Мақтарал: 868 үй су астында қалуы мүмкін.
Мақтарал: 868 үй су астында қалуы мүмкін

фото Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды

Түркістан облысы Мақтарал ауданындағы су тасқынан қазіргі болжам бойынша қазірдің өзінде 3601 гектарға жуық ауыл шаруашылығы дақылдары су астында қалған. Алдын ала болжамға қарағанда келген шығын 404 млн теңге. Бұл туралы Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов мәлім етті.

Мақтарал ауданында алдағы уақытта су басу қаупі бар ауылдарда малды эвакуациялау жұмыстары жалғасуда. Қазірдің өзінде су тасқыны орын алған 7 елдімекеннен яғни Жеңіс, Жаңатұрмыс, Жантақсай, Фердоуси, Еңбекші, Нұрлытаң, Өргебас ауылдарынан 3115 ірі қара, 1101 жылқы, 585 қой, 34 түйе көшірілген. Ал суға кетіп өлген мал саны әзірге белгісіз болып отыр.

Қазіргі таңда Мақтаарал ауданында орын алған жағдайға байланысты 2243 азамат қауіпсіз аймаққа көшірілді. Сондай-ақ, судан  қауіп төнген Нұрлыжол мен Фредауси ауылдарынан 415 үйдің 3200-ден астам тұрғыны қауіпсіз аймаққа шығарылған. 

Су тасқынына байланысты құрылған облыстық штаб жетекшісінің орынбасары Сәкен Қалқамановтың айтуынша, су тасқыны аудан бойынша 4 елдімекенге қауіп төндірген. Бұл дегеніміз 4624 халқы бар 868 үй су астында қалуы мүмкін деген сөз. Алайда, қазір дер кезінде қолға алынған шаралардың арқасында қауіптің беті қайтқан. Төтенше жағдайға байланысты 18  эвокуациялық орындар дайындалып, олар Атакент, Мақтарал, Жамбыл елдімекендерінде орналасқан. Апаттан құтқару жұмыстарына 630 адам мен 2 су көлігі және 56 техника жұмылдырылған. Қазіргі таңда қауіпті аймақтағы азаматтар мен үй жануарларын қауіпсіз жерге көшіру шаралары ұйымдастырылады.

2 мамырға қараған түні Өзбекстанның Сырдария облысында жарылған Сардоба су қоймасының суы Түркістан облысы аумағына өтіп, бірнеше ауылды су алды.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk