arasha.kz

Ұрпағымыз салт-дәстүрді біліп өссін!

Ұлттық салт-дәстүрді берік ұстанып, халықтың әдет-ғұрпын тұрақты насихаттап отырған отбасының ұл-қызына қазақтың тарихын түсіну, танымын ұғыну оңай. Ал бірақ бізде ұлттық тәрбие тұрмақ, ұрпағының немен айналысып, кіммен араласып жүргенін бақылап отыруға уақыт таппайтын ата-аналар аз емес. Соның кесірінен өз тілін жетік білмейтін, өз халқының тарихынан хабарсыз, ұлттық салт-санаға қатысты титімдей түсінігі жоқ балалар өсіп келеді. Өзі бере алмаған тәрбиені, өзі үйрете алмаған тағылымды қоғамнан алғысы, ортадан үйренгісі келетіндер қатарының көптігі де сондықтан.

Әсіресе, балалардың жазғы демалысы кезінде әр өңір лагерьлер мен сауықтыру кешендеріндегі бағдарламаға ұлттық салт-дәстүр бойынша дәрістерді енгізіп жатыр. Бұл өте құптарлық, тамаша бастама. Мәселен, Ақмола облысының Білім басқармасы мектеп жанынан құрылған лагерьлерге салт-дәстүрді жетік білетін апа-аталарды шақырып, балалардың мағыналы әңгіме тыңдап, ұлттық дәстүрге байланысты бай мағлұматпен танысуына мүмкіндік туғызып отыр.

Ал Алматы облысы мен Жетісу облысында бұл олқылықтың орнын отандық кәсіпкерлер толтырып келеді. Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің мұғалімі Перизат Асхатқызының айтуынша, оқу орнын бітіретін түлектерге аудан маңындағы этно орталықтардың көмегі көп.

– Қазақ халқының арғы-бергі тарихын, салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін айтып, түсіндірген бір бөлек те, оны көзбен көрген бір бөлек. Бір қуаныштысы, қазір өлкетану музейлері баршылық. Сонымен бірге, тарихтан сыр шертетін құнды мағлұматтарға толы музейлер де бой көтеріп жатыр. Мысалы біздің колледждің ұстаздар қауымы балаларды үнемі осындай тарихи музейлерге апарып тұрамыз. Ондағы әрбір экспонатты егжей-тегжейлі түсіндіріп, балалардың танымын көтеруге үлес қосып жатқан музей қызметкерлеріне алғсымыз шексіз, – дейді педагог.

         Есік қаласындағы музейден балалар Сақ дәуіріндегі тарихи құндылықтармен танысып, халықтың бұрынғы кезде тұтынған заттарын, әшекейлерін, киген киімдерін көрген. Адамдарды жерлеу әдісі, халықтың салт-дәстүрі де балаларды ерекше қызықтырған. Олар Есік қорғанынан табылған Сақ ханзадасының әбзелдерін тамашалап, ондағы алтын бұйымдардың көптігіне, әшекейлердің орындалу шеберлігіне, сақталу әдісіне қатысты туындаған сауалдарына толымды жауап алған.

– Балалардың Жалғамыс ауылындағы саяси қуғын-түргін құрбандарына арналған музейден де алған әсері мол болды. Бұл музей де тарихи деректер мен экспонаттарға бай екен. Соның ішінде музей қызметкерінің қуғын-сүргін кезіндегі халықтың көрген қиындығы, ұлт қасыретіне байланысты әңгімелері балаларға ерекше әсер етті, – дейді Перизат Асхатқызы.

         Бұдан бөлек, Алматы облысындағы этно орталықтар, этно қалашықтар, этно лагерьлерге келетіндер өте көп. Колледж шәкірттерінің айтуынша мұндай орталықтар тек жақсы демалып қоймай, халықтың салт-дәстүрін, ұлттық ойындарын, ұлттық тағамдарын білуде де пайдалы.

– Алатау баурайындағы этно қалашыққа барғанымызда қатар-қатар тізілген аппақ қазақ үйлер алыстан көз тартты. Қалашық қызметкерлері алдымен балаларға қазақтың ұлттық тағамдарын ұсынды. Ыстық бауырсақ, құрт-ірімшік, сары май мен қымыздың дәмін көрген балаларға қалашық қызметкерлері ұлттық тағамдардың дайындалу әдісі, қыс бойы сақтау тәсілі туралы әңгімелеп берді. Одан кейін балалар аттар тұрған аймаққа барды. Атбегілер жылқы баптаудың қыр-сыры туралы айтып, атты ерттеудің, асауды үйретудің, атқа дұрыс отырудың маңызын түсіндірді, – деді ұстаз.

         Балалар үйретілген аттарға мініп, белгіленген аймақта қыдырды. Осы кезде қалашық қызметкерлерді ат жарыстары қалай ұйымдастырылатынын, аттың жүйріктерін қандай белгісіне қарап таңдауға болатынын айтты. Сонымен бірге ат үстінде келе жатып жерден теңге алу, атпен шауып бара жатып жамбыны дәл көздеп ату, көкпар, аударыспақ, бәйге, қыз қуу сияқты ұлттық ойындардың тарихы туралы толымды әңгімелеп, бұл ойындарды ойнаудың тәсілдерін көрсетіп берді.

         Батырлардың сауыттары, қару-жарақтары да балалардың қызығушылығын оятты. Ағаштан жасалған қауіпсіз қару-жарақты қолына алып, батырлардың сауытын киіп қылыштасқан, қол күрестірген балалар уақытын өте ұтымды өткізді.

         Ұлдар жағы қылыш пен найзаны қаншалықты жақсы меңгергендерін көрсетіп жатқанда, қалашық қызметкерлері қыздарды да назардан тыс қалдырмады. Қыздар өзара тоғызқұмалақ пен бес тас ойнаудан жарысты. Сондай-ақ, этно қалашықтың балаларға арналған бағдарламасында ұлттық тағамның бір түрін дайындаудан шеберлік сабағы қарастырылған. Бұл жолы колледж студенттері сірне тағамының жасалу әдісімен танысты. Ол үшін балалар аспаздармен бірге ет турап, пияз, картошканы аршып, дайындауға көмектесті. Балалардың бір тобы самаурынмен шай қайнатуға кірісіп кетсе, енді бір тобы тағамды жасаған аспаздарға отын бұтап, тамызық тауып беріп жатты.

         Сірнені дайындау барысында аспаздар қой етінің әрбір мүшесінің маңызын, қонақтарға ет тарту кәдесін, сонымен бірге, сірне дайындау барысында нені ескеру керектігін тәптіштеп түсіндіріп берді.

– Табақ тарту – қонақ күтудегі басты сыйластықтың белгісі. Сыйлы адамға бас пен жамбас тарту, балаларға құлақ беріп, тілге шешен, сөзге жүйрік адамға тіл мен таңдайды ұсыну бұрыннан бар. Бірақ, жастар мұны көп біле бермейді. Ал қалашық аспаздары әр жілікті ұсыну тәртібін айта отырып, қазақтың қонақтарға қаншалықтың зор ілтипат, құрмет көрсеткенін таныстырып өтті. Әсіресе, қарыннан жасалған салат, ішекті өріп жасайтын ұлттық тағамдарды дайындау әдісі кім-кімді де қызықтырары талассыз, – дейді Перизат Асхатқызы.

         Қазір қалада тұратын балалар телефонға телміріп уақытын өткізеді. Ал қала іргесінде этно қалашықтарға апаратын болса, балалар табиғат аясында жақсы демалып қана қоймай, халықтың тарихымен, салт-дәстүрімен, ұлттық құндылықтарымен танысуға мүмкіндік алар еді. Сондай-ақ, мұндай экскурсия балалардың ұлттық тағамдарды аспаздармен бірге дайындап, әрі дәмін татып, сонымен бірге атқа мініп, ұлттық ойындар ойнауына да жол ашады.

Exit mobile version