Орталық сайлау комиссиясы 4 желтоқсанда алдағы сайлау кезіндегі бақылаушыларға қатысты № 44/371 қаулы шығарды. Осы қаулыда айтылған дүниелер жайлы «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім arasha-ға пікір берді.
Дос Көшім, «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі:
– Орталық сайлау комиссиясының 4 желтоқсандағы қаулысы Конституцияда көрсетілген азаматтардың құқына қайшы емес пе?
– Біріншіден, бұл сұрақтың алдында «2000 жылдардан бастап, сайлау учаскелерінде бейне (фото) түсірілімдерге толық рұқсат берілген болатын. Егер сол уақыттағы бақылаушыларға берліген мүмкіндік бүгін, 20 жылдан кейін – құқық бұзушылыққа жатқызылатын болса, Орталық сайлау комиссиясы ай бағып отырды ма?» деген қарсы сұрақтың туары сөзсіз. Меніңше, егер «Сайлау туралы» заңға өзгеріс енгізілсе, бұл – Парламенттің құзіреті де, егер белгілі бір баптарды түсіндіру, нақтылау қажет болса, ол – Конституциялық Кеңестің міндетіне жатады. Мен үшін кешегі ОСК-нің Қаулысы жан-жақты, нақты түсініруді талап етеді. Біздің шаш ал десе, бас алатын орындаушылардың бұл қаулыны қалай жүзеге асыратыны бәрімізге белгілі… Бұл қаулы Қазақстанның «Сайлау туралы» заңына қайшы.
Ең қызығы және қоғамдық ұйымдардың алаңдаушылығын тудырып отырған – екі мәселе. Біріншісі – фото, бейне түсірілім кезінде заң бұзушылыққа барып жатқан азаматтарды түсіру үшін рұқсатын алу болса, екіншісі – сайлауды бақылауға Жарғысында адамдардың құқығы мен еркіндігін қорғау міндеті көрсетілген ұйымдарға ғана беріледі деген талап. Өз басым, заңды белден басып, бір бума бюллетенді сайлау жәшігіне салып жатқан адамнан «сізді түсіріп алып, ертең сотқа беруіме бола ма?» рұқсат сұрап тұрған бақылаушыны көзіме елестете алмаймын. Ал 20 мыңға жуық үкіметтік емес ұйымдардың ішінен Жарғыларында адам құқығы мен еркіндігін қорғау туралы міндеті жазылған бес ұйым таба аламыз ба, білмеймін… Демек бұл – азматтық қоғамға, олардың саяси процестерді бақылау, мониторинг жасау құқығына қарсы Қаулы. «Қоғамдық бақылау» туралы заң дайындап жатқан ел үшін бұл Қаулы – кері, тоталитарлық жүйеге қайта оралудың көрінісі.
– ОСК қаулысы заңдар мен халықаралық пактілердің ирерхиясынан алғанда қаншалықты маңызды?
– Бұл сұраққа адам құқығын қорғаушылар жауап беретін болар. Бірақ оншақты елдегі (Ресей, Тәжікстан, Әзірбайжан, АҚШ, Израйль, Қырғызстан, Украина, Германия, т.т.) түрлі сайлауларға халықаралық бақылаушы ретінде қатысқан адам ретінде сурет, бейне түсірілім жасау кезінде сайлаушылардан рұқсат сұрау талабын кездестірген емеспін.
Біздің билік Қазақ елінің халықаралық беделі, имиджі, не демократияның дамуынан көрі, өздерінің бүгіні мен ертеңін көбірек ойлайтын сияқты. Сондықтан әрбір сайлау сайын сол сайлауға қатысқан азаматтардың, ұйымдардың ұсыныстарын саралап, ақылға қонатын пікірлерді заңға енгізудің орнына, өздеріне қауіп төнетін жағдайларға заң арқылы бөгет қоюмен айналысады. Есіңізде болса, 2016 жылғы Жер дауынан кейін, 2017 жылы президенттік сайлауға түсу үшін бес жыл мемлекеттік қызметте жұмыс жасау керек деген ешбір елде жоқ талап енгізілді. Бұл – ешқашан бүгінгі билікке бармаған, былғанбаған ұлтшылдарды Президенттік сайлауға жібермеуге бағытталған заң бабы болатын. Енді өткен сайлауда бақылаушылардың белсенділігін байқаған биліктің бақылаушылар институтының тамырына балта шабуына таң қалудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Бұл – күрес, биліктің қолында заң бар, ал халықтың көше мен алаңнан басқа ешнәрсесі жоқ. Билік халықты көшеге шығару үшін барлық айла-тәсілді жасап-ақ жатыр.
– Бұл қаулы президент Тоқаевтың Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының жиынында «Біз ашық әрі әділ сайлау өткізуге ниеттіміз» деген сөзін жоққа шығармай ма?
– Ұмытпасам, Тоқаев мырза өткен сайлауда да «сайлау ашық, әділ өтеді» деп уәде берген. Әрине, мынау Қаулы біздің түсінігіміздей болса (өз басым, әлі де бұл қаулыны бұрынғы заңдарды нақтылау бағытында жазылған болар деп үміттенемін), «сайлау ашық, әділ өтеді».
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024
-
25.11.2024