arasha.kz

«Тоқаев – Назарбаевтың ең сенімді қызметшісі»

Шыны керек, қоғам Тоқаевтан көп үміт күтті. Әлдебір алабөтен жаңалық, жаңару келе қалғандай елеңдеу, әне-міне өзгеріс жасайтындай емексу, міне-міне бір тосын жақсылық болатындай дәме болды. Бірақ олай болмады. Тоқаев берген уәдесінің бір де бірін орындамады, тіпті созбақтап, орындайтын ниеті де жоқ. Ол бірден Назарбаев салып берген сара жолға түсті: сапырмай құр сөз, алғадай құрғақ ұран, жылтырақ жарнама, дәйексіз декларациялық мәлімдемелер мен алдамшы декорациялық нәрселермен әуестеніп кетті.
Бұл тұрғыда оны Назарбаев сарайының- саяси пирамидасының күзетшісі деуге болады. Жұртқа ұғынықты тілде бейнелеп айтсақ, ауылда заманы өтіп, кетеуі кетіп тұрған мүжік, ескі қойманы қорып, күндіз-түні айналшықтап, жыртығын жамап-жасқап, тесігін бітеп, құлаған жерін майлап, қисайған жеріне тіреуіш қойып, босаған шегесін бекітіп, қаңылтыр ма, тері-терсек пе, одан-бұдан бірдеңе әкеп жапсырып, күйбініп жүретін пысықай да күйкі қарауылдар болушы еді ғой, Тоқаевты соған теңеуге болады.
Бұған қатысты екі факторды атауға болады: бірінші, Нұрсұлтан Назарбаев отставкаға кетсе де билікті әлі уысынан шығарған жоқ. Яғни, елдегі барлық мәселені сол шешеді. Екінші, Қ.Тоқаев – босбелбеу, ынжық саясаткер. Әйтпесе, сайлау алдында айтқан уәдесін орындаса, президент ретінде оның қолын ешкім қақпас еді. Бірақ онда ондай ерік-жігер жоқ және болмаған да. Сондықтан қазір айтып жүрген қос өкімет туралы әңгіме – бос сөз. Тоқаевтан асаулық, саяси шамшылдық күту – бекер. Бұл – саяси манипуляция, халықты емексітіп, алдаусырату үшін айтылған әңгіме және алдын ала жіті ойластырып, жоспарланған кезекті бір саяси сцена деуге болады.
Мұның сыртында тағы бір жәйт бар, ол – Назарбаев пен Тоқаев арасындағы келісім. Ол келісімде не айтылғанын білмейміз. Дегенмен, ұзынырғасы былай деп топшылауға болады: Тоқаев оңтайлы адам табылғанша х сағатқа дейін президент болады. Ол үшін n сома саяси-материалдық бонус алады. Назарбаев билігі жалғасады, жасай береді. Мұның бәрін реттеуді ол өзі мойнына алғаны анық.
Мұндай жорамал жасау негізсіз емес, оның шет-жағасын Тоқаевтың өзі де сұхбатында айтып қалды. Осы тақылеттес әңгіменің болғаны және оның антын алғанына күмән жоқ.
Әдетте, билік транзиті кезінде дәмегөй саяси топтардың қақтығысы, шарпысуы болмай тұрмайды. Бірақ Қазақстанда олай болмады, бәрі ың-шыңсыз өтті. Қақтығыс, шарпысу былай тұрсын, артық-ауыс әңгіме, күңкіл-сүңкіл сөз де шықпады. Бұл Назарбаевтың сұңғылалығы мен әбжілдігін – бәрінің бірдей тілін тауып, аузын алып, бірін ыққа, бірін желге айдап, бәрін көндіріп, жайластырып қойғанын көрсетсе керек. Оның шеңгелі әлі де мықты. Оған дәлел- Назарбаевтың ресми биліктен кеткеніне 7 айдан астам уақыт өтті, Ақорда сол бұрынғы қалыпты тірлігінен бір сәт те танған жоқ. Хантәңірі бір пәс те аласарған жоқ, Есіл жиырма жыл бұрынғы арнасымен ағып жатыр.
Жалпы, Қазақстан саясатын, қазақтың қазіргі халін саясаттану ғылымында аналогы жоқ құбылыс ретінде қарастыруға болады. Сонда Назарбаев феномені мен Тоқаев миссиясының сыры әшкере болар еді. Шыны керек, Н.Назарбаев жүйесінің қатпарына бойлау мүмкін емес. Өйткені, ол өте қитұрқы схемаларға құрылған. Бұл шым-шытырық саяси лабиринттің жықпыл-жықпылы мен қалтарыс-бұлтарысын тек бір адам ғана біледі, ол – Назарбаев. Мұның қасында тіпті Хеопс пирамидасының конструкциясы да қораш, қарапайым десе болады. 30 жылда қазақ саяси элитасының талайы осы лабиринтте адасты, талайы әлі адасып жүр. Лабиринттің бұралаң бір соқпағы Алматыдағы Кеңсай зиратына апарады. Оған дәлел – Заманбек Нұрқаділов пен Алтынбек Сәрсенбаев сонда жатыр.
Назарбаев жүйесінің беріктігі оның мінсіздігінде емес, тек саяси элитаның тойымсыздығы мен сатқындығында, қала берді, иі жұмсақ көнбістігінде. Бұл саяси пирамиданың архитекторлары – марқұм Алтынбек Сәрсенбаев пен Марат Тәжин. Енді оның фасадын Ерлан Қарин мен Дархан Қалетаев әрлеп жатыр. Бірақ ерте ме, кеш пе, заман өзгереді, оның Батыстың самал желіне шыдас беруі неғайбіл.
Қ.Тоқаев – Назарбаевтың ең сенімді қызметшісі. Әйтпесе, одан басқа талай-талай кандидат бар: И.Тасмағамбетов сияқты ыссы, жігерлі саясаткерлер де, А.Есімов сияқты тісқаққан, көнбіс серіктері де, Н.Нығматуллин сияқты жанын пида етуге бейіл ләпбайшылдар да, Б.Байбек сияқты елпек жастар да болды. Бірақ ол Қ.Тоқаевты таңдады және еш қателескен жоқ. Қ.Тоқаев – елші, министр, премьер-министр, БҰҰ-да өкіл, Сенат төрағасы болып, саяси карьераның барлық сатысынан өтсе де, аса бір даңғыл саясаткер емес, тәжірибелі функционер, бәкене ғана саясаткер. Бұған президент болғалы 7 айдағы іс-әрекеті дәлел. Десек те, Тоқаев өз образы, өз рөліне енді кірді. Кадрлық ауыс-түйістер, Астанадағы, Алматыдағы жиналысы, ЛРТ, Көкжайлау туралы оданылау пікірлері – соның мысалы. Сондай-ақ, ол саяси марафонның мәресіне де таяп қалған болуы кәдік. Соңғы кездегі саяси оқиғалардың динамикасы мен реңкі – саяси партиялардың жандануы, төтеннен Ж.Мамай, Е.Бапи, Т.Қожалымова сияқты нәкүмән саясаткерлердің бой көрсетуі, Е.Қарин, Е.Сайыров, М.Тайжан сияқты пиаршы-саясаттанушылардың алабөтен белсенділігі соны аңғартады. Мұны бір тықырдың таяп қалғаны деп түсінген жөн. Оның үстіне М.Әбілязовтың да атын тебініп, ай сайын митингіге шақырып аттандауы ахуалды ушықтырып, шынын айтқанда, алқымнан алып, асықтырып тұр. Болжам бойынша, Тоқаев эстафетаны Дариға Назарбаеваға беру керек. Бірақ ол кез келген сәтте Самат Әбіш, әлде Бауыржан Байбек, тіпті мүлде басқа біреу болуы да ғажап емес. Назарбаев феноменінің құпиясы да осында.
Бір нәрсе анық – постназарбаев кезеңін Назарбаев жалғастырып жатыр. Сондықтан Қазақстанға әзір демократияның ауылы алыс. Тоқаевқа халыққа берген уәдесінен гөрі, елбасына берген «анты» қымбат болып тұр. Ол алты құлыптың астында, жеті сандықтың ішінде.
Постназарбаев кезеңіндегі саяси-әлеуметтік оқиғаларды сараптап, сүзгіден өткізсе, қазақ саясатының мозаикасы құралады: өткеннің табын, бүгіннің бейнесін, келешектің кескінін көруге болады. Қазақы тоба мен тәубашылдыққа салып, өткенге салауат айтып, бүгінгі барға қанағат етсек те, мына қалыпта, мына бағытта келешекке деген күдік пен күмән басым.
Осының бәрі қоғамның көз алдында өтіп жатыр. Бірақ ең қауіпті нәрсе – соған қоғамның еш селт етпеуі, самсоз селқостығы. Уақыт қазақты айналып өтіп бара жатқандай.

Бақытжан Қосбармақов, журналист. Жазба автордың фейсбук парақшасынан алынды.

Exit mobile version