16-09-20 |
2870 рет қаралған
Депутат Бекболат Тілеуханның басынан неге дау арылмады?.
Депутат Бекболат Тілеуханның басынан неге дау арылмады?

Соңғы кездері ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханның басы даудан арылмай қойды. Өзін сынаған Серік Боқанды қарғаудан бастап, қару-жарақ саудасына дейінгі оқиғалар онсызда құлдырап тұрған азаматтың абыройын айрандай төкті. Әрине, Мәжіліс депутатының қару сату қылмысына қатысы бар, не жоқ екенін бір Алла біледі. Алайда соңғы кездері Бекболат Тілеуханның басы неге даудан арылмай қойды?

Негізі Бекболат Тілеуханға қатысты бұл мақаланы жазу мүлде ойымда болған жоқ еді. Қару-жарақ саудасына байланысты әлеуметтік желіде тараған видеосына орай ақтап алу опперациясы қарқын алғаннан кейін амалсыз өз ойымды жазуға тура келді. Өйткені «жыраулар жырын жаңғыртқан Бекболат Тілеуханды қалай жамандыққа қиямыз» деп Амангелді Айталыдан бастап Серік Ақсұңқарұлы, Айгүл Смақова, Маралтай Райымбекұлы, Бауыржан Халиолла және әдеттегідей Мұхамеджан Тазабек секілді біраз азаматтар күңіреніпті.

Әрине, қару-жарақ саудасына байланысты Мәжіліс депутатын кінәлі немесе кінәсіз деп ешкім айта алмайды. Алайда депутат ақтау опперациясынан гөрі өзін заң аясында қорғап алуды көбірек ойлауы керек емес пе? Құзырлы органның мәлімдемесінен кейін депутаттың ақ немесе қара екеніне қоғамның көзі онсызда жетеді. Әйтпесе он шақты зиялы қауым өкілінің «жыраулар жырын жаңғыртқан Бекболатты» ақтауы еш нәтиже бермейді.

Жалпы Мәжіліс депутатын ақтаушы азаматтар «Соңғы кездері Бекболат Тілеуханның басы неге даудан арылмай қойды?» деп өз өзіне сұрақ қойды ма? Мәселен Бекболат Тілеуханға таңылған ең ауыр айыптың бірі – қоғамның оны салафиттік көзқараста деп білетіні. Әрине, кімнің қандай дін ұстану керек екенін әр адам өзі шешеді. Алайда депутаттың діни ұстанымы неге қоғамның басты назарында жүреді?

Мәселен ютубта Бекболат Тілеухан «Абайда шынайы тауһидтің не екенін білмеді» деп ХVІІ ғасырда өмір сүрген Мұхаммад Абдул Уаххабты үлгі тұтады.

Көзі ашық азаматтар Абдул Уаххабты салафизмді әлем елдеріне таратушы басты иделог деп біледі. Депутат неге айдаладағы Уахабты үлгі етіп отыр?

Бұдан бөлек депутат ютубканалда аты шулы Дарын Мубаровты ұстазым деп айтқаны көпшілікке белгілі. Ал ҚМДБ мен құзырлы органдар Дарын Мубаровтың салафит екенін ескертіп, оның уағыз айтуына тыйым салған болатын. Оның үстіне Сирияға кеткен салафиттердің көпшілігі Дарынды тыңдағанын айтқан. Өзін Мубаровтың шәкірті санайтын Бекболат Тілеухан қай ұстанымда?

Сонымен қатар ҚР Дін істері агенттігінің бұрынғы Төрағасы Қайрат Лама Шариф «Бекболат Тілеухан дәстүрлі исламда емес» деп өткір мәлімдеме жасаған болатын. Депутат «Қайрат Лама Шарифті сотқа беремін» деп бұлқан-талқан болғанымен істі сотқа жеткізген жоқ. Егер діни ұстанымы дұрыс болса, не үшін ол өзін ауыр айыптаған азаматты сотқа бермеді?
Ұзын сөздің қысқасы, қоғамда Бекболат Тілеуханды салафизммен байланыстыратын азаматтар баршылық. Ал соңғы 10 жылда салафиттердің салған лаңынан елімізде кем дегенде 100-ге жуық адам опат болды. Оның ішінде қарапайым халықтан бастап құзырлы орган өкілдері де бар. Сондай-ақ намаз оқығанына 2-3 жыл болған азаматтар теріс уағыздың салдарынан содыр деп танылып, сотсыз, тергеусіз атылып кетті. Міне, осы азаматтардың қаны кімнің мойнында? Егер Үкімет теріс уағыз таратып жүрген азаматтардың аты-жөнін ашып айтса, содыр деп саналған азаматтар теріс жолға түспес еді.

Бір сөзбен айтқанда Бекболат Тілеуханның діни ұстанымы үнемі дау тудырып келеді. Әйтпесе оның өнерін әлі де болса көп қазақ жоғары бағалайды. Бірақ «жыраулар жырын жаңғыртты» екен деп оның діни ұстанымына көз жұма қарауымыз керек пе?

Өздеріңізге белгілі соңғы кездері Бекболат Тілеуханның басы даудан арылмай қойды. Мысалы 2018 жылдың қазан айындағы көкпар дауында тағы да депутат айыпты болып шықты. Әрине көкпар дауында кімнің кінәлі, кімнің кінәсіз екенін ажыратуға көп сөз шығындауға тура келеді.

Алайда уатсап желісіндегі конференцияда Бекболат Тілеуханның «Машалла жақсы интрига болды» деп айтқаны жүректі тіксінтіп тастады. Бес уақыт намаз оқитын әрі өзін таһуа деп есептейтін адамға интрига не керек? Интриганың қазақша мағынасы құйтырқылық емес пе? Менің ойымша, Бекболат Тілеуханды «жұртты ақымақ қылдым» деген құйтырқылық құрдымға кетіріп бара жатқан тәрізді.

Күні кеше депутат Серік Боқанды қарғап сілеп, жер жебіріне жетті. Ер адамның, оның үстіне Бекболат Тілеухан сияқты «таһуа» жанның қатынша қарғыс жаудыруы қоғамды тағы тіксінтіп тастады. Ал ақтау опперациясына қатысушы азаматтардың ойынша «жыраулар жырын жаңғыртқан» депутаттың ерсі әрекетін елемеген жөн.

Әдебиетші Айгүл Смақова өзінің видеомәлімдемесінде «Жер сатуды жалғыз Бекболат қолдап, өзге депутаттар қарсы болды ма? Неге өзге депутаттардың сынамайсыңдар» депті. Жұрттың 107 депутаттың ішінен тек Бекболат Тілеуханға ғана шүйдігуі тегін емес. Өйткені ол жылдар бойы өзін халықтың нағыз қамқоршысы етіп көрсетіп келіп, жеме-жемге келгенде бұғып қалды. Жалпы «халыққа да, билікке де сүйкімді боламын» деген құйтырқылық Бекболат Тілеуханды абыройдан жұрдай еткен тәрізді. Егер ол әу бастан депутаттық мандатты бәрінен жоғары қоятынын аңғартып, халықшыл болып көрінбегенде, оны жұрт сынамас та еді. Бір сөзбен айтқанда, Бекболат Тілеуханның алдында халықтың махабатына бөлену мен депутаттық мандат тұрды. Ол еш ойланбастан екіншісін таңдады.

Айтпақшы, Мұхамеджан Тазабек Қуат Найман сияқты аңғал батырдың жанында Бекболат Тілеухан секілді ақылшы азамат жүруі керек деп жазыпты. Шыны керек бүгінде депутат жұртқа ақыл айтпақ түгілі өзі ақылға мұхтаж болып отыр.

Бір қызығы, әлеуметтік желіде Бекболат Тілеуханға араша сұраған Серік Ақсұңқарұлы мен Маралтай Райымбекұлы өз жазбасын өшіріп тастапты. Әйтеуір күні кеше жазылған посты әрі бері іздеп таппадық. Соған қарағанда Бекболат Тілеуханды арашалап алудан олар да шаршаса керек. Ал Амангелді Айталы, Айгүл Смақова Бауыржан Халиолла және Мұхамеджан Тазабек әзірге өз пікірінде қалып отыр.

Бекболат Тілеуханды ақтаушылардың басты уәжі «жыраулар жырын жаңғыртқан» депутатты сынамау керек дегенге саяды. Жалпы ғажап әнші болғаны үшін азаматтың әрекетіне байланысты сынамау керек деген пайым қайдан шықты? Әрине майда-шүйде пендешілік болса депутатты кешіруге болады. Алайда қару-жарақ саудасына қатысты оқиғаға құзырлы органдардың мәлімдемесі маңызды емес пе? Әлде депутат «Қайрат Лама Шарифті сотқа беремін» деп кіжініп, сотқа жүгінбей кеткендегідей қару-жарақ оқиғасын жылы жауып қоямын деп ойлап отыр ма екен? Кім білсін.

Серік Жолдасбай, журналист

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.