Украинадағы соғыс, Ресейге салынған санкциялар, Ауғанстан билігіне тәліптердің келуі мен Тайваньдағы шиеленіс және тағы да басқа соңғы бір-екі жылда болған оқиғалардың әсерінен Қазақстан мен Орталық Азияның геосаяси маңызы артты.
Қазіргі күрделі кезеңде Қазақстан әлемдік саяси аренада өз позициясын қалай көрсетуі керек? Бұл туралы саясаттанушы Досым СӘТПАЕВТАН сұрап көрген едік.
«АҚШ Орталық Азия арқылы Тәліптермен байланыс орнатқысы келеді»
– Орталық Азия елдері басшылары мен АҚШ президенті Джо Байден С5+1 форматында кездесу өткізді. Ақ үйдің Орталық Азияда қандай мүддесі бар?
– Менің ойымша, осы жылдың басында АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Э.Блинкин келген кезде-ақ бұл шараға белгілі бір платформа дайын болған. АҚШ-ты қатты алаңдатып отырған нәрсе бар, ол – Ресей мен Қытай арасындағы географиялық аймақты белгілі бір жағдайда санкцияны айналып өтуге пайдалана бастағаны. Қазақстан, Қырғызстан, тіпті Қытайдан да санкцияға іліккен тауарлардың Ресейге өтіп жатқаны, Өзбекстан мен Қырғызстан және біздің елдің бірнеше компаниясы санкцияға ілігіп қалғаны бар.
Сосын Орталық Азия аймағы қазіргі уақытта АҚШ үшін ғана емес, оның серіктесі Еуроодақ үшін де энергетикалық серіктес ретінде аса маңызға рөлге ие болып отыр. Былтырғы жылдың өзінде Еуропа елдерінен біраз шенеунік келіп кетті. Оның себебі – Ресеймен қарым-қатынас үзілгенен кейін Еуроодақ балама ресурстар іздестіріп жатыр.
Тек мұнай мен газ ғана емес, сирек металдары да АҚШ пен Еуроодақ елдері үшін ең маңызды ресурс болып отыр. Өйткені цинк, никель сияқты сирек металдар әскери өндіріс үшін де, электромобильдер мен чиптер өндіру үшін де өте қажет. Яғни бұл төртінші индустриялы революцияның маңызды элементі.
Мәселе мынада, Қытай қазір сирек металдар бойынша монополист саналады. Ал АҚШ пен Еуроодақ Орталық Азияны сирек металдарының көзі ретінде көріп отыр. Білуімше, қазірдің өзінде бірқатар еуропалық компаниялар Қазақстандағы сирек металдар өндіретін компанияларға инвестиция салды. Менің ойымша, АҚШ-та дәл осы бағытта Орталық Азияға жақындай түседі.
Үшінші маңызды мәселе – Ауғанстан. Себебі тәліптердің билікке келуімен геосаяси жағдай күрт өзгерді. Джо Байден америкалық әскерлерді Ауғанстаннан жаппай шығара бастағанда, жиырма жылда миллиардтаған доллар жұмсалғанда оның жүргізіп отырған саясатына сын көбейіп кетті. Енді Байден тікелей болмаса да, Орталық Азия елдері арқылы, мүмкін Пәкістан арқылы тәліптермен байланыс орнатуға тырысады.
Еуроодақ та солай. Себебі тамызда Қазақстан мен Талибан қозғалысының кездесуі өткенде Вашингтон мен Брюссель тарапынан ешқандай наразылық туындаған жоқ. Неге? Себебі Қазақстанның Талибанмен астық, ұн тасымалдау сияқты азық-түлік порталында маңызды серіктес болғанына олар да мүдделі.
– Ал Қазақстанның АҚШ-қа қатысты мүддесі қандай?
– Қазақстан үшін мұнай-газ компанияларының жұмысын жүргізу маңызды. АҚШ компаниялары Қарашығанақ, Теңіз бен Қашағанда белсенді жұмыс істеп жатыр. Сосын тағы бір айта кететін нәрсе – біздің билік америкалық компанияларға талаптарды бұзғаны үшін үлкен көлемде айыппұл сала бастағаны да АҚШ-ты алаңдатады деп ойлаймын.
«Пешкамыз ба, әлде маңызды ойыншы боламыз ба – ол өзімізге байланысты»
– АҚШ-пен Қазақстанның қарым–қатынасы күшейгеніне Қытай мен Ресей қалай қарайды? Ірі державалардың ойыншығы болып қалмаймыз ба?
– Біз Қытай, Ресей немесе АҚШ сияқты алпауыт елдердің ойыншығы болып қалмас үшін елді іргесін күшейтуіміз керек. Әлсіздік танытсақ, жемқорлық белең алса, авторитарлық жүйе күшейсе, шикізат көзі болып қала берсек, бізді біреу сыйлайды деп ойламаймын. Мен біз дегенде Қазақстан ғана емес, Орталық Азия елдерінің барлығын айтып отырмын. Дипломатиялық қарым-қатынас үшін жылы жымиып қарсы алуы мүмкін. Бірақ шикізат көзі немесе геосаяси мақсат үшін пайдалануға болатын екінші-үшінші деңгейдегі ойыншалар ретінде қарастыратын болады немесе белгілі бір қауіпті аймақ деп көреді. Сондықтан біздің елдер саяси-экономикалық реформалар жасауы керек.
Бұл ретте Қазақстан объекті емес, субъекті ретінде көзге түсе бастағаны жөн. Оны бір кездердегі Назарбаев сияқты БҰҰ ассамблеясы трибунасында «әдемі» мәлімдемелер жасау арқылы емес, ішкі проблемаларды шешу арқылы іске асыру керек. Бұған Сингапур немесе Оңтүстік Корея жақсы мысал бола алады. Олар көп жыл бойы ел іргесін нығайтты да, сол күшін басқаларға көрсеткен кезде олармен санасып, сыйласып, ірі ойыншы ретінде мойындала бастады.
– Қазір АҚШ бізді қандай ойыншы санайды?
– Дәл қазіргі уақытта АҚШ бізді аймақтық деңгейдегі ойыншы санайды. Иә, бізде АҚШ компаниялары жұмыс істеп жатыр, Қазақстан оларға геосаяси жағынан маңызды мемлекет. «Шахмат ойынындағы» пешкамыз ба, әлде маңызды ойыншы боламыз ба – ол өзімізге байланысты. Ал маңызды ойын ойнау үшін гроссмейстер деңгейіне көтерілу керек.
– Ал Қытай бізді серіктес көре ме?
– Орталық Азияда бес мемлекет бар және олардың әрқайсысының өз ерекшелігі бар. Мысалы Қазақстан – жаһандық экономикамен көбірек байланыста болған ел. Қазақстан мұнайын сатып алатын ірі елдер, Еуропа елдері және ірі инвесторлар – Батыстан.
Егер статистикаға қарайтын болсақ, Орталық Азияға келетін инвестицияның 70 пайызы Қазақстанға түсіп жатыр. Сондықтан Батыс елдері үшін Қазақстан – Орталық Азияда негізгі ел.
Оның негізі шикізат өндіру саласы болып отыр. Сондықтан Вашингтон мен Брюссель Орталық Азия монолитті аймақ емес екенін нақты түсінгені дұрыс. Олардың әрқайсысының өз ерекшелігі бар және Батыс елдерімен байланысуға мүмкіндігі де әртүрлі.
Түркіменстан Қытайға газын сатып, Қытаймен көбірек байланыс орнатып отыр. Тәжікстанның да ең ірі серіктесі – Қытай. Қырғызстанға Ресейдің ықпалы көп, бірақ Қытайдың инвестициясы да құйылған.
Өзбекстан тепе-теңдік ұстауға тырысада. Бірақ оларда Араб елдерінің ықпалы күшейіп келеді. Сондықтан Қытайдың Орталық Азия елдеріне ықпалы бірдей емес. Десе де, Қытайдың ықпалы аз емес. Сондықтан АҚШ пен Еуропа елдері біздің аймаққа ықпал ету жағынан Қытаймен бәсекелесе алмайды. Олар тек Қазақстан мен Өзбекстанда ғана бәсекелестікке түсе алады. Өйткені Қазақстан мен Өзбекстан – аймақтағы ең негізгі мемлекеттер.
«Қытай мен Ресей әскери альянс құруы мүмкін»
– Тайвань мәселесі Орталық Азияға зиянын тигізуі мүмкін бе?
– Қытай бұл жөнінен Олталық Азияға тұрақтылық аймағы ретінде қарап отыр. Сол себепті Қытайға біздің аймақ күш базасы ретінде маңызды. Оның ішінде шикізат жеткізу, азық-түлік, транспорт-логистикалық бағыт та бар. Егер Тайвань мәселесі төңірегінде Қытай мен АҚШ және оның жақтастары арасында текетірес болса, онда теңіз жолдары жабылуы мүмкін. Сондықтан Қытай дайындалып жатыр.
Көктемде ғана Орталық Азияның бес елі және Қытай форматында кездесу өтті. АҚШ-та, Ресей де, Еуропа да қолданған осы форматты Қытай да пайдаланып, Орталық Азияға қолдау ретінде 3 млрд доллар бөлетінін айтты. Ал АҚШ 25 млн доллар бөлеміз деген. Бұдан Қытай аймаққа көбірек ақша беруге дайын және көбірек ықпал еткісі келетінен көрсетіп отырғанын байқаймыз.
Бұл біз үшін қауіпті. Себебі Қытай – империялық тарихы бар, империялық көзқарастағы ірі мемлекет. Біз Қытай үшін де күшті ықпал ете алатын аймақтардың бірі ретінде ғанамыз. Осының кесірінен экономикалық тәуелсіздігімізден айырылып қалуымыз ықтимал.
Егер Тайвань мәселесі төңірегінде шиеленіс күшейетін болса, онда Қытай мен Ресей әскери альянс құруы мүмкін. Онда Қытай бірінші, ал Ресей екінші рөлде болады. Мұндай жағдайда біз «қақпанға түсеміз».
Мәскеу бізден бір жаққа шығуымызды талап ететін болады. Орталық Азия елдері Ресей мен Қытайдың ортасында тұрғандықтан, соларды жақтауына тура келеді. Бірақ біз үшін бұл зиян. Өйткені Ресей мен Қытайдың санкцияланған экономикасының бір бөлшегіне айналамыз. Себебі Қытайға да белгілі бір мөлшерде санкция салынуы мүмкін. Сондықтан Тайваньдағы жағдай тұрақты болуы бізге тиімді. Жоқ дегенде баланс ұстап, ойнай аламыз.
– Сұқбатыңызға рақмет.
Балжан ЖЕҢІСҚЫЗЫ, Астана
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
22.11.2024
-
21.11.2024