
Кинорежиссер Елзат Ескендір «Қазақфильм» киностудиясының уақытша басшысы Айдар Омаровтың өтірікші әрі этикадан жұрдай адам екенін айтып, айыптады. Ол Омаровтың «Әбіл» фильмінің халықаралық жетістігін мойындамай, шығармашылық топпен кездесу туралы уәделерін орындамай отырғанын жеткізді.
«Мен осыдан бірнеше күн бұрын, біздің БАҚ пен әлеуметтік желілерде көтерген мәселелерімізге қатысты – «Қазақфильм» киностудиясы басшылығының Instagram-дағы ресми парақшасындағы жауаптарынан «Әбіл» фильмінің авторларын шақырып кездесеміз, жеңімпаз фильмдердің авторларымен кездесу әр айдың соңына жоспарланады» деген жолдарды оқыдым. Оқыдым да сөзінде пәтуа жоқ А.Омаровтың кезекті өтірігі екендігіне еш таңырқағам жоқ. Түйсінгенім, енді Омаров бүкіл жұртқа БАҚ арқылы-ақ шімірікпей өтірік айта беретін жаңа деңгейге көтерілген екен дедім. Таңданарлығы, осындай кәсіби моральдық-этикадан жұрдай адамды министр Айда Балаеваның өзі қанатының астына басып, балапандай бауырына тартып, қызғыштай қорғап отырғандығы. Мәдениет саласын басқарып отырған адамның өзі осындай өтірікшінің қайығын өрге жүзгізгісі келіп отырса, елдің басқа саласын басқарып отырғандардан не үміт, не қайыр?!», – дейді кинорежиссер.
Сонымен қатар ол «әр айдың соңында жеңімпаздарды құттықтайтындай» «Қазақфильмнің» фильмдері ай сайын халықаралық фестивалдерден жүлделі болып жатпағанын айтады.
«Ай түгілі бір фильм бір фестивалден үш бірдей жүлдені алатын бұндай жағдай жылына болмайды. Мүмкін, бірнеше жылда бір рет болса болар. Тіпті қазақ киносының халықаралық фестивальдерде назарға ілігіп, жүлде алуы , «Қазақфильм» түгілі Мәдениет министірілігі арқылы, мемлекет қаржысына қаржыланатын фильмдердің өзінде де ай сайын емес, жылына сирек болып жататын жағдай. Сондықтан, Айдар Омаровтың бұл сөзі «ұялған тек тұрмастың» кебі әрі «ұялмайтын бетке талмайтын жақ» бередінің сиқы. Бұл адамда сөз бен сертке тоқтау деген мүлде жоқ. Тек сол сәттегі қысылаяң жағдайдан сол мезетте сытылып шығып кетсе болғаны. Ертең мына сөзімнің өтірігі шығып қалады-ау, ертең мұны біреу салық бетіме басады-ау деген кәсіби этика, былайғы қазақы ұғым-түсінік оның санасына мүлде қонбаған», – дейді Елзат Ескендір.
Бір қызығы қазақ кинорежиссерлерінің халықаралық байқаудан жеңімпаз болып оралғаны туралы «Қазақфильмнің» әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарында бір ауыз құттықтау ақпараты жазылмаған екен.
«Мен оны Қазақстан Киногерлер Одағының басшысы Адай Әбілдиновтың ФБ-парақшасында жариялаған жазбасынан білдім. Тек содан кейін ғана, ертесі күні түс ауа өздерінің ресми парақшасына біздің фильм жайындағы жаңалықты салыпты. Бұл жаңалық Ұлттық киноны қолдау орталығының мамандарының да есіне Адайдың жазбасынан кейін түссе керек, олар да күн өткізіп болса да жариялай қойыпты. Бірақ олар Омаровтардан қарағанда сәл тәуір екен, сәл болса да этикадан аттамапты. Ақпараттарында фильмнің атауы мен оның авторы ресми түрде толық әрі нақты жазылған. Ал «Қазақфильмнің» парақшасындағы ақпаратта фильмнің атауы мен оны өндіруші компания, министірлік жайында ақпарат болғанымен, оны түсірген режиссердің есім-сойы мүлде көрсетілмеген. Сонда ол фильмді кімнің түсіргендігі, режиссерінің кім екендігі оларға бәрібір ме?! Яғни, осыдан-ақ бүгінгі Айдар Омаровқа шығармашылық өкіліне деген қарым-қатынастың құны көк тиын екендігі белгілі! Өздеріңіз ойлаңыздар, осындай адам «Қазақфильм» деген өнер ордасын басқаруға қаншалықты лайықты?!», – дейді кинорежиссер.
-
18.03.2025
-
18.03.2025
-
18.03.2025
-
18.03.2025
-
18.03.2025
-
18.03.2025
-
18.03.2025
-
18.03.2025
-
18.03.2025