arasha.kz

«Бізге екі партия жетіп жатыр»

Жарасбай Сүлейменов, экс-депутат:

– Ойды ой қозғайды», әлеуметтік желілерде алдағы сайлаудың қорытындысы қалай болар екен, Парламентке, мәслихаттарға қай партияның өкілдері көп өтеді деген сияқты сауал қоюшылар көбейе бастады. Менің ойымша, «»Nur-Otan-нан» басқалары бұл жолы да аса көп дауыс жинай алмайды. Оның бір ғана себебі бар, еліміз бойынша тіркелген «»Nur-Otan-нан» басқа партиялар, саяси үйірме десек, тым сүмірейтіп жібергеніміз болар, саяси қозғалыс деуге де келіңкіремейді, әлі ішкі ұйымдастыру жұмыстары деңгейінен шыға алмай жатыр. Айталық, 2002 жылы құрылған өздерін либералдар партиясымыз деп санайтын, былайғы жұрт қалталылар партиясы деп жүрген, 180 мыңға жуық мүшесі бар (Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша) «Ақ жол» он сегіз жылдың ішінде халықтың есінде қаларлықтай қандай мәселе көтерді.

Сайлау алдында ғана алаулатып-жалаулатып, уәдені үйіп-төгіп береді де депутаттың жұмсақ орынтағына жайғасқаннан кейін бәрін ұмытып, жым-жырт бола қалады. Сол сияқты, 2004 жылы құрылған, марксизм-ленинизм, коммунизм идеологиясын ұстанатын Коммунистер партиясының да немен айналысатыны белгісіз. Тіркелгені бар, тіркелмегені бар, қалғандарының атын атап түсін түстегім келмейді. Олардың да көбік сөзді көпірткеннен басқа тындырғандары шамалы. Осындай шала-жансар партиялардың бәріне ортақ бір кемшілік– тұрғындардың күнделікті мәселелерін шешуге батыл араласып, соларға мемлекеттік органдардың назарын аудартуды өзінің маңызды міндеті санайтын «»Nur-Otan-ға» қарап бой түзеуге, оған шын мәнінде бәсекелес болуға ұмтылмайды. Халықпен қоян-қолтық жұмыс істеуге де мән бермейді.

Жалпы, менің ойымша, бізге осыншалықты көп партияның қажеті де жоқ. «»Nur-Otan-мен» иық тірестіре алатын тағы бір партия болса, жетіп жатыр. Олар халықты бай-кедей, қала-ауыл, ақ пен қызыл деп бөлмей, бір мақсатқа-Қазақстанның өсіп-өркендеуіне, отандастарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға қызмет етуі тиіс. Сонда ғана біз «бас басына би болған өңкей қиқымның» жетегінде кетпей, ұлт болып ұйысамыз, алдымызда тұрған асқаралы міндеттерді жүзеге асыруға әлеуетті боламыз.

Exit mobile version