Бүгін танымал жазушы және этнограф-ғалым, баспагер Зейнолла Сәніктің туғанына 90 жыл толуына орай қаламгер тұрған үйге орнатылған ескерткіш тақта ашылды.
Сонымен бірге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде дәстүрлі «Сәнік оқулары» аясында студенттер мен магистранттар арасында республикалық байқау өтті. Білім жарысы жазушының мұрасын өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттау мен жас ғалымдардың шығармашылық ойы мен жобаларын жүзеге асыруға ықпал етуді мақсат еткен.

Қатысушылар «Үздік ғылыми жұмыс», «Үздік баспасөз материалы», «Дизайн өнерінің үздік туындысы», «Үздік деректі фильм» номинациялар бойынша бақ сынады. Үздіктер Зейнолла Сәнік атындағы арнайы шәкіртақы иегері атанаы. Әділқазылар алқасы құрамында ҚазҰУ оқытушы- профессорлары, танымал журналистер, белгілі редакторлар, қоғам қайраткерлері бар.

Зейнолла Мүбәракұлы Сәнік 1935 жылдың 15 сәуірінде ҚХР, Тарбағатай аймағына қарасты Шағантоғай ауданында дүниеге келген. Бейжің қаласындағы орталық жастар институтын бітіріп, еңбек жолын баспагерліктен бастаған. «Халық баспасы», «Шыңжаң халық баспасы, «Шыңжаң жастар өрендер» баспасында аға редактор, жетекші ретінде қызмет атқарды.

2000 жылы тарихи Отанына оралып, зерттеу жұмыстарын жалғастырды.
Бейсенғали Садықанұлымен бірге Қабанбай туралы «Қабанбай батыр» тұңғыш жинағын құрастырды. Сонымен бірге «Хан батыр Қабанбай», «Тау жұлдызы», «Қазақтың тұрмыс-салт білімдері», «Табиғат тәлімі», «Дала мәдениеті туралы толғаныстар», «Қайрақбай», «Басбай», «Сергелдең», «Із», «Тұғырыл хан – Демежан батыр», «Қазақ этнографиясы», «Сүлеймен би», т.б кітаптары жарық көрді. 15 томдық мұрасы жарық көрген жазушы қазақ тарихы және мәдениетінің дамуына, қайта жаңғыруына өлшеусіз үлес қосты. 2018 жылы құрылған Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қоры ұлт руханияты- қазақ әдебиеті мен өнерінің дамуына қолдау көрсетіп келеді.
