Хайыр, қазақ жылағысы келмейді екен. Той керек екен қазаққа. Ия, оларға той керек екен деп, той жасап бере береміз бе? Құндылығын тойға айналдырып, бұрын аштықтан қырсақ, енді рухани тоздырамыз ба? Кинорежиссер Данияр Саламат Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы сарапшылар алқасының питчинг қортындысы шыққанын мәлімдеп жазба қалдырды.
Кинорежиссердің жазбасы:
Қортынды тізімде жоқ екенбіз, яғни құлатыпты. Әуелде Кенжебек екеуіміз «Көресі», «Чина күйеуге шықты», «Күміс қоңырау» (алдыңғысы Кенжебектікі) аттты фильмдерімізді ұлы аламанға қосқанбыз. «Көресі» мен «Чина күйеуге щықты» әлеуметтік драма болатын. Олар алғашқы іріктеуден-ақ омақаса құлаған. Қайыр, үміт «Күміс қоңырауда» еді, оны питчингтен сұлатыпты. Не үшін? Көркемдігі төмен болғаны үшін бе? Олай болса, питчингте айтылар еді ғой? Ештеме айтпаған эксперттік кеңес мүшелері, жақауратқан бір-екі сұрақтар қойды да, шығарып салған. «Күміс қоңырау» былтыр да қатысып, питчингтен өткен еді. Одан әрі министрлік сүзгісінде іркіп қалған. Биыл «министрліктің басын қатырмай, жұмысын жеңілдетейік» десе керек, питчингтен ары оздырмапты. Дұрыс. Жұмыстарына сәттілік!
Өкініштісі не? Өкініштісі, шын киноны, ұлттық киноны түсінеді-ау деген, қорғайды-ау деген өзім сыйласып жүрген Эксперттік кеңес Төрағасы Б.Шүкеновтың, орынбасары, киносыншы Н.Рахманқызының, жазушы Р. Мұқанованың, кинорежиссер Е.Нұрмұханбетовтың, киносыншы И.Смаилованың жүректерінің дір етпеуі еді… Қазақ киносының қарабайырланып бара жатқаны өкінішті. Өнер мен көркемдіктің шыңы — авторлық киноның, ащы әлеуметтік киноның питчингтен аты өшкені өкінішті. Қазақ киносының маңызы мен міндетін ұғады деген эксперттік кеңесте отырған адамдардың ағыстың жетегінде кеткені өкінішті.
Сол себепті, енді ол кісілерге, министрлікке сөз шығын, мен айтарымды желкілдеп өсіп келе жатқан жас киногерлерге арнасам деймін.
Кино түсіріңдер, жігіттер! Жалғыз камераларыңды сүйретіп жүріп кино түсіріңдер!
Қазақ киносының қарабайырланып бара жатқанын питчингтен өткен фильмдердің тақырыбын қарасаңыз сезесіз, бадырайтып жазып жатпайын, қайтем… Осы аламанда аты озған бір жақсы інімнің «кейінгі кезде қазақ киносы жылап-сықтау болып кетті ғой (кедейлерді жырлап кетті дегені шығар), қазақта да алпауыттар болған»,-деп «кедейлердің режиссері» — біздің бақшамызға бір-екі тасты лақтырып-лақтырып жібергенін де таратып айтпай-ақ қояйын, қайтем… Тек айтарым, ия, жиырмасыншы жылдары кекірігі азған алпауыттар болған, бірақ оның ар жағында зар жылаған халық жатқан…. Фонсыз картина болмайды. Ол алпауыттарыңды да жиырмасыншы жылдың соңы, отыздың басында тоз-тоз қылған… Олар не, жыламады ма? Жылағанда қалай, ар жағындағы соры қалың халқымен қосыла солқылдаған…
Режиссер деген кім? Режиссер деген — суретші! Суретші деген кім? Суретші деген «жараның аузында» жүретін адам! Режиссер ойын күлкімен, арзан моральмен алдақыратушы, жауырды жаба тоқушы емес, режиссер — ақиқат жаршысы, рухани дәрігер!
Хайыр, қазақ жылағысы келмейді екен. Той керек екен қазаққа. Ия, оларға той керек екен деп, той жасап бере береміз бе? Құндылығын тойға айналдырып, бұрын аштықтан қырсақ, енді рухани тоздырамыз ба? Сатыбалды ағайым айтып еді: «Қазіргі режиссерлер кафедегі даяшылар секілді, не сұраса соны әкеліп береді»-деп. Я, даяшыға айналып барамыз. Режиссер халықтың (айтқанын істеп) соңында емес, (айтқанын істетіп) халықтың алдында жүруі керек! Мысалға, көпшілікке не керек? Көпшілікке кола керек, чипсы керек, кәмпит керек, торт керек. Тек осылармен қоректенген жұрт не болады? Әрине, ауру болады! Ал, дәрігер ұсынатын мәзір дәмсіз, мұрынын шүйіріп жегісі келмейді. Дәрігердің мақсаты не? Дәрігердің мақсаты — дені сау болса дейді адамзат!
Шын режиссердің мақсаты не? Режиссер жұртын рухани сау болса дейді! Той тойлап, арзан күлкі мен сентиментализмді қорек етіп, рухани кембағал болмаса екен дейді! Өз қасіретін жете түсінсе екен дейді! Жанына үңілсе екен дейді, қасіретін ұғынса екен дейді. Бірақ оны көпшілік қорыта алмайды. Мұрынын шүйіреді «кедей-кепшік» дейді, «жылап-сықтау» дейді… Сөйтеді де кешкісін бала шаға комедияларға кетеді, әке-шешесі кезекті тойларына дайындала бастайды…
Солай кете берсін бе?
Қазақ жаны неге тойға құмар? Өйткені қазақ бауырына қасірет бүккен халық. «Мың өліп, мың тірілген» халық. Әділетсіздікті көп көрген (қазір де көріп жатқан) халық. Жанында азынаған көңілсіздікті тоймен толтырып, ізгілік аңсаған жанын тоймен жұбатқысы келеді. Ия, жұбанады бір сәт. Жадырайды, бір жасап қалады. Бірақ мұның бәрі түкке керексіз, ізсіз, рухани құлдыратар, жасампаз сәтте текке уақыт өлтірер алдамшы сезімдер негізі… Ал олардың жандарының емі де, азығы да шын ұлттық кино!
Испан-мексикандық ұлы кинорежиссер Луис Бунюельдің «Ұмыт болғандар» (Канн кинофестивалінде үздік режиссерлік жұмыс жүлдесін жеңіп алған) және «Виридиана» (1961 жылы Канн кинофестивалінде «Алтын пальма бұтағын» алған) деген әлемдегі бар кинорежиссерлерге үлгі болардай екі фильмі бар. Екеуінде де аш-арықтар (қаңғыбастар) өріп жүр. Бұл фильмдерді де кезінде жергілікті билік халқынан қорып, көрсетпеуге тырысқан.
Акира Курасаваның даңқын әлемге паш еткен «Жеті самурай», «Трамвай тарсылының астында» деген фильмдерінде қызыл сирағынан саз кешкен жарлы-жалқыбай, қаңғыбастар жайында. Оларды әлем көрді ғой? Аш-арық деп тыжырынған жоқ ешкім. Әлеметтік теңсіздікті екшеді, оның астарын көмкеріп жатқан терең психологизміне, көркемдігіне таңданды мамандар. А.Тарковскийдің «Андрей Рублев», «Сталкерін» алыңыз» Жалбұр-жұлбыр жаманнан, баттаса кір басқан әйнектен не көресіз? Батбақты басқан қалың тұманнан не көресіз? Кері тебер кедейлікті ме, жоқ, жарық пен тұманның селбесуін, батпақ пен гүлдердің айқасын көресіз бе? Астарға ұйисыз ба, бетіне шыққан кіріне тіреліп тоқтайсыз ба? Ойланыңыз. Ондағы үйлесім мен композицияға да назар аударыңыз. Жарыққа да көңіл бөліңіз, бояуына да назар салыңыз…Үрікпеңіз. Олар сізді жиіркендіру үшін емес, жаныңыздағы ізгіліктің отын үрлеу үшін, ол сізді балшық кештіру үшін емес, ой кештіру үшін алдыға сүйрейді…
Әлем киносы жауһарларынан, аттары әлемге шығып жатқан кейінгі толқын шеберлерден осындай «жарлы-жалқыбайлардың» фильмдерін кесек-кесегімен мысалға келтіруге болады. Бірақ кімге керек ол мысал, дәлелің? Ұғар сана, естір құлақ болмаса? Амал жоқ, саған ғана айтам, желкілдеп өсіп келе жатқан жас киногер!
Негізі «айқайлай-айқайлай қасқырдан да ұят болды» демекші, қазақ киносындағы кейінгі кездегі әділетсіздіктерді айта-айта өз-өзімнен ұялатын болдым.
Мемлекеттің (министрліктің) шын өнерді қолдайтын түрі жоқ… Енді қолдамайды да…
Қазақ кинолары көрермен соңынан ығып барады. Оны қайырып жөнге салар Ұлттық киноны қолдау орталығының сарапшылар алқасы көрінбейді… Өкінішті… Ағынмен бірге жөңкіліп барады бәрі…
Ееее деңіз… Кино түсіріңдер, жігіттер! Жігерлерің мұқалмасын! Ал мен:
-Питчингі құрсыншы, келесі апта ешкім тойға шақырмап па и?