Мұрат Алмасбек, журналист:
– Осыдан біраз жыл бұрын журналистік сапармен Шымкентке барған едік. Арасында жұмыс ыңғайымен дендропаркті араладық. Паркте бұрынғы президентіміз Н.Назарбев еккен ағаш бар екен. Оның екі жағында тағы бір ықпалды адамар еккен ағаштар тұрды. Бізді ертіп жүрген әкімдік қызметкері сөзшең кісі екен, “мына ортадағы ағашты Елбасымыз еккен, оны ерекше күтіп қараймыз, екі жағындағы ағаштар биіктеп өсіп бара жатса оларды кесіп тастап отырамыз” деген еді ашты мысқыл жасырылған қалжыңмен.
Алаш арыстарына қойылып жатқан ескерткішті көріп осы жағдай есіме түсті. Қандықол Совет үкіметі сол асылдарымызды аяусыз атып-шауып, көзін жойды ғой. Өздерімен қоса идеяларын, бүкіл арман-аңсар, іс-жоспарларын жоқ қылып, қазақты көшбасшылары жоқ тобырға айналдырғысы келді. Белгілі деңгейде ол мақсаттарына жетті де.
Қазақ тәуелсіз ел болған соң Алаш арыстарының идеясын ту қылып ұстауымыз керек еді, олардың ұлтты өркенді, озық ел қатарына шығаруға салған жолын жаңғыртуымыз керек еді, бірақ олай болмады. “Ортаңғы ағаштың” көлеңкесінде қалған шеткі ағаштар секілді Алаш идеясы, Алаш аты қолдан қырқылды да отырды. Өйткені ол қырыққыш қолдарда кезінде алаштықтарды атып-шапқан қолдардың тиіп кеткен табы, сіңіп қалған иісі бар еді…
Шеткі ағаштарының бәрін кесіп, қырқып, өзін өтірік мәпе, жалған баптаумен өсірген сол ортаңғы ағаш елге сая болды ма!?
Керісінше сопайып, қураған басы қалды. Айналасы үпі-тапы шаң борап, қурап, аштық пен жұт жүріп жатыр. Алаштықтар секілді ұлтқа шын күйініш, қамқор ниет, кемел парасат, терең текпен басқарылмаған мемлекет қалт-құлт еткен жағдайда тұр.
Ал, айналасындағы қазақтың қазынасын бөлісіп, талап біте алмай жатқан қу мен сұмдар оған биыл тағы неше жерден ескерткіш қойып, көзін көлегейлеп мәз. Оны жуып-шайып, халықты алдаусырату үшін Алаш арсытарына да ескерткіш қойған болыпты.
Шын мәнінде ескерткіш деген жай көз қызық тас не темір ғой. Нағыз ескерткіш халықтың жүрегінде, оның мәңгілік болуын ұлт пен тарих өзі талғап алады. Аруағыңа бас, Алаш Арыстары! Сендер салған жолды әлі санасы отарсыз, ары мен қолы, ділі мен тілі таза ұрпақ жалғайтын болады! Кіршіксіз сезімді балапандардың қолымен салынған анау шеткі ағаштар секілді сендердің идеяларың әлі қаулай жапырақ жайып, күллі алашқа сая болады.
Қазақ елі, өлмейді!..
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
18.11.2024
-
17.11.2024
-
16.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024
-
15.11.2024