arasha.kz

Этно ауылдар қазақтың табиғатын танытады

Қазақ еркін халық, ерекше ұлт. Оның болмыс-бітіміндегі өзгешелікті тарихына, тіліне, тұтынған затына, жасаған өнімдері мен ұсынған ұлттық тағамдарына қарап білуге болады. Ұлтты ұлт ретінде әлем халқынан даралайтын да осы қасиеттер.

Алайда, бүгінгідей өркениетті елдер мәдениеті мен болмысы айтарлықтай ықпал еткен заманда тәуелсіздігін енді алған, жас мемлекеттер үшін өз табиғатын сақтап қалу оңай еместігі рас. Болашаққа деген жоспарында дамыған елдер ықпалын ескермеген ел жаһандық дамудың толқынында жұтылып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан ұлтқа деген қызмет, елге деген адалдық еліктеушіліктен, дамыған елдерді пір тұту қағидасынан қашанда биік тұруы тиіс. Басқа елдердің озығын дәріптеу қазақты өсірмейді. Біз тәуелсіз мемлекет, еркін ел екенімізді өз тарихымызды түгендеп, өз болмысымызды ұлықтау арқылы өзгелерге таныта аламыз.  

Мысалды алыстан іздемей-ақ, туризм саласындағы бүгінде атқарылып жатқан шаралардан бастайық. Кез келген адам бөтен елге саяхаттағанда сол мемлекеттің тарихын біліп, халқының тұрмыс-салтымен танысып, тіпті отанына ораларда сол елде шыққан, сол халықтың болмысын көрсететін сыйлықтарды, кәдесыйларды алып келгісі келеді. Сондайда мысыр халқы пирамида пішіндес мүсіндерді, көне перғауын жазбаларын ұсынса, түрік елі тарихтағы сұлтандар мен ханымдардың түрлі әшекейлерін тарту етіп жатады. Жалпы Түркия мемлекеті тарихын табыс көзіне айналдырған мықты ел. Мұнда саяхатшылар жайлы жағдай, мықты сервиспен бірге, тарихи оқиғаларға, көне ескерткіштерге, тарихи тұлғаларға деген құрметке қайран қалып жатады. Ал Жапон елі өзінің керемет мәдениетімен танылса, корей халқы ізетімен белгілі. Бұл елдерге барған туристер де тарихи орындарды, ұлттық киімге деген мақтанышты бірден байқаса керек. Үнді еліне барғандардың храмдар мен әйел-құдайларды көріп таңданғанын, кез келген саясахтшының үнділердің ұлттық киімімен суретке түскенін байқамау мүмкін емес.

Міне, осы жағдайдың бәрі ұлттық дәстүрге қатысты көзқарасты түбегейлі өзгертіп, қазақы дәстүр-салт, әдет-ғұрыпты дәріптеуге жаңаша қадам керектігін алға шығарды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Астана қаласының шетінен бой көтерген этно ауыл да ұлттық дәстүрді ұлықтау бағытында жасалуы тиіс бастамалардың бірі болатын. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық барысында қолға алынған бұл бастама кейіннен барша елімізде қолдау тауып, жаңа этно қалашықтардың бой көтеруіне ықпал етті.

ЭКСПО көрмесіне келген шетелдік қонақтардың барлығы сол кезде қазақтың этно ауылдарына барып, халықтың тарихымен, өзіндік болмысымен танысқан болатын. Мұндағы қатар-қатар тігілген қазақ үйлерде халқымыздың қолөнер саласындағы шеберлігін паш ететін дүниелер пайдаланылып, олардың қалай жасалатыны қонақтарға таныстырылғаны белгілі. Әсіресе, қонақтар қазақ үйлердің тез жиналып, тез құрылатынына, ондағы киіз, текемет, алаша, түрлі құрақ көрпелердің оюына, жіптерінің түсіне, заттардың сапасына ерекше қайран қалған болатын. Сонымен бірге, қонақтарды қарсы алған этно ауыл ұйымдастырушыларының ұлттық киім үлгісін киюі де үлкен таңданыс тудырғаны рас.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Назира Нұртазинаның айтуынша, қазақы киімдерге шетелдіктер шынайы  таңданыспен қарайды. «Біздің ұлттық киімдеріміз әдемілігімен қоса, өте сапалы, ықшам, ыңғайлы. Жыл мезгіліне сай таңдалатын матада да ерекшелік бар» – дейді ғалым.

Мәселен, осы халықаралық көрме кезінде де қонақтарға халықтың әр кезде киген киімінің үлгілері көрсетілген. Қыз балаға арналған бас киімдердің әртүрлі үлгісінен, безендіру әдісінен, қарапайымдылығы мен биік талғамға сай дайындалуынан меймандар қазақтың қыз балаларға деген құрметін, қамқорлығын анық сезінері хақ. Әсіресе, салтанатты шараларға арналған сәукеле, бөрік, бүрмелі көйлек, кәжекейдегі бағалы тастар, ондағы аң-құстардың бұлғын, қымбат терілері көздің жауын алып, халықтың қыз балаға деген сүйіспеншілігін айшықтай түседі.

Осы ЭКСПО көрмесіне шақырылған 5 миллионнан аса шетелдік қонақ этно ауылдар арқылы қазақтың өзіне тән құндылықтарынан толық мәлімет алып, тарихы мен салты туралы ақпаратқа қанығып қайтты. Бұл ақпараттық, насихат жағынан алғанда елді танытудағы нәтижелі қадам.

Бір қуанарлығы, Елордада басталған жақсы іс кейіннен әр өңірде жалғасын тапты. Соның арқасында қазір ірі қалалардың барлығында ұлттық нақышта безендірілген, ұлттық тағамдар ұсынатын, ұлттық киімде қызмет көрсетілетін этно ресторан, кафелер көпшілікке өз қызметін ұсынуда. Ұлтының болмыс-бітімін ұлықтауды мақсат еткен көптеген кәсіпкерлер қазақтың тарихынан тамыр тартатын кәдесыйлар әзірлеп, онда халықтың өткені мен бүгінін байланыстыратын элементтерді қолданып, заманауи естелік сыйлықтар топтамасын көпшілікке қысылмай ұсынуда.

Қазақстанның туризмін дамытуда басты орталықтарға айналған Бурабай, Көлсай, Шарын, Бозжыра, Қатон-Қарағайдағы тұмса табиғат шетелдіктерді қызықтырмай қоймайды. Ал осы жерлерде де қазір қазақы нақышта безендірілген қонақ үйлер, дәмханалар бой көтерген. Сонымен бірге, елімізге табан тіреген жандардың қазақтың ұлттық киімдерін киіп суретке түсуіне жағдай жасалған. Қазақтың құмай тазысын, қыран бүркітін баптап отырған азаматтар да меймандарға мінсіз қызмет ұсынып, тазы мен қыранды баптаудың тәртібі туралы әңгімелеп, суретке түсуге мүмкіндік беруде. Бұл да қазақтың аңшылыққа, еркіндікке жақын екенін көрсететін бір белгі.

Ауылда майын шайқап, құртын жасап, кілегейін тартып, қымызын баптап, шұбатын әзірлеп отырған аналарымыз да қазақтың ұлттық тағамын дәріптеудің бір үлгісі. Ұлттық тағамдардың дайындалуын өз көзімен көрген шетелдіктердің құрт-ірімшікке, қазы-қартаға, қымыз-шұбатқа деген сұранысы үлкен. Осы жұмыстардың бәрі ұлттық болмысымызды туризмде ұтымды пайдаланып отырғанымызды көрсетсе керек.

Exit mobile version