Бүгін Алматы қаласында белгілі қазақ жазушысы, журналист және қоғам қайраткері Еркінбай Әкімқұловтың құрметіне мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі өтті. Еркінбай Әкімқұлов 1994 жылдан 2019 жылға дейін осы үйде өмір сүріп, шығармашылығын дамытқан. Оған арналған мемориалдық тақта жазушының халық жүрегіндегі орнын айқындап, оның шығармашылық мұрасына көрсетілген құрметтің белгісі болды. Шараға қала әкімшілігінің өкілдері, зиялы қауым, жазушының туыстары мен әріптестері қатысты.
Жазушының өмірі мен шығармашылығы
Еркінбай Әкімқұлов 1937 жылы Отырар өңірінде дүниеге келген. Оның жастық шағы Ұлы Отан соғысы мен соғыстан кейінгі қиын-қыстау кезеңге тап келді. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі Кенжехан Ісләмжанұлы Матыжановтың айтуынша, жазушының өмір жолы күрделі тағдырға толы: «Бұл кісі тағдырлы жазушы. 1937 жылы ел қиындықта болған заманда дүниеге келді, оның балалық шағы соғыс жылдарына тұспа-тұс келді. Соған қарамастан, ол өзінің тағдырын өзі жасап, қазақ әдебиетінде өзіндік орнын қалыптастырған тұлға болды», – деп атап өтті ол.
Еркінбай Әкімқұлов қазақ әдебиетіне ерекше үлес қосқан қаламгерлердің бірі. Оның шығармаларында адамгершілік, адалдық және өмірге деген құштарлық сезімі бейнеленген. Көпшілік сүйіп оқыған «Қош бол, альбом» және «Перизат-дүние» сияқты туындылары жастар арасында кең танымал болды. Кенжехан Ісләмжанұлының айтуынша, бұл шығармалар сол кезеңдегі жастардың рухани өміріне үлкен ықпал етті.
Мәдениет басқармасының қолдауы
Шара барысында Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Мереке Абдешұлы сөз сөйлеп, қала әкімшілігінің Еркінбай Әкімқұловтың мұрасын сақтау мен ұлықтауға деген ықыласын білдірді. Ол Алматы қаласы әкімдігінің бұл бастамасы зиялы қауымның қолдауымен жүзеге асқанын атап өтіп, мәдениет пен өнер саласының үлкен жанашыры Ғани Айдарұлы Майлыбаевқа алғысын білдірді. «Еркінбай ағамыздың есімі Төлебаев көшесінде жарқырап тұратын болады. Оның әдебиет пен журналистикадағы еңбектері халық жадында мәңгі сақталады», – деді Мереке Абдешұлы. Бұл сөздерден Алматы қаласының басшылығының қаламгер мұрасына деген зор құрметі мен қазақ әдебиетін дамытуға деген қолдауы айқын байқалады.
Бұл мемориалдық тақта Алматының дәл орталығында орналасып, Еркінбай Әкімқұловтың жарқын бейнесін еске салып тұратын болады. Алматы қаласының мәдени өмірінде маңызды оқиға болып саналатын бұл шара – жазушының есімін мәңгі есте қалдыруға арналған қадам.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024