arasha.kz

Байбектің заңгері: Мамай мен Иманбай дәлелдемелер ұсына алмады

19 мамырда Алматы қаласы Әуезов аудандық №2 сотында Nur Otan партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің қоғам белсендісі Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайға қарсы түсірген талап-арызы бойынша соттың екінші отырысы өтті. Соттасуға ерлі-зайыптылардың Б.Байбекке қатысты жариялаған бірнеше видеоматериалдары себеп болған.

Азаматтық іс жүргізу кодексіне сәйкес талап қоюшы, яғни Б.Байбек өз талаптарын дәлелдеуге міндетті емес, керісінше тек жауапкерлер ғана сотқа өз айыптауларын растайтын дәлелдемелер ұсынуға тиіс болатын. Алайда Жанболат Мамай мен Инга Иманбай сот барысында ешқандай дәлелдемелер ұсынбаған. Бұл туралы Бауыржан Байбектің заңгері Айжан Тәшенова  Facebook-тағы парақшасында жазды.

«Жала жабушы видео жарияланғаннан кейін өткен 36 күн ішінде «журналистік зерттеу» деп аталатын айыптауларын растайтын құжаттай дәлелдемелер жариялан жоқ. Жауапкерлер мұны сотқа ғана емес, тіпті өз адвокаттарына да ұсынбаған. Бұл жайында И.Иманбаеваның адвокаты – А.Түсіпова бірінші отырыста мәлімдеді. Сонымен қатар И.Иманбаева 17 мамырда «kz.media» порталына берген сұхбатында құжаттай дәлелдеменің болмау фактісін, яғни соттағы жеңілісті мойындады», – деп жазды заңгер.

Сот отырысында Жанболат Мамай мен Инга Иманбай дәлелді айыптарының жоқ екенін түсініп, сот отырысын сайқымазақтар шоуына айналдырғысы келеді дейді заңгер.

«Жалпы, өздерінің жалған айыптауларына қандай да бір дәлелдер жоқ екендігін ескере отырып сот талқылаулары барысында Ж.Мамай мен И.Иманбаева талқылауды барынша сотқа қатысы жоқ мәселеге бұрып әкетуге тырысып, барлығын арзан қойылым мен саяси фарсқа айналдырғысы келеді. Мысалы, басында жауапкерлер сотқа наразылық білдіру, қарсы талап арыз беру туралы мәлімдеп, одан әрі қарай қайтадан Б.Байбектің тікелей өзі қатысуын талап етті, сонымен қатар көптеген екінші кезекті сұрақтар көтерді», – дейді адвокат.

Айта кетейік, Жанболат Мамай мен Инга Иманбайды қорғауға бүгінгі отырысқа үш заңгер қатысты. Олар процесс басталмастан бұрын онлайн байланыстың сапасына шағымданған. Алайда, Б.Байбектің мүддесін қорғаған заңгер Айжан Тәшенова мұны істі созбалақтау деп бағалады.

Exit mobile version