29-03-22 |
1480 рет қаралған
Депутаттар Қажыгелдинге қатысты пікір білдірді.
Депутаттар Қажыгелдинге қатысты пікір білдірді

 

Жуырда еліміздің бұрынғы премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин 70 жасқа толды. Сарапшылар еліміздің тұрмыс жағдайы ең қиын кезеңде үкіметті басқарған азамат экономикалық реформаны сәтті жүргізгенін айтады.
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевпен арадағы жағдайдан кейін саяси эмиграцияға кетуге мәжбүр болған азамат туған жеріне келгісі келеді. Алайда саясаткер елге келгеннен кейін оны қуғындап жүрмей ме? Осы және өзге де сұрақтарды Мәжіліс депутаттарына қойған едік.

Мейрамбек Төлепберген: Қажыгелдин заң алдында жауап беруі керек

– Күні кеше еліміздің экс-премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин 70 жасқа толды. Кезінде ол Назарбаевпен арадағы қарым-қатынастан кейін елден кетуге мәжбүр болды. Ол кісі елге келгісі келеді. Әкежан Мағжанұлының елге келгеніне қалай қарайсыз?
– Егер ол кісінің еркіндігі мен қалауы болатын болса, оған ешкім келме деп айтпайды ғой. Сондықтан оны өзінің қалауы біледі. Ол адамның елден кеткеніне көп болды. Бірақ барлық нәрсе заңды тұрғыдан болу керек деп ойлаймын. Менің жеке қарсылығым жоқ. Бірақ бұл мәселе заңды, құқықтық тұрғыдан шешілуі керек деп ойлаймын.
– Қазақстанға келсе ол кісіні қуғындамай ма?
– Мен ол туралы айта алмаймын ғой. Заң органдарында істеп отырған жоқпын. Егер шынымен заң алдында жауап беруге тиісті мәселесі болса, ол жауап беруі керек. Солай ғой.
– Әкежан Қажыгелдин Қазақстанның әлеуметітк жағдайы ең қиын кезде елдің экономикасы көтерген азамат қой. Сіз оның қызметін қалай бағалайсыз?
– Ол кезден бері заман өзгеріп кетті ғой. Ол кезде өзінің деңгейінде жұмыс істеген шығар. Әр азамат «Жаман жұмыс істедім» деп айтпайды ғой.
– Сіз депутат ретінде құзырлы органдарға неге шағым түсірмейсіз?
– Не үшін?
– Мысалы «Әкежан Қажыгелдин елдің экономикасын белгілі бір деңгейде көтерген азамат. Бұл азаматты неге елге қайтармаймыз?» деп депутат ретінде неге бастама көтермейсіз?
– Мұны ойлану керек. Не ойлап отырғаныңды түсінемін. Оны ойлану керек. Ойланып барып айту керек.
– Ойлану ма, жоқ әлде жоғары жақпен ақылдасу ма?
– Жоқ, өзім ойланамын. Менің де өз пікірім, ұстанымым бар ғой.

Елдос Абақанов: Әкежан Қажыгелдинді танымаймын

– Еліміздің экс-премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин 70 жасқа толды. Саяси эмигарцияда жүрген азамат елге келгісі келеді. Аталған азаматтың елге келгеніне депутат ретінде қалай қарайсыз?
– Біріншіден ол кісі уақытында не үшін шет елге кетті? Шыны керек ол кісінің не мақсатпен шет елге кеткені жөнінде ақпарат білмейді екенмін. Қазіргі күні Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында ол кісіге қатысты нақты сұрақтар бар ма, жоқ па? Оны да білмеймін. Егер заңға сәйкес бүгінгі күнде ол кісінің заң алдында ешқандай сұрақтары болмаса, әрине елге келуге ешқандай шектеулер жоқ сияқты. Ал енді заң алдында шектеулер болатын болса, құқық қорғау органдарының сұрақтарына жауап беру керек.
– Сіз Қажыгелдиннің не үшін істі болғанын білмеймін деп отырсыз ғой. Аталған азамат экс-президент Назарбаевпен арадағы қарым-қатынасқа байланысты шет елге кетуге мәжбүр болды. Жалпы ол кісі сұхбаттарында «Туған жерге барсам» деп елге келгісі келетінін айтқан болатын. Сіз депутаттық мандатыңызды пайдаланып, құзырлы органнан сұрап көруге қалай қарайсыз?
– Егер де құқық қорғау органдар тарапынан сұрақтар болса, депутат ретінде қандайда бір қылмыстық іс немесе сот процестеріне араласа алмаймыз. Заңмен ол тікелей бекітілген. Жалпы ақпараттарды сұрастырып, ол кісіге сұрақтар болмаса неге елге келмеске. Бізде былай қарағанда қоғамымызда демократия бар дейміз ғой. Демократия тікелей бар. Егер заң бұзбаса әр адамның Конституцияда бекітілген елге емін-еркін кіріп шығу мүмкіндігі бар.
– Яғни сіз азамат ретінде сұрау салып, бұл істің қозғаушы күші болуға ықыласты емессіз. Солай ма?
– Жоқ, енді мен ол кісімен жеке таныс болмағандықтан және оның шет елге не үшін кеткенін зерттемегендіктен қазір тікелей «Ертең барып білемін. Сұрағымды қоямын» деп айта алмаймын. Бірақ қарастыру керек.
– Сіз үшін бұл тақырып қызық емес пе?
– Қызық болмағанда мұны зерттеп, қарауға болады. Неге қарамасқа.

P.S.

Депутаттар «Әкежан Қажыгелдин секілі азаматтың шет елде саяси эмиграцияда жүргені ұят. Бұл мәселені орынды көтеріп отырсыз. Енді бұл істі өз бақылауыма аламын» деп айта алмады. 

Серғали Асланбек

БӨЛІСУ:
  • twitter
  • telegramm
  • facebok
  • vk
Соңғы мақалалар.
МІНБЕР.