Журналист Нұргелді Әбдіғани Қырғызстан президентінің Кенесары ханға қатысты мәлімдемесіне жауап қатты.
«Қырғызға шапқан Кенесары лайықты жауабын алды» — Бұл Қазақ пен Қырғызды бірлікке шақырған Қырғыз президенті Садыр Жапаровтың тарихшылығы.
Кеше үш тілде ұзын-сонар жазба жариялап, Орман манап пен Кенесары хан туралы сөз қозғаған президент Жапаров: «Екі халықтың ежелден қалыптасқан ынтымағын көре алмай, екі араға от салғысы келетін арандатушылар да табылып жатыр», — деп жазып, артынша өзі шимай-шатпағы арқылы отқа май құйды.
«Кенесары ханның отаршылдыққа қарсы шыққаны дау туғызбайды. Ол – нағыз батыр болған! Бірақ қырғыз жеріне кіріп келгенін және сол әрекетіне лайықты жауап алғанын жоққа шығаруға болмайды», — дейді «тарихшы» Жапаров.
Әрі қарай: «Ормон хан дала мен таудың нағыз ерлерінің шайқасында бетпе-бет келіп, дұшпанын шынайы жеңген. Қиянат жасаған жоқ. Алдымен, Кенесары мен Ормонның «хандық» мәртебе үшін таласы болған», — дейді.
Әкесі Нұрғожа қажының тәлімін құлағына мықтап сіңірген Қырғыз президенті: «Кенесары мен Орман хандық статусқа таласқан. Орман жай манап емес, хан болған», — дегенді алға тартады.
«Кейбіреулер Ормонның хандық дәрежесіне күмәнмен қарайды. Оларға айтарым мынау: қырғыз – ежелгі ел, оның да бағзы заманнан келе жатқан «хан көтеру» дәстүрі бар және ол Шыңғыс ханға дейінгі замандардан басталады», — дейді Жапаров.
Осы ретте мынаны баса айтқым келеді:
Тарихқа қараңызшы. Өзбекстанды алып қараңыз, Хиуа болсын, Бұқар мен Қоқан болсын, ол жерлерде хандық билік болған. Қазақстанды қарасаңыз да солай. Шыңғысханнан қалған Ақ орда, Алтын орда, Көк орда болып, осы система өмір сүріп келді. Ал қырғыздар өзінің геосаясатында ру-ру болып өмір сүрген. Қырғызда ешқашан біртұтас хан болған жоқ. Әрдайым бөлініп, әр жерден би шығып, хан шығып, манап шығып, өмір сүріп келген. Сондықтан осы жол қазіргі Қырғызстанның геосаяси жолына жалғасып тұр.
Ал президент Жапаровтың бұл дауға килігуі – геосаяси қателік. Бұл президенттің аузымен айтылатын әңгіме емес еді. «Екі елді бірлікке шақырамын» деген Жапаров керісінше, осы жазбасы арқылы еларалық дау тудырып отыр. Қазақша айтсақ, отқа май құйып отыр.