21-05-23 |
2240 рет қаралған
Қазақстанның әр өңірінен келген 1000 музыкант бір сахнада өнер көрсетті.
Қазақстанның әр өңірінен келген 1000 музыкант бір сахнада өнер көрсетті

Бүгін «Астана Опера» театрында Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған ауқымды мерекелік кеш өтті. Тұңғыш рет өткізіліп отырған айтулы іс-шара аясында сахнада бір уақытта еліміздің әр өңірінен келген 1000-нан астам музыкант өнер көрсетті.

Мерекелік іс-шара басталар алдында Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов жиналған қонақтарға, көрнекті мәдениет қайраткерлері мен шығармашылық зиялы қауым өкілдеріне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.

Концерттік бағдарламаға еліміздің өңірлерінен келген 24 шығармашылық ұжым өкілдері қатысты. Хор ұжымдары, оркестрлер, виртуоз аспапшылары, опера және халық әншілері атақты скрипкашы, дирижер және композитор, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Марат Бисенғалиевтің «Ұлы дала әуені» атты одасын бірге орындады.

Отандық мәдениет және өнер қызметкерлеріне арналған ауқымды туынды ұлттық және классикалық музыканы үйлестірген. Тыңдаушылар әсерге толы таныс әуендерді жаңа нұсқада тамашалай алды.

Концерттік бағдарлама аяқталғаннан кейін Асхат Оралов сахнада өнер көрсеткен артистер мен шығармашылық ұжымдардың жетекшілеріне алғыс хат табыстады.

«Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған іс-шаралар апталығын лайықты түрде аяқтадық деп ойлаймын. Біздің бастамамызды қолдағандардың барлығына және Мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында өнер көрсетуге шақыруды қабылдаған шығармашылық ұжымдарға рахмет айтқым келеді. Осы жобаға қолдау білдіріп, қатысқаны үшін Марат Бейсенғалиевке ерекше алғыс. Министрлігіміз мәдениет пен өнер саласын дамыту және қолдау бағытындағы жұмысты жалғастырады. Алдағы уақыта белгіленген нақты тапсырмаларды сіздермен бірге орындай алатынымызға күмәнім жоқ»,- деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.