arasha.kz

Марғұлан Сейсембай билікке үш талап қойды

Белгілі кәсіпкер Марғұлан Сейсембай бұған дейінің өзінің фейсбук парақшасында президент әкімшілігіне шақырумен барғанын, онда Дархан Қалетаев пен Ерлан Қарин екеуі сөйлескенін айтқан. Әңгіме ұлттық қоғамдық сенім кеңесі туралы болған. Одан кейін кәсіпкер фейсбукта халық пікіріне сұрау салған. Бүгін қандай қортындыға келгенін және қандай жағдайда кеңеске кіруге шешім қабылдайтынын жария етті. Оның айтуынша, егер билік интернетті бұғаттауды тоқтатса, саяси тұтқындарды босатса, митингілерге қатысушыларды түгел босатса ғана халықтың билікке деген сенімі оянуы мүмкін.

«Бұл күндері мен «Ұлттық Қоғамдық Сенім Кеңесi» туралы «мильон» хабарламалар мен пікірлерді тыңдап, оқып шықтым. Диалогқа қарсы адамдардан, және бәсекелестi жақтырмайтын адамдардан менiң басыма шелек-шелек компромат пен былғаныш төгiлдi. Мен өзiм ерекше құрметтейтін адамдардан кеңес сұрадым. Бұдан шығарған қорытындыларым:

1. Халық билікке және «ҰҚСК» кеңесiне сенбейді. Билік халықтың алдында өз сенім ресурсын толығымен жоғалтқан сыңайлы.
2. Халық кез келген «билікпен диалог» идеясына қосылатын, соны үгіттейтін адамдарды күдікпен қабылдайды.
3. Халық бәрін бірден болғанын қалайды.
4. Келіссөздер жүргізу мүмкіндігінің өзі қоғамды алаңдатып екi топқа бөледi.

– Мұндай жағдайда диалог жүргізу және алға жылжу мүмкін еместігін түсіне отырып,
– Биліктен бәрін бірден талап ету жағдайды одан әрі ушықтыратынын түсіне отырып,
– Жаңа президенттен оның құзыретiндегi заттарды ғана талап ету керектiгiн түсіне отырып мен мынандай шешімге келдім.

Мен олармен әр түрдегі диалог пен келіссөздердің форматына келісемін егер билік бірінші болып мынандай қадамдарға барса:

1. Интернет пен әлеуметтік желілерді бұғаттауды тоқтату.
2. Митингілер қатысушыларының барлығын абақтыдан босату.
3. Барлық саяси тұтқындарға рақымшылық жасап оларға бас бостандығын беру.

Билік осы үш жағдайды орындағаннан кейін ғана, саяси реформалар жолындағы одан әрі диалогты жалғастыруға болатын ең төменгі сенім деңгейі қалпына келтіріледі.

Осы шарттар орындалмаса, кез келген келіссөздер қоғам тұрғысынан аморальды болып саналады. Бұл бір жағынан ауызы жабылған, қол-аяғы байланған, басына тапанша тақалған адаммен жүргізілетін келіссөздерге көбірек ұқсайды», – деп жазады М.Сейсембай.

Exit mobile version