26-06-24 |
27620 рет қаралған
Ою судья мантиясына ұлттық бояу береді.
Ою судья мантиясына ұлттық бояу береді

Әр ұлттың өзіндік тарихы мен салт-дәстүрі, өзгелерден айшықтан болмысы мен бітімі бар. Қазақтың қазақ екенін көрсетуде арнайы түсіндірме мен көп сөзден гөрі, халықтың болмысын көрсететін бір белгіні бейнелесе жеткілікті. Оның рөлін кейде жалы жылтыраған жүйрік ат, кейде қыран бүркіт, кейде шаңырақ атқарып жатады. Ал қазақтың ою-өрнектері – ұлттық болмысымызды сыналап таныстырудың тамаша мүмкіндігі.

Мысалы, басқа салаларды былай қойғанда, кезінде қазақстандық соттың ерекшелігін көрсетіп, дәріптейтін арнайы белгі қажеттігі күн тәртібіне қойылды. Содан келіп сот ғимаратындағы құжаттар ілінген тақтаға дейін қазақы оюлармен көмкеру тәжірибесі қалыптасты. Несі бар? Дұрыс қадам. Себебі, отандық соттың табалдырығын аттаған адам төрелік алаңына келгенін ғана емес, Қазақстанның сот ғимаратына келгенін бірден ұғынуы керек.

Осы мәселе судьялар мантиясының үлгісін жасау кезінде де еліміздің Сот құрылымының алдынан шықты. Судья мантиясы – судьяның ерекше мәртебесі мен беделін көрсететін мемлекеттік биліктің айрықша символының бірі. Ол судьялар тарапынан сот процесіне қатысатын тараптарға және сот төрелігін жүзеге асыру барысына қатысатындардың барлығына судьялардың айрықша мәртебесін еске салуға бағытталған.Тәуелсіздік алған кездегі сот мантиясы шетелдік судьялардың сыртқы киім нысанының көшірмесіне көбірек ұқсайтын. Егемендікке әупірімдеп қол жеткізген сол тұста судья мантиясына ұлттық бояу қосу, қазақстандық судьялардың киім үлгісі екенін бірден білдіретін элементтерді назарда ұстау туралы ойдың назардан тыс қалғаны өкінішті. Алайда, бұл олқылық кейіннен республика судьяларының ҮІ съезінде ашық айтылды.

 Елордада еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған сот өкілдері тәуелсіз ел судьялары сот процесінде киетін мантияның түсі жағынан да, ыңғайлылық тұрғысынан да талапқа сай келмейтінін ортаға салды. Ең бастысы, судьялар сол мәртебелі жиында қазақстандық судьялар мантиясында ұлттың болмысын көрсететін белгі болса деген тілек-ниеттерін жеткізді.

Көпшіліктің талап-тілегін ескере отырып, Судьялар Одағының Орталық Кеңесі мантияның жаңа үлгісін жасатып, оны судьялар қауымдастығының талқыса салған еді. Тіпті бұл мәселені шешуде барлық судьяның пікірі маңызды болғандықтан, Судьялар Одағының республиканың түкпір-түкпіріндегі барлық филиалдары арнайы сауалнама да ұйымдастырды. Судьялардың қызметтік киім үлгісінің заманауи стиліне байланысты дайындалған сауалнамада қазылар қауымы мантияның пішіні мен матасына қатысты өз ұсыныс-ескертпелерін айтты. Мұндағы көпшілік пікірі мантияның матасы ауа өткізетіндей жеңіл, еркін жүруге ыңғайлы болатындай сапалы, ең бастысы кір көтерімді болуы шарт деген ұсыныстарын жолдаған. Расында кейбір істерді таңнан кешке дейін қарайтын судьялардың мантиясы барынша ыңғайлы да көзге тартымды көрінуі тиіс. Бұдан бөлек, сауанамаға жауап бергендер «мантияда қазақы болмысымызды айқындайтын элементтер ескерілсе» деген тілек білдірген. Ал осы ұлттық болмысты айшықтайтын элемент туралы ұсыныстарда судьялардың пікірі бір жерден шыққан. Олардың барлығы дерлік судья мантиясында қазақтың әдемі ою-өрнектері бейнеленсе деп жауап берген.

Ендігі сауал ою-өрнекті мантияның қанша жеріне, қай бқліктеріне салу керек? Желбіреген мантияның етегіне салынған ою судья орнынан тұрмаса көріне де қоймайды. Бұл әрі мантияға көйлек сипатын беруі мүмкін. Ал мантияны ер азаматтар да, әйелдер де киетіндіктен, онда барлығы ұстамды, байыпты қолданылуы аса маңызды.

Осы тұста оюды мантияның жеңін бойлатып салған ыңғайлы дегендер де, мантияның жағасына ұқыпты орналастырған дұрыс дегендер де көп болды. Тіпті, мантия матасының түсі таңдалған тұста ою-өрнектің түсі көк байрағымыздың түсіндей болса, судьяның жолын көрсетіп тұратындай ақ жіппен әдіптелсе, алыстан көз тартатындай ою алтын түстес болса дегендер де аз емес. 

  Көпшіліктің пікір-ұсыныстарын ескере келе, Жоғарғы Сот басшылығы мантияның жаңа үлгісін Алматы технология университетінің Жеңіл өнеркәсіп және дизайн факультетінің деканы Р.Жылысбаева бастаған оқу-өндірістік орталығының дизайнерлеріне тапсырған еді. Мұндай айтулы тапсырысты орындау орталық дизайнерлеріне оңайға соққан жоқ. Бұған дейін талай киім үлгілерін дайындап келген отандық дизайнер әділдік төрешілерінің қызметтік киімін жасауда көп ізденді. Дизайнерлер шетелдік тәжірибелерді зерделеп, өзге елдердегі судьялар мантиясының артықшылығы мен кемшілігін таразы басына салып көрді. Мәселен, Ресей судьяларының мантиясында басы артық ешбір элемент жоқ. Көршілес ел судьяларының мантиясы трапеция түрінде, ұзындығы аяқ киімнің өкшесіне дейін жетеді. Мантияның алдыңғы және артқы жағында кесте тігілген қамыт бар. Мұндағы ел мен ұлттың болмысын көрсететін жалғыз элемент бар. Ол мантия түймесінде Ресейдің гербі бейнеленген. Ал Қырғыз елінің судьяларының мантиясында ұлттық ою бар. Бірақ ол бір иықтап бастап екінші иықты жалғап тұратындай етіп кеудеге орналастырылған.

Киім үлгісін дайындау барысында біраз ізденген дизайнерлер ақыры отандық сот өкілдеріне өздері дайындаған мантияның үлгісін ұсынды. Әлемдік тәжірибеге сәйкес жаңа мантия трапеция үлгісінде, желбегей пішінде болып дайындалды. Яғни, ол судьяның тез киім шешуіне, еркін қозғалуына кедергі келтірмейді. Екіншіден, мантияның кескіні тұтас әрі ықшам, түсі мен стилдік шешімі үйлесімді болды. Сондай-ақ дизайнерлер мантияға ұлттық болмысымыздың нышанын беру үшін қошқар мүйір оюының топтасқан түрін бейнелеуді ұсынды. Және ол мантияның етегінде, өңірінде, жеңінде емес, киімнің жағасында бейнеленуі керек. Өйткені, сот процесінде тараптарға судья мантиясының жоғары бөлігі анық көрінеді. Ал жағада тұрған ою сот құрылымының ұлттық бояуға басымдық бергенін бірден байқатады. Көпшіліктің көңілінен шыққан осы мантия үлгісі әлі күнге дейін өзгертілмей, судьялардың қызметтік киім үлгісі болып келеді. 

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.