Билік 30 жыл бойы ашаршылық, 1929-1931 жылдардағы көтерілістер, Алашорда тақырыбынан қашты. Себебі бізге алдымен тәуелсіз мемлекет құрып алу керек болды.
Бұл туралы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерттеу бойынша Республикалық ғылыми орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбек айтты деп хабарлайды Arasha.kz тілшісі.
Бүгін Сенат, Білім және ғылым министрлігінің мемлекет тарихы институты, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты бірлесіп, «Азаттық жолындағы ақтаңдақтар: ашаршылық зардаптарына шынайы тарихи көзқарас» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткізді. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбек «Қазақстандағы ашаршылық: себептері және салдарлары» тақырыбында баяндама жасап, Arasha.kz тілшісінің сауалына жауап берді.
«Бәрін Кеңес Одағынан кейін де мұрагер болып отырған Ресей тарихымен байланыстырамыз. Өйткені, ашаршылық бізде ғана емес, Ресейде, Солтүстік Кавказда болған. Оның үстіне Украина тарихшылары да зерттеп, Ресейге кінә артып, геноцид деп бағамдады. «Геноцидке жауапты Мәскеу» деп айтып, халықаралық деңгейде мәселе көтерілді. Билік «ашаршылыққа саяси сипат беріп, оған Мәскеу кінәлі» деп айтса, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Біздің билік «саясатқа жібермеңдер, ғылыми тұрғыда зерттеңдер» деп пәрмен беріп отыр. Шын мәнінде, Ресей емес, Кеңес Одағының қате реформасы деп білеміз. Реформа кезінде қазақ халқының ұлттық мүддесі ескерілмеген», – деді Талас Омарбек.
Тарихшының айтуынша, алдымен нақты зерттеу жүргізілуі тиіс.
«Шынында да тарихшылар жан-жақты зерттеп алуы тиіс. Кейін мемлекеттік комиссия бір қорытынды жасауы керек. Ұзақ жұмыс. Өйткені бізде 30 жыл бойы ашаршылық, 1929-1931 жылдардағы көтерілістер мен Алашорда тақырыбынан қашты. Себебі бізге алдымен тәуелсіз мемлекет құрып алу керек болды. Сол себепті көтерілісті, Алашорданың баламасы көзқарасын насихаттау биліктегі шенеуніктердің кейбіріне ұнамады. Жаңа құрылған Қазақстан тәуелсіз, тұрақты мемлекет болуы, қалыптасауы керек болды деп түсінеміз», – деді ол.
Елімізде тарихшылар бұл тақырыпқа терең бойламаған. Тіпті бірде бір ғылыми жұмыс қорғалмады.
«Меніңше билікте отырғандар жалтақтап отырған жоқ. Тек ғылыми тұрғыда жете зерттелмеген. Сондықтан биліктегі азаматтар тарихты жақсы білмейді, тарихшылар да терең бойламаған. Құжаттар жабық болды, әлі де құпия сақталып келеді. Зерттеу кенжелеп қалғаны рас. Қаржыландыру жұмысы ақсады. Ғылымға қаржы бөлінуі тиіс. Күні бүгінге дейін ашаршылық, 1929-1931 жылдар арасындағы көтерілістер тақырыбы бірде бір ғылыми жоба болмады. Ғылыми дәлел жоқ болса, биліктен қалай талап етеміз», – деді Талас Омарбек.