06-03-19 |
2440 рет қаралған
«Қазақстандықтардың көбісінің табыстары төмен, жұмыссыз, сол себепті әлеуметтік жәрдемақыға мұқтаж».
«Қазақстандықтардың көбісінің табыстары төмен, жұмыссыз, сол себепті әлеуметтік жәрдемақыға мұқтаж»

Нұрбек Мәтжани: Әлеуметтік саясат жайында

Жақында әлеуметтік салаға жауапты министрлік жаңа бастамаларын ұсына бастады. Тағайындалғандарына бір апта болмай жатып, олар қалайша елдің жағдайын жақсартатын бастамаларды ойлап таба алатынына басым жетпей отыр?! АҚШ-та кез келген жаңа бастаманың артында тыңғылықты ғылыми зерттеу болмаса, Конгресс (федеральды деңгейдегі бастама болса) арқылы алып өту мүмкін емес. Бастамашылар әрбір центтің қайда жұмсалатынын қорғайды. Біздегі шұғыл бастамалар ашынған халықтың ызасын тез арада басу әрекетіне бағытталғаны айтпаса да түсінікті ғой. Алайда, сол бастамалардың ұзақ мерзімде нәтиже береді деп айту қиын. Себебі, бастамалар проблемалардың себептерімен күресуге бағытталмаған. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (OECD) елдерінің арасында АҚШ табыс дифференциация (Income Distribution) көрсеткіші бойынша ең соңғы 36-орында тұр. Американың топ 1% тұрғынына елдегі барлық табыстың 24%-ы тиеслі (бұл көрсеткіш Данияда 6%, Жапонияда 10%, Германияда 13%). Біздегі көрсеткіш қандай екенін құдай білсін. Кейбір ғалымдар мен саясаткерлердің айтуынша, бұл көрсеткіш елдегі әлеуметтік теңсіздік пен кедейліктің негізгі себебі. Бүгінде АҚШ-та 43.1 миллион адам кедейлікте өмір сүреді. Мысалы, АҚШ президенттегіне үміткер Элизабет Уорренның сайлауалды идеяларының бірі ретінде “байлық салығын” (Wealth Tax) енгізуді ұсынып отыр. Уорреннің айтуынша, байларға көбірек салық салынса, кедейлердің жағдайы жақсара түседі. Менің ойымша, бұл ұсыныс мәселені толық шеше алмайтын секілді. Оның орнына маған Гарвард университетінің профессоры Радж Четтидің зерттеуі ұнады. Ол 1980 жылы туғандар мен 1940 жылы туғандардың әлеуметтік мобильділігін зерттей келе, 1980 жылы туғандардың жоғарылау мобильділігі (Upward Mobility) 1940 жылғыларға қарағанда 2 есе азайып кеткенін анықтаған. Сонымен бірге, 1980 жылдары кедейлікте туған 20 миллион адамды өмірге келгенінен бастап, 35 жасына дейін табыстарын зерттеген. Зерттеу тобы адамдарды табыстары бойынша шартты 4 топқа бөлген (жылына $21 000 табатындарды төменгі 20% деп белгілеген (кедейлік деңгейінен төмен), $40 000 табатындар 40%, $65 000 табатындар 60%, ал жылдық табысы $104 000-нан асатындарды жоғарғы 80% деп белгілеген). Сол аталған 20 миллион кедей отбасыдан шыққандардың небәрі 8%-ы ғана 35 жасқа келгенде жылына $104 000-нан көп табыс табатыны анықталды. Осыған сүйеніп, Четти АҚШ-тағы жоғарылау мобильдігінің едәуір төмендегенін көрсетті. Оның айтуынша, адамдардың өмір сүретін аудандары (neighborhood) сол адамдардың мобильдігіне елеулі әсер етеді екен. Четти үлкен деректерге (Big Data) негізделген зерттеуге сүйене отырып, адамдардың жоғарылау мобильдігін арттыратын аудардардың төрт жүйелі факторын тапқан. Мобильдігі жоғары аудандардың 1) кедейлік деңгейі төмен; 2) толық отбасылардың үлес салмағы көп; 3) әлеуметтік капиталы жоғары; 4) білім беру сапасы жақсы екендігін анықтаған. Профессор Четти тек зерттеу жүргізіп қана қоймай, өзі көтеріп отырған проблемларды қалай шешуге арналған әлеуметтік саясат ұсынып отыр. Мысалы, Четти Сиэтл қаласында Creating Moves to Opportunity атты пилотты жобаны жүзеге асыруда. Бастамашылар жоба аясында кедей аудандарда тұратын адамдарды табысы жоғарырақ аудандарға көшіруге көмектеседі. Ең бастысы, бұл бастама салық төлеушілерге қосымша салмақ салмайды. Алғашқы нәтижелерге сүйене отырып, бұл жобаның адамдардың жоғарылау мобильдігіне жақсы әсер ете алатынын болжауға болады дейді гарвардтық ғалым. Бұл Америкадағы әлеуметтік саясаттың қалайша енгізілетінінің бір көрінісі ғана. Әлеуметтік бастамалар табысы төмен отбасылардың әлеуметтік мобильділігін арттыруға бағытталмаса, онда жұмсалған қаражаттан сол жәрдемақыны алушыларға да, жәрдемақыны тағайындап жатқан үкіметке де пайда жоқ. Жақында ғана Әлихан Смайылов Қазақстан әлеуметтік салаға республикалық бюджеттің 45%-ы жұмсалатынын және бұл көрсеткішті 49%-ға дейін көтерілетінін айтқан еді. Бір қызығы, бұл жаңалықты биліктегілер позитивті көрсеткіш ретінде жеткізді. Алайда, қарапайым тілмен айтсақ, бұл қазақстандықтардың көбісінің табыстары төмен, жұмыссыз, сол себепті де әлеуметтік жәрдемақыға мұқтаж екендігін көрсетеді. Дені дұрыс елдерде (мысалы, OECD) әлеуметтік салаға бюджеттің 20%-нан артық жұмсамайды. Соңғы ұсынылған бастамалар қазақстандықтардың жоғарылау мобильділігіне жақсы әсер ететініне сенгім-ақ келеді. Алайда үмітімнен гөрі күмәнім басым. Себебі, бір аптаның ішінде қанша жерден талантты болсаң да, төрт құбыласы тең әлеуметтік саясат ойлап табу мүмкін емес. Тиімді әлеуметтік саясат жүргізу үшін қазірден бастап озық экономикалық және әлеуметтік зерттеулерге басымдық беріп, дұрыс индикаторларды таңдауымыз қажет. Журналисттердің министрлерден күрмеуі қиын проблемаларға бірден шешім сұрауы да қисынға келмейді. Кедейлік шегін көтердік, берілетін жәрдемақыларды көбейттік, баспана мәселесіне көңіл бөлдік. Енді табысы төмен отбасылардың жоғарылау мобильділігіне әсер ететін ұзақмерзімді әлеуметтік саясатқа назар аударсақ екен.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.