі тұрғанын көресің.

Осыдан кейін ғалым жігіт көңілденіп, кеш бойы жарқылдап күліп отырды.

Бірде сол 70-ші жылдардың аяғы мен 80-ші жылдардың басында аяқ астынан классик атағына жеткен жазушының кезекті гонорары әңгіме болған. Баспада істейтін бір адам аузын ашып, көзін жұмып көргенін баян еткен.

– Астапыралла, – деген жағасын ұстап отырып, – Жалақы алатын күніміз еді, барлығымызды былай ысырып тастап, жиырма бес мың сомды кірпіш құсатып тұрып қолына ұстатты ғой. Бір қап ақша болды. Жанында екі күзетшісі бар, алды да шығып жүре берді.

Елдің күйзеле бастаған кезі еді. Ауылдан келген бір адам күле сөйлеген.

– Орташа семья жиырма бес жыл азық қылатын ақша ғой.

– Өзінің несібесі ғой, – деді Төлеген аға жымиып.

– Бұл, ақшаға деген құрметтің жойылғандығын көрсететін белгі, – деді Асекең, – Пример явного неуважения к деньгам.

Сол отырғандар Асекеңнің осы сөзін ұмытпай, талай жерде айтып жұртты күлдіріп жүріпті.

Айтысқа қатысып жүретін бір ақын болып еді. Домбырасының бұрауы бір бөлек, өзінің даусы бір бөлек болғандығымен аты шыққан. Және домбыраны апта емес, ай емес – жылдар бойы осылай «тартып» жүре беретін. «Осының құлағын аю басып кеткен бе, дыбысты қай жерімен естиді» дегендерге, Асекең «Сендер түк түсінбейсіңдер, домбыраға ілеспей жылдар бойы өз бетінше ән айтып жүру – бұл естудің басқа бір түрі. Бұл таланттың беймәлім түрі» деп «тойтарыс» беретін. Көп адам бұны Асекеңнің мысқылы екенін түсінбей, «қойыңызшы, сіз де айта бересіз» деп өкпелеп жүретін. Бір күні дастархан басында отырып сол ақын, – Кеше менің басыма бір гениальный ой келді, – деді алабұртып.

Оның өресін, «талантының» «деңгейін» жақсы білетін Асекең әдетінше тұнжырай жымиып алды да:

– Сіз өйтіп алданбаңыз, – деді шылымын тұтатып жатып, – Ол, адасып кетіп басқа есіктен басқа бөлмеге кіріп кеткен ой болуы әбден мүмкін.

Ақын меңірейіп отырып қалды. Асекеңнің бұл мысқылы да қанатты сөзге айналып елге тарап кетті.

Пиарды, ештеңе тындырмай танылу өнерін жете меңгерген бір «жазушы» өзінің кезекті бір «романын» Асекеңе әкеліп беріпті. Асекең Төлеген ағаға телефон шалса онда да ол шығарма бар болып шығады. Содан соң Асекең Зейнолла ағаға телефон соғады. «Жазушы» өзінің «романын» ол кісіге де сыйға тартқан екен. Пікірін сұраса, Зейнолла аға, – Нашар. Суын сығып көріп едім мұқабасынан басқа ештеңесі қалмады. Өзі, рецензия жазсаңыз деп емеурін білдіріп отыр. Адамның күлкісі келеді екен, – депті.

– Маған да сондай намёк тастады, – депті Асекең, – Менің кім екенімді ұмытып кеткен болуы керек.

Бірнеше күннен кейін, «жазушы», Асекеңді ресторанға шақырады. Сонда Асекең, – Бауырым, сен ресторанға қонақ қылып, құрмет көрсетіп адамның мысын құртқың келеді. Айтайын саған, бұның ешқайсысының керегі жоқ. Жазушы жақсы шығарма жазса – басқа адамдарға, өзінің халқына жасаған құрметі сол болады, – деп телефонды тастай салыпты.

Өзін «отец нации» – ұлттың әкесі етіп тағайындап алған бір «классик» сахнада сәнденіп сөйлеп тұрғанда, Асекеңнің жанында отырған бір жас әдебиетші, – Осы кісі өзінің позаларымен адамды шаршатып бітірді. Өзінің қандай күлкілі екенін шынында да білмейтін болуы керек, – депті.

Сонда Асекең әдетінше жымиып алып, – Өзінен ұлттың әкесін сомдап шығарғысы келеді, бірақ құрылыс материалы аздау болып тұр, – деген екен.

– Сын, ғылыми полемика, тағы басқа дау-дамайдың бытысқан-шытысқан терминологиясын алып тастасаңыз, оппоненттердің бір-біріне тек жау екенін ғана көресіз. Полемика, әсіресе қазақтың полемикасы – ғылыми, эстетикалық, тағы басқа, тиісті салалық ұғымдармен боялған жаулық қана, – депті Асекең.

Жыл сайын кітап шығаратын бір жазғыш «мені елемейді», «мен туралы ешкім жазбайды» деп сыншыларға өкпелі екен. Бір жиында сол адам Асекең жаққа қоқиланып бір қарап алып: «Сыншыларға түкірдім. Мен әлем (!) әдебиетінде өз жолымды салып келе жатқан жазушымын. Менің атымды, менің ізімді ешкім де өшіре алмайды», – дейді.

Бұл, ауаға айтылғанымен өзіне арналған сөз екенін ұққан Асекең мейірлене (!) жымиып алып: «Әдебиетте жол салу мен әдебиетті былғап кету, екеуі екі басқа нәрсе. Сіздің айтып отырғаныңыз қандай із?» – депті.

Мәскеуден келген орыс жазушысы дастархан басында отырып, – Совет одағында алкоголиктер неге сонша көп? – дейді.

– Біз жеңістен жеңіске жеткен қоғамбыз, – депті сонда Асекең, – Ал жеңіс адамды мас қылады. Сол себепті бізде мас адамдар көп.

Қонақ күліпті.

– Жоқ, Асқар, менің айтайын дегенім, біз неге арақты сонша көп ішеміз? – депті содан соң.

Сонда Асекең, – Тіске басатын нәрсе болса, халықтың арақ ішіп несі бар («Было бы чем закусывать, да разве народ наш стал бы выпивать») депті.

Бұл азық-түлік азайып, советтік жүйе шайқала бастаған кез екен.

Айта берсе әңгіме көп. Мен Асекеңнің қанатты нақылдарын, мысқыл әңгімелерін көп жинаппын. Әлбетте, бұл бір мақалаға симайды. Алайда, Асекең айтқан, ұлттың мәдениетіне, оның болашақ тағдырына тікелей қатысы бар тамаша бір ғақлия-ертегіні жаңғыртпай кету күнә болар еді. Сонымен, құлақ салыңыз, құрметті  оқырман:

– Ел билеген падиша, кемеңгер Қожанасырды сарайға алдырып өзінің ұлы, болашақ тақ мұрагеріне тәрбиеші – атабек қылып тағайындапты. Қожекең сол баланы тәрбиелеп кәмелетке жеткізгеннен кейін падишадан рұхсат сұрап, қоржынын арқалап ел кезіп кете беріпті. Арада біраз жыл өтеді, падиша өліп, таққа баласы отырады. Ол әкеден қалған үлкен жұртты билеп, қазынадағы малды төгіп-шашып, күндіз-түні  ойын-сауықпен жүре беріпті. Күндердің күнінде шараптан да, әнші-күйшіден де, қисапсыз кәнизактан да жалығады. Содан ойланып отырып, апыр-ау, менің Қожанасыр деген ұстазым болып еді ғой. Жетелеп жүріп қанша ұлағат айтып тәрбиелеген, көп нәрсеге көзімді ашқан данышпаным еді ғой. Аман ба екен, тірі ме екен. Қой, одан да мен оны таптырып, сарайға алдырып мәжілісін тыңдайын дейді. Сонымен жер-жерге Қожанасырды іздеттіріп шабарман аттандырады. Шабармандар шапқылап жүріп Қожекеңді Үнді патшасының сарайынан тауыпты, падишасының сәлемін айтыпты. Қожанасыр жарайды, сіздер қайта беріңіздер, артыңыздан мен де жетем дейді. Шабармандар қайтып кетеді. Қожекең іле-шала жолға шығып, өзінің шәкірті билеп отырған патшалыққа келеді. Бірақ сарайға бармай ел ішін аралап, халықтың аужайын түйеді. Содан аз жүріп, көп жүріп сарайға да келеді. Өзі жаяу, жетегінде есек, қолында екі тор. Біреуі темір тор, ішінде шымшық, екіншісі алтын тор, ішінде тотықұс. Падиша Қожанасырды тақтан түсіп қарсы алады, құрметтеп төрге отырғызады, алдына алтын табақпен небір дәмді қойғызып, нешетүрлі ойын-сауық көрсетеді. Кеш соңында, ал халайық, мынау адам менің ұстазым, енді осы ұстазымның мәжілісін тыңдайық дейді. Сонда Қожекең ортаға алып шығып есектің алдына кітап қойыпты. Есек кітапты ашып, әр беттің арасындағы жемді тауып жеп, ақыры кітапты парақтап бітіріпті. Содан соң алтын торды ақ шүберекпен жауып қойып сөйлегенде, тотықұс Қожанасырдың сөздерін адамша қайталап шығыпты. Ендігі кезек шымшықта. Қожекең торды ашқанда шымшық сыртқа шығып, қолдан жем жеп содан соң торға қайта кіріп кетіпті. Ешкім ештеңе түсінбейді. Шәкірті: қадірлі мұғалім, мәжілісіңіз осы ма дейді. Иә, осы, дейді Қожекең. Тек падиша ғана бір қызарып, бір сұрланып үнсіз қалыпты. Түн болады. Осы түн ішінде жеке бөлмеде жатқан Қожанасырға падишаның жасауылы келіп, сізді әміршім шақырып жатыр дейді. Қожекең басындағы сәлдесін тарқатып, бүктеп қолтығына қысып шәкіртінің алдына келеді. Ұстаз, сәлдеңізді неге тарқатқансыз деп сұрайды падиша. Сонда Қожанасыр, сіз мені өлімге бұйырдыңыз ғой, сондықтан кебінімді дайындап келдім депті. Иә, ұстаз, депті падиша, алғашында өлтіргім келді, бірақ артынан ойлап отырып сіздің айтқаныңыздың ақиқаттығына көзім жетіп, ойымнан айныдым. Менің жанымда отырған уәзірлерім мен үлемдерімнің барлығы кітап оқи алатын есектер екен. Мен алтын сарай – алтын торда отырған тоты құс екенмін. Есектер мені ертегі айтып ұйықтатып қойған екен. Ал менің халқым темір торда отырған, торды ашқанда да ешқайда кете алмайтын, барар жер, басар тауы жоқ сорлы шымшық екен. Енді шын ұстаз болсаңыз, мен не істеуім керек, осыны айтыңыз дейді. Сонда Қожанасыр, егер сөз тыңдасаңыз айтайын дейді. Айтыңыз, іркілмеңіз дейді падиша. Қожанасыр айтыпты, ең әуелі мына жаныңыздағы есектерден құтылыңыз, әр әулеттен бір-бір уәзір сайлаңыз, бірақ олар сізбен құрдас болып, қазынадан ішіп-жеп алтын сарайда отырмасын, тізгіні де, несібесі де елден болсын. Сонда сіз еліңіздің ахуалын біліп отырасыз. Сарайдағы ақылшы үлемдерді, сіз, кітапты көзбен көріп емес, жүрекпен көріп оқитын шын білімділерден жинаңыз. Міне, осылай еткенде еліңіз бай болады, қуатты болады, ал еліңіз бай-қуатты болса сіздің тағыңыз да биіктей түседі дейді. Падиша осы айтқандарды орнына келтіріп, ақырында әлемдегі ең әділетті патша атаныпты, маңайдағы әміршілердің барлығы оның атынан айбынып тұратын болыпты.

Осы ертегіні айтып болып, кемеңгер Асекең қорқорының хош иісін аңқытып аз-кем отырып сөзін сабақтайтын.

– Хат танитын, кітап оқи алатын есек – ең қорқынышты, ең қатерлі жау. Осындай есектерді көбірек оқытып ел ішіне жіберсеңіз болды, одан соң олар ешқашан құрымайды. Есектерде керемет интуиция бар. Олар ақылды, білімді адамды бірден таниды. Ақылды, білімді адам олардың болашағына, олардың ұрпағына қауіп төндіретін қатерлі адам ғой. Сондықтан олар қоймай жүріп сол адамның түбіне жетеді. Есектерде керемет «дәстүр» сабақтастығы, болашақты, келешекті көздеген керемет қам-қарекет бар. Олар жас ұрпақты қарап отырып, сұрыптап отырып, болашақта тамаша есек болатын қодықты жазбай таниды, жаңылмай табады. Күндердің күнінде, кәрі есек әулеті дүниеден көшкенде, қарасаң, олардың орнын басып, барлық тұтқаларда, күші бойына симай тепсінген жас есектер отырады. Ақырында елдің бүкіл жүйесі осылардың қолына көшеді. Одан кейін ол елдің ешқашанда көсегесі көгермейді, ол елдің ешқашанда ісі алға баспайды.

***

Қаламымды үстел үстіне қойып сағатқа қарадым. Түнгі он бір. Терезені аштым. Сырттан кірген суық ауаға бетімді тостым.

… Осы хикаяны жазып бітіргенімше басымнан тұтас бір дәуір өтіп аяқталыпты. Баяғыда тылсымға сіңген қасиетті тұлғалар, ізгі аруақтар, барлығы келіп, менің үйіме қонақ болып кетіпті. «Тәмәм» дедім, – аяз буып шытынаған Астананың түнгі аспанына қарап тұрып. – «Тәмәм».

 

«Алматы ақшамы» газеті

Exit mobile version