03-01-20 | 18:59
“Мемлекет қайраткерлерімен қоштасудың мәдениеті қажет”.
“Мемлекет қайраткерлерімен қоштасудың мәдениеті қажет”

Бүгін Алматыда мемлекет және қоғам қайраткері Серікболсын Әбділдинді ақтық сапарға шығарып салды. Марқұммен қоштасу – қаралы жиынға жоғарғы билікте жүрген лауазымды тұлғалардың ешбірі келмеген. Әлеуметтік желідегі қоғамдық-саяси белсенді азаматтар биліктің бұл әрекетін сынап, жазба жариялауды. Әбділдинді ақтық сапарға шығарып салуға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров қатысқан. Төменде фейсбукте жарияланған кейбір жазбаларды беріп отырмыз.

Ерлан Саиров, саясаттанушы, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі:

– “Өлі разы болмай, тірі байымас”. Қазақтың ең терең философиялық құндылықтары. Мәңгіге кеткен мемлекет қайраткерлерімен қоштасудың мәдениеті қажет. Мемлекет дегеніміз институттар мен мемлекеттің саяси әдет- дәстүрі. Мемлекеттік институттар тек қана шешім қабылдап, саяси қадам жасамайды. Болашаққа үлгі болар саяси әдет- ғұрып қалыптастырады. Осынау саяси дәстүр халықты халық жасап, қоғам- ел табалдырығын қатайтып, жұртты уыстырады.
Саяси көзқарас пен идеологиялық бағыт-бағдардан тыс, жоғары жалпы ұлттық, халыққа ортақ рәсімдер өте қажет. Мемлекет осындай ортақ құндылықтар уығынан шаңырақ болып, бекіп- қатаяды…

 

Қасым Аманжол, журналист:

– Заманбек оққа ұшқанда да, Алтыекең мен серіктері қастандықпен өлтірілген кезде де бірді-екілі билік өкілдері, қызметтес болған жандар келген, қайғы бөліскен. Сол кездегі қала әкімі Тасмағамбетовтің олардың отбасына бірден кіріп, көңіл айтқаны есімізде. Еш қастандықсыз, саясатсыз, ақ өліммен қайтқан Әбділдин ақсақалға бүгін топырақ салуға жарамаған, қалтыраған замандастарына, қала басшыларына таңым бар. Назарбаев болсын, басқа болсын, барлығымызға барар жер сол емес пе…

 

Сәбит Құрманбек, режиссер:

– Серікболсын аға біз Москвада оқып жүргенде Қазақстанның өкілеттігін басқарып еді, сол елшіліктен тек бізге Қазақстанның студенттеріне жыл сайын үзбей екі-үш рет ақша берілетін, әсіресе жетім не әкесі жоқ студенттерге қосымша көмек болатын. Әсіресе ең есте қалғаны Абдильдин аға 1987 жылы бірінші рет Москваның дақ төрінде Қазақстан елшілігінде Наурыз өткізген, біз студенттер сол наурызға ат салысып едік. Қош болыңыз асыл Аға… Сіз ғана елдің абыз ақсақалы деген атқа лайық едіңіз… Сіз ғана қасқайып жексұрындарға қарсы тұрдыңыз… Сіз ғана шын демократия үшін шырылдадыңыз…

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk