Қазақстан коммунистік халық партиясының атауы өзгеріп, ребрендинг жасап, «Қазақстанның халық партиясы» деп аталатыны жөнінде бүгін мәлім болған еді. Партия атауының өзгеруіне қатысты жекелеген азаматтар әлеуметтік желіде пікір-көзқарастарын ашық жариялап жатыр. Соның бірі – журналист Айдос Жұқанұлы.
Айдос Жұқанұлы, журналист:
– Жеке пікірім:
Құдайдың тағы бір аты халық. Халықтың қанын суша ағызып, қырып, түрмеде азаптаған большевиктердің ұрпағы коммунистер ХАЛЫҚтың атауын алуға лайық па? СССР-ді саяси түрмеге айналдырған, Қазақ елінің тәуелсіздігіне қарсы болған коммунистерді халық деп айта аламыз ба?
Жоқ! Халықтың атынан сөйлеуге де хақы жоқ!
Халықтан садаға кеткірлер…
Партияның XV съезінде Жамбыл Ахметбеков партия атауының өзгеруін «Бұл дегеніміз коммунистік идеологиядан кету деген сөз емес, біздің еліміздегі әлеуметтік мәселелерге көп мән беруімізбен байланысты. Еліміздегі шешілуі тиіс мәселелердің көбі әлеуметтік саламен байланысты. Тағы бір партия мүшелерінің қатарын кеңейту, бағдарламамыздың аясын кеңейтуді көздейміз. Сондай-ақ, біз партиялардың қатарында жоқ, бірақ өзіндік идеялары бар азаматтарды өз партиямызға шақырамыз» деп түсіндірген еді.