13-06-20 |
1470 рет қаралған
Басы дауға қалған депутат Тоқаевтың президент қызметін жоғары бағалады.
Басы дауға қалған депутат Тоқаевтың президент қызметін жоғары бағалады

фото: facebook.com/BSmagul

Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл Астанада 6 маусымда рұқсат етілмеген митингіге шыққандарға басу айтуға келіп, сондағы аналардың біріне депутат: «Шабалаңдама. Келгеніме рахмет айт. Сен сияқты жаман қатындар халықты арандатады» деген еді. Депутаттың бұл сөзі әлеуметтік желіде қызу талқыланған. Солайша бас дауға қалған депутат 12 маусымда Тоқаевтың президент қызметіне кіріскен бір жыл толуына орай өз ойын жазды.

«Әлеуметтану ғылымында «геростратизм» деген ұғым бар. Түп-төркініне үңілсек, ежелгі Грекияда біздің дәуірімізге дейінгі 365 жылы Герострат деген біреу өз атын тарихта қалдыру үшін Эфес қаласындағы Артемида храмын өртеп жіберіпті. Сөйтіп, дегеніне жетті.

Біздің заманымызда «ұлылық» шалығына ұшыраған кейбір алпауыт елдің ісі осы геростратизмге ұқсап барады. Олар өзінің ірілігін, ұлылығын паш ету үшін айналасындағы елдерге күн бермейді, мейлінше көп зиян келтіруге ұмтылады, қарулы жолмен басып кіреді, мұнайлы елдерде ішкі қақтығыстар мен азаматтық соғыс өртін тұтатуға тырысады.

Бұл ретте Елбасының байсалды саясатын жалғастырған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен ішкі мәселелерді шешуге ден қойғаны, өз халқымыздың мұңын мұңдап, жоғын түгендеп, ел мүддесін ілгерілетуге баса мән бергені сүйсінтеді.

Өткен 1 жыл ішінде Мемлекет басшысы ұсынған «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бос сөз емес екеніне, мән-мазмұнмен астасқан, нақты істермен үйлескен пәрменді тұғырнамаға айналғанына көз жетті. Осының арқасында Қазақстанда әлеуметтік мәселелер саясат галактикасының шеткері аймағында қалып қоймады: халық тұрмысын көтеру ісі күн тәртібіндегі бірінші орындарға шықты.

Нәтижесінде:

• көп балалы аналарды қолдауға арналған 42 500-ден 74 400 теңгеге дейінгі жаңа жәрдемақы түрі пайда болды;

• аз қамтылған отбасылар үшін көлемі 1,5 миллион теңгеге дейін баратын атаулы әлеуметтік көмектің жаңартылған тетігі енгізілді;

• Жүздеген мың адамның банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы 300 мың теңге берешегін мемлекет өтеп берді;

• АӘК алатын отбасылардың балаларына тамақ өнімдері, тұрмыстық химия тауарлары, гигиена заттары түрінде кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы тегін беру басталды;

• Төтенше жағдай кезінде 4,5 миллиондай адам 42 500 әлеуметтік төлем алды;

• Барлық өңірде халықтың осал тобына жататын отбасылардың 15 мың теңге көлеміндегі коммуналдық төлемдері бюджеттен өтелді. Nur Otan партиясының қолдауымен 1 миллионнан астам аз қамтылған отбасы тегін азық-түлік топтамасымен қамтылды. 50 мың теңге ақшалай көмек таратылды.

• Биылғы жыл басталғалы халықтың денсаулығын сақтау, табысын арттыру және бизнесін қолдау үшін 500-ге жуық маңызды шешім қабылданып, жүзеге асырылыпты.

• 2 миллионға жуық азаматтың несие төлеу мерзімі кейінге шегерілді.

• Ауыл-аймақта жұмыс орындарын ашып, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға мемлекет 1 триллион теңгеге жуық қаржы бөліп отыр.

• Кезекте тұрған азаматтардың мәселесін шешу үшін «5-10-20» жаңа тұрғын үй жобасы басталады. Оған 390 миллиард теңге жұсалады.

Мұның сыртында мемлекет импорталмастыру аясында отандық бизнесті қуатты демеуге екпін түсіруде. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына 1 триллион теңге арна тартады. Аса арзан несиелер беру басталады.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел тізгінін әлемдегі күрделі жағдайда қолына алды. 2019 жылы Қазақстанның басты экономикалық серіктестері өзара геосаяси тайталасқа түсіп, Батыс елдері Ресейге қарсы қатаң санкцияларын одан әрі қатайтып жатты. АҚШ пен Қытай арасында «сауда соғысы» бастау алды. Жыл соңында шығыс көршіде коронавирус ошағы туындап, арты жаһандық пандемияға ұласты.

Осы 1 жыл ішінде Қасым-Жомарт Кемелұлына:

• Арыстағы жарылыс;

• Қордайдағы қазақ-дүнген арасындағы ірі жанжал;

• Атыраудағы Теңіз кен орнындағы жергілікті жұмысшылардың шетелдік экспаттарға қарсы жаппай бас көтеруі;

• Bek Air ұшағының құлауы;

• жаһандық коронавирус пандемиясы;

• Мақтаарал ауданының тасқын астында қалуы секілді жаңа сын-тегеуріндерді еңсеруіне тура келді.

Президент Қ.Тоқаев шын мәнінде «халықтық Парламентке» айналған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрды. Сөйтіп, қоғамдық диалогтың ұлттық моделін түзді. Өзім кіретін бұл құрылым қысқа уақыт ішінде саяси реформалардың, ұлттық саяси жаңғыру процесінің заңнамалық ұстынын түзуге сүбелі үлес қосты.

• Ұлттық кеңестің атсалысуымен «Қазақстанда бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» жаңа заң әзірленді, оны Парламент қабылдап, Мемлекет басшысы қол қойды. Тиісінше, биылғы 6 маусымнан бастап бейбіт жиналыс өткізу үшін рұқсат алу қажет емес.

• Саяси партия құру үшін ұйымдастырушы 20 мың мүше жинаса, жеткілікті. Яғни, талап бұрынғыдан 2 есе кемітілді.
• Мәжіліс депутаттарын сайлау додасына түсетін партиялардың тізімінде әйелдер мен жастарға арналған 30% квота бөлінді.

• Парламенттік оппозиция институты енгізілді. Енді Мәжіліске сайланған оппозициялық депутаттарды ешкім де микрофон мен мінберден айыра алмайды.

• Елімізде жала жабу үшін қылмыстық қудалау жойылды.

• Шетелден жұмысшылар әкелуге белгіленген квота 40 пайызға азайды.

Білікті дипломат, елжанды билеуші Қ.Тоқаев Мәскеудің еліміздегі билік транзитін пайдаланып, Еуразиялық одақты Кеңес Одағының сүрлеуіне салу, еліміздің денсаулық сақтау, білім және ғылым салаларына сырттан билік жүргізу талаптарына тойтарыс берді.

Әрине, қазіргі қауіп-қатері ушыққан заманның беталысына қарап, оптимист болу қиын. Дегенмен, бүгінге дейін ұлт мүддесін өз мүддесінен жоғары қоятын дипломат, өрісі кең, өресі биік саясаткер, білімі терең, білігі кенен дағдарыс менеджері ретінде таныта алған Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан былай да халықаралық деңгейдегі кез келген айтыс-тартыста намысты қолдан бермесіне, Қазақстанның өркендеуіне қол жеткізіп, бұқараның тұрмысын жақсартарына, осылайша Отанымызды дамыған елдер деңгейіне жақындата түсеріне сенім мол. Өйткені осы бір жыл мемлекет деңгейінде және қоғамдық өмірдің барлық саласында шын мәнінде түбегейлі өзгерістер кезеңіне айналды» деп жазады депутат.

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.