arasha.kz

Жаңа кітап: Посткеңестік 15 елдегі мемлекеттік басқарудың эволюциясы: трансформацияның түрлілігі

Әлемге әйгілі Palgrave Macmillan баспасында «Посткеңестік 15 елдегі мемлекеттік басқарудың эволюциясы: трансформацияның түрлілігі» атты бірегей еңбек жарық көрді

Бұл – алғаш рет посткеңестік барлық 15 елдегі мемлекеттік басқару реформалары мен даму көрсеткіштерін салыстырмалы талдауды қамти отырып, мемлекеттік басқару трансформациясын зерттейтін ауқымды еңбек. Кітап – барлық 15 елден, мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет реформаларына тікелей ат салысқан 25 ғалым және практиктердің екі жылдық бірлескен жұмысының нәтижесі.

Кітап Астана мемлекеттік қызмет хабы Басқарушы комитет төрағасы Алихан Байменов пен халықаралық сарапшы Панос Ливеракостың редакциялауымен жарық көрді. Бұл жұмыстың рецензенттері – мемлекеттік басқару ғылымы патриархы, АҚШ-тағы бірқатар реформалар басында тұрған, профессор Честер Ньюланд, Корея Республикасының бұрынғы Адами ресурстар министрі, профессор Пан Сук Ким және Сингапурдағы Халықаралық мемлекеттік басқару орталығының бұрынғы басшысы, танымал сарапшы Макс Эверест Филлипс.

Ғалымдар бұл басылымның бірегейлігі мен өзектілігін атап өтуде. Мәселен, профессор Ньюланд: «Бұл – бұрынғы кеңестік әрбір 15 республиканың әрқайсысындағы отыз жылдық трансформация жайлы алғашқы кәсіби зерттеу… Кітап білімді тереңдетеді әрі осы мәселелерді өмірлік тұрғыдан түсінуге ықпал жасап, бұл оны оқуға пайдалы етеді», – деп жазған. Кітапқа алғы сөзді БҰҰ Бас хатшысының көмекшісі, БҰҰДБ-ның Еуропа және ТМД елдері бойынша Өңірлік бюросының директоры Мирьяна Сполярич Эггер жазған.

Өзі 600-дей беттен тұратын кітапта 16 тарау болса, оның 15-де әр елдегі мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызметті қайта құру траекториясы егжей-тегжейлі қаралып, реформаларға салыстырмалы сараптама жасалынады. Қазақстанға арналған тарау «Прогресс және оның парадокстары» деп аталады. Оны Алихан Байменов, сарапшылар Мақсұт Өтешев және Гүлімжан Сүлейменова жазған.

Жалпы, кітап посткеңестік кеңістіктегі әкімшілік жүйелер дамуы бойынша зерттеулердің жеткіліксіздігіне байланысты мемлекеттік басқару ғылымындағы ойсыраған орынды толтыруға бағытталған. Қазіргі таңда кітап электронды түрде мына сілтеме бойынша https://link.springer.com/book/10.1007/978-981-16-2462-9?sap-outbound-id=035DBE58D8EF66DDDBF9CD7F923E30EDF10226A3 қолжетімді, сонымен қатар оны Amazon желісінде және Palgrave Macmillan баспасына тапсырыс беру арқылы алуға болады.

Exit mobile version