28-12-20 | 16:47
Маскасыз жүрген Қайрат Нұртас пен Айқын Төлепберген ақтөбелік кәсіпкерлерге айыппұл төлетті.
Маскасыз жүрген Қайрат Нұртас пен Айқын Төлепберген ақтөбелік кәсіпкерлерге айыппұл төлетті

Ақтөбе облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эстарада жұлдыздарын шақырып, корпоративтер өткізген бірнеше кәсіпкерге айыппұл салды. Ал әлеуметтік жауапкершілікті ескермейтін шоу-бизнес өкілдері бұл жолы да жауаптан құтылып кетті.

Мейрамханаларды жағалап, адамдардың шектен тыс жинап жүрген эстрада жұлдыздарының қатарында Қайрат Нұртас, Айқын Төлепберген және Бүркіт пен Айша бар.

 

«Қайрат Нұртас қатысқан шара бойынша «Auz.T» тамақтану желісінің жеке кәсіпкеріне 319 470 теңге көлемінде айыппұл салынды. Кәсіпкер ұжымдық, ойын-сауық іс-шараларын өткізген. Келушілердің де, ұйымдастырушылардың да медициналық маскалары болмаған, адамдар арасындағы әлеуметтік арақашықтық сақтамаған. Және Айқын Төлепбергенов қатысқан шара бойынша «Арвана-гранд парк» лаунж-барының заңды тұлғасына қатысты тексеру болды. Тексеру барысында заңды тұлға жеке тұлғаға жалға бергендігі жөнінде белгілі болды. Осы обьектіге қатысты қайтара жеке тұлғаға тексеру актісі ашылып, жеке тұлға З.Тухмухамбетоваға 41 670 теңге көлемінде айыппұл салынды», – дейді Ақтөбе облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі.

Қазақстан азаматтарына заңның ортақтығын айтып, әншілердің не себепті жауаптан босау себебін сұрағанымызда аймақтағы эпидемиологтар: «Әнші – Алматы қаласының тұрғыны» деп қысқаша қайырды. Ал Бүркіт пен Айша қатысқан мерекелік кешке қатысты тексеру жасалынатынын айтты. Әншілердің жарнамасы желіде ашық хабарланып жатыр.

Қазіргі уақытта ақтөбелік эпидемиологтар шектеу карантиндік шараларын бірнеше рет бұзған 13 нысанның қызметін тоқтату үшін әкімшілік сотқа жүгінген. Олардың қатарында «Диана», «Андр», «Салтанат сарайы», «Дулат», «1001 түн», «Ғарыш», «Нұр», «Хан Орда» мейрамханалары, «Душа» караоке клубы, «Virtual club» , «Sun STRIKE» ойын клубтары бар.

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk