Президент Қ.Тоқаев сайлаудан соң, ант беріп қызметіне ресми кіріскен күні ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы жарлық шығарды. Бұл шешім қоғамда қызу талқыланып кетпесе де, елде қалыптасқан қоғамдық-саяси дағдарысты биліктің шешуге ұмтылысынан туғаны белгілі. Осы орайда, arasha.kz cаясаттанушы Мұхтар Сеңгірбайдың пікірін білген еді.
Мұхтар Сеңгірбай, саясаттанушы:
Соңы күндердегі үміт оятататын жалғыз ақпарат – президент Қ.Тоқаевтың Ұлттық сенім кеңесін құру бастамасы. Себебі ол елдегі наразылықтың күшті екенін, саяси институттарға сенімнің аз екенін, халықпен диалог тиісті деңгейде жүріп жатпағанын ішінара мойындады. Инаугурациядағы сөзінен бөлек Тоқаев туиттерде митингілер кезінде жазықсыз ұсталғандарды босатуды да талап етті. Мұның өзі Н.Назарбаевтың басқару стиліне ұқсамайды, ақпарат тарату формасында да, оның тақырыбында да өзгешелік бар. Президенттің бұл сөзін жылт еткен үміт сәулесі деп отырғаным сол. Дегенмен, позитив осымен біткен сияқты.
Ұлттық сенім кеңесін құру туралы шешім – халықтың билікке сенімінің азайып бара жатқанын мойындау. Демократия заңдары бойынша, мемлекеттік институттар, соның ішінде парламент, мәслихаттар, үкіметтегі түрлі құрылымдар халықпен диалогты үнемі жүргізіп отыруы керек. “Республиканың” мәні де сол: жұрттың бәрі саясатпен айналысып, ел басқара алмайды, сондықтан олар ел басқаруды сенімді өкілдеріне тапсырады. Биліктің өзі үш тармаққа бөлініп, бірінің әрекетін екіншісі бақылап, тежеп, тексеріп отырады. Бізде биліктің үш тармағы өз міндеттерін тиісті деңгейде атқарып отырмағандықтан, қазір сенім дағдарысы орнады. Ал мұның ар жағында саяси дағдарыстың ауылы алыс емес. Яғни, президент ұзаққа созылатын, демократияға бастайтын, шынайы диалог жүргізгісі келсе, онда ең кемі парламент таратылуы керек. Себебі, бұл парламенттің дәрменсіздігінен, парламенттік партиялардың қуыршақтығынан елдің ең өзекті мәселелері көтеріліп отырған жоқ.
Халықпен диалогтың ең шешуші тұсы – сайлау. Сайлауда халық билікті кімнің қолына сеніп тапсыратынын жасырын дауыс беру арқылы шешеді. Ол дауыстардың әділетті түрде саналуы – сол сенімнің кепілі. Өкінішке қарай, сайлау заңы осал болғандықтан, сайлаудың нәтижелеріне күмән келтіргендер өте көп. Сондықтан, шын мәнінде диалог орнауы үшін кем дегенде дауыс беру, оларды санау, хаттамаларды толтыру барысындағы құжатталған барлық заңбұзушылықтар тексеріліп, сайлау нәтижелері қайта қаралуы керек. Тіпті демократия принциптеріне сай сайлау заңы негізінде жаңа сайлау тағайындалса, бұл елді болашақта болуы мүмкін дағдарыстан сақтап қалады. Олай болмайынша, бұл биліктің легитимділігіне деген күмән сейілмейді. Мұндай жағдай қоғамының барлық салаларына кері әсерін тигізіп, жүйелі дағдарысқа алып келеді.
Ұлттық сенім кеңесін шынайы кеңес етіп құрудың тағы бір басты алғышарты – билік халықтың конституциялық құқықтарына, соның ішінде бейбіт наразылық өткізу, ұйымдарға бірігу құқығына кепілдік беретінін сөзбен емес, іспен дәлелдеуі керек. Ол үшін саяси көзқарасы үшін қамалғандар босатылуы тиіс.
Жаңа президент саяси институттардың сенімін ояту үшін түбегейлі саяси реформаларды, соның ішінде партиялар құру, бейбіт наразылық бостандығына кепілдік беру, сайлау заңдарын демократия талаптарына сай етіп қайта жазу, саяси плюрализмге, шынайы сөз бостандығына жол ашатын механизмдерді қалыптастыру әрекеттерін қолға алмайынша, жемқорлықты жою бойынша батыл шешімдер қабылдамайынша, бұл кеңес уақытша тактикалық мәселелерді шешетін жиын болып қалады. Ал қордаланған мәселелер әрі қарай ұлғайып, билік пен халық арасы алшақтай береді.
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024
-
14.11.2024