Әлеуметтік желіде Абай бейнесіне ұқсас мүсіннің суреті таралды. Көпшілік мүсінді Абай Құнанбайұлының бейнесіне ұқсатуда. Алайда Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайының ауласында тұрған ескерткіш Абай Құнанбайұлының ескерткіші емес. Ол мүсін «Қария» немесе «Абыз ата» деп аталатын мүсінші Шоқан Төлештің жұмысы. Бұл туралы редакциямызға мүсінші Шоқан Төлештің қызы Ботагөз Төлеш хабарласып, мүсін жайлы егжей-тегжейлі баяндап берді.
– Бұл мүсін әкемнің 1998 жылы жасаған жұмысы. Мүсінде қазақ аңыз-әпсанасындағы үлкен ақыл иесі, данышпан абыздардың типтік образы мүсінделген. Мүсіннің Абай Құнанбайұлына ешқандай қатысты жоқ. Мүсіннің эскизінде де, басқа құжаттарда да мүсіннің атауы жазылған (жоғарыда суреттер берілді). Әкем қазір Кипрде шығармашылық жұмыспен айналысып жүр, – деді Ботагөз Шоқанқызы.
Мүсінші Шоқан Төлештің Абай Құнанбайұлына арналған жұмысы да бар. Ботагөз Шоқанқызының айтуынша, Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов болып тұрған жылдары Францияның Ренн қаласында Абай Құнанбайұлына ескерткіш қоюға конкурс жарияланады. Сол конкурсқа мүсінші Шоқан Төлештің де жұмысы қатысқан (суретте).
Қазір мүсінші Шоқан Төлеш Кипрда шығармашылық жұмыспен айналысып жүр. Жуықта мүсіншінің Абыз ата тақырыбында жасаған кезекті жұмысы Кипрдағы кітапханалардың бірінің орталығына қойылған.
Шоқан Төлеш – белгілі мүсінші, мәдениет қайраткері, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі, Қазақстан өнер академиясының академигі. Мүсіншінің өмір және шығармашылық жолы туралы «Дара жол» хабарынан көруіңізге болады.