Айдос Сарым, қоғам қайраткері, саясаттанушы:
– Мен білсем, «көп ұлтты» деген термин Кеңес заманынан қалған. Біздің елдің ішіндегі, әсіресе билік өкілдері ұлттық тақырыпқа қарай сөз қозғанда, ой қозғағанда үнемі Кеңестік терминдермен, Кеңестік пайымдармен баратыны мен үшін айқын нәрсе. Ең алдымен біз термин жағын дұрыстап алуымыз керек. Біз өзіміздің жадымызды, ғылыми айналымды, журналистік бағытты осындай Кеңестік жалған терминдерден құтқарып алуымыз қажет. Қазақстан өзінің «азан шақырып аты қойылған» сәтте қабылдаған екі үлкен құжат Егемендік туралы декларация мен Тәуелсіздік туралы заң бойынша, Қазақстан унитарлы мемлекет. Алғашқы кездегі ұстанымда «Қазақстан Республикасы ұлттық мемлекет болып табылады және соған бүкіл күшін жұмсауы керек» деген. Біле-білсеңіз Тәуелсіздік туралы заңның соңғы бабы былай деп аяқталады: «Болашақта осы екі заңның негізінде қабылданатын заңдардың барлығы осы мақсаттарға қызмет етуі керек. Өйтпегенде олардың күші болмайды» дейді. Яғни Қазақстанда Конституциядан бастап кез келген қабылданатын заң ол унитарлы мемлекет қалыптастыру, ұлттық мемлекет қалыптастыру, оның жағдаяттарын жасау деген бағытта жүру керек немесе болашақта кез келген ұрпақ, кез келген заңның күшін жоюға мүмкіндік алуы керек. Мынау түпкі мақсаттарға қайшы екен дегендей. Егер дәлелдеп шықса, соттың ішінде, басқаның ішінде. Қазақстан сөзсіз ұлттық мемлекет құруға бет алған ел. Біз қазір Тәуелсіздігіміздің, Азаттығымыздың екінші кезеңін бастап жатырмыз. Бодан болған мемлекеттердің бір де біреуі өзінің Тәуелсіздігіне сол Тәуелсіздік алған күні жеткен жоқ. Мен не үшін «Қазақстан өзінің Тәуелсіздігінің екінші сатысын бастады?» – деп отырмын. Себебі Қазақстан өзінің Тәуелсіздігін жариялаған кезде өз елінде қазақ ұлттық азшылық болған ел. Сондықтан да Кеңес заманында қабылданған Тіл туралы заңды әлі күнге дейін өзгерте алмай келе жатырмыз. Сол сияқты Конституциямыз да, басқа заңдарымыз да сол 80 жылдардағы үрейлердің елесі, салқыны бар сияқты. Қазіргі міндет сол үрейлерді, сол қатқан нәрселерді жібітіп жаңа бағытқа түсу. Осы жылы үлкен санақ болады. Бұл санақ қазақ ұлтының өз елінде абсолюттік көпшілікке жеткенін растап береді… Біз Конституция бойынша да, басқа бойынша да көп ұлтты емеспіз. Бізде бір ғана ұлт бар. Ол – қазақ ұлты. Қазақстандық деген ұлт тарихта, табиғатта жоқ нәрсе. Ол кейбір журналистердің, саясаткерлердің енгізген уақытша инструменті ғана. Мен шын мәнінде өзін қазақстандықпен деп есептейтін адамды көрген емеспін. Бірең-сараң публицист, саясаткер болмаса, оны көп ешкім айта бермейді. Осы тұста біздің елімізде екі қоғам бар екендігін айту керек. Ол азайып бара жатқан орыс тілді қоғам және күшейіп келе жатқан қазақ қоғамы. Әсіресе осы екінші қоғам «қазақстандық», «стандық» деген форматтарды мойындамайды… Қазақстан сөзсіз қазақтікі.
Дереккөз: qazaqtimes.com сайтында жарияланған Айдос Сарымның сұхбатынан үзінді