24-09-24 |
7940 рет қаралған
Дәстүрді дәріптейтін байқау.
Дәстүрді дәріптейтін байқау

Отбасы құндылығын дәріптейтін орталықтардың, бірлестіктердің көп болғаны жақсы. Себебі бұл ұлтты сақтау үшін, ұлттық салт-дәстүрден қол үзіп қалмай, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыру үшін керек.

Мысалы 2019 жылдан бері қазақы тәлім-тәрбиенің қайнары болып келе жатқан «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің аты көпшілікке етене жақын. Бұл бірлестіктің айналасына зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері топтасқан. Көпшілікті қазақша сөйлетуге, қазақтың көне дәстүрлерін жаңғыртуға, жастарға дәстүрді танытуына сүбелі үлес қосып келе жатқан бірлестіктің қоғамдағы орны бөлек.

Ұлттық құндылықтарды насихаттауда, салт-дәстүрді танытуда түрлі шараларға ұйытқы болып, сан түрлі жиындардың басы-қасында жүрген аталмыш бірлестік кейінгі жылдары халықтық мұраларға деген сүйіспеншілікті оятатын, қызығушылықты арттыратын байқауларды да тұрақты өткізіп жүр. Жыл сайын Астана төрінде салт-дәстүрді жетік білетін жас отбасылардың қатысуымен өтетін байқаулар да сол игі істердің бір мысалы.

         Ұйымдастырушылардың айтуынша, алғашында байқау шартына қарап додаға қатысуға ниет білдіретіндер саны аз болмас па екен деген күмән болған. Алайда, байқау жарияланған сәттен елорда тұрғындарынан көптеген өтініш, ұсыныс түскен. Бұл қазақы тәрбиеге қанып өскен, салт-дәстүрге байланысты сауалдарға тиянақты жауап бере аламын деп санайтын өзіне сенімді отбасылардың көптігін көрсетеді. Ал дәстүрді білетін, салтты түсінетін отбасылардың күнделікті өмірде де өз тамырынан қол үзбей, балаларын ұлттық нақышта тәрбиелейтіні талассыз.

Шара барысында байқау талабына толық сай келетін 30 жас отбасы таңдалған болатын. Жарыс болған соң онда талас-тартыстың, өзара сайыстың болуы заңды. Қазақстың көне салт-дәстүріне қатысты түрлі сауалдар қойылғанда тосылып қалмай, үміткерлерден бұрын жауап бергендер байқаудың ақтық сынына іріктелді. Осы отбасылардың ішінде 9 жұп финалдық жарысқа шыққан еді.

Байқау шартына сай әрбір жұп  ең алдымен «біздің отбасымыздың өмірінен бір күн» атты 2 минуттық бейнеролик дайындауы керек болатын. Осы шағын бейнероликте жас отбасылар күнделікті өмірлеріне қазақы салт-дәстүрді қаншалықты ұстанатынын көрсетіп үлгеруі керек болды. Байқауға дейін дайындалған бұл бейнеролик отбасының бүкіл бітім-болмысынан хабар беріп, аз уақытта көп ақпарат ұсынуға тиіс болатын. Сонымен бірге, бейнеүзікте ұлттық құндылықтарға қатысты мағыналы, мазмұнды мәліметтердің қамтылуы талап етілді.

         Ал сайыстың екінші сатысында жас аналар ұлттық тағам дайындау шеберлігін көрсетсе, ер азаматтар шаруашылыққа қажетті заттарды жасап, өз қабілет-қарымдарын дәлелдеуге тырысты. Байқауға қатысқан келіншектер қолынан шыққан қарын бүрме, жент, қуырдақ, бауырсақ сияқты тағамдар қазылардың көңілінен шықты. Көшпенді халықтың сүйікті тағамдарын жарыса дайындаған келіншектерге пісіру процесін сатылап көрсетіп қоймай, тағамдар құрамын, оның маңызын, ас мәзірін көпшілікке ұсыну әдісін түсіндіру міндеттелді. Азаматтар болса қолөнерді қаншалықты меңгергендерін көрсетіп, жұртшылыққа қамшы, ертоқым, арқан, музыкалық аспаптар дайындау әдісін таныстырды. Сондай-ақ аң терілерін өңдеу арқылы жасалған өнімдер де көпшілік тарапынан жоғары бағаға ие болды.

         Сайыстың үшінші бөлімінде қатысушылар өздері туралы ақпаратты өлеңмен, әнмен немесе театрландырылған сахна арқылы таныстыруы керек еді. Көшпелі халықтың көркем шығармашылығы өте дамыған. Далада ақындар, импровизатор ақындар өте құрметтелді, олар өз әндерімен адамдарды қуантып қоймай, өз шығармаларында көшпенділер өміріндегі оқиғалар мен маңызды оқиғаларды айтып берді.

Сайыстың ең қызықты, ең шешуші кезеңі ұлттық тарих, салт-санаға қатысты викториналық сауалдарға жауап беру кезінде байқалды. Өлең жаза білу, ұқыпты жауап беру кемеңгерліктің белгісі. Бұл байқауда қатысушылар тарих, этнография, дәстүр, фольклор және мақал-мәтелдер бойынша дайындалған сұрақтарға жауап берді.

         Мемлекет және қоғам қайраткерлерінен құралған әділқазылар алқасына жеңімпазды іріктеу оңай бола қойған жоқ. Себебі, жас отбасылардың ешқайсысы осал емес еді. Содан болар, қатысушылар арасында өткен сайыстарды тамашалап, жанкүйер болушылар санында есеп болмады. Осындай үлкен бәсекелестік кезінде қазылар алқасына жеке жеңімпазды анықтау оңай болмады. Өйткені барлық қатысушылар жақсы өнер көрсетті. Дегенмен, таңдау жасалды. Байқаудың бас жүлдесін Самек отбасы жеңіп алды, бірінші орынды Ұлықпанұлы отбасы, екінші орынды Халат отбасы, үшінші орынды Қазиевтер отбасы иеленді. Көрермендер көзайымы сыйлығы Рашидовтар отбасына бұйырды.

Барлық жүлдегерлерге ұйымдастырушылар арнайы дайындаған кубоктар табысталды. Сонымен қатар, оларға ұлттық стильде жасалған ыдыс-аяқ сыйға тартылды. Конкурсқа қатысушы әрбір отбасына этнограф-жазушы Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабы, сондай-ақ «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің «қазақ тілінде сөйлейік» атты эко-сөмкесі сыйға тартылды. «Күретамырды» оқыған жастардың бабалары туралы толыққанды мәлімет жинап, қоғам болып қолдау көрсету маңызды.

Тұрар Шәкен – «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің басшысы.  Қоғам белсендісінің айтуынша, «Сот кабинеті» сервисі арқылы түйткілін шешкен Шәкеннің айтуынша, байқау өтпей тұрып, ел арасында оның дақпырты тез таралған. «Байқауды өткізсек деген ой үш жыл бұрын пайда болды. Алайда, бүгінгідей заманда бір шараны бір мезгілде ұйымдастырудың қаншалықты қиын екенін көпшілік жақсы біледі. Елімізде байқау аз емес. Ал біз осы шара арқылы ұрпақты дәстүрлі отбасылық құндылықтарға сай тәрбиелеу, сақтау арқылы рухани мәдениетімізді сақтауды мақсат еттік», – дейді тарихшы ғалым.

         Халықты ұлттық құндылыққа сай тәрбиелеу қазақтың тарихы мен тамырын терең түсініп, ұлттық тамақ, ұлттық қолөнер, ұлттық салт-сананы білуден тұрады. Байқау жас отбасылардың тәжірибесін көрсету арқылы қазақтың ұлт ретіндегі бірегей болмысын насихаттауды көздейді. Сайысты тамашалап, жас отбасыларға қолдау көрсеткен Астана халқы қазақтың өіне ғана тән бірегей табиғатына көз жеткізгені анық. Осындай рухани тұрғыдан берері көп, мазмұнды шараларды Астанада ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінде тұрақты ұйымдастырудан қтарымыз мол.

Фото: qazaly.kz

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.