Соңғы жылдары қазақстандықтарға Грузия саяхат үшін сүйікті елдерінің біріне айналды. Оның басты себептерінің бірі – қолжетімділік. Грузия біріншіден біздің азаматтар үшін біршама арзан ел болса, екіншіден Қазақстаннан Грузияның екі қаласына, Тбилиси және Батумиге ұшақпен тікелей рейспен ұшып баруға болады, сонымен қатар екі ел арасында визасыз қатынауға рұқсат етілген. Тіл мәселесі де біршама шешілген деуге болады. Себебі Грузияда басқа Кеңес үкіметі елдеріндегідей орыс тілін түсінеді.
Азаматтарымыз саяхаттауға құмартатын елдің қыр-сырымен танысуға біз де аттанған едік. Біз Грузияның астанасы Тбилисиге Алматыдан еліміздің ең ірі әуе компанияларының бірімен 4 сағат 10 минутта ұшып бардық. Тбилиси әуежайы шағын ғана екен. Әуежайдан шыға салысымен бұл елдің ауасы бөлек екенін сездік. Тбилиси ауасының жұмсақтығы бірден сезілгенімен, ауа тұзды болғандықтан тамағыңа теңіз тұзының дәмі келеді екен. Бірақ шамалы уақыттан кейін тұздың дәміне үйреніп кетесің.
Тбилисиде такси қызметін көп пайдаланады. Қазіргі уақытта «Яндекс такси» қызметі ең тиімді болып есептеледі. Қазақстаннан мұны біліп келген біз әуежайдан таксиге отырдық. Қала орталығынан алыс емес (3-4 квартал) жердегі жалдамалы пәтерімізге 20 лариге (2800 теңге) жеттік. Ал қала ішінде таксиге 2-3 лари шамасында (300-450 теңге) қаражат төлеп жүрдік.
Грузияда қаражатыңызға қарай қонақүйде, хостелде, мотельде, виллада немесе жалдамалы үйлер мен пәтерлердің әр түлісінде тұруға болады. Олардың құны үйдің орналасқан ауданы мен қызмет көрсетуіне және баспананың жағдайына қарай әр түрлі болып келеді. Баспана мәселесін шешу үшін қазіргі уақытта саяхатшылар арасында «booking.com» мен «airbnb.com» сайттары танымалы. Біз де осы сайттардың қызметіне жүгіндік. Ескере кететін бір жай, Грузияда орталық жылу жүйесіне қосылмаған үйлер бар. Сондықтан, егер бұл елге күн салқында барғыңыз келсе, тұратын жеріңізде жылу бар ма екенін анықтап алған жөн.
Ал Тбилиси қаласының туристік орталығы – «ескі қала». Ескі қалада музейлер, театрлар және түрлі мәдениет орындары, сауда орталықтар бар. Тбилисидің орталығы грузиннің белгілі ақыны Шота Руставели атындағы көше. Тбилисиге бара қалсаңыз Руставели мен Марджанишвили көшелерінің бойымен, Ботаникалық бақтың маңайын серуендеңіз.
Марджанишвили көшесі
Грузия астанасының ботаникалық бағы мен канатты жолдары және фуникулярларлар қала қонақтары арасында танымал.
Тбилиси ботаникалық бағы
Грузиндердің тағамдары әр түрлі. Бірақ ет тағамдарының басым бөлігіне доңыз еті мен майын қосатын болғандықтан, біз тауық еті мен балыққа тапсырыс беруге тырыстық. Дегенмен тауық еті мен балықтан дайындалатын тағамдар да көп. Ал көкөністер мен теңіз өнімдерінен жасалған тағамдардың түр-түрі бар деуге болады.
Кей мейрамханаларда бұрынғы совет үкіметінен келген туристерге арнап сиыр етінен котлет сияқты тағамдар даярлайды.
Грузияда Қазақстаннан келген туристерді де кездестіруге болады. Бізге «Сәлеметсізбе!» -деп ізеттілікпен амандасып, қонақ қылған Грузин мейрамханаларына қарап-ақ, Грузин халқы қазақстандықтарды жиі қонақ қылатындарын көруге болады.
Мейрамханалар мен асханалардың да бағасы әр түрлі. Біз төрт адамға ыстық тамақ, салат пен сусынды шамамен 35-40 лариге (5500-6000 теңгеге) алып жүрдік.
Таулы аймақтың әсем табиғаты көз тартады. Грузияның Қара теңізбен шектесуі жағажайда демалғанды жөн санайтындар үшін де жайлы. Ал көне шіркеулер, қамалдар, ғибадатханалар мен үңгірлер тарихтан сыр шертіп, жұмбақ әлемге жетелейді.
Егер сіз Тбилисиге келсеңіз қаладан жарты сағаттық жердегі Мцхета елдімекеніндегі көне шіркеуді барып көріңіз. Сондай-ақ, минералды су шығатын әйгілі Боржомиге Тбилисиден 2,5-3 сағатта көлікпен жетуге болады. Ал тұмса табиғат пен жүзім алқаптары және шарап зауыттарын көріп, грузин ча-часының қалай жасалатынын білгіңіз келсе, Тбилисиден 93 км жердегі ( көлікпен 2 сағат) Кахетииге баруға болады. Грузиядағы тау ішінде өркениет бармаған аймақтары да бар. Мысалы Сванетия деген жерде адамдар әлі күнге дейін ежелгі замандағыдай өмір сүреді. Грузиннің ұлттық киімдерін киіп, ежелгі дәстүрлерді ұстанады, тұрмыс-салты ескіше. Иосиф Сталиннің туған жері ретінде белгілі Гори қалашығының маңайы да көне тарихи орындар мен табиғат сұлулығына тұнып тұр. Гориден бір біржарым шақырым жерде біздің заманымыздан бұрынғы 1-2 ғасырдан қалған көне қала бар.
Тбилисиден Грузияның басқа аймақтарын ұшақпен, поездбен, автобуспен, таксимен немесе жалдамалы көлікпен аралауға болады.
Бүкіләлемдік туристік ұйымның дерегі бойынша Гузия туризм саласы қарқынды дамып келе жатқан елдердің бестігіне кіреді. Грузияның туризм саласында биыл тарихи жыл болғанын сол елдің премьер министрі Мамука Бахтадзе айтқан болатын. Ол биыл туристердің көп келгенін мәлімдеген болатын.
Елдегі туризмге септігін тигізетін тағы бір себеп – қауіпсіздік. Қауіпсіздігі жағынан бұл ел әлемдегі үздік он елдің ішіне кіреді. 2004 жылы Грузия полициясына реформа енгізіліп, 85 000 полиция қызметкерінің 75 000-ы жұмыстан шығарылды. Олардың арасында басшылық қызметтегілердің барлығы бар еді. Қазір бұл елде Ішкі Істер Басқармаларының негізгі қызметкерлерін патрульдік және криминалдық полиция құрайды. Сондай-ақ, Грузия полиция қызметкерлерінің жалақысы елдегі орташа жалақыдан 3-4 есе жоғары. Мемлекетте барлығы полицияға бағынады, полиция пара алмайды. Сондықтан бұл елде ірілі-ұсақты қылмыстың барлығы дереу әшкереленеді. Ең қолайлысы күні-түні көшеде серуендесеңіз де Грузия қауіпсіз.
Грузия көшелеріндегі полиция
Көптеген елдердегідей Тбилиси базарларында да саудагермен саудаласуға болады. Грузия Түркиямен шекаралас ел болғандықтан, киім-кешек бұл елге Түрік елінен келеді. Егер Түркия киімдерін қаласаңыз, онда бұл жақта олар біздің елге қарағанда арзан. Сондай-ақ, алтын-күміс әшекейлеріне де Қазақстаннан баратын туристерде сұраныс жоғары. Әсіресе грузин ұлттың арнаменттерімен жасалған бұйымдар туристер арасында да, жергілікті тұрғындар арасында да сұранысқа ие.
Грузия өздерінің шараптарымен әйгілі екені белгілі. Шараптардың бағасы 5 лариден (750 теңге) 530 лариге (80 000 теңге) дейін жетеді. Грузин Ірімшіктерінің бағасы арнайы дүкендер емес, қарапайым азық-түлік дүкендерінде бір келісі 20-30 лари (3000-4500 теңге) шамасында. Ал грузиндердің ірімшік қосылған нандары шамамен 2 лари (300 теңге). Грузияда жеміс жидектің түр-түрі өседі. Мысалы алма, алмұрт, жүзім мен құрма, кивидің келісі 1-2 лари ( 150-300 теңге), авокадоның бір данасы 2 лари (300 теңге), фейхо деп аталатын жемістің келісі 2-3 лари шамасы. Грузиндердің жасыл лимондарын да осы бағаға алуға болады.
Туризмді жолға қойып, жыл сайын мыңдаған қазақстандықты күтіп алып, шығарып салып отырған грузин халқы бүгінде қазақша амандасуды да үйренген. Кавказ еліне демалу қазақ халқы үшін біршама арзан ғана емес, таулықтардың қонақжайлығы да өздеріне тартып тұрады екен. Әсем де, сырлы Грузиямен қоштасып, жолға шыққалы тұрғанда бейтаныс грузин азаматы сәт сапар тілеп, тағы келуімізді өтінді. Сөйтіп, өз қолымен дайындаған шарабын сарқыт ретінде Қазақстанға ала баруымызды өтініп, шарапты әкелу үшін үйіне қарата аптыға жөнелді. Алайда біздің ұшақ ақкөңіл грузин азаматын күтпеді. Біз өз үйімізге сағынышпен асыға қайтып кеттік.
Балжан Жеңісқызы