Қазіргі телевизия сипаты мен беталысы
Жер жүзіндегі медиа-кеңістік, соның ішінде телевизия жаңа ғасыр басталғалы бері, әсіресе соңғы он жыл беделінде күрт өзгерді. Әлбетте, технологияның кешеуілдеп жетуі және басқа да объективті, субъективті себептерге байланысты Қазақстанда бұл өзгеріс кейінгі бес-алты жылда ғана байқалды.
Ең әуелі, спутниктік және кабельдік жүйенің жедел дамуы көрерменнің таңдау мүмкіндігін мейілінше кеңейтіп, көбейтіп жіберді. Қазір Қазақстанның (дамыған Батыс елдерін айтпай-ақ та қоялық) көптеген елді мекендерінде (ірі, орташа, шағын қала, кенттерде, қалаға жақын ауылдарда) кем дегенде отыз шақты телеарна көруге болады.
Екіншіден тез тарап жатқан интернет пен арзан («қол жетімді» деп жүрміз) смартфондар ақпарат алудың жаңа «тұма-бастауларын»: әлеуметтік желілер, әр қилы сайттар, youtube, on-lineфильмдер (бұл фильмдердің барлығы дерлік «пираттық» жолмен жүктеледі) қарау, т.с.с. ашып берді.
Ендігі жердегі бәсеке айналдырған екі-үш, тіпті бес-алты арна арасындағы «жаяу жарыс» емес, өте қиын және уақыт озған сайын шарты қатая беретін аламан бәйгеге айналды. Яғни, белгілі ағылшын журналист – зерттеушісі Марк Тангейттің сөзімен айтқанда:«Қазіргі БАҚ нарығы мыңдаған саудагер өз бұйымын өткізуге жанталасып, өңеш жыртқан құжынаған алып, шулы базарға ұқсайды.»
Технологиядағы шұғыл бетбұрыс әлемдік телевизия кеңістігіне тақырыптық, жанрлық телеарналар мен интерактивті телеарналарды енгізді. Бұл құбылыс қазақ көрерменінің басым бөлігі үшін тілі түсінікті, ұғымдық стереотиптері етене Ресейде де басталып кетті. Қазір Ресейде шетелдің MTV, Euronews, Eurosport, Discovery, Fox, Animal, Planet, Nation Geografik, Nicelodeon, т.б. арналары орыс тілінде хабар таратады, сонымен қатар балаларға, бөбектерге, бизнеске, спортқа, музыкаға, жағрапияға, тіпті аңшылық пен балықшылыққа арналған төл арналары бар. Бізде бұл үрдіс бастала беріп, тоқтап қалды.
Әрине, адам саны салыстырмалы түрде аз, алып территорияда халқы шашырай орналасқан, экономикалық әлеуеті де жоғарғы деңгейге жете қоймаған республикада әр текті көрермен мүддесін түгендеп, жас ерекшелігі, кәсіби, әлеуметтік қызығушылығын ескеріп, сала-сала боп диверсификацияланған телехабар тарату жүйесін қалыптастыру — дәл бүгінгі уақыт үшін орындалмас талап.
Енді бірер жыл шамасында Қазақстандағы ақпарат тарату жүйесі түгелдей цифрлық жүйеге көшеді. Бұл – әрбір жиілікте (частота) бірнеше арнаны қатар көрсетуге болады деген сөз. Ондай жағдайда «Қазақстан», «Хабар», «ОРТ-Евразия» сияқты телеарналар өзінің басты артықшылығынан (сигналы ең үлкен аумақты қамтитын) айырылады. Және демографиялық өзгерістерге орай қазақ тілінде ақпарат тарату саласы да кеңейе беретінін ескерсек, алдағы уақытта бәсеке күшейе түспек.
Өзгерту, өзіндік бет-бейне жасау туралы сөз қозғамас бұрын, қазіргі отандық телеарналардың жалпы сипатын бажайлап алу керек деп білеміз. Бұл ретте көзге бірден түсетін ортақ сипат – кабельдік жүйедегі бірді-екілі арнаны (музыкалық «Гәкку», «HIT TV», діни «Асыл арна») санамағанда, еліміздегі телеарналар бір ғана тип – универсалдық («әмбебап» деген балама «универсалдық» мағынасын толық ашпайды) бітім-үлгі бойынша құрылған. Яғни, кез-келген отандық телеарна әрі ақпараттық, әрі ойын-сауықтық, әрі ғылыми-танымдық функцияларды қатар алып жүруге тырысып отыр. (Өзіндік базасы, хабар тарату саясаты қалыптаспаған, негізгі арнаның арзанқол қосымшасы сияқты ғана әсер қалдыратын «Қазспорт», «Балапан», сияқты арналар – бөлек тақырып). Дәл осы «универсализм принципі» арналардың баршасына тән бірқатар белгілерді туындатады. Тәптіштеп, талдап, сөзді көпке созбасақ, негізгі нышандарды былай санамалауға болады.
– Ақпараттық бірізділік. Яғни, тұтастай алғанда жаңалық топтамаларының тақырыптық, стильдік ұқсастығы.
– Ақпараттық жұтаңдық. Отандық бір де бір арна (24 kz. қоса айтқанда) шын мәніндегі ақпараттық желіге айналған жоқ. Ақпарат ағынын, негізінен, ресми жиындар туралы хабарлар құрап отыр.
– Аналитикалық дәрменсіздік. Яғни, қоғамда болып жатқан оқиғалардың себеп-салдарын, төркінін талдап беретін бағдарламалардың үстірттігі, кәсіби аналитика деңгейіне жетпеуі.
– Ақпараттық, оқиғалық жобалардың дамымай қалуы. Отандық арналарда журналистік зерттеу, оқиғалық («ақпараттық») сериал жанрлары сирек ұшырасады.
– Talk show формасындағы бағдарламалардың сапасыздығы. Қоғамдық пікір қалыптастыратын, әлеуметтік-саяси өткір көзқарастарды реттеп отыратын Медиа-Тұлғалардың қалыптаспауы.
– Ойын-сауық бағдарламаларына орынсыз басымдылық берілуі. Және солардың көпшілігінің шетел эфиріндегі бағдарламалардың жүдеу көшірме-имитаторы сипатында болуы.
– Қазақстанның бірегей, мәдени, тарихи, жағырапиялық келбетін танытатын, формасы, берілу тәсілі соны, қазіргі тез зеріккіш көрермен ықыласын аударуға қауқары бар жобалардың жоқтығы.
Шұқшия зерттеген адам отандық телевизия кеңістігінен басқа да толып жатқан кінарат табары сөзсіз. Бірақ, мәселе мін тағу, кемістік іздеп тіміскілеуде емес, Отандық телеарналарды жаңа өріске бастайтын бағдар қарастырудағы жақсы ниет болса керек-ті. Осындай ниетке сайып, Отандық, әсіресе ресми мемлекеттік телеарналардың болашақ беталысына қатысты кейбір ұсыныстарымызды ортаға салып отырмыз.
II. Телеарнаның жедел ақпарат саясаты.
XX ғасырдың соңына қарай әбден айқындалып, біржола қалыптасқан үрдіс – ақпарат ағыны (оқиғалар, жаңалықтар) әлемнің дамыған елдерінде ең басты медиа өнімге айналды. Бүкіл жер жүзіне тарайтын трансұлттық алып арналар қоғамдық өмірдің құрамдас бөлігі болып алды. Басқасын айтпағанда, CNN international, BBC World, Euronews сияқты алыптарсыз қазір әлемдік ақпарат кеңістігін елестете алмайсыз.
Қазіргі уақытты «ақпарат дәуірі» деп жүр. Технология тұрғысынан ғана айтылса керек. Әйтпесе ақпарат қай заманда да адамның басты қажеттіліктерінің бірі болған. Бұл ретте мың – мың жарым жыл бұрынғы жаршы, жаушы мен қазіргі БАҚ-тың табиғаты туыс. Бағзының жаршысы да, қазіргінің тілшісі де өз тұсындағы адамның табиғи сұранысын өтеп тұр. Басқаша түйіндесек, ақпарат — адам санасы мен зердесінің айнымас, ажырамас бөлігі: Аристотельдің атақты ғақлиясын сәл өзгертіп айтсақ: «Адам баласы – тумысынан ақпараттық жануар».
Кең мағынасында, жаңалықтар да, өсек-аяң да, әңгіме, өлең-жыр, кино — бәрі ақпарат. Біз бұл арада ақпараттың жеделхабар-ошарлық сипатына және сол хабарларды қорыту, талдау мәселесіне тоқталмақпыз.
Жаңалықты білмекке құмарлық адамның болмысына хас ерекшелік екенің мойындасақ, ақпарат (жаңалықтар, оқиғалар) желісі— телеарнаның хабар тарату кестесі үшін ұстын, бейнелеп айтқанда, жұлын-омыртқаға айналуы тиіс. Яғни, телеарнаның ұзақ күнгі қызметін ұстап тұратын арқау- ең әуелі ақпарат.
Ұлттық телеарнаның жедел ақпарат қызметі қалай өзгеруге тиіс дегенде, жоғарыда аталған принципті қаперде ұстай отырып тұжырған ұсыныстарымыздың ұзын – ырғасы төмендегідей:
1. Жаңалықтар ағыны.
1. Қазіргі мемлекеттік БАҚ ақпаратына қатысты ең күрделі мәселе — «сенім дағдарысы». Яғни, көрерменде жаңалықтардың объективтілігіне, шыншылдығына деген күмән қалыптасқан. Ең әуелі көрермен мен екі арадағы осы кедергіден өту керек. Бұл үшін жаңалықтардың мейлінше бейтарап болуын қатаң қадағалау қажет. Яғни, жаңалықтарда ешқандай да баға берушілік, журналистің, телеарнаның көзқарасы тұрғысынан пікір айтушылық болмасқа керек. Басқаша айтқанда, оқиғаның жағымды немесе жағымсыз жақтарын парықтау көрерменнің өз еркіне қалдырылады. 80 – ші жылдардың басында 25-ақ адамдық ұжыммен CNN жұмысын бастаған Тед Тернер «қазіргі жаңалықтар тым бір жақты, әлемдегі барлық көрермен жаңалықтардың бейтарап, объективті болуына зәру» деген көзқараста болыпты. «CNN. Жаңалық атаулыны алдымен бізден білесіз» деген қағидамен жұмыстанған бір кездегі шағын арна қазір әлемдегі ең қуатты медиажеліге айналғаны баршаға аян.
Яғни, «N елді мекеніне ауыз су құбыры тартылып, тұрғындар қуанышқа бөленді», «Ислам принциптерін теріс түсініп, адасқан топ әскери бөлімшеге шабуыл жасады» тәрізді комментарийлер айтылмауға тиіс. Қандай да болмасын оқиға бейтарап баяндалуы тиіс. ресми арна «Халқымыздың төл мерекесі Наурызды N қаласының тұрғындары шат-шадыман көңіл-күймен қарсы алды» деп желпінбеуге тиіс. Бір сөзбен қайырғанда,жаңалық — насихат емес, жаңалықтың тек өзі деп қабылданғанда ғана көрермен сенімі пайда болады.
«Насихатшыл жаңалықтардың» ең өрескел үлгісі ретінде Ресей телеарналарының жаңалықтар топтамасын атар едік. Сол себепті де көрші елдің жаңалықтар стилін контрүлгі ретінде пайдалануға болады.
2. Жаңалықтардың тақырып алуандылығы, жан-жақтылығы, республика өңірлерін барынша кең қамтуы басты шарттың біріне айналуы тиіс. Ықшам, нақты Headline топтамасынан (басты жаңалықтар) соң шұбырған жиналыстар туралы есептер емес, (министрліктегі, үкіметтік органдардағы, әкімшіліктердегі), ел өмірінің содан соң әлем келбетінің әр қилы қырларын ашатын жаңалықтар кетуге тиіс.
Осы орайда «Нені жаңалық (оқиға) деп танимыз?» деген басты сұрақ туындайды. Мәселен, жанармай тапшылығынан егін егуді бастай алмай отырған N ауданы диқандарының жағдайы ма?» әлде «мал тұқымын асылдандырып, ауыл шаруашылығында кластер жасау жайындағы министрлік жиналысы (семинары) ма?». Шынын айтсақ, оқиға таңдау, оның көрермен үшін қажеті немесе қажетсіздігін, болымды немесе болымсыздығын анықтау — отандық эфирдің ең бір әлсіз тұсы. Ресми БАҚ-тардағы «көтеріңкі көңіл-күй» мен сарыжағал арналардағы криминалдық есептер тасқыны, ойлы көзбен бағамдасақ, — бір айнаның екі беті сияқты. Яғни, екеуінде де өмірді қалыптан тыс, бұрмалай көрсету («искаженное представление») принципі бар.
Осындай сұрақтардың, жаңалықтар қызметіне қатысты басқа да мәселелердің басын ашып алу үшін «Жаңалықтар қызметінің ережелері» немесе «Жаңалықтарды әзірлеу мәселелері» сияқты айқын, нақты ұсыныстар тізілген кітапша жазылуға тиіс. Бұл ретте, мысал үшін, BBC желісі жасаған «BBC ақпаратын өндірушілерге арналған қағидалар» деген шағын еңбекті пайдалануға болады.
Жаңалықтар тасқынының ішінен ең маңыздысын іріктеп алып, қарқынды (динамикалық) форматта ұсыну тәсілін ойластырғанда, панеуропалық ақпарат арнасы «Euronews» – тен үлгі алуға болар еді. «Euronews»-тің басты ерекшелігі — жаңалықтардың дайджест ретінде, рубриканттар арқылы берілуі назар аударуға тұратын құбылыс.
«Headline», «Brief», «Breaking news», «Business», «Sport», «Knowledge», «No comment», т.б. рубрикалары жылдам ауысып, әрқайсысы өзіне ғана тән дыбыс, графикамен (бірақ ортақ стильдегі) көмкерілуі көрерменді жалықтырмай алға жетелеп отырады.
4. Ресми арналар ақпараттық саясатының өзіндік форматын қалыптаудың әуелгі шарттарының бірі – жаңалықтарды іріктеу, беру ұсыну мәселесі. Бұл жаңалықтар блогының мазмұнынан тартып, сыртқы пішін – келбетіне дейінгі аралықтағы сан түрлі факторды қамтитын шарт. Осы мақсатта мынандай негізгі принциптерді атап айтамыз:
а) Басым акцент қойылатын басты оқиғаларды анықтап алуы керек. Басты жаңалықтың саны екі- үштен аспауы шарт.
ә) Аймақтық оқиғаларға барынша мән берілуге тиіс. Қазақстан өңірлерінің қайсыбірі көбірек көрініп, енді бірі назардан қағажу қалмауын қадағалап отырған жөн. Аймақ дегенде, облыс орталығы сол төңіректегі аудандар емес, ең алдымен түкпірдегі аудандар тіршілігін көрсету қажет. Аймақтардан алынатын хабарларға ел тұрмысы көпшілікті алаңдатып немесе қызықтырып отырған мәселелер тақырып болуға тиіс. Әйтпесе, бұл тұрғыдағы оқиғалар легі аудан, ауыл әкімдерінің арзан жарнамасына айналып кету қаупі бар.
б) Арнаның хабар тарату кестесінде жаңалықтардың жиілігін көтеру керек. Жаңалықтар блогы әр екі сағат сайын шығып тұрғаны абзал. Бұл, біріншіден, арнаның жедел ақпарат көзі ретіндегі бәсін күшейтеді, екіншіден, арна тынысына динамика бітіреді. Батыс елдеріндегі жетекші телеарналар берік ұстанатын қағида – «Әйтеуір бір жерде, әйтеуір біреу үшін қашанда прайм-тайм». Яғни, таңғы, түскі, түстен кейінгі болсын, жаңалықтарды көретін, жедел ақпаратқа ділгір көрермен қашанда табылады деген сөз.
в) Жаңалықтарды әзірлеген кезде тікелей репортаж, «телекөпірлер» ұйымдастыруға айырықша мән беру шарт. Техникалық тұрғыдан дәл қазір бұл аса қиын шаруа емес. Ал, пәрменділік, құндылық жағынан ең тиімді тәсіл. Оқиға болып жатқан жердегі (көпір салынды, дала өртенді, су тасыды немесе ел жайлауға көшіп барады, т.с.с) тілшімен «телекөпір» (полиэкран формасы арқылы) жасау арна жаңалығына басқаша мән жүктейді, шұғыл ақпарат тұма-бастауы ретіндегі беделін арттырады. Осы тәсілді қажеттілігіне қарай эксперттермен тікелей байланысқа шығу форматына да пайдалануға болады. Мәселен, мұнайдың бағасы күрт құлдыраған немесе көтерілген кезде Алматыдағы, Астанадағы тіпті шет елдегі эксперттермен бір мезетте қатар байланысқа шығу — көрермен назарын бірден аударатын әдіс.
г) Аса бір актуалды оқиғаға байланысты жедел пікір, жедел сауалнама да – осы аңғардағы амал. Экономика, финанс мәселесін әрдайым назарда ұстау керек. Және бұл ретте жұрт айтып жатқан жай сөз емес, маманданған тілшінің ақпаратын берген жөн. Егер арна ақпараты нақты, түсінікті болса, бірте- бірте осы ақпаратты «аңдып» отыратын көрермен қалыптасады.
5. Енді бірер сөз жаңалықтар блогының құрылымы, сырт пішіні туралы. Жоғарыда рубрикаторлар жайында сөз болды. Ақпарат ағынын әр түрлі тақырыптарға бөліп, тақырыптық рубрикаторлар арқылы ұсыну – бүгінде шет ел телевизиясындағы қызықты формалардың бірі. Бұл тәсіл, біріншіден, көрерменді жалықтырмайды, жетелеп отырады. Екіншіден ірі әріптермен терілген, әсем көркемделген рубрикаторлар қолындағы пульттің түймелерін сытырлатып, арнадан арнаға ауысып, телекеңестікті кезіп отырған көрермен назарын тұтып қалады, оқиғаның мәнісін бірден аңдатады. Мәселен, экрандағы көрініске қосымша төменде тайға таңба басқандай көрнекті рубрикатор тұр: «Түркия мен Нидерланд дауы» немесе «Оңтүстіктегі су тапшылығы» т.с.с. Басқаша айтқанда, рубрикатор – телеарна үшін қосалқы аңдатпа, жол көрсеткіші ролін атқарады.
Сонымен қатар жаңалықтар эфирінде компьютерлік дизайн, диаграммалық иллюстрация, анимацияланған инфографика ұдайы және шұғыл пайдаланылуға тиіс. Рубрикаторлар шыққан сәттегі дыбыстық сүйемелге де (sound-track) ерекше салмақ жүктеледі. Жаңалықтар блогында уақытты дәл көрсетіп тұратын сағат болуын да ұмытпаған жөн. Яғни, жаңалықтар редакциясының (дирекциясының) өз комьпютерлік дизайнерлері, дыбыс режиссерлері болуы шарт.
Бұл айтылғандар (сырт пішін, форма) әдепкі жарқ-жұрқ үшін емес, ақпарат блогын жандандыру, «тірілту» үшін қажет деп білеміз.
6. Ендігі бір назарда ұстайтын мәселе – жаңалықтарды неғұрлым кең тарату, жаңалықтардың тұрақты көрерменін қалыптастыру.
«Көрермен бізді нақтылығымыз, бейтараптылығымыз үшін ұнатады. Біздің жаңалықтар – сенімді ақпарат көзі. Біздің тілшілер- қайнаған тіршіліктің нақ ортасында жүрген кәсіпқой жандар. Кез келген оқиғаны біз өзгелерден гөрі жедел, шынайы баяндап, түсіндіреміз» – дейді BBC World-тың маркетинг директоры Джейн Горард. Бұл- BBC World-тың өз қызметі жайында жасаған маркетингтік тұжырымының біреуі ғана.
Кезінде BBC бастап жіберген, қазір көптеген арна, агенттіктер іліп әкеткен тиімді тәсіл – жаңалықтарды нақты адамдардың электрондық почтасына жіберу. Яғни, жаңалықтарға жаппай жазылуды ұйымдастыру. Дәл осы жолмен апта сайын «Аптадағы басты жаңалықтарға шолу және арнаның апталық кестесі» атты электрондық бюллетень әзірлеп, жіберіп тұруға болар еді.
Бұл үшін, әрине, әуелі жаңалықтардың сапасын көтеру шарт. Содан соң телеарна жаңалықтарының арнайы веб-сайты (website) туралы ойлануға болады. Ең бастысы, – жаңалықтарға арнаның негізгі медиаөнімі ретінде қарайтын көзқарас керек.
7. Жаңалықтар желісін арна арқауы деп айқындаған соң жүргізушілерге, жүргізу мәнеріне де көзқарас өзгеруге тиіс. Және бір ескерілетін жайт – жаңалықтардың барлық шығарылымдарында «тірі» жүргізуші отыруы шарт емес. Күндізгі қысқа жаңалықтарды, видео дайджест формасында да беруге болады. (Euronews формасы).
Ал өзекті оқиғалардың, жер – жердегі хабарлардың, әрқилы тақырыптағы жаңалықтардың, ауа райының күрделі қоспасы іспетті үлкен жаңалықтарда жүргізуші болғаны дұрыс. Жүргізуші тек дайын мәтінді суфлердан оқып беретін диктор емес, шын мәніндегі жүргізуші болуы керек. Бұл арада оның сырт келбетіне қоса білімі, эрудициясы, нақты сөйлеу, сұрақ қою, әңгіме сабақтау қабілеті ескерілуі тиіс. Яғни арнаға жүргізушінің имитаторы емес (имитаторлық — тек жүргізушілер емес, басқа да біраз мәселеге қатысты түйткіл), нақ жүргізушінің өзі қажет.
Сонымен қатар ақпарат тілін шүйліге қадағаламаса болмайды. Бұл жүргізушілерге де, тілшілерге де қарата айтылатын мәселе:
– Жүргізушілер дабырлап, тым жылдам сөйлеуге ұмтылуы да ыңғайсыз әсер қалдырады. Әр халықтың өз сөйлеу интонациясы болады. Және ол интонация тілдің грамматикалық, лексикалық, фонологиялық қасиетінен туындайды. Қазақ – байыппен, айқын сөйлегенді ұнататын халық. Ал советтік конференсье дағдысы мен долы истериканың буданы сияқты имитаторлық сапыл — сауатсыздық белгісі.
– Бізде әлі күнге журналистикалық тіл мәдениеті қалыптаспағанын мойындауға тура келеді. Журналистердің айқындауыш, эпитеттерге көп жүгінуі, қисынсыз образдармен сөйлеуге құмарлығы — осының көрінісі.
– Ақпарат тілінде сленгтер, басқа тілден қолапайсыз қотарылған «калькалар» өріп жүретініне, қалыптасқан әдеби тіл нормалары «біздің ауылда осылай сөйлейді» деген желеумен бұзыла беретініне құлағымыз «үйреніп» кетті. «Туылған, ертерақ, болып табылады, жүгенсіздікке әкелді, орын алды», т.с.с. – соның бір ғана парасы.
– Орфоэпиялық заңдылықтар ескерілмеуге айналды. Талдықорған, Алакөл, Қызылқұм, Қазақстан, Аманкелді, т.с.с. деп қақылдаған тілшіге де, актерге де назар аудармайтын болдық.
Ұлттық арнаның ақпараттық тілін эталонға айналдыруға ұмтылу керек. Сол мақсатта арнайы эксперт ұстап, кәнігі көнекөз актерлардан сабақ алуды ұйымдастыру да артық емес. Ақпараттық саясаттың жаңалыққа ұласып жататын енді бір қыры — аналитикалық хабарлар.
2. Аналитикалық ақпарат
Аналитикалық ақпарат – кез-келген универсалдық арнаның әлеуметтік салмағын арттыратын, теледидарды шын мәніндегі қоғамдық-әлеуметтік феноменге айналдыратын фактор. Эфирдегі жаңалықтар легін тікелей, бейтарап ақпарат десек, аналитикалық хабарлар керісінше – баға беруші, талқылаушы, түсіндіруші, себеп-салдарды бажайлаушы, болжам жасаушы ақпарат, жекелеген адамдардың (маман, эксперт, арнайы тілші) ойында сүзіліп, қорытылып, тәпсірленген ақпарат. Маманның салиқалы пікірі, көзқарастар қайшылығы, нақтылы бір мәселенің егжей-тегжейі осы жанр еншісінде. Сол себепті де сенімді дерек, орынды уәжге құрылған, даурықпа-дамайсыз, жан-жақты ақпараты жоқ универсал телеарна ешқашан да толыққанды, салмақты БАҚ ретінде қабылданбайды.
Ресей ТВ – эфирінде соңғы жылдары (2008-2009 ж. бері, әсіресе) қатты асқынған әсіре насихатшылдық («еңсе көтеру, түрегелу») пен даңғаза думаншылдық (развлекательность) бізге де салқынын тигізді. Егер көрші елдің аналитикалық бағдарламалары (шолу, саяси, ток-шоу) «тіс қайрау» саясаты болсын, әйтеуір өз мүддесін көздесе, біз онсыз да қалт-құлт қазақ тіліндегі аналитиканы мүлде жойып тыңдық (бірлі-жарымды аянышты хабарлар тілге тиек бола алмайды). Қажетті болмағандығы себепті осы салада маманданған журналистер жоқтың қасы. Қазақ тілінде сөйлей алатын, бірақ ресми БАҚ – тан аласталған үш-төрт саясаттанушыны айтпасақ, эксперттер қауымы да тым селдір.
Ендігі жерде қалай болғанда да осы жоқтың орнын толтыру керек. Ары-беріден соң сапалы, салиқалы, шыншыл аналитика— отандық телеарнаға деген халық сенімін қалыптастырудың басты шарты.
Қазір телеарна, агенттік басшылары салмақты хабарлардың жоқтығын рейтингпен байланыстырады. Біздегі рейтингтің шынайылығы, сапасы арнайы тоқталуды қажетсінетін мәселе. Жүз пайыз мемлекет мойнындағы телеарнаның бұл уәжі күлкілі естілері өз алдына. Жалпы республикадағы рейтинг шығару мәселесі — ешқашан ғылыми, дәйекті негізде тексерілмеген «ақтаңдақ». Бұқаралық коммуникация саласындағы белгілі ресейлік маман, ғылым докторы, МГУ профессоры Лидия Матвееваның мына пікіріне жүгініп көрелік (мәтін мағынасы бұрмалаусыз болуын ойлап, орысша келтірдік):
«Рейтинг — слабый аргумент. Аккуратно выражаясь, рейтинг- вещь не всегда отражающая реальность. И судя по нашему исследованию, люди на самом деле чувствуют, что современный контент разрушает душу…»
Жарнама рыногы зор, БАҚ өз мақсатын (ол қандай мақсат – басқа әңгіме) көздеп, соған жетіп те отырған, әлеуметтік пікірді қадағалау жүйесі қалыптасқан Ресейдің өзінің мамандары осылай дейді. Кейінгі кезде эфирді жаулаған «ұлттық астамшылық, қыз-ойнақ, жын-ойнақ, криминалдық сериалдар» қалай дегенмен оларды да сескендірді. Ал әлжуаз, көшірме бағдарламаларынан басқа бұл тасқынға қарсы қояр жобасы жоқ, аналитикадан жау көргендей шошитын біздің үркек эфир туралы не айтуға болады?!
Сонымен, Отандық арналар эфиріне аналитикалық цикл қайта оралуға, оралғанда имитация емес, шынайы, ойлы, өткір, жұрт қызыға көретіндей деңгейде оралуға тиіс.
Ағымдағы ақпарат пен аналитикаға көбірек мән беруіміздің себебі – қазір қоғамда әлеуметтік медианың ықпалы жылдам күшейіп келеді. Әлеуметтік желілер жедел ақпараттың тұма – бастауы ретінде де, көп тарапты пікірлер алаңы ретінде де, интерактивті мүмкіндік ретінде де рыноктан дәстүрлі ақпарат құралдарын ығыстыра бастады. Бұрын тек үлкен эфирлер мен газет – журналдар қалыптастыратын медиа тұлғалар қатарына негізінен интернет арқылы танымал боп, бедел жинаған әлеуметтік желі авторлары келіп қосылды.
«Facebook» – тың негізін салған Марк Цукерберг жақында өзінің «Жаһан қауымдастығын құру» («Bulding Global Community») атты манифесін жариялап: «Әлеуметтік медиа – ықшам ақпарат тудырып, резонанстық хабар- ошарды неше мәрте күшейтіп жіберетін орта. Бұндай ортаның артықшылығы- халық әр түрлі идеялармен танысу мүмкіндігін алады», – деп мәлімдеді. Яғни, интернеттің дәстүрлі БАҚ- пен бәсекедегі бел алып келе жатқан басымдылығын тағы бір ескертіп өтті.
Осындай жағдайда әзірге өз теледидарын қадір тұтатын, ресми БАҚ-тан әлі де біржолата теріс айналып кете қоймаған қазақ көрермені мен оқырманы, оның ой- санасы, пікірі, мүддесі үшін жан алып, жан беріскен күрес керек. Сол себепті, жедел ақпарат саласы уақыт талабына тез ыңғайланып, шет тілін (әсіресе, ағылшын тілін) білетін, әлемдік ақпарат технологиясын жіті бақылап отыратын, шын патриот, намысты жас мамандармен жасақталуы шарт.
Жедел ақпараттан тыс телеқойылымдар мен өнімдер
Әдетте универсалды телеарна кестесінің 65-70%-ы жедел ақпараттан тыс телеөнімдерден, кино көрсетілімдерден тұрады. Отандық телеэфир туралы сөз қозғалғанда дәл осы арада рейтинг деген түйіткіл шығады. Қазіргі қазақ эфирін толайым жаулаған жаппай сапасыз сайқымазақ пен «көшірме» шоулар-арна рейтингісін ұстап тұратын ұстын-тұғырлар-мыс. Жоғарыда айтып кеттік, жүз пайыз мемлекет мойнындағы арналар үшін жарнамадан түскен қаржы- тамшы ғана. Яғни, арна саясатын айқындаушы фактор бола алмайды.
Біріншіден, Қазақстанда ешқашан да шын мәніндегі объективті рейтинг, көрермен ықыласын терең зерттеу болған емес. Көрермен ықыласы түгілі, қоғам пікірі жан-жақты толыққанды зерттелмейді. Рейтингті кімдер жасайды, қандай методика қолданады, ол әдістер Қазақстан үшін қаншалықты дәрежеде лайықты, респонденттер кімдер, ұлты, тілі, жынысы, жас ерекшелігі? Өлшеуіштер Қазақстан халқының осы шақтағы демографиялық әлеуметтік құрылымына сәйкес келе ме? Хош. Рейтингісі «жоғары» әлдебір үнді телесериалын немесе тілін шығарып, бет-аузын қисаңдатқан «сайқымазақ-шоуды» тамашалап отырған көрермен сол арнадан тапжылмай, әрі қарайғы «жаңалықтарды» қарай ма? Қарамаса, мүлде масқара! Мемлекет, халық қаржысы үнді (үнді, орыс, кәріс, т.с.с.) сериалы үшін жұмсалынғаны ғой! Ондай рейтингтік саясатты берік ұстанған телеарнаны мемлекет тарапынан қаржыландыру қаншалықты орынды? Ұлттық ақпарат саясатын көрермен ықыласы мен пікірін түбегейлеп зерттеуге қабілетсіз һәм құлықсыз «рейтинг агенттіктеріне» байлап қою кімге тиімді? Міне, бұл сұрақтарға жауап алу еш мүмкін емес! Айтыла-айтыла жауыр болған, айтылған жерде қалатын, әлдебір топтардың мүддесіне бола қажетсіз шаруа қатарына ысырылған мәселе. Шынтуайттап келгенде, түбі ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін сорақылық. Сондықтан да Қоғамдық пікірді зерттеудің ұлттық орталығы құрылып, ашық-жабық зерттеулерден бастап, отандық көрермен ықыласын бажайлау мәселесі мемлекет қамқорлығына, алынбаса, барынша дәйекті, ғылыми негізі бар шынайы зерттеулер жасалмаса, еліміздің әлеуметтік-рухани әлуеті (потенциялы) апатты жағдайға дейін құлдырауы анық.
Екіншіден, ешқандай жаңа жоба салған жерден жұрт назарына ілініп, шарықтай жөнелмейді: Уақыт, маркетинг, жарнама қажет болады. Сауатты медиамамандардың көпшілігіне мәлім бір айғақ- CNN сияқты тек жаңалықтарға арналатын жаһандық жоба жасаған Тед Тернер алғашқы жеті жыл бойы зиян шегіпті! Тауы шағылмаған, болашақ даму стратегиясына деген сенімі кәміл болған. Әрине, ұлттық жоба жасап, жеті жыл, тіпті жеті ай күту деген сөз емес бұл. Бірақ отандық телеарналар саясатын қазақтың тілін, мәдениетін, тарихын білмейтін, менталитетінен мақұрым, болашағына немқұрайлы жат жұрттық кеңесшілер жасап отырғаны және олардың үздік телеөнім шығарған елдерден емес, өздері де көшірмеші- имитатор көршілерден келгені – сыпайылап айтқанда нонсенс!
Сол себепті де БАҚ басшылары осы мәселені Президент әкімшілігі, Министрлер Кабинеті, Парламентте өткір қойып, тез арада бір шешімге келуі керектігі, – мүмкін, жүз бірінші әлде мың бірінші рет айтылып отырған сөз. Елдің қайғысы, болашақтың қамы!
Көрермен ықыласын зерттеуге қатысты кезек күттірмей, жуырдағы екі-үш ай беделінде атқарылатын маңызды шара-барлық аймақтардағы көрермендерді мейілінше кеңінен қамтып, көрермен қауымның демографиялық, әлеуметтік ерекшеліктерін танып, қандай тақырып, жанрларға қызығушылығын айқындап, нақты хабарларға деген көзқарасын бажайлап алуға жәрдем беретін әлеуметтік зерттеу жүргізу. Және бұл жүрдім-бардым жасалатын шаруа емес, көрермен өресін аңдап, талғамын түсіну үшін қажетті, арнаның алдағы бағыт- бағдарын айқындау үшін бірден-бір нысана-меже болатындай дәрежедегі сапалы құжат әзірлеуді мақсат тұтқан салиқалы іс болуы шарт.
Сонымен, Отандық телеарналар мазмұнына қатысты кейбір ойларымыздың ұзын-ырғасы — осы. Мықтап ескерілетін принцип-хабар тарату кестесінде әр күнді ерекшелендіріп тұратын «темірқазық», «алтын шеге» іспетті екі – үш бағдарламаның болуы. Кез-келген көрермен арна кестесінен өзі үзбей қарайтын, тым болмағанда жай ғана қызығатын бір бағдарлама таба алатындай болуға керек.
Арна брендингі, компьютерлік дизайындағы ұлттық нақыш, арнадағы әр алуан «шапкалардың» музыкалық сүйемелі туралы сөз бөлек. Арнайы мамандардың қатысуымен талқыланатын аса күрделі тақырыптың бірі деген ойдамыз. Тек бұл орайда телеарна бағытын жақсы түсінетін компьютерлік дизайн тобы мен дыбыспен әрлеуші- музыканттардың штатта болғаны тиімді. Әлбетте, аутсорсинг арқылы да жасатуға болады, ондай жағдайда арна мен мердігерлер арасында өте берік, күнбе-күн кеңескен ынтымақ орнауға тиіс. Музыка дегенде, және бір ой-бүгін «модаға» еніп, ертең ұмытылатын оңғақ әуендерді емес, қисапсыз қазына – қазақ дәстүрлі музыкасы мотивтеріне жүгінген жөн. Мәселен, бір Құрманғазының ғана мұрасы — бір емес, бірнеше арнаның үні болуға жарайтын таңғаларлық саз әлемі. Ал Абыл мен Қазанғап, Тәттімбет пен Сүгір, Ақан, Біржан, Мұхиттардың тереңіне кім үңіліпті?!
Егер дәстүрлі музыка мотивтері, жаңалықтар болсын, жарнама болсын,- арна өнімдерінің рубрикаторларынан үнемі естіліп тұрса, көрермен зердесінде жатталып қалары, дәстүрлі музыка тілін ұғынуға зәредей болсын көмек болары анық. Бұл арада осындай үрдіс Еуропада кеңінен байқалатындығын, классикалық музыка мотивтері әр түрлі өнімдерді дыбыспен әрлеуге пайдаланылатындығын қаперге саламыз.
Әрине, бұл ретте жылдар бойы тамырланған кесел, кедергілерді жеңіп, сіресіп қалған жүйені өзгерту қиынға соғары анық. Бірақ ұлт мұраты, ұрпақ қамы үшін атқарылар істе қандай қиындықтан болсын жасқанып, тайқу — намысқа сын.
Базарбек Атығай, мәдениеттанушы, филология ғылымдарының
кандидаты