Оны қараңғы мен жарық тайталасқан шақта кездейсоқ көрдім. Жазбай таныдым – сол. Оңған ақсары көйлегі, қызыл галустігі көзіме оттай басылды. Ескі күртешесінің алдын ашып тастап, костюмнің қалтасына қолын салып алып кетіп барады. Сол мұрт – жапсырылғандай көрінеді. Сол бет – көктемде жыртылған егіс даласындай қыртысты әжімге толы. Сол қалпақ – совет қалпақ: кішкентай күнқағарын әртүрлі ситауцияларға қарай бастың әр жағына бір кезек қисайтып кие беруге болады. Жүрісі баяғыдай емес, баялаулапты. Тұсынан өтіп бара жатып «Шау тарта бастаған-ау» деп ойладым. Бұл кісі – Әділеттің Сайлауы еді.
Сәкең біз ес білгелі тракторист болатын. Кейіндеп мектепке күзетші болды. Әділеттің Сайлауы аты сол кезде шықты. Әйтпесе, баяғы Сәкең – сол Сәкең еді.
Костюм-шалбар кию де күзетшіліктен басталды. Ауылдағы өркениеттің әлі күнге дейінгі жалғыз белгісіндей болып тұрған кетеуі кеткен мектепте қайбір күзететін дүние бар дейсіз. Бірақ Сайлау үшін ол кәдімгідей зор қызмет еді. Үкімет адамындай жүретіндей: балаларды тәртіпке шақырып, кейбір жас мұғалімдер ақыл айтатын. Сөйтіп жүргенде аяқ астынан сайлау болатын болды. Бәрі де бәз-баяғыша: кезектен тыс, қысылтаяң уақытта, апыр-топыр. Алашапқын басталды да кетті: ауданнан сау етіп бір топ келді де кетті. Ертесінде дене шынықтыру залына кілем жайылып, кабиналар құрылып, парталар тасылып абыр-сабыр болдық та қалдық. Сайлаудың үйіндегі еден жуушы жеңгеміз сайлауға түсіп жатқан кандидаттардың суреттерін қабырғаға сүлесоқ еріне жапсырып жатты. Сайлау сайын маңдайы жарқырап жалғыз өзі қара үзіп келетін кандидаттың суретін іліп жатқан сәтте жеңгеміз: «Осы сайлаулар кімге керек? Қажытып бітті бәрі!» деген сол еді, бұл сөзді құлағы шалған Сайлау шарт кетті.
– Сен қатын, не деп оттап тұрсың, ей! Сайлау туралы не білуші едің, байыңнан басқа – деп салды. Жұрт бүкіл жұмысты жиыстырып қойып, бір қызықтың боларын күтіп тына қалды.
– Байдан көрмеген қызықты мыналар көрсете ме, маған? – деп жеңгеміз кандидаттардың суретін нұсқап көтеріліп келе жатыр еді, Сәкең жуаси қалды.
– Надансың, қатын, надансың. Сайлаумен ойнама! Мен мұны сағат өз қатыным болған соң, сайлау учаскесінің төрағасы ретінде айтып тұрмын. Сөзді қой да, жұмысыңды істе!
Сәкеңнің учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы болғанын жұрт сонда білді. Бұл жаңалықты естіген жеңгеміз кеудесі көтеріліп, құлшына кірісті. Сол күннен бастап «Әділеттің Сайлауында әділдік жеңеді» деген сөз желдей есіп лезде тарады. Сайлаудың әділ өтетінін естіген көрші ауылдағылар таңқалысып, көпке дейін сенбепті. Ақыры «әділ сайлау көрмей өтеміз бе?»деп қапаланушы еді, тым құрыса бір ауылдағы сайлау учаскесінде әділ сайлау өтеді екен-ау десіп сайлау күні бәрі біздің ауылға ағылды. Сәкең төрде. Бәрін көзбен бағып отыр. Бір кезде Әділеттің Сайлауымен қырық жыл бірге жер жыртқан құрдасы келіп:
– Ассалаумағалейкум, Сәке! Қызмет құтты болсын! – деп еді Сәкең қолын алмады. Аузын жыбырлатты. Құрдастың қолы ауа қармап бос қалды. Сонда да құрдастығына салып:
– Жаңа кандидаттарға дауыс беріп көрейік – деді. Сонда Сайлау орнынан атып тұрып: – Бұл не деген сөз! Мұндай саяси сауатсыздыққа жол бере алмаймыз! Кімге дауыс беретініңді өзің шешесің, – деп алдында жатқан кандидаттар тізіміндегі сайлау біткенді жеңіп келе жатқан «жеңімпаз» кандидаттың аты-жөні тұрған жерді сұқ саусағымен батыра басып, құрдасына көз қысты да:
– Уағалейкумассалам – құрдасының салбырап тұрған қолын шапшаң алды.
Қойшы, сонымен дауыс беру де аяқталып, есіктер жабылды. Бюллетеньдер санала бастады. Бір кезде аудан белгілеп берген кандидатқа көп дауыс жетпей қалды. Әділеттің Сайлауы сасқан жоқ. Ауданнан келгендердің құлағына құйып кеткенін бұлжытпай орындады: бос бюллетеньдерді қаптан алып шығып, екі-үш мұғалімге толтырта бастады. Керек дауысты асыра жинаған соң, учаскелік сайлау комиссиясының шешіміне жазып, хаттаманы толтырды. Іс бітті.
Көрші ауылдағы жұрт сайлаудың нәтижесін естігенде аң-таң болыпты. Әділеттің Сайлауы деп үкілеген үміттері ақталмағанына қапа болып, сол күні жаппай ішіпті. Біреулер тіпті Әділеттің Сайлауын іздеп те келіпті деседі. Сайлаудан соң Сәкең баяғы күзетшілігіне қайта оралды. Өмір өзгерген жоқ. Ауылда өзгерген жоқ. Жалпы ештеңе өзгерген жоқ. Қазір баяғыдай кандидаттары самсаған сайлау да жоқ. Тек ел аузында: «Әділеттің Сайлауынан да әділдік таппадық» деген сөз қалды.
Сол – Әділеттің Сайлауы, әне, баяғы учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы болғанда алып киген костюмі мен көйлегінің түсі оңған, өзі еңкіш тартқан, жайлап кетіп барады. Тек қолын костюмнің қалтасына салып, галустук тағып жүретін әдеті өзгермепті.
Әй, Әділеттің Сайлау-ай…
Өміржан Әбдіхалықұлы