arasha.kz

«Бізге жалпыұлттық кеңес керек, елдің шыдамы таусылып барады»

Әміржан Қосанов, саясаткер:

– Осыдан он күн бұрын президент Тоқаев үкіметке екі апта карт-бланш бергендей болды (төрт күннен кейін ол мәселе де өз шешімін табар).

Содан бері үкімет отставкаға кете ме, кетпей ме, кетсе, орнына кім және кімдер келуі мүмкін деген әңгіме жиілеп кетті.
Соған қатысты бір ойым.
Коронавирус транзит кезеңінің күшті катализаторы болған анық.
Яғни, осыған дейін «екінші президент билікті өз қолына алу үшін біршама уақыт керек, оның өз алғышарттары болуы тиіс» деген саяси сараптамалар айтылып келді. Қоғам да сондай кезеңді бастан өткізуге іштей дайын болды да.
Ал COVID келді де, ол жайбасар болуға тиіс процесті күрт жеделдетіп жіберді. Дәл осынау кезеңде Назарбаевтан Тоқаевқа өкілеттіктер асықпай көшуін күтіп отыратын уақыт жоқ! Шешімдер мейлінше тез әрі бір жақты түрде қабылдануы керек. Тоқаевтың өзі жағдайды соғыспен теңеді емес пе? Яғни, президент алдымен елбасымен ақылдасып, сосын жиын өткізіп, өз үкіметін сынап, «сендерге пәленше уақыт беремін», – деп созғылап отыратын шама жоқ. Елдің шыдамы таусылып барады!
Сондықтан да саяси, керек десеңіз, тарихи жауапкершілік мәселесі де осы тұста жекеленген сипат алады. Ертең, дәл осы кезеңді жазғанда сарапшылар, «елде шешім қабылдаудың бірнеше орталығы болды: елбасы, президент, елбасының отбасы мүшелері, оларға жақын олигархтар, үкімет» деп отырмайды. «Сол тұста елді президент Тоқаев басқарды және де сол тұстағы жақсы да, жаман істерге сол кісі тікелей жауап береді» деп жазады.
Тоқаев мырза соны түсінетін кез келген сияқты.
Иә, өз таңдауын жасағанда Назарбаев Тоқаевқа нақты шарттар қойып, уәделерін алып алған болар. Бәлкім, олардың транзит сценарийі бірнеше жылға, келесі президент сайлауына дейінгі кезеңге жазылып қойған болар. Бірақ ол кезде әлемде, елде дәл осындай қиын жағдай орнайтынын Назарбаев та, Тоқаев та білген жоқ.
Сондықтан да екеуаралық жалпы, соның ішінде, адами сипаттағы келісімдерді жоққа шығармай (олардың астары хақында «ішің білсін, әлуа-ай» деп қана қоялық), осы төтенше жағдайдан шығуға қатысты оперативті басқаруды президент өз қолына алуы керек деп санаймын!
Үкімет те келсін.
Бірақ бұрын-соңды болмаған кешенді, «жұттың жеті ағайыны» бір сәтте кеп қалған дағдарыстық жағдайдан шығу жөніндегі Жалпыұлттық кеңесті премьер емес, президент өзі басқаруы тиіс!
Не істерін білмей, абдырап қалған халық өз президентінің күнделікті өзімен бірге екенін көруі тиіс. Оның әр отбасының тағдырына араласып, мемлекет басшысы ретінде моральдық қолдауын білдіруі керек.
Тоқаев дипломат әрі аса мәдениетті тұлға екені туралы оның пиаршылары жиі айта береді. Бірақ қазіргі аса жауапты кезеңде елге мінезді, шешімді өзі қабылдайтын, сол шешімі үшін жауап бере алатын, айтқан сөзінен қайтпайтын, сол сөзін қол астындағыларға бұлжытпай орындата алатын, сол қасиеттерімен халықты соңына ерте алатын нағыз лидер керек.
Бүгінгі күн саясаткер ретінде Тоқаевқа сондай мүмкіндіктер ашып отыр.
Елдің билік тармақтарына (парламент, үкімет, сот) деген сенімі мейлінше азайған бұл кезеңде ондай кеңес болуы әбден заңды.
Ол кеңестің құрамына тың күштер, жаңа тұлғалар енуі шарт. Басқасын айтпағанда, азаматтық қоғамда мемлекет өмірінің әр саласына қатысты өз пікірін айтып, балама да баянды болар бастамалар көтеріп жүрген азаматтар баршылық емес пе? Соларды неге жұмысқа жекпеске?
Саяси оппозиция да осы кезеңді өзінің басты принциптерінен бас тартпай, бірақ мүмкіндігінше, жалпыұлттық бастамалар мен іс-шараларға елмен бірге ат салысып жатса, еш әбестігі жоқ деп санаймын. Ол да ортақ мүдде жолындағы күш біріктіру боп жатса, несі айып?
Өз басым төрт күннен кейін президент Тоқаевтан дәл осындай, бірегей де батыл, жұрттың көңілінен шығатын, елдің жүрегіне сенім орнататын шешім күтемін.
Қалғанының бәрі, мәселен, кезекті үкімет келіп, бар жауапкершілікті соған ысыра салу бүгінгі күннің саяси талабына мүлдем сәйкес болмайды да, ескі сүрлеудің сарқыншағы әрі далбаса боп қалады!
Exit mobile version