arasha.kz

Билікті сынау – қылмыс емес!

Шалқар Нұрсейітов, саясаттанушы:

– Екі күн бұрын ҚР президенті кеңесшісі Е.Карин Телеграмдағы аноним каналдарға «соғыс» жариялаған болатын. Себеп – ол каналардың ақылға қонбайтын әңгімелері мен өсек-аяңға негізделген аналитика сымағы елбасы мен президенттің, топ шенеуніктердің атына кір келтіріп, элитаның арасында сенімсіздік туғызып жатыр-мыс.

Ақылға қонбайтын әңгімеге бола «элита» бір-біріне сенбей жатса, онда ол «элитаның» ақылы қайда қалды? Түн ұйқысын төрт бөліп, елге адал қызмет етіп келе жатқан әрі тек фактімен сөйлейтін билік қайдағы бір фейк тарататын телеграм-каналдарды не үшін оқиды және уайымдайды? Әлде ода тыңдауға ғана үйреніп қалған биліктің карантинде жүйкесі сыр беріп, «еститін мемлекеттің» шыдамы шегіне жетті ме? Біздің қолдан жай сандырақ сұрақтар қою ғана келеді. Бір анығын мемлекетшіл Е.Карин мырза білері хақ.

Ал бүгін саяси белсенді А.Ильяшев пен НСОД-тың экс-мүшесі А.Шораев «Төтенше жағдай кезінде жалған ақпарат таратты деген күдікпен” тұтқындалды. Оған дейін “төтенше жағдай режимін бұзды” деген айыппен бірнеше белсенді ұсталған екен.

Менің ойымша, А.Ильяшев пен А.Шораевты бір күнде тұтқындау арқылы билік екі түрлі аудиторияға екі түрлі месседж таратқысы келетіндей көрінеді. Альнур Ильяшевты жазалау арқылы саяси активистер мен билікке көңілі толмайтын азаматтардың санасына “Билікті сынағаннан түк шықпайды. Тыныш жүрмесең, сотталасың!” деген үрейді сіңдіргісі келетін сияқты.

Ал Арман Шораев билік үшін бөтен адам емес. 2005 жылы Н.Назарбаевтың сайлау штабының баспасөз қызметін басқарған, Нұр Отанның саяси кеңесіне мүше болған, кейінгі кезде НСОД-тың белсенді мүшесі болды. Одан бөлек Facebook пен Instagram-да билікті сынап, арасында популизмге салынып, жастармен қайталанбас стильде “дискуссия” жасап тұрады. Билік А.Шораевты карантин кезінде тұтқындау арқылы “элитаны” сынаған кезде ол кісі қызыл линиядан өтіп кетті деп есептейтінін көрсеткісі келетін сияқты. Шораевты осылайша жазалау арқылы ауыр салмақты атқамінерлер осы уақытқа дейін биліктің айналысында жүріп 30 жылдық салиқалы саясаттың қызығын көргеніне қарамай, өзінше пост-назарбаев кезеңіне өтіп кеткен кісілерге “Шалқып жүргеніміз елбасының арқасында. Н.Назарбаев – бір адам немесе бір отбасы емес. Ол – мына біз бен сіз құрған жүйе. Ары қарай да бақытты өмір сүруіміз осы жүйенің ғұмырының ұзақтығына тікелей байланысты. Biz birgemiz!” деген месседжді таратқысы келетін сияқты.

А.Шораев мырзамен көп нәрсе бойынша келіспеймін. Егер билік ҚР азаматы А.Шораевты биліктің іс-әрекетін сынағаны үшін осылайша жазалауға тырысып жатса, мен А.Шораевтың жағындамын. Егер “элита” ҚР азаматы А.Ильяшевты азаматтық позициясы үшін жазалауға тырысып жатса, мен А.Ильяшевтың жағындамын. Өйткені билікті сынау – қылмыс емес. Билікті сынау – конституциялық құқық. Ал Конституция “ҚР Тұңғыш президенті-Елбасы туралы” конституциялық заңынан да жоғары заң.

Exit mobile version