01-04-21 | 15:44
Мектеп – жалпыұлттық мәселе.
Мектеп – жалпыұлттық мәселе

Жақында білім және ғылым министрлігі 2025 жылға қарай қанша оқушыға мектепте орын жетпейтіні туралы жаңа мәлім жариялады. Министрліктің дерегіне қарағанда, 2025 жылға қарай 671 мың оқушыға орын жетпеуі мүмкін. Бұдан бір жыл бұрын министрлік орын жетіспеушілігі 500 мың деген еді. Жаңарған мәлімет одан да сорақы болып отыр.

Мектептердегі орын жетіспеушілігін министрлік салынуы жоспарланып отырған 800 жаңа мектептің есебінен шешпекші. Тап осы 800 жаңа мектеп салуды «Нұр Отан» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында да ұрандатып айтқан еді.

Бірақ 800 жаңа мектеп салынғанымен ол мектептердегі орын жетіспеушілігін шеше ала ма? Мәселе – осында. 800 мектепті бес жылда салып тастағанмен оқушыларға орын жетпесе не болмақ?

 

Бар мектептердің жағдайы қандай?

Бұған дейін 100 мектеп 100 аурухана жобасы жүргені мәлім. Мемлекет енді алдағы бес жылда тағы 800 мектеп салуға құлшынып отыр. Жоғарыда айтқанымыздай, орын жетіспеушілігін сонымен шешпек. Алайда министрліктің есебі 12 жылдық оқу мен демографиялық өсімді негізге алып жасалғандай. Ал қазіргі қолданыстағы мектептердің нақты жағдайы мен сыйымдылығы, жарақтандырылуы есепке кірмей қалған сыңайлы.

Себебі 800 мектеп салмас бұрын ең әуелі бар мектептерге тәуелсіз ревизия жасалып, нақты жағдайы сараланып, екшелуі тиіс. Мәселен, көп мектепте жылы дәретхана деген атымен жоқ, оны қойып химия, физика кабинеттері жабдықталмаған, спортзал жоқ, барлық мектепте интернетке қосылған десек ол да жалған болар еді.

Оның үстіне қазіргі мектептердің бір бөлігі әбден ескірген, құлаудың аз-ақ алдында. Өйткені ол мектептер өткен ғасырдың 20-30 жылдары салынған.

Сырт қарағанда, білім және ғылым министрлігінде әр мектептің жағдайы туралы нақты мәлімет бар секілді көрінеді. Бірақ ол мәліметтер нақты жағдаймен қаншалықты сәйкеседі?

Мұны айтып отырған себебіміз, пандемияға дейін білім және ғылым министрлігі және цифровизация министрлігі мектептерді үлкен жолақты интернетке қостық деп сүйіншілеген еді. Алайда коронавирус карантині кезінде қос министрліктің интернет туралы «орындалды» дегендері өтірік болып шыққан. Ауылдағы студенттер мен оқушылар байланыс ұстайтын жер іздеп кеткені ел есінде. Қоғамның қатты сынына да ұшыраған. Сондықтан да министрлік мәліметінің қаншалықты шынайы өмірмен сәйкес келетіні ойландырады.

Мысалы, мектептердің 90 пайызында спортзал бар делінеді. Бұған сенуге бола ма? Күні ертең ол спортзалдар суық әрі қарапайым спорт жабдықтары болмай шықпай ма? Сол секілді химия, физика кабинеттерінің жабдықталуы есепте жақсы болып, шын мәнінде түк жоқ болып шықпай ма?

Тағы бір мәселе бар. Қазіргі мектептер мүмкіндігі шектеулі балалар оқуға қаншалықты ыңғайланған? Бұл туралы ойлаудың өзі ауыр…

Сондықтан да 800 мектеп салмас бұрын бар мектептердің жағдайы барлық параметрлер бойынша жіті тексерілуі шарт. Мектеп бітірушілердің жыл сайын әлеуметтік желіге жүктейтін суреттері мен жазбаларына қарағанда тексерушілерді талай қызық күтіп тұрғанын байқауға болады.

 

Сығылысқан оқушыға қандай білім қонады?

Қазақстандағы білім нормативі бір сыныпта 30-40 оқушы отыруына рұқсат береді. Алайда сарапшылар бұл норматив әлдеқашан ескірген дейді.

Сарапшылар «Назарбаеа интеллектуаль мектептерінің» формасын алуды ұсынады. Онда бір сыныпта 12-15 оқушы бар. Мұғалім сабақ барысында әр оқушыға көңіл бөліп, сапалы білім беруге мүмкіндік туады. Соның нәтижесіне НИМ оқушылары түрлі олимпиадалар да жүлделі орын алады, білім сапалы.

Сапалы білім демекші, тағы бір мәселе бар. Көп мектептердің оқушылары сабақтан тыс уақытта не істейді? Білетініміздей, жағдайы бар ата-аналар балаларын түрлі қосымша білім беру, спорт үйірмелеріне апарады. Алайда, ауыл-аудан және ірі қалалардағы көп ата-ананың мұндайды жағдайы көтермейді. Бұл мәселе әсіресе, падемия кезінде қатты сезілді.

Сондықтан жаңа мектеп салумен бірге оқушылардың бос уақытта айналысатын түрлі үйімлерге арналған арнайы жабдықталған орындардың да болуы өте маңызды.

 

800 мектепке қанша ақша жұмсалады?

Министрліктің есебінше, 800 мектеп салуға шамамен 900 миллиард теңге кетеді. Бір қарағанда қыруар қаражат. Ал бұл қаражатты білімге салынған инвестиция деп қарауға да болады.

Мәселен, PISA рейтингісінде білімге инвестиция салу бойынша Қытай, Жапония, Финляндия, Корея, Сингапур. Бұл елдер бір оқушыға бір жылда 10 мыңнан 14 мың долларға дейін қаражат жұмсайды. Ал Қазақстан бір оқушыға жылы 243 мың теңге яғни 600 доллар шығындайды.

Білімге көңіл бөлу ғана емес, қаражат бөлуді биліктің үнемі айтатыны да осы. Иә, қаржы бөлу бар да оны дұрыс игеріп, сапалы мектеп, сапалы білім беруді ұйымдастыру бар. Мәселен, үкімет 800 мектепті мемлекет және жекеменшік әріптестік негізінде салмақшы. Яғни, жекеменшік компания мектепті салып, бес жыл қарап сосын мемлекетке өткізеді. Бірақ жекеменшік компания мектеп салуда пайданы ғана көздемесіне кім кепіл. Сондықтан да сарапшылар салынатын мектептердің сызбасынан бастап, қандай материал қолданылатыны, қай жерге салынатыны бәрі-бәрі қоғам талқысына шығарылып, қоғамдық бақылауда болуы шарт деп есептейді.

Жаңа мектептердің салуына солай жүзеге асып, жарақтануы ойдағыдай болып шығып, орын жетіспеушілігі жойылды деген күннің өзінде педагогтардың біліктілігі өз алдына өте күрделі мәселе екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан да мектеп мәселесі тек мемлекеттің ғана емес, жалпыұлттық мәселе.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.