«Президент және халық» газетінің бас редакторы, белгілі журналист Марат Тоқашбаев Алматы облысы, Талғар ауданы Тұздыбастау ауылында тұрған Калининнің ескерткішін алып тастау туралы жазба жазды.
Алматы облыстық мәслихатының назарына жазылған хатта: «Кейде Талғар жаққа жол жүре қалсам, Тұздыбастау ауылының тұсында М.И.Калининге (1875-1960) орнатылған ескерткіш көзге шыққан сүйелдей боп көзге шалынады. Ескерткіш 1935 жылы 26 қазанда оның «Социалды» колхозына келіп шаруаларға жерді мәңгілік пайдалану үшін акт берген жерінде орнатылған. Кейін ол шаруашылыққа Калинин аты берілді. Сол ескерткіш 1966 жылы менің абитуриент кезімде тұрушы еді, жарты ғасырдан астам уақыт өтті. Әлі тұр, көрген сайын ашуым келеді. Кеңес Одағы тарағалы қашан, коммунистік идеологияның дәм-тұзы таусылғалы қашан? Калинин колхозы тарап кеткені қашан? Шаруаларға мәңгілік пайдалануға берген актісі 60 жылға да жетпей заңдық күші жойылып, әкімшілік жерді жекеменшік үй салушыларға пышақ үстінен бөліп берген.
Саяси жүйенің құлауымен бірге ТМД елдерінің бәрінде декоммунизация жүрді, советтік символикалар жойылды, кітапханалар кеңестік идеологиялық қоқыстардан тазартылды, кеңестік-коммунистік көшелер мен алаңдар аты өзгертілді. Ал Калинин ескерткішінің тұрғаны қалай?
Батыс тарихшылары мен ресейлік зерттеушілердің бір тобы бүгінде КСРО-ны отаршыл империя ретінде қарастырады. Ол дұрыс та. Венгрия, Чехия, Польша, Латвия, Гүржістан, Украина сияқты бірқатар елдерде нацистік символика тәрізді советтік символикаға тыйым салынған. Сондықтан советтік символикалар демонтаждалды. Ресейдің өзінде Орақ пен Балғаның, М.И.Калининнің, В.М.Молотовтың, А.А.Ждановтың ескерткіштері баяғыда-ақ жойылды. Ресейде оған заңмен тыйым салынған.
Қалаларға өзінің бұрынғы тарихи атаулары қайтарылды, мәселен, Ресейде Горький қаласы – Нижний Новгород болып, Свердловск –Екатеринбург, Ленинград – Санкт-Петербург болып қайтадан қалпына келтірілді. Қазақстанда Ермак қаласы –Ақсу, Гурьев –Атырау, Семипалатинск – Семей болып өзгеріп жатыр. Ал батыр пионерлерге, Калининге ескерткіштер мызғымайды.
Ал сол М.И.Калинин кім еді?
СССР Жоғарғы Советі Президиумының Төрағасы әрі Орталық Атқару Комитетінің Төрағасы Михаил Иванович Калининге жұрт «Бүкілодақтық староста» деп ат қойған. Ал И.В.Сталин оны «всесоюзный козел похотливый» дейтін көрінеді. Замандастары оның Үлкен театрдың балериналарына қатты әуес болғанын жасырмай жазады. Сөйтіп әуейіленіп жүріп, бес баласын өмірге әкелген әйелі Екатерина Ивановна Калининаны ( Лоорберг) шпиондық жасады деген желеумен 15 жылға соттатып жібергені, балаларына анасымен жолығуына тыйым салғаны қандай моральға сияды?
Адамгершіліктен жұрдай сондай адамға ескерткіш Қазақстанда неге тұруға тиіс! Бізде әзірше декоммунизацияға, отарсыздандыруға байланысты заң жоқ. Алайда Алматы облыстық мәслихаты бұл проблеманы өз қаулысымен-ақ шеше алады! Осы постты облыстық Мәслихатқа жазылған ресми хат ретінде қарастыруды сұраймын!» делінген.
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024
-
20.12.2024