Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған байқау үздік жас ақын-жазушыларды, драматургтер мен сценаристерді анықтайды.
1 қазаннан бастап Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған жас жазушылар мен ақындар арасында өтетін «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауына құжаттар қабылдана бастайды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауын «Nur Otan» партиясы Қазақстан Жазушылар одағымен бірлесе ұйымдастыруда.
Шығармашылық байқау Тәуелсіздіктің алғашқы 30 жылында еліміздің жеткен жетістіктерін, мемлекеттілік іргесінің бекуіндегі Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізген табыстарды және қоғамды рухани жаңғыртудың идеялары мен құндылығын көрсететін қазіргі заманғы қазақстандық авторлардың шығармаларын қолдауды мақсат етеді. Байқауға 18-ден 40 жасқа дейінгі ақын-жазушылар, драматургтер мен сценаристер қатыса алады.
Байқау бес номинация бойынша өткізіледі. «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Көркем фильм мен телесериал сценарийі» және «Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша байқаудың жалпы жүлде қоры 11 миллион теңгеден асады. Бірінші орынға иеленген жеңімпазға – 1 000 000, екінші орын иелеріне – 750 000, үшінші орынды қанжылаған қатысушыға – 500 000 теңге қарастырылып отыр.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, байқауға авторлардың бұрын жарияланған шығармалары қатыстырылмайды.
«Байқауға әдепсіз сөздерді қамтитын, сондай-ақ үшінші тұлғалардың этикалық нормалары мен авторлық құқықтарын бұзатын туындылар жіберілмейді. Байқауға қатысу үшін «Проза» номинациясына 25 беттен аспайтын, «Поэзия» номинациясына мәтін көлемі 5 беттен аспайтын, «Драматургия» номинациясына 15 беттен аспайтын, «Көркем фильм мен телесериал сценарийі» номинациясына 30 беттен аспайтын, «Балаларға арналған шығарма» номинациясына 10 беттен аспайтын шығармалар жіберіледі», – делінген ұйымдастырушылар таратқан ақпаратта.
Байқаудың шарттары «Nur Otan» партиясының ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарында, сондай-ақ аikyn.kz сайтында, «Miras» партиялық жобасының Facebook парақшасында жарияланады.