29-08-22 |
5300 рет қаралған
«Кореядан басқа елге қызықпаймын»: Қазақ жастарын «Корей толқыны» қалай тартып жатыр?.
«Кореядан басқа елге қызықпаймын»: Қазақ жастарын «Корей толқыны» қалай тартып жатыр?

Осыдан жиырма жылдай бұрын Қазақстан телеарналарынан сүйкімді келбетті, көрікті киінген кейіпкерлерден тұратын, нәзік сезімге толы Оңтүстік Кореяның телехикаялары көрсетіле бастады. Сезімдерін тым ашық білдіретін Голливуд фильмдерінен кейін кәрістердің мінез-құлқы мен мәдениеті таныс та, бейтаныс болып көрінді. Шытырман оқиғаға толы олардың фильмдері Қазақстан көрермендерін тез-ақ өзіне баурап алды. «Жу Монг ханзада», «Ұлы Ханша Сон Док», «Тәуіп Хо Жун» сияқты телехикаялары арқылы қазақ жұрты олардың тарихымен танысса, «Ыстық ұя», «Жігіттің сабаздары» сынды жасөспірімдерге арналған романтикалық драмалары жастар мен үлкен буын өкілдері арасындағы қарым-қатынаста, өзін күту мәдениетінде өзгешеліктер бар екенін көрсетті. Олар азиялық келбеттің өзінше сұлулығын да таныта бастағандай болды. Сонымен қатар Корея киноларында кәріс тағамдары да ерекше насихатталатынын байқай бастадық. Корей мейрамханаларына сұраныс артты. Телехикаяларымен бірге Қазақстанда Оңтүстік Кореяның поп-музыкасы да кеңінен етек алды. Азияның басқа елдерінде Кореяның k-pop музыка жанрына еліктегендер көбейді. Елімізде ең алғаш  k-pop музыка ағымына ілесіп, өздерін q-pop деп таныстырған «Ninety one» тобы дереу танымалдыққа ие болды.

Жалпы Оңтүстік Корея музыкасы, фильмдері мен драмалары, ұлттық тағамдары, сұлулық индустриясы және онлайн ойындарының жаһанға бет алуы 90-шы жылдары Қытай мен Тайваньнан басталған. «Халлю», яғни қытай тілінен аударғандағы «Корей толқыны» ұғымы Қытай елінде шыққан. Қазіргі кезде Батыс елдері «Корей толқынын» жиырма бірінші ғасырдың мәдениетіндегі феномен ретінде мойындап, түрлі зерттеулер жүргізіп, мыңдаған кітаптар жазып тастаған.

Көп жыл шоу-бизнесте көш басын бермеген Еуропа мен АҚШ-ты ығыстырып, алдыңғы шепке шыққан Корейяның поп-мәдениеті ендігі өзінің гүлдену шағында. Оған мысал келтірсек, өткен жылы жарыққа шыққан бір айында «Netflix» ойын-сауық онлайн-телеарнасында 111 млн қаралым жинаған «Кальмар ойыны» телехикаясын алайық. Немесе, өздерін «BTS Army» деп атайтын Кореяның тек қана ұлдардан тұратын танымал «BTS» тобының фанаттарының саны 45 млн адамға жеткені k-pop аудиториясының көлемін айтып тұрғандай.

Артынан миллиондаған адамды ерте алған тұлғалардың әрине ықпалы да орасан болатыны белгілі. Сондықтан АҚШ президенті Джо Байденнің үстіміздегі жылы жазда «BTS» жігіттерімен кездесіп, америкалық-азияттарға қысым жасалып жатқандығын талқылауы Кореяның поп-мәдениеті әлемдік саяси аренаға шыққанын да білдірсе керек. «BTS» Оңтүстік Корея экс-президенті Мун Чжэ Иннің қабылдауында да бірнеше рет болып, сол кездегі президент оларды БҰҰ-ң арнайы елшілері ретінде тағайындаған.

Бүгінде «Жұмсақ күш» деп танылған «Корей толқыны» бұл елге жағымды иммидж қалыптастыруға, өзге елдермен қарым қатынасын нығайтуға  және корей мәдениетін барынша насихаттауға көмектессе, елдің экономикасы да осы арқылы табысқа кенеліп жатқанын айта кету керек. 2019 жылы тек поп-индустрия арқылы Корея экономикасына 12,3 млрд доллар пайда әкелген.

«Жаныма жақын ел  – Корея»

Бүгінгі күні әлемге қанатын кеңінен жайып үлгенген корей мәдениеті несімен тартымды, ерекшелігі неде? Бұл сұраққа 18 жастағы Камилла Көшкенова жауап берген еді. Камилла кәріс тілін меңгеріп, Кореядағы үздік оқу орындарының біріне құжат жинап жүр екен. Ол осыдан бес-алты жыл бұрын корей поп-мәдениетіне қызыға бастағанын айтады.

– Корей музыкалары туралы 8 сыныпта оқып жүргенде құрбыларымнан естідім. Сол кезде корей музыкалары ерекше танымал болып тұрған. Бас кезінде олардың музыкалары ұнаған жоқ. Себебі мен көріп, тыңдап жүрген дүниелерден мүлдем басқа болғандықтан қабылдай алмадым. Кейін, тыңдай келе ұнай бастады. Корей музыкалары мен фильмдерінің өз ерекшеліктері бар. Олардың актерлерінің шеберліктері мықты және фильмдерінде қазіргі өзекті проблемаларды қозғайды. Мысалы отбасында жиі кездесетін мәселелер мен мектептердегі буллинг тақырыбын көтереді. Менімен бірге оқитын қыздардың 80% корей поп-мәдениетін жақсы көреді, -дейді Камилла Көшкенова.

Сұхбаттасымыз корей фильмдері шабыт беретінін айтады. Камиллаға Кореяның романтикалық драмалары ұнайды екен. Ол корей тілін оқуды осыдан екі жыл бұрын бастаған. Бас кезінде корей мәдениетіне қызыққаннан оқи бастаса, кейін Оңтүстік Кореяға оқуға барамын деген мақсат қойған екен.

– Корей тілінің курсына бара бастағанымда мұғалімдерім Оңтүстік Кореядағы оқу сапасы, өмір сүру деңгейінің жоғары екені туралы айта бастады. Мұғалімдерім Кореяға көшіп барған қазақстандық кәрістер. Сол кісілердің сөзінен түйгенім, егер мен де сол жаққа оқуға барсам мықты маман болып шыға аламын деген ойға келдім. Себебі, естуімше, ол жақта студенттерге жоғары талап қойылады, сапалы білім беріледі. Негізі менің ағылшын тілі деңгейім де жоғары. Әлемнің кез келген еліне оқуға тапсыруыма болады. Бірақ таңдауым Кореяға түсіп отыр. Себебі жаныма жақын ел  – Корея. Басқа елге қызығушылығым жоқ. Кореяға барғасын, сол елдің артықшылықтары мен кемшіліктерін бағалаймын. Қай елде тұрып, жұмыс істейтінімді оқу барысында шешемін, -дейді сұхбаттамысыз.

18 жастағы бойжеткеннен бүткіл әлемді баурап алатындай Кореяның күші неде екенін сұраған едік.

– Менің пікірімше олардың түрлерінің тартымдылығы көпшілікті қызықтырады. Сонымен қатар олардың кәсіби деңгейі өте жоғары. Менің ойымша, әлемдегі ең мықты әртістер кәрістер. Себебі олардың әртістік, музыкалық өнерін бала күнінен шыңдайды. Мысалы айдол (Оңтүстік Кореядағы поп-жұлдыздардың атауы, ред.) болу үшін шоу-бизнес агенттіктеріне 7-8 жастан келіп жатады.  Бірақ сахнаға 18-19 жасында алғаш рет шығуы мүмкін. Сонда олар ондаған жыл бойы бір компанияда тәжірибеден өтіп жүреді. Сондықтан да оларда әртістердің деңгейі жоғары болады, -дейді Камилла.

«Студенттерім Кореяға барып, сіңіп кетті»

Нағима Омарханова мектепте ағылшын тілі пәнінен сабақ береді. Ұстаз шәкірттерінің корей мәдениетіне қызығушылығы туралы әңгімелеп берді.

– Мен университетте де, мектепте де жұмыс істеген кезде әсіресе жас қыздардың  корей мәдениетіне, олардың актерлеріне, әншілеріне қатты қызығатынын байқадым. Олардың киіну стилі, шаш үлгісі, биі, сөйлеу мәнері кәріс жұлдыздарынікі сияқты. Кумирлерінің бүкіл өміріне қызығып, бақылап отырады. Олар айдолдардың берілген жанкүйерлері. Сонымен қатар, олар Кореяға барып, өмірлерінде бір рет болса да өз кумирлерін көруді қатты армандайды. Сол үшін өмір сүріп жатқандай көрінеді. Алдына соны мақсат етіп қойып алған. Мен шет тілі маманы болғандықтан олар ағылшын тілін де Кореяға бару үшін оқитын сияқты көрінетін. Өз бетінше немесе университетте корей тілін оқып жатқан студенттерді де көрдім. Олар корей әртістері туралы айтқанда көздері жанып, ерекше шабыттанып кетеді, -деген ұстаз бірнеше студентінің Кореяға барып, сол елге сіңіп кеткенін айтып, қынжылды.

– Біздің университетте академиялық мобильдік деген болды. Сол бағдарлама бойынша жақсы оқитын үш студентімізді бір семестрге Оңтүстік Кореяға оқуға жібердік. Олар Кореяда оқығаннан кейін, Қазақстанға қайтқылары келмей қалды. Бастапқыда олар өз мамандығын жақсы оқып жүрген қарапайым қазақтың қыздары еді. Елге келгесін есіл-дерті Кореяға қайтып бару болды. Кейін Пусан университетіне бір жылға оқу мүмкіндігі туды. Сол кезде қыздарды қайта Кореяға оқуға жібереміз бе, жоқ па деген мәселе төңірегінде университетте жиналыс өтті. Олар жақсы оқитындарын, Кореяға оқуға жіберу дұрыс шешім екенін айтты. Ақыры қыздар Пуссан университетіне бір жылға оқуға кетті. Одан кейін мен декреттік демалысқа шығып кеттім. Бірнеше жылдан кейін инстаграмдарынан қарап отырсам, қыздарымыз Кореяда қалып қалған екен. Бұрынғы өзіміздің қарапайым қазақтың қыздары жоқ, танымастай өзгеріп кеткен. Олардың киімдері де, шаштары, тіпті бет әлпеті де басқаша. Кореяда пластикалық ота жасау кең тараған ғой. Меніңше, бет-әлпеттеріне ота жасатқан. Тіпті, қала берді қазақ есімдерінен бас тартып, өздеріне кәріс есімдерін алған екен, -дейді Нағима Омарханова.

Ұстаз жақсы маман бола алатын, үздік оқыған студенттерінің Кореяға кетіп, сол елге сіңіп кеткеніне өкініш білдіреді. Корей мәдениетінің ықпалынан еліміз қаншама еңбекке қабілетті мықты кадрларынан айрылып жатыр деп отыр.

Деректерге жүгінсек, елімізге көшіп келіп жатқандардан өзге мемлекетке  қоныс аударып жатқан адамдар саны көп. Ұлттық статистика бюросының мәліметтері бойынша, 2021 жылы Қазақстаннан 32 209 адам эмиграциялаған, ол 2020 жылмен салыстырғанда 10,6% көп. Көшіп кеткендердің 36% жоғары білімді азаматтар. Олардың арасында Оңтүстік Кореяға кетіп жатқандарының саны да жыл сайын артып келеді. 2014 жылы Оңтүстік Корея Қазақстан азаматтары үшін визалық режимді алып тастағаннан кейін біздің азаматтар жұмыс істеуге баратын танымал жерлердің біріне айналды. Корей еліне қыдырып барып, қалып қоятындар да көптеп кездесетін болды. Ресми статистикаға қарасақ, 2020 жылы пандемия уақытының өзінде ол елде 11 126 қазақстандық заңсыз мигрант болып тұрып жатқан екен. Биылғы пандемиядан кейінгі әлем ашыла бастаған жылы олардың саны да біршама артты деп болжауға болады.

Сұхбаттасымыз Нағима Омарханова қазіргі жасөспірімдердің Кореяға фанатизмі ерекше екенін айтып отыр.

– Біз мұндай фанатизмді білмейміз. Мүмкін телеарналар қатты дамымағаннан ба екен, әйтеуір біздің жасөспірім кезімізде жұлдыздарға  мұншалықты жанкүйерлік болған жоқ. Қазір телеарналар, әлеуметтік желілер, интернет жақсы дамыған ғой. Мүмкін корей фанатизмі интернеттің дамуымен келген шығар деп ойлаймын, -дейді ұстаз.

Бірақ келесі сұхбаттасымыз корей фанатизмі бұрын да болғанын айтады.

«Корей мәдениеті жастардың талғамын өсірді»

Журналист, блогер Анар Мұстафина елімізде корей мәдениеті туралы жазған блогерлердің ең алғашқыларының бірі деуге болады. Екі мыңыншы жылдардың бас кезінде Қазақстанға Кореяның поп-мәдениеті ағылып келе бастағанда Анар ханым да Кореяның жаңашылдығына еліткен екен.

– Корей сериалдары Қазақстанда көрсетіле бастаған кездер біздің жасөспірім шағымызға сәйкес келді. Сол кездегі корей киноларындағы романтика, сұлулық, эстетика әрине, бізге қатты әсер етті. Корей мәдениетіне біз ғана емес, бүкіл әлем қызыға бастаған. Содан әрине, біз корей мәдениетін зерттей бастадық. Олардың киносын қызығып көретінбіз. Біздегі телеарналардан көрсетпейтін фильмдерді интернеттен тауып, көре бастадық. Олардың көбі орысша субтитрмен берілетін. Бірте-бірте олардың актерлерін де, топтарын да тани бастадық. Кореяға баруды армандадық. «Massaget.kz» сайтында істеп жүргенде олардың әндерін қазақ тіліне аударып, жариялап жүрдік, -дейді Анар Мұстафина.

Қазір Анар ханымның қызығушылығы басқа. Корей әндері мен драмалары жастық шағындағы естеліктердің бірі ғана. Бірақ Оңтүстік Корея мәдени ағымы Қазақстан өнеріне оң әсер етті деп есептейтінін айтты.

–    Кореяның сапалы фильмдері мен музыкаларын тыңдайтын жастар Қазақстандық эстрада мен отандық киноларға да талғаммен қарай бастады. Соның арқасында еліміздегі режиссерлар да сапалы фильмдер түсіріп, топтар да сапалы музыка жаза бастады. Әртістер сахналық образдарын әр түрлі қылып, қызықтыратын болды. Соның бір мысалы ретінде Q-pop жанырында өнер көрсететін топтарды қосуға болады. Содан кейін көптеген жастар Оңтүстік Кореяның сериалдарын, фильмдерін көру арқылы елмен танысып, сол жаққа жұмыс істеуге баратын болды. Тілін үйренді, сондай-ақ басқа да дамуына жақсы әсер ететін дүниелерін алды. Сонымен қатар корей қыздарының сұлу болуы, беттерінің таза, әдемі болуы біздің елде корей косметикасының дамуына әсер етті. Біз әлі күнге дейін бет күтіміне корей елінің косметикасын көп қолданамыз. Мысалы, теріні тазалау, нәрлендіру сияқты бет күтімінің сатыларын корейлерден үйрендік. Олардың сериалдарынан өз-өзіңе күтім жасаудың маңыздылығын түсіндік, -дейді Анар Мұстафина.

Қазақ поп-мәдениеті қалай дамып жатыр?

Қазақ жастары «жұмсақ күштің» әсерінен өздерін жоғалтып алып жатқан жоқ па? Қазіргі қоғамның көкейіндегі сұрақтардың бірі – осы. Біз де осы сұрақты сұхбаттастарымызға қойған едік, ұстаз Нағима Омарханова қазақ поп-мәдениеті жуық арада Кореямен иық тіресе алмайды, Кореяның ықпалы әлі де сақталады деген пікірде екен.

– Корея поп-мәдениетін құрушылар жастарға не керек екенін жақсы біледі. Соған сай өз мәдениеттерін дамытып жатыр. Кореяның деңгейіне жуық арада жетуіміз екіталай. Кәрістер көрермен қызығатын нәрсені телеарналар мен интернет арқылы ұсынып жатыр және олардың өнімдерінің сапасы керемет. Екі елдің телехикаяларын салыстыратын болсақ, Корея фильмдері өте сапалы түсіріледі, ал Қазақстандық кинолардың сюжеті, актерлық шеберлігі кәрістерге жетпейтін сияқты. Сондықтан жастарға біздің мәдениетіміздің әсерінен Корея мәдениетінің әсері көбірек болып жатыр. Біздің Қазақстан мәдениетін таныту үшін әлі ұзақ жылдар жұмыс істеу қажет, -дейді Нағима Омарханова.

Қазіргі жаһандану заманында кез келген ел әлемнің ең үздік ақпарат құралымен, ең үздік технологиясымен бәсекелесуіне тура келетіні рас. Оның ықпалы тіпті азан шақырып қойған есімін өзгертіп, болмысынан бас тартуына дейін алып келіп отыр деген Нағима ханым сөзін былай жалғады.

– Бір қорқыныштысы корей поп-мәдениеті жасөспірімдердің тұлғалық қасиеттері қалыптасып жатқан, ойы орнығып, қазақы болмысына тереңдеп үңіліп болмаған шағынан бастап өзіне тартады. Менің ойымша, бізге ескі идеологияларды дәріптей берудің қажеті жоқ. Жастар бәрібір жаңашылдыққа қызығады. Біздің балалар Кореяның ежелгі үлгісіне емес, жаңадан ойлап тапқан стиліне еліктеп отыр ғой. Сондықтан бізге Кореяның да, Еуропаның да ықпалы болатынын түсіне отырып, қазақи болмысымызды сақтау арқылы, заманауи дүниелер жасап шығаруымыз керек, -дейді Нағима Омарханова.

Бірақ журналист, блогер Анар Мұстафина «Корей толқыны» қазақ мәдениетінің дамуына жағымды әсер еткенін жеткізеді.

– Қарап тұрсақ, корей мәдениеті бізге екі мыңыншы жылдардың басында келді. Одан бері жиырма жылдай уақыт өтті. Осы уақыт аралығында Кореяның талай тарихи сериалдарын көрдік, біздің елімізде олардың көптеген жанкүйерлері бар. Бірақ ол біздің өз тарихымызды, мәдениетімізді ұмытуға түбегейлі әсер етті деп айту қиын. Керісінше, қазақ тілінде әндер жазып, оларды насихаттап жатырмыз. Қазақ эстрадасында қазір орысша әндерге сұраныс жоқтың қасы. Біз әрдайым өз тілімізді, тарихымызды, мәдениетімізді жақсы көріп, дәріптеп, дамуын қалаймыз,-дейді журналист.

18 жастағы Камилла да қазақ әндері мен фильмдерін көретінін айтады. Оның пікірінше, Қазақстандағы қазіргі өнер саласы да корейлерден еш қалыспайды. Бізде де сапалы музыкалар мен кинолар шығып жатыр деп есептейді.

Кореядан үйренеріміз көп болғаны жақсы, тек «корей толқынның ағысымен» алысқа кетіп, өз елімізді ұмытып кетіп жүрмесек болар. Корей поп-мәдениеті бұл елдің негізгі қоғамдық-саяси, мәдени әрі экономикалық күштерінің бірі екенін түсіндік. Ал біздің күшіміз неде? Қазақ идеологиясы, қазақ өнері, тарихы, мәдениеті, таным-түсінігі, салт-дәстүрі қаншалықты насихатталып жатыр? Біз өз елімізді мақтан тұтып, елімізге еңбек сіңіргіміз келе ме? Әлде кореяға барып, сол елде қалып қоюды көздейміз бе? Көкейде сұрақ көп. Жауап іздеу әркімнің өз еншісінде.

 

Балжан Жеңісқызы

Arasha

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.