Қоғамда елтаңбаға өзгерістер енгізу немесе жаңа елтаңба жасау мәселесі қызу талқыланып жатыр. Жұртшылық пікірі әдеттегідей, екіге жарылып, қарсы және жақтаушы тарап болып, әлеуметтік желіде әркім өз пікірін жазуда. Талқыланып жатқан мәселе орайында белгілі кәсіпкер Болат Әбілов те өз ойын жариялады.
««Қазақстанның Елтаңбасын қабылдау тым күрделі, онда кеңес дәуірінің эклектикасы мен белгілері бар» деген пікірмен толық келісемін, сондықтан жаңасын қабылдау қажет.
Егер ауыстыру ісін жүйелі жасау керек болса, онда елдің атауын өзгерту де қисынды болар еді. Кеңес дәуірінің рудименті болып тұрған «стан»-нан құтылу керек-ақ. Ел атауында эклектиканың барын байқау қиын емес.
Содан кейін «Қазақстан Ұлы даланың көшпелі өркениетінің тікелей мұрагері» және «әлемде Алтын Орданы қабылдау Қазақстанмен тығыз байланысты болуы маңызды» және «Алтын Орда брендін белсенді және кеңірек пайдалану қажет» болса, онда Астана қаласына «Алтын Орда» атауы сұранып тұр.
Әрі осы істің аясында, ақыры шашылған соң, «Назарбаев» немесе «елбасизмнен» құтылудың да бір орайы келіп тұр.
Қазақстанның Мемлекеттік Гимні авторларынан Н.Ә. Назарбаевтың есімін алып тастап, осылайша тарихи әділеттілікті қалпына келтіретін кез келді», – деп жазады Болат Әбілов.
Атырауда өткен ұлттық құрылтайда президент Тоқаев елтаңбаны сөз ете келіп: «Ал Елтаңбамызға қатысты сыни пікірлер айтылып қалады. Оны Кеңес заманындағы Гербке ұқсатып жатады. Тым эклектикалық, күрделі дейді. Мұндай ойды ел ісіне бей-жай қарамайтын белсенді азаматтар ғана емес, мамандар да айтып жүр. Орынды пайымдар ескерусіз қалмауы керек.
Ортақ келісімге келген жағдайда арнаулы комиссия құруға болады. Бұл комиссия мәселені жан-жақты қарастырып, қоғамдық талқылау өткізеді. Сосын Қазақстанның жаңа Елтаңбасының жобасын жасауға ашық байқау жарияланады», – деген еді.