arasha.kz

Ұлттық киім – ұлт болмысының көрінісі

Әлемдік сахналарға, халықаралық додаларға қатысатын үміткерлер өз елінің, өз ұлтының болмысын көрсететін, халықтың табиғатын танытатын киім үлгілерін киіп, көпшілік алдына шыққанды жөн көреді. Өнер иелерін былай қойғанда, спорт шеберлерінің де шаршы алаңға қазақтың ұлттық киімдерімен шығуына халықтың көзі үйренген. Бұл шын мәнінде спортшының халқына, ұлтына деген сүйіспеншілігінің, құрметінің бір көрінісі болса керек.

         Мұндағы әсерді, тебіреністі сөзбен жеткізу қиын. Геннадий Головкиннің қазақы оюмен көмкерілген, қазақтың кең пейіліндей кең пішілген көк шапанын желбіретіп миллиондар көз тігетін додаға алшаң басып кіріп келе жатқандағы бейнесі бәріміздің жадымызға жатталған. Қазір жалпақ әлемді өзіне жанкүйер еткен Жәнібек Әлімханұлы да ұлттық киімді ғана емес, ұлттың тілін әлемдік ареналарда көпшілікке тыңдатып, рухымызды аспандатып жүр.  Осы биіктен алғанда біздің батырларымызды даралап, таланттарымызда танытуда ұлттық киімдердің ықпалы зор.

         Ұлттық киім – ұлттың тарихын тірілтіп, халықтың өзіндік келбет-кескінін көрсететін, елді ерекшелейтін өзіндік бірегей бренд. Одан белгілі бір ұлттың, мәдениеттің бет-бейнесін бағамдауға болады. Әр ұлтты ерекшелейтін киім үлгілерінің эстетикалық, этно-мәдени, қоғамдық мәні өте зор. Тәуелсіздік алған уақыттан бері біз осы брендті танымал ету, сол арқылы Қазақстан деген елдің, қазақ деген халықтың бар екенін паш ету, сонымен қатар, осы ұлттық киімдердің көмегімен табысымызды еселеу бағытында көп еңбектендік. Бұл мәселенің маңызына мемлекеттік деңгейде көңіл бөлініп, соның нәтижесінде

2024 жылғы 15 наурызда өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамын тойлаудың жаңа форматы туралы айтіп, 18 наурызды «Ұлттық киім» күні деп атау туралы ұсынысын ортаға салды.

         Бұл шынында талайдан бері көпшіліктің көңілінде жүрген маңызды бастама еді. Мұндай бастаманың шешімін тауып, Ұлттық киім күнінің белгіленуі еліміздің барша тұрғындарына қазақы киім үлгілерінің тарихын, ерекшелігін таныту үшін керек. Екіншіден, мұндай айтулы күн халықтың өз ұлтының болмысына, ұлттық құндылықтарына деген оң көзқарасын, құрметін арттырудың мүмкіндігі. Үшіншіден, бұл күннің белгіленуі – ұлттық бояуды, ою-өрнектерді қолдану арқылы заманауи стильдегі қазақы киім үлгілерін дайындап жүрген стилист, дизайнерлерді ынталандыру, еңбегін бағалау үшін қажет. Дұрысында басқа жұрттың қазақ елін киімінен тануына біздің отандық дизайнерлердің жасап жатқан еңбегі орасан.

         Осы дизайнерлердің ізденісінің, талпынысының, қабілет-қарымының арқасында қазақы киімдер бүгінгі заманға лайықты реңке ие болды. Отандық дизайнерлер ұсынған топтамаға көз салсаңыз, онда бүгінгі ұлттық киімдердің әлемдік сән үлгілерін ескере отырып, барынша стильді, салтанатты шараларға да, күнделікті жұмысқа да барынша ыңғайлы етіп жасалғанына көз жеткізер едіңіз. Осындай таланты үшін әлемдік сәнгерлер додасында топ жарып, көпшіліктің ықылас-ниетіне, марапатына ие болған дизайнерлер қаншама. Соның бірі – ақтаулық дизайнер Нұржамал Нұрпейісова. Ол бүгінде Қазақстанда ғана емес, аты әлемге танымал «Nur shah» сән үйінің негізін қалаған. Нұржамал Нұрпейісованың әр туындысынан қазақтың тарихын, мінезін көргендей боласың. Ондағы түстердің үйлесімі, әр киімнің үлгісі, ұлттық нақыштармен әдемі байланыстырылған.

Шетелдерге жиі саяхаттап, өзге елдердің дизайнерлерімен етене араласып, жаңашылдықтарды назарынан тыс қалдырмайтын Нұрпейісова өзі көрген, ұнатқан нәрселерді қазақи нақышта салыстырып көретінін айтады. «Сән әлемі үнемі өзгеріп, түрленіп тұрады. Ол ортада біреуді таңғалдыру өте қиын. Сондықтан әр елдің дизайнерлері өзінің ұлттық болмысын таныту арқылы ғана даралануы мүмкін. Мен де әрбір туындыма ұлттық бояу, өзімізге ғана тән қолтаңбаны қалдыруға ұмтыламын. Заманауи үлгідегі киімдерді дайындаған кезде де ұлттық болмысымызды барынша ескеремін. Айталық қазір бүрмелі етек көйлектер, күміс, моншақпен декор жасалған, қолмен әшекейленген киімдер сәнде. Жалпы біздің қолымыздан шыққан киімдерге халықтың сұранысы жоғары» деген еді.

Өз саласын жетік білетін, жұмысын үлкен сүйіспеншілікпен, ерекше махаббатпен жасайтын маманның еңбегіне қызығатындардың көп болатыны түсінікті. Оны Нұр-Шах ұлттық киімдер брендінің әлеуметтік желідегі жазылушылар санынан да аңғаруға болады. Бұл біздің дизайнерлердің ішкі нарықтағы беделінің биік екенін көрсетеді.

Өзінің сәнді киімдерімен қазақты әлемге татынытып жүрген дизайнерлердің бірі Фарида Мерхамитқызының да есімі халыққа жақсы таныс. Дизайнер жетекшілік ететін «Ерке-нұр» сән үйі ұлттық киімдер дайындау ісіне алғашқылардың бірі болып араласқан еді. Тәуелсіздік алған жылы егеменді елді ерекшелейтін түрлі жобаларымен есте қалған «Ерке-нұр» сән үйі ұлттық киім үлгілерін дайындайтын жас мамандарды дайындау ісінің де көш басында тұр.

«Ұлттық мода, ұлттық киім, ол – ұлтымыздың болмысы. Сән әлеміне қызмет ете жүріп қаншама киім тігіп, пішіп, ұлттық киімнің түр-түрін насихаттап үлгердік. Ал тап қазіргі таңда ұлттық киім, ұлттық мода отандық fashion – индустрияның өзегі. Себебі қазіргі тұсаукесер, сүндет тойы, қыз ұзату мен келін түсіру рәсімдерінің барлығында ұлттық нақышта тігілген киімдер қолданылады» деген Фарида Мерхамитқызының айтқаны рас. Бүгінде ұлттық киім үлгілерін дайындаудағы ынтаның жоғарылауына халықтың сұранысы оң әсерін тигізіп отыр. Қазір баласын перзентханадан алып шыққан ата-аналар да бөпесіне қазақша үлгідегі киім тіккізгенді тәуір көреді. Одан кейінгі қырқынан шығару, бесікке салу, тұсаукесер, сүндет тойлардың қай-қайсысын алсаңыз да айналадағы қазақы нақышта тігілген сан түрлі киімдерден көзіңіз сүрінеді. Бір-біріне ұқсамайтын, бірінен бірі өтетін ұлттық киімдердің әр алуандығына қарап отандық дизайнерлердің де талантына, қиялына тәнті боласың.

Әсіресе, ұзату, үйлену тойларындағы қалыңдық пен жігіттің киіміндегі сән мен салтанатты көрсететін ұлттық бояулар талғамға сай. Одан бөлек, тойлардағы құда-жекжатқа берілетін сыйлық кәделерден де ұлттық нақыш бірден байқалып тұрады. Әсіресе, құда-құдағилардың бір-біріне тарту ететін шапан, кәжекей, бешпенттерінен қазақтың дархандығын, кеңдігін сезінгендей боласың. Құнды маталарға ою-өрнек салып, күміс әшекейлер, кестелер мен моншақтар төгіп қайталанбас ерекше әдістермен жасалған бұл киімдер қазақтың құдасын құдайындай сыйлайтын, қадірлейтін болмысынан да хабар береді.

         Ұлттық киім – ұлтымыздың айнасы. Ендеше, осы ұлтымызды айтқызбай-ақ танытатын оюлы көйлек, шапандарымызды тек мереке күндері кимей, күнделікті киюге, дәріптеуге басымдық берейік!

Exit mobile version